Қаң 01, 2017 19:43 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 183-186 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ﴿۱۸۳﴾

 

"Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. (2:183)"

Алла тағаланың нұсқауларының бірі – ораза ұстау. Ораза тек Исламға ғана тән емес, ол бұрынғы діндерде де болған. Намаз бен қажылық көзге көрінетін ғибадат болса, ораза көрінбейді, сондықтан онда рия жасаудың мүмкіндігі аз. Ораза адамның жігерін нығайтады. Бір ай бойы күнімен жеп-ішуден және рұқсат етілген ләззаттардан бас тартқан адам, өзгелердің мал-мүлкі мен абыройы алдында өзін бақылауда ұстай алады. Ораза адамгершілік және діни сезімдерді оятып, нығайтады. Бір ай бойы аштықты басынан өткізген адам ашқұрсақтардың бейнетін түсініп, оларды ойлайтын болады. Сонымен қатар ораза күнәнің алдын алады. Күнәлардың көбі қарыннан немесе нәпсіқұмарлықтан басталады, сондықтан ораза осы екеуін жүгендеп, азғындықтың азаюы мен тақуалықтың көбеюіне себеп болады. Әрине ішіп-жеуден бас тарту оразаның тек сыртқы көрінісі. Ұлы әрі пәк тұлғалар оразаның рухани жағына да мән беріп, күнәға жоламайтын. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ораза ұстау – иманның белгісі және адамның тақуалығын нығайтады.

Екіншіден, Алла тағаланың нұсқауларын орындау өзімізге пайдалы, өйткені біздің намазымыз бен оразамыз Аллаға қажет емес.

 

 

 

أَيَّامًا مَّعْدُودَاتٍ فَمَن كَانَ مِنكُم مَّرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ فَمَن تَطَوَّعَ خَيْرًا فَهُوَ خَيْرٌ لَّهُ وَأَن تَصُومُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴿۱۸۴﴾

 

"Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. (Мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не екіқабат, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір фітір садақасын беруіне болады) Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. (2:184)"

Алланың нұсқаулары қиын емес, әр адам шамасы келгенше оны орындауға міндетті. Ораза ұстау тек жылдың бір бөлігінде, яғни Рамазан айында ғана парыз етілді. Егер осы айда кісі ауру не сапарда болса, өзге айларда ораза ұстауға тиіс. Егер Рамазан айында не басқа айларда ораза ұстауға дәрменсіз болса, ораза ұстаудың орнына кедейлерге қарасып, әр күнде бір кедейді тойдыруы керек. Егер ораза ұстамаған кісі біреуден артық адамға тамақ берсе, өте жақсы. Кімде-кім Рамазан айында ораза ұстаудың қадірін білсе, ораза ұстаудың орнына аш адамға тамақ беруді ешқашан қаламас еді. Жоғарыдағы аяттан мына тәлімдерді үйренеміз:

Біріншіден, Ислам - толық дін және кез-келген ережені әр адамның жағдайын ескеріп баяндайды. Мысалы оразаның жолаушы, ауру немесе қарт адамға қатысты үкімінің өзгелерден айырмашылығы бар.

 

 

 

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُواْ الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُواْ اللّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ﴿۱۸۵﴾

 

"Рамазан айы сондай бір ай, сол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар. (2:185)"

Өткен аяттар оразаның негіздері мен оның кейбір ережелерін баяндаса, осы аят оның уақыты - Рамазан айы деп көрсетеді. Әрине Рамазан айы - ораза ұстау айынан бұрын Құран түскен ай болып табылады. Негізінде Рамазанның құндылығы мен қасиеті осы айдың Қадір кешінде түскен Құранда жатыр. Айлардың ішінде тек Рамазан айының атауы ғана Құранда айтылған. Рамазан сөзі "жандыру" деген мағынаны білдіреді, яғни осы айда ораза ұстаушылардың күнәсі жанып кететін тәрізді. Ислам жеңіл дін, оның негіздері оңайлыққа сүйенеді. Егер Рамазанда ораза ұстау біреуге қиын болса, ол жылдың өзге күндерінде оразаны бөліп ұстай алады. Бірақ отыз күн ораза ұстауы керек. Егер ораза ұстамаса, онда кедейлерді тамақтандыруы тиіс. Мысалы, намаз жөнінде айтатын болсақ, су болмаса, топырақпен "таяммум" алуға болады немесе егер тұрып оқудың реті келмесе, отырып тіпті жатып оқуға болады. Сондықтан адам парыздарды орындауға шамасы келмеген жағдайда жеңілдік бергені үшін Аллаға шүкірлік білдіргені жөн. Бұл аяттан үйренетініміз:

Рамазан айларында ораза ұстап, жанымызды күнәлардан тазартайық және Құранның жүрегімізге енуіне жағдай жасайық.

 

 

 

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ ﴿۱۸۶﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: "Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді". (2:186)"

Бір кісі пайғамбардан: Алла бізге жақын ба? Егер жақын болса Онымен сыбырлап мінәжат етейік. Әлде алыс па? Егер алыс болса Онымен дауыстап мінәжат етейік?-деп сұрайды. Сонда осы аят түсіп: Алла өз пенделеріне олардың ойлағанынан да жақын,-дейді. "Қаф" сүресінің 16-шы аятында былай делінген:

 

 

 

وَلَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ وَنَعْلَمُ مَا تُوَسْوِسُ بِهِ نَفْسُهُ وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ ﴿۱۶﴾

 

"Оларға өздерінің күре тамырынан да жақынбыз"

Дұғаның белгілі уақыты мен мекені жоқ, сондықтан адам кез-келген уақытта және кез-келген күйде Аллаға жалбарына алады. Алайда Рамазан айы дұға мен тәубе айы болғандықтан, дұға жөніндегі аят ораза мен Рамазан аяттарының ортасында орналасқан. Осы қысқа аятта Алла адамның Онымен үнемі байланысын көрсету үшін өзінің пәк затын жеті рет айтып, пенделеріне жеті рет сілтеме жасаған. Осы аяттан мынадай ғибрат аламыз:

Алла біздің дұғамызды естіп, тілектерімізді орындайды. Ендеше тек Одан тілеп, Оның жарлықтарын орындайық. Өйткені бақытты болуымыз Оған деген иманға байланысты.