Әли-Ғимран сүресі, 72-ші бөлім, 54-60 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 72-ші бөлім, 54-60 аяттар
وَمَكَرُواْ وَمَكَرَ اللّهُ وَاللّهُ خَيْرُ الْمَاكِرِينَ ﴿۵۴﴾إِذْ قَالَ اللّهُ يَا عِيسَى إِنِّي مُتَوَفِّيكَ وَرَافِعُكَ إِلَيَّ وَمُطَهِّرُكَ مِنَ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَجَاعِلُ الَّذِينَ اتَّبَعُوكَ فَوْقَ الَّذِينَ كَفَرُواْ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ ثُمَّ إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأَحْكُمُ بَيْنَكُمْ فِيمَا كُنتُمْ فِيهِ تَخْتَلِفُونَ ﴿۵۵﴾
"Олар (Исаға) қулық істетті, Алла да оларға (қарсы) амал істетті. Алла амал істеушілердің ең шебері (яһудилер айла-шарғымен Исаны өлтірмекші болғанда, Алла амалын тауып, Исаны аспанға алып шығып кетті). (3:54) Сол кезде Алла айтты: "Ей, Иса, (уақытың жеткенде) жаныңды аламын және (аспанға) өз қасыма көтеріп әкетіп, кәпірлерден пәк етемін (сені өлтірмекші болған қаскүнемдердің қастандығынан сақтаймын), саған ергендерді қияметке дейін кәпірлерден үстем етемін. Сонан соң менің алдыма қайтасыңдар. Сендер таласқан іс (Иса) туралы мен үкім шығарамын. (3:55)"
Хазірет Исаның (ғ) көптеген мұғжизаларына қарамастан, көпшілік оған иман келтірмей, сөздерін қабылдамады. Осы аяттар олардың хазірет Исаны (ғ) қастандықпен өлтірмекші болғандарын хабарлап: "Кәпірлердің жетекшілері осы илаһи пайғамбардың дауысын шығармау үшін жоспар құрды",-дейді. Олар хазірет Иса (ғ) мен оның серіктерін ұстау үшін сыйақы тағайындап, өлтіруге дайындалады. Алайда Алла тағала олардың жоспарын бұзып, өзінің құдіретімен хазірет Исаны (ғ) құтқарады. Христиандардың сенімі бойынша яһудилер хазірет Исаны (ғ) крестке керіп, шегелеп тастап, өлген соң жерлеген. Сонан соң Алла оны өлгендердің арасынан тұрғызып, аспанға алып кеткен. Бірақ Құран аяттары бойынша, әсіресе "Ниса" сүресінің 157-ші аяты негізінше яһудилер хазірет Исаға (ғ) ұқсайтын біреуді крестке керіп шегелеп өлтірген. Ислам пайғамбары (с) қысқа уақытқа миғыражға көтеріліп, аспан білімінен хабардар болғанындай, Алла тағаланың құдіретімен хазірет Иса (ғ) кәпірлердің ортасынан шығарылып, аспанға көтерілген. Бұл аят сондай-ақ христиандарға сүйінші хабар беріп: "Христиандар, олардың дінін мойындамағандардан, яғни яһудилерден үнемі артықшылыққа ие болады",-дейді. Бұл, 1400 жыл бұрын айтылып, осы күні жүзеге асқан Құранның болжауларының бірі. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Алланың қалауы адамның кез-келген жоспары мен ұмтылысынан жоғары. Алланың алдында айла мен қулық жасамайық.
Екіншіден, пайғамбарларға еру жеңіске жол ашады. Керісінше кәпірлік құрдымға түсіреді.
فَأَمَّا الَّذِينَ كَفَرُواْ فَأُعَذِّبُهُمْ عَذَابًا شَدِيدًا فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَمَا لَهُم مِّن نَّاصِرِينَ ﴿۵۶﴾ وَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ فَيُوَفِّيهِمْ أُجُورَهُمْ وَاللّهُ لاَ يُحِبُّ الظَّالِمِينَ ﴿۵۷﴾ ذَلِكَ نَتْلُوهُ عَلَيْكَ مِنَ الآيَاتِ وَالذِّكْرِ الْحَكِيمِ ﴿۵۸﴾
"Ал енді қарсы келгендерге бұл жалғанда және ахыретте қатты жаза беремін. Оларға (Алланың жазасын тосатын) ешбір қолдаушы шықпайды. (3:56) Иман келтіріп, ізгі іс істегендердің сауабын Алла толық береді. Алла залымдарды ұнатпайды. (3:57) Міне бұлар саған оқып беретін аяттарымыз және хикметті зікіріміз (Құранымыз). (3:58)"
Исрайыл қауымы хазірет Исаға (ғ) қастандық жасағаны үшін Алла тағала оларға ауыр азап жіберді. Тарихи жазбалар бойынша Рим патшаларының бірі оларға 40 жылға жуық үстемдік жүргізген. Олардың мыңдаған адамын тұтқынға алып, қырып-жойып, тіпті кейбір тұтқындарды жыртқыштарға жем қылған. Әрине Алла тағала ешкімге зұлымдық жасамайды. Ол тек біздің амалдарымыздың жазасын ғана береді. Аллаға сенбейтін, бағынбайтын және қырсығатын адамдар залымдармен қаналып, бақыттан айрылады. Ал иман келтіріп, ізгі амал еткендер дүние мен ахыретте рухани және материалдық нығметтерге бөленеді. Осы аяттардын үйренетініміз:
Біріншіден, Алла тағаланың дәстүрі бойынша жаза мен сауап қияметке дейін кешіктірілгенімен, кейде осы дүниеде де жаза беріледі.
Екіншіден, Алланың қаһарына ешқандай күш қарсы тұра алмайды. Ендеше істеріміздің нәтижесін ойлайық.
إِنَّ مَثَلَ عِيسَى عِندَ اللّهِ كَمَثَلِ آدَمَ خَلَقَهُ مِن تُرَابٍ ثِمَّ قَالَ لَهُ كُن فَيَكُونُ ﴿۵۹﴾الْحَقُّ مِن رَّبِّكَ فَلاَ تَكُن مِّن الْمُمْتَرِينَ ﴿۶۰﴾
"Расында Алланың қасында Исаның мысалы да Адамның (Адам атаның) мысалына ұқсайды: (Алла) Адамды топырақтан жаратты, онан соң оған "Бол!" деп еді, ол бола қалды. (3:59) Бұл - Алладан аян болған ақиқат, (Ей, Мұхаммед!) Енді бұдан шүбәланушы болма. (3:60)"
Мәдина қаласы христиандарының бір тобы Ислам пайғамбарының (с) қасына келіп, хазірет Исаның (ғ) әкесіз дүниеге келуін, оның "құдайлық" болуының дәлелі дейді. Сол кезде осы аят түсіп, оларға былай деп жауап береді: "Әкесіз дүниеге келу адамның құдайлығына себеп болса, онда хазірет Адамның жаратылысы одан да маңыздырақ. Өйткені оның әкесі де, анасы да жоқ. Ендеше оны неге "құдай", немесе "құдайдың ұлы" деп есептемейсіңдер?". Алла тағала бұдан кейін Ислам пайғамбары (с) мен мұсылмандарға: "Шын әрі тұрақты сөз жаратылыстың ақиқаттарын толық білетін Алланың сөзі. Басқалардың сөзі ұмытылады немесе нәпсінің ықпалына түседі. Сондықтан тек Алланың сөзіне ғана құлақ асыңдар. Басқалар сендерді Алланың сөздеріне күмәндандырмасын",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, кейбір пайғамбарлардың бойындағы немесе олармен жасалған мұғжизалар, адамның құдайлық болуының емес, қайта Алланың құдіретінің белгісі.
Екіншіден, нағыз ақиқат пен шындық тек Аллаға тән. Сондықтан ақиқатты тілесек, Алланың ережелеріне берік болайық.