Әли-Ғимран сүресі, 83-ші бөлім, 116-120 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 83-ші бөлім, 116-120 аяттар
إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ لَن تُغْنِيَ عَنْهُمْ أَمْوَالُهُمْ وَلاَ أَوْلاَدُهُم مِّنَ اللّهِ شَيْئًا وَأُوْلَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۱۱۶﴾مَثَلُ مَا يُنفِقُونَ فِي هِذِهِ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا كَمَثَلِ رِيحٍ فِيهَا صِرٌّ أَصَابَتْ حَرْثَ قَوْمٍ ظَلَمُواْ أَنفُسَهُمْ فَأَهْلَكَتْهُ وَمَا ظَلَمَهُمُ اللّهُ وَلَكِنْ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ ﴿۱۱۷﴾
"Кәпірлерді, малы мен әулеттері Алланың азабынан құтқармайды. Олар – тозақтықтар, мәңгі тозақта қалады. (3:116) Олардың бұл дүниеде (риямен) берген садақалары бейне залым қауымның егістігіне тиіп, ойран қылған ызғарлы боранға ұқсайды. Алла оларға зұлымдық істемеді. Қайта олар өз бастарына зұлымдық істеді. (3:117)"
Аллаға күпірлік ету факторларының бірі – Оған мұқтаж болмауды сезіну болып табылады. Кейбір дәулет пен билікке ие адамдар: "Осы байлық пен перзенттің арқасында Аллаға мұқтаж емеспіз. Тіпті Алла болса да, бақ-дәулетке ие болғандықтан оған зәру емеспіз",-деп ойлайды. Бұл аяттар осы бұрыс түсінікті жоққа шығарып: "Байлық пен перзент осы дүниеде сендерді қорғайды делік, ал қияметте ше? Қияметте олардың ішіндегі күпірлік отқа айналып, оларды тозақтық қылады",-деп ескертеді. 117-ші аят кәпірлердің садақа беру секілді кейбір игі істеріне тоқталып: "Олардың садақалары, үнемі дауыл ұрып немесе үсік шалған қолайсыз жерге егіліп, өнім бермейтін дән секілді",-дейді. Күпірлік пен илаһи емес ниеттер, кәпірлердің жақсы істерінің егістігіне дауыл іспеттес соғып, оны жояды. Өйткені әр амалдың қадірі оның сыртқы көрінісінде емес, ниетінде. Өзінің жақсы істерін күпірлік күнәсімен жойған адамға Алла зұлымдық жасамайды, қайта өзіне-өзі зұлымдық жасайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, мал-мүлік және перзентпен мақтанып "Аллаға мұқтаж емеспін" деп сезіну күпірліктің бір түрі.
Екіншіден, Исламда садақа берудің мақсаты тек аш адамдарды тойдыру ғана емес. Өйткені олай болатын болса, мұсылман мен кәпірдің садақа беруінде айырмашылық болмас еді. Бұл арада садақа берушінің дамуына мән беріледі. Ал күпірлік, адамның рухани дамуына кедергі жасайды.
Үшіншіден, Алланың қаһары мен ашуы Оның зұлымдығы емес, өз амалдарымыздың нәтижесі.
Кезекте "Әли-Ғимран" сүресінің 118-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَتَّخِذُواْ بِطَانَةً مِّن دُونِكُمْ لاَ يَأْلُونَكُمْ خَبَالًا وَدُّواْ مَا عَنِتُّمْ قَدْ بَدَتِ الْبَغْضَاء مِنْ أَفْوَاهِهِمْ وَمَا تُخْفِي صُدُورُهُمْ أَكْبَرُ قَدْ بَيَّنَّا لَكُمُ الآيَاتِ إِن كُنتُمْ تَعْقِلُونَ ﴿۱۱۸﴾
"Ей, мүміндер, діндестеріңнен басқаны сырлас тұтпаңдар, олар сендерге қастық істеуден тайынбайды, сендерді машақатта қалса екен деп тілейді. Олардың дұшпандығы ауыздарынан-ақ білініп тұрады. Ал, көкейге бүккендері, одан да жаман. Түсінер болсаңдар, сендерге расында талай аяттарымызды баяндадық. (3:118)"
Исламдық қоғамдарға төніп тұрған қауіптердің бірі – мемлекеттік және маңызды орталықтарға бөтендердің араласуы мен ықпал жасауы болып табылады. Олар мұсылмандардың құпия ақпараттарына қол жеткізуі ықтимал. Өйткені олар негізінен Исламды жек көргендіктен, сырттай достасып әріптестік еткенімен мұсылмандардың дамуын қаламайды. Керісінше шамасы келгенше мұсылмандарды әлсіретіп, жоюға тырысып бағады. Олар тіпті ашуын да жасыра алмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мүмін сене бергіш және аңқау болмауы керек. Ол үнемі ақылын пайдаланып, дұшпанмен жолыққанда қырағы әрі есті болуы тиіс.
Екіншіден, исламдық елдерде бөтен күштердің болуына тыйым салынады. Өйткені мұсылмандардың құпиясын жариялауы ықтимал.
Үшіншіден, кәпірлермен бейбіт байланыста болуға рұқсат етілгенімен, Ислам мен күпірліктің ешқашан ымыраға келмейтінін білуіміз керек.
Ал енді "Әли-Ғимран" сүресінің 119-120 аяттары:
هَاأَنتُمْ أُوْلاء تُحِبُّونَهُمْ وَلاَ يُحِبُّونَكُمْ وَتُؤْمِنُونَ بِالْكِتَابِ كُلِّهِ وَإِذَا لَقُوكُمْ قَالُواْ آمَنَّا وَإِذَا خَلَوْاْ عَضُّواْ عَلَيْكُمُ الأَنَامِلَ مِنَ الْغَيْظِ قُلْ مُوتُواْ بِغَيْظِكُمْ إِنَّ اللّهَ عَلِيمٌ بِذَاتِ الصُّدُورِ ﴿۱۱۹﴾ إِن تَمْسَسْكُمْ حَسَنَةٌ تَسُؤْهُمْ وَإِن تُصِبْكُمْ سَيِّئَةٌ يَفْرَحُواْ بِهَا وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ لاَ يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئًا إِنَّ اللّهَ بِمَا يَعْمَلُونَ مُحِيطٌ ﴿۱۲۰﴾
"Сендер оларды дос тұтқандарыңмен, олар сендерді дос тұтпайды. Сендер (көктен түскен) кітаптардың бәріне сенесіңдер (сөйте тұра, олар сендерге сенбейді). Олар сендермен кездесе қалғанда: "Біз де иманға кірдік",-дейді. Оңашалана қалса, сендерге кектенгендігінен бармақтарын тістейді. (Ей, Мұхаммед!) "Құсадан өліңдер",-деп айт. Ақиқатында Алла көкіректегінің бәрін біледі. (3:119) Егер, сендерге (молшылық, көмек, олжа сияқты) бір игілік нәсіп болса, олар қайғы шегеді. Егер, сендерге (ауыршылық, ашаршылық, жеңіліс сияқты) бір жамандық келсе, шаттанады. Егер, сендер сабырлы болсаңдар, (сөз-әрекетте) Алладан қорқыңдар, олардың амал айласы сендерге титтей де зиян сала алмайды. Алла олардың істегендерін әбден біліп тұрады. (3:120)"
Осы аяттар дұшпанның мұсылмандарға қатысты кері ниетін әшкере етіп: "Егер сендер оларға жақындап, достықтарыңды білдірсеңдер, олар да сендерге құрмет көрсетіп, сендерге қатысты көзқарастарын өзгертеді деп ойламаңдар. Олар сырттай иман келтіргендей болғанымен, іштей сендерді жек көреді. Өйткені олар сендердің дамып, өркендеулеріңді көрсе, ызаланады. Ал, сендердің бастарыңа қайғы түссе, қуанады. Сондықтан дұшпанның жалған уәде-серттеріне қарсы тұрып, Алланың нұсқауларын дұрыс орындау керек. Егер осы екі істі дұрыс атқарсақ, олардың сендерге қатысты астыртын әрекеттері ешқашан жүзеге аспайды және ешқандай зиян тигізе алмайды",-деп ескерту жасайды. Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, исламдық емес елдермен саяси-экономикалық байланыстар өзара құрмет көрсету негізінде және қосжақты болуы тиіс. Әйтпесе мұсылмандарға тиімсіз болады.
Екіншіден, мұсылмандар дұшпанның достық туралы сөздеріне сене беретіндей аңқау болмауы тиіс.
Үшіншіден, дұшпан ішіндегі өшпенділігі мен ашуын жасырмаған жағдайда, мұсылмандар да оларға қатысты жиіркеніштерін қатаң түрде жариялауы тиіс.
Төртіншіден, біз дұшпаннан қорыққан немесе одан пара алған және Аллаға немқұрайлық танытқан кезде дұшпан ықпал ете бастайды. Сондықтан осы екеуіне тосқауыл қою үшін сабыр мен тақуалықты ұстану керек.