Әли-Ғимран сүресі, 76-ші бөлім, 77-82 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 76-ші бөлім, 77-82 аяттар
إِنَّ الَّذِينَ يَشْتَرُونَ بِعَهْدِ اللّهِ وَأَيْمَانِهِمْ ثَمَنًا قَلِيلًا أُوْلَئِكَ لاَ خَلاَقَ لَهُمْ فِي الآخِرَةِ وَلاَ يُكَلِّمُهُمُ اللّهُ وَلاَ يَنظُرُ إِلَيْهِمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلاَ يُزَكِّيهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۷۷﴾
"Аллаға берген серті мен антын аз ақшаға сатқандарға ақыретте сыбаға жоқ. Қиямет күні Алла оларға тіл де қатпайды, оларға көзінің қырын да салмайды және оларды (күнәдан да) ағартпайды. Оларға азапты жаза бар. (3:77)"
Алла тағала адамды бақытқа жеткізу үшін екі жолмен жолдайды. Біріншісі, жаман мен жақсыны ажырататын адамның бойындағы табиғи қасиеттер. Екіншісі, Алланың шексіз даналығынан басталатын аян. Ол дін мен шариғат күйінде адамды біртіндеп, кемелдікке жолдайды. Сондықтан илаһи уәделер - табиғи және діни өсиеттер кешені болып табылады. Ақылға сәйкес келетін осы уәделерді адам орындауға міндетті. Алайда өкінішке орай кейбір адамдар осы уәделерді бұзып, дүниелік мақсаттарға жету үшін Алланың талаптарынан гөрі өздерінің нәпсіқұмарлығын алға қояды. Мұндай келеңсіз әрекет лайықты жазаға тап болатыны сөзсіз. Соның ең маңыздысы барлығы Алланың мархаметіне зәру болатын күнде, сол мархаметтен құр қалу болып табылады. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, уәде мен сертті бұзған кісі діннен шығып, тозақтың лаулаған отына кіреді.
Екіншіден, амантшылдық – илаһи серт. Өткен аятта адамдардың аманатшылдығы туралы сөз болды. Осы аят аманатты сақтауды орындауға міндетті илаһи серттердің бірі деп атайды.
وَإِنَّ مِنْهُمْ لَفَرِيقًا يَلْوُونَ أَلْسِنَتَهُم بِالْكِتَابِ لِتَحْسَبُوهُ مِنَ الْكِتَابِ وَمَا هُوَ مِنَ الْكِتَابِ وَيَقُولُونَ هُوَ مِنْ عِندِ اللّهِ وَمَا هُوَ مِنْ عِندِ اللّهِ وَيَقُولُونَ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ وَهُمْ يَعْلَمُونَ ﴿۷۸﴾
"Олардан (яһудилерден) бір тобы кітапта болмаған нәрселерді кітаптағы нәрсе деп ойлауларың үшін, тілдерін бұраңдатып: "Бұл Алладан түскен",-дейді. Ол Алладан түскен емес. Олар біліп тұрып, Аллаға әдейі өтірік айтады. (3:78)"
Тарихта дін ғұламалары адамдардың тура жолдан адасуына себепші болған факторлардың бірі болды. Олар кейде қоғамдағы әлеуметтік орнын сақтау үшін, ал кейде қызғаныш пен қырсықтығы салдарынан халықтан ақиқатты жасырып отырған. Олар тіпті шындықты жасырумен қоса, оны өзгертіп, өз ойлары мен пікірлерін де діннің атымен таратқан. Құран мұсылмандарға осындай кісілерге байланысты, олардың алдауына түспеуді және әдемі сөздеріне сеніп қалмаңдар және кейбіреулер діннің атын жамылып, өтіріктерін Алламен байланыстыратынын біліңдер деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кез-келген сөзге құлақ салмайық. Кейде адам шешен сөздерді нағыз Құраннан деп ойлайды, бірақ ол Құранға қарсы болып шығады. Сондықтан кейде біреулер дінді жамылып, дінге соққы береді.
Екіншіден, тақуа емес ғалымдардан ғапыл болмайық. Олар халықты күмән мен шүбәға түсіріп, Аллаға өтіріктерін байланыстырып, өздерінің айтқанын Алланың айтқаны деп таныстырады.
مَا كَانَ لِبَشَرٍ أَن يُؤْتِيَهُ اللّهُ الْكِتَابَ وَالْحُكْمَ وَالنُّبُوَّةَ ثُمَّ يَقُولَ لِلنَّاسِ كُونُواْ عِبَادًا لِّي مِن دُونِ اللّهِ وَلَكِن كُونُواْ رَبَّانِيِّينَ بِمَا كُنتُمْ تُعَلِّمُونَ الْكِتَابَ وَبِمَا كُنتُمْ تَدْرُسُونَ ﴿۷۹﴾ وَلاَ يَأْمُرَكُمْ أَن تَتَّخِذُواْ الْمَلاَئِكَةَ وَالنِّبِيِّيْنَ أَرْبَابًا أَيَأْمُرُكُم بِالْكُفْرِ بَعْدَ إِذْ أَنتُم مُّسْلِمُونَ ﴿۸۰﴾
"Алла бір адамға кітап, даналық берген болса, содан кейін оның өзге адамдарға: "Алладан шеттеп, маған пенде болыңдар",-деуі лайық емес. Қайта: "Кітапты үйреткендіктерің, оқығандықтарың үшін Раббының нағыз құлы (кемелді дін ғалымы) болыңдар" (деуі лайық). (3:79) Ол сендерді періштелер мен пайғамбарларды құдай тұтуға бұйырмайды. (Сендер) Мұсылман болғаннан кейін, пайғамбарларың күпірге бұйыра ма? (3:80)"
Адасқан дін ғұламалары туралы сөз қозғаған аяттан кейін осы екі аят оларға: "Алла тарапынан кітап әкеліп, хикмет бойынша билік жүргізген пайғамбарлар да халықты өздеріне емес, Аллаға қарай шақырып, Оған ғана құлшылық етуді талап етулері тиіс. Ендеше, пайғамбарға еруші және оның кітабын үйретуші ғана болып саналатын сендер, Алланың нұсқауларына қалайша қол сұғасыңдар? Қалайша өздеріңді халықтың қожасы мен раббысы деп санайысыңдар? Алланың кітабын оқып, үнемі халыққа тәлім-тәрбие беріп жүрген сендер ғұламалар, Алланың нұсқауларына қарапайым халықтан да көбірек берік болып, сенулерің керек емес пе? Бұған қоса, адамға кез-келген илаһи сипат беру және шариғат заңдарына араласу немесе оны өзгерту күпірлікке тең. Ешбір пайғамбар өзіне немесе басқа пайғамбарға, тіпті періштеге қатысты мұндай құқыққа иеміз деген емес. Сонда сендер, діни ғұламалар қалайша өздеріңе илаһи сипат беріп, өз сенімдеріңді халыққа дін ретінде ұсынып, діни үкімдерді өзгертесіңдер? ",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, мансапты, халықтың қолдауы мен жауапкершілікті кері мақсатта пайдалануға болмайды. Тіпті пайғамбарлар да өздерінің күрделі жауапкершілігін кері мақсатта пайдалана алмайды.
Екіншіден, діни ғұламалар ғана Құранды тәпсірлей алады. Ал діни тұлға болу үшін үнемі Құранмен байланыс орнатып, оның тәлімдерін орындау керек.
Үшіншіден, пайғамбарлар мен әулиелерге шектен тыс сипат беруге болмайды. Олар Алланың құлы және Оған құлшылық етудің арқасында осындай дәрежеге жеткен. Олардың ешуақытта илаһи сипаты болмаған.
Төртіншіден, күпірлік дегеніміз тек Алланы жоққа шығару ғана емес, адамға шариғат ойлап шығаратын сипат беру де күпірлік болып саналады.
وَإِذْ أَخَذَ اللّهُ مِيثَاقَ النَّبِيِّيْنَ لَمَا آتَيْتُكُم مِّن كِتَابٍ وَحِكْمَةٍ ثُمَّ جَاءكُمْ رَسُولٌ مُّصَدِّقٌ لِّمَا مَعَكُمْ لَتُؤْمِنُنَّ بِهِ وَلَتَنصُرُنَّهُ قَالَ أَأَقْرَرْتُمْ وَأَخَذْتُمْ عَلَى ذَلِكُمْ إِصْرِي قَالُواْ أَقْرَرْنَا قَالَ فَاشْهَدُواْ وَأَنَاْ مَعَكُم مِّنَ الشَّاهِدِينَ ﴿۸۱﴾ فَمَن تَوَلَّى بَعْدَ ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ ﴿۸۲﴾
"Бір кезде Алла пайғамбарлардан уағда алып: "Мен сендерге кітап және хикмет арнадым. Мұнан соң сендерге арналғанды (кітап пен хикметті) растаушы бір пайғамбар келсе, сендер оған сөзсіз сенулерің және көмектесулерің керек"; Сендер мұны (уағданы) мойындадыңдар ма? Менің осы бір уағдамда тұрасыңдар ма?",-дегенде, олар: "Мойындадық",-десті. Ол (Алла): "Ендеше, (мойындағандықтарыңа) куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куә болушымын",-деді. (3:81) Ал содан кейін кім уағдадан тайса, күнәкар болады. (3:82)"
Тәпсірлер мен рауаяттарда жазылғандай, Алла тағала хазірет Мұса (ғ) мен хазірет Иса (ғ) секілді пайғамбарлардан халыққа Ислам пайғамбарының (с) келетінін жариялау туралы уәде алған. Халықтың пайғамбарға иман келтіруіне жағдай жасау үшін олар оның сипаттарын айтқан. Өйткені барлық пайғамбарлар бір Алланың тарапынан келген және олардың кітаптары бірін-бірі растайды. Сондықтан жаңа пайғамбар келгенде, одан бұрынғы пайғамбарға ергендер оған иман келтіріп, оны дұшпаннан қорғауы тиіс. Сол пайғамбарлар Ислам пайғамбарына иман келтіретіндей, оның пайғамбарлыққа таңдалған кезінде болмаса да, олар бұл іске дайындалды. Алла жолында соғысатындар, қаза болмаса да шәһид болуға әзір болады, өйткені олар Алланың әміріне бойсұнғандар. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарлар мектеп мұғалімдері тәрізді. Олардың барлығының мақсаты бір және өздерінің оқушыларын, келесі кезеңге өткенде, бір-біріне тапсырады.
Екіншіден, жалғыз иман келтіру жеткіліксіз, сондықтан дін мен діни тұлғаларды қолдау керек.
Үшіншіден, пайғамбарлар бірін-бірі растаса да, дінге ерушілердің осыншама әсірешілдік танытуына ешқандай дәлел жоқ.