Жел 31, 2016 19:59 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 63-ші бөлім, 8-13 аяттар

 

 

رَبَّنَا لاَ تُزِغْ قُلُوبَنَا بَعْدَ إِذْ هَدَيْتَنَا وَهَبْ لَنَا مِن لَّدُنكَ رَحْمَةً إِنَّكَ أَنتَ الْوَهَّابُ ﴿۸﴾رَبَّنَا إِنَّكَ جَامِعُ النَّاسِ لِيَوْمٍ لاَّ رَيْبَ فِيهِ إِنَّ اللّهَ لاَ يُخْلِفُ الْمِيعَادَ ﴿۹

 

"Раббымыз, бізді тура жолға салғаннан кейін, ниетімізді басқаға аудармағайсың! Бізді мейір-шапағатыңа бөлегейсің! Сен (пенделеріңе) асқан жомартсың. (3:8) Раббымыз, расында болатын күмәнсіз күнде (қияметте) адамдардың басын қосушы (есеп алушы) өзіңсің. Алла шынында уәдесінен таймайды. (3:9)"

 

Құран тұрғысынан ғалымдар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ, өздері адасқан және ойларындағы мәселені илаһи кітаппен байланыстыру үшін Құранның мағыналарын бұрмалайтындар. Екінші топ, нағыз білім мен терең даналыққа ие адамдар. Олар Алла мен Оның нұсқауларына толық бойсұнып, аяттардың ақиқатына жеткендер және қажетті жағдайда оны баяндайды. Дегенмен адамға үнемі тура жолдан ауытқу қауіпі төніп тұрады. Сондықтан осы аяттағы "білім иелері" білімді және иманды болғанымен, Алладан кез-келген қателік пен адасудан сақтауын және бірінші топтың ұшыраған тағдырына душар болмауын тілейді. Қиямет үнемі олардың көз алдында тұрады. Олар бір нәрсені негізсіз Алламен байланыстырмайды. Өйткені олар айтқандары үшін, ешқандай әділетсіздікке жол берілмейтін сотта, яғни Алланың алдында жауап беретіндерін біледі. Өйткені Аллаға ұмыту, өкіну, әлсіздік таныту немесе қорқу тән емес, Ол уәдесін орындайды. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, біліміміз және иманымызбен мақтанбайық. Өйткені қызмет етудің орнына, қиянат жасаған ғалымдар мен діннен айрылып, имансыз өлген мұсылмандар аз емес.

Екіншіден, нағыз білімнің белгісі - Аллаға көңіл бөлу, Оның алдында әлсіздікті мойындап, Одан жәрдем сұрау.

 

إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ لَن تُغْنِيَ عَنْهُمْ أَمْوَالُهُمْ وَلاَ أَوْلاَدُهُم مِّنَ اللّهِ شَيْئًا وَأُولَئِكَ هُمْ وَقُودُ النَّارِ ﴿۱۰﴾ كَدَأْبِ آلِ فِرْعَوْنَ وَالَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ كَذَّبُواْ بِآيَاتِنَا فَأَخَذَهُمُ اللّهُ بِذُنُوبِهِمْ وَاللّهُ شَدِيدُ الْعِقَابِ ﴿۱۱﴾ قُل لِّلَّذِينَ كَفَرُواْ سَتُغْلَبُونَ وَتُحْشَرُونَ إِلَى جَهَنَّمَ وَبِئْسَ الْمِهَادُ ﴿۱۲﴾

 

"Кәпірлердің мал-мүліктері, балалары Алланың жазасы алдында еш септігін тигізе алмайды олар – тозақтың отыны. (3:10) (Бұл кәпірлердің) жай-күйі перғауын тобының және онан бұрынғылардың жай-күйі сияқты. Олар біздің аяттарымызды өтірікке шығарды. Сондықтан, Алла оларды қылмыстары үшін жазалайды. Алланың жазасы төтенше қатты. (3:11) (Ей, Мұхаммед!) Кәпірлерге: "Сөзсіз жеңілесіңдер, (ақыретте) тозаққа жиналасыңдар, ол неткен жаман орын!",-деп айт. (3:12)"

Осы аяттарда Алла тағала пайғамбар (с) мен мұсылмандарға: "Кәпірлердің байлығы, күші мен тайпасы сендерді таң қалдырмасын, мұның бәрі пәни дүниеде, ал қияметте осының ешқайсысы кәпірлерге пайда бермейді. Өйткені кәпірлердің денелері тозақ отын жандыратын отын болмақшы. Оларды ешкім оттан сақтай алмайды",-дейді. Сонан соң Алла тағала мұсылмандарға былай деп ескертеді: "Адамдар Алла мен Оның кітабына сендердің замандарыңда ғана қарсы шығып, сендермен жауласты деп ойламаңдар. Тарихта түрлі адамдар мен қауымдар ақиқатқа осылай қарсы шыққан болатын. Бірақ ақиқатты жеңе алмай, өздері де құрыды. Күш-құдіреттің символы болған перғауынның өзі Алланың қаһарына қарсы бір сәт те тұра алмады. Аяттың соңында Алла тағала пайғамбарға (с) : "Жақын арада сендер Мекке мен Мәдина мүшріктері мен кәпірлерін жеңесіңдер. Олар күпірлігінің сазайын тартады",-дейді. Бұл Құранның болжауының бір түрі. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мал-мүлікке, перзент пен әулетке тәуелді болмайық. Мал-дүние және перзентке ие болсақ, мұқтаж болмаймыз деп ойлайтын кәпірлер.

Екіншіден, күпірлік ойлар мен жалған істер адамның болмысын өзгеріске ұшыратып, оны тіпті отынға айналдыратын жағдайға жеткізеді.

Үшіншіден, күнә жасау жамандыққа жатады. Алайда күнәнің әдетке айналуы одан да жаман және мұның соңы азапқа апарады.

Төртіншіден, күпірлік міндетті түрде жеңіліп, ақиқат жеңіске жетеді.

 

قَدْ كَانَ لَكُمْ آيَةٌ فِي فِئَتَيْنِ الْتَقَتَا فِئَةٌ تُقَاتِلُ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَأُخْرَى كَافِرَةٌ يَرَوْنَهُم مِّثْلَيْهِمْ رَأْيَ الْعَيْنِ وَاللّهُ يُؤَيِّدُ بِنَصْرِهِ مَن يَشَاءُ إِنَّ فِي ذَلِكَ لَعِبْرَةً لَّأُوْلِي الأَبْصَارِ ﴿۱۳﴾

 

"(Ей, кәпірлер, Бәдір соғысында) Шайқасқан екі топқа сендер үшін бір ғибрат бар, оның бір тобы - Алла жолында соғысқандар (мұсылмандар), енді бір тобы – мұсылмандардың тобын өздерінен екі есе көп көрген кәпірлер тобы. (Алла мұсылмандардың аз тобын кәпірлерге өздерінен екі есе көп көрсетті). Алла қалаған адамын медет беріп қолдайды. Қырағы адамдар үшін осының өзінде шүбәсіз ғибрат бар. (3:13)"

Ислам пайғамбары (с) мен мұсылмандар Меккеде он үш жыл бойы мүшріктерден қысым көріп, азап шекті. Дұшпандар пайғамбарды (с) өлтірмекші болғанда, Алланың әмірімен пайғамбар (с) мен мұсылмандар Меккеден Мәдинаға хижрат етеді. Хижраттан кейінгі екінші жылы Бәдір аймағында соғыс болады. Бұл соғыста мұсылмандардың саны 313 адам, ал мүшріктердің саны мың адам болды. Алайда дұшпанның 70 адамы мерт болып, 70 адамы тұтқындалып, жеңіліске ұшырайды. Бұл аят осы соғыстағы илаһи жәрдемге тоқталып: "Алла олардың көз алдында сендерді бірнеше есе артық қылып көрсетті. Сондықтан олардың зәресі ұшып, сендермен қарсыласу күшінен айрылды",-дейді. Аяттың басы мен соңы: "Бәдір соғысындағы илаһи жәрдем және ақиқаттың жалғанды жеңуі сендерге ғибрат болсын. Ақиқат майданындағы жауынгерлердің аздығына алаңдамай, міндеттеріңді орындай беріңдер. Алла тағала сендерге жәрдем етеді.",-деп қуаттайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Исламда соғысу дегеніміз күш көрсету, мемлекеттерді жаулау немесе үстемдік жүргізу үшін емес, Алланың дінін қорғау болып табылады.

Екіншіден, илаһи құпия көмектердің бірі – дұшпанның жүрегіне үрей салу болып табылады. Мұндайда дұшпан мұсылмандарды өзінен бірнеше есе артық көріп, қарсыласа алмай қалады.

Үшіншіден, айналамызда болып жатқан оқиғалардың барлығы ғибратқа толы. Алайда тек терең ой иелері ғана одан ғибрат пен сабақ алады.