Жел 31, 2016 19:46 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 74-ші бөлім, 65-71 аяттар

 

 

يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تُحَآجُّونَ فِي إِبْرَاهِيمَ وَمَا أُنزِلَتِ التَّورَاةُ وَالإنجِيلُ إِلاَّ مِن بَعْدِهِ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ ﴿۶۵﴾هَاأَنتُمْ هَؤُلاء حَاجَجْتُمْ فِيمَا لَكُم بِهِ عِلمٌ فَلِمَ تُحَآجُّونَ فِيمَا لَيْسَ لَكُم بِهِ عِلْمٌ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ ﴿۶۶﴾

 

"Ей, кітап иелері! Ибраһим жөнінде (оны өз дінімізде деп) не үшін дауласасыңдар? Тәурат пен Інжіл одан (Ибраһимнен) кейін түсірілді, түсінбейсіңдер ме? (3:65) (Яһудилер және насаралар!) Сендер өздерің білетін нәрселерің (Иса) хақында таластыңдар. Ал білмейтін нәрселерің (Ибраһим) хақында не үшін таласасыңдар? (Ибраһимнің жай-күйін) Алла біледі, сендер білмейсіңдер. (3:66)"

Тарихта илаһи діндерге ерушілер арасында, қайсысының діні шын екендігі туралы үнемі дау-дамай мен теке-тірес болған. Барлық пайғамбарлар бір Алла тарапынан келіп, олардың кітаптары бір-біріне сәйкес болғанымен, өкінішке орай ұлттық немесе діни әсірешілдіктің салдарынан діндар адамдар жұртты қисын мен дәлелдер арқылы дінге шақырудың орнына, адамгершілікке жатпайтын, негізсіз себептермен жауласып, соғысты. Хазірет Иса (ғ) келгенде, хазірет Мұсаның (ғ) дінін ұстанғандар оған еруге міндетті еді. Бірақ олар өздерінің тәкәппарлығы салдарынан мұны мойындаудан бас тартты. Олар тіпті хазірет Мұсадан (ғ) бұрын өмір сүрген хазірет Ибраһимды (ғ) да өздерінің дінінен деп санады! Тарихи жағынан бұл қабылдауға жатпайтын мәселе. Сондықтан Алла тағала христиандар мен яһудилерге: "Осы діни қарама-қайшылықтар сендердің әсірешілдік пен қырсықтығыңнан шығады. Сендер дүнеиег келіп, өмір сүргенін өз көздеріңмен көрген хазірет Иса (ғ) туралы дауластыңдар. Енді мінеки оның дінін білместен хазірет Ибраһим (ғ) жайлы пікір айтып, ұрысасыңдар. Оны өз діндеріңе қосасыңдар. Өздеріңе белгілі және анық мәселелер жайында келісімге келе алмай тұрып, білмейтін мәселеге неге араласасыңдар?",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, діннің шындығын қисын мен дәйек арқылы дәлелдеу керек. Оны бір тұлғамен байланыстыруға немесе басқа діндерден бұрын келді деуге болмайды.

Екіншіден, ақиқатқа жетуді мақсат ететін сұхбаттар мен пікірталастар ғана дұрыс болып саналады. Әйтпесе араздық пен қарама-қайшылық тудырады.

 

مَا كَانَ إِبْرَاهِيمُ يَهُودِيًّا وَلاَ نَصْرَانِيًّا وَلَكِن كَانَ حَنِيفًا مُّسْلِمًا وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ ﴿۶۷﴾ إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُواْ وَاللّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ ﴿۶۸﴾

 

"Ибраһим яһуди де, насара (христиан) да емес, нағыз мұсылман. Ол, мүшрік те емес еді. (3:67) Расында Ибраһимге ең жақын болғанда – оған (оның жолына) ергендер, бұлар – пайғамбар (Мұхаммед с.) және (осы пайғамбардың үмметі болған) мүминдер. Алла мүминдердің иесі. (3:68)"

Өткен аяттардың жалғасында келген бұл аяттар хазірет Ибраһимды (ғ) кез-келген серік қосудан және пұтқа табынушылықтан таза болған және тек бір Аллаға ғана құлшылық еткен, ақиқатшыл әрі шыншыл адам деп таныстырып, былай дейді: "Мұса (ғ) мен Исаға (ғ) ерушілер, сендер діни әсірешілдікті доғарып, ақиқатты тілеп, шындыққа ғана бойсұныңдар. Сендердің қарама-қайшылықтарың Аллаға құлшылық етуден емес, менменшілдік себебінен. Бұл Алланың алдындағы ең жоғары серік қосу болып табылады. Өздеріңді Ибраһимға (ғ) жақындатып, оның сүйіспеншілігімен діндеріңді жайғыларың келсе, діндар болу құр сөз сөйлеу еместігін біліңдер. Хазірет Ибраһимға (ғ) жақын адам, оның қолдаған істерін іс жүзінде орындайтын кісі. Ислам пайғамбары (с) мен оның сахабалары Ибраһимды (ғ) өздерінің дініне еруші деп санамай, өздерін Ибраһимның (ғ) дініне ерушіміз деп атады". Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ой-пікір мен идеологиялық байланыс рулық және туысқандық байланыстан да маңызды. Сенімі мен ойы бір адамдардың өзара туысқандық байланысы болмаса да, туыстардан гөрі біріне-бірі жақынырақ.

Екіншіден, жетекші мен еруші бір ұлттан болуы міндетті емес. Иманның негізі тіл немесе ұлт емес, идеология. Ислам пайғамбарының (с) араб емес Салман Фәрсиға айтқанындай: "Салман бізден".

 

وَدَّت طَّآئِفَةٌ مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ لَوْ يُضِلُّونَكُمْ وَمَا يُضِلُّونَ إِلاَّ أَنفُسَهُمْ وَمَا يَشْعُرُونَ ﴿۶۹﴾ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تَكْفُرُونَ بِآيَاتِ اللّهِ وَأَنتُمْ تَشْهَدُونَ ﴿۷۰﴾ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تَلْبِسُونَ الْحَقَّ بِالْبَاطِلِ وَتَكْتُمُونَ الْحَقَّ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴿۷۱﴾

 

"Кітап иелерінен бір тобы сендерді адастырғысы келеді, олардың мұнысы тек өздерін адастырады. Бірақ мұны өздері сезбейді. (3:69) Ей, кітап иелері! Алланың аяттарының ақиқат екенін біле тұрып, оны неге мойындамайсыңдар? (3:70) Ей, кітап иелері! Не үшін ақ пен қараны шатастырып, біле тұра ақиқатты (Мұхаммедтің Тәураттағы сипаттарын) жасырасыңдар? (3:71)"

Осы аяттар дін мен ақиқат жолының дұшпандарының ниетін әшкерелеп: "Өздерін Аллаға құлшылық етуші және кітап иесіміз деп санайтындардың бір тобы сендер мұсылмандарды, өз дініне кіргізіп, өздері секілді адастыруды қалайды. Ислам пайғамбары (с) келгенде, олар оның белгілерін Тәурат пен Інжілден оқығандықтан, оған иман келтіріп, Исламды қабылдауы тиіс еді. Бірақ өздерінің надандығы мен әсірешілдігі салдарынан, теріс жолда қала беріп, білген шындықты жасырды. Олар басқаларды да адастырмақшы болды",-дейді. Сондықтан осы аят мұсылмандарға: "Басқа діндегілермен қарым-қатынаста абайлаңдар, олардың дініне өтіп кетпеңдер. Олардың мұсылмандарды адастыратын ойы бар екенін біліңдер",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ықтималды қоқан-лоққыдан сақтану үшін дұшпанды тану және оның астыртын әрекеттерін білу міндет. Мұсылман жастарды басқалар өздеріне қызықтырып алуына жол бермеу керек.

Екіншіден, өзгелерді адастыруды көздейтіндер, ең алдымен өздері адасады. Өйткені қулық-сұмдық пен кек сақтаудың нәтижесі – адасу.

Үшіншіден, дұшпанның алдауына түспеу үшін мүмін әрдайым ақиқатты жалғаннан ажырата білуі тиіс.