Қаң 01, 2017 19:44 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 180-182 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

Қасиетті Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммед (с): "Құран сендерге арнап түсірілген, сондықтан оны өздеріңе жетекші етіңдер",-дейді.

 

 

كُتِبَ عَلَيْكُمْ إِذَا حَضَرَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ إِن تَرَكَ خَيْرًا الْوَصِيَّةُ لِلْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ بِالْمَعْرُوفِ حَقًّا عَلَى الْمُتَّقِينَ ﴿۱۸۰﴾

 

"Біреулеріңе өлім келген шақта, артына мал қалдырса, әке-шешесіне, жақындарына дұрыстықпен өсиет парыз етілді. Өсиет тақуаларға бір міндет. (2:180)"

Әрқайсымыз бір күні дүниеге келіп, бір күні дүниеден өтеміз. Дүниеге құр қолмен келіп, одан құр қолмен кетеміз. Өмірдегі жиған-терген ақша, үй, көлік немесе зауыт секілді байлығымызды осы дүниеде қалдырамыз. Ислам заңдары бойынша кімде-кім дүниеден озатын болса, оның мал-мүлкінің үштен екі бөлігі перзенттері мен жұбайына немесе өзге мұрагерлеріне тиесілі және оған өсиет қажет емес. Дегенмен әркім өзінің мал-мүлкінің үштен бір бөлігін қайда сарып қылуды өсиет ете алады. Бұл аят былай дейді: "Мал-мүлкі адал жолмен табылған мүміндер өлім келген шақта ата-анасы мен жақындарын ойлап, оларға өсиет етуі тиіс. Өйткені жұбайы мен перзенттері мал-мүліктің үштен екі бөлігіне мұрагер. Өсиет адамның негізсіз сүйіспеншілігі немесе кекшілдігі бойынша емес, қайта ақылға сай болуы тиіс". Өсиет кейбір кемшіліктердің есесін толтыру үшін келешекті ойлаудың бір түрі болғаны жөн. Мұндай жағдайда ол өлген кісіге сауап болады. Бұл аяттан үйренетініміз, өмірде ата-ананың алатын орны зор, сондықтан оларға алғыс білдіру үшін, жақсылық жасаумен қатар, мал-мүліктің бір бөлігін өсиеткен абзал.

 

 

 

فَمَن بَدَّلَهُ بَعْدَ مَا سَمِعَهُ فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى الَّذِينَ يُبَدِّلُونَهُ إِنَّ اللّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ﴿۱۸۱﴾

 

"Сонда біреу өсиетті естігеннен кейін ауыстырса, кінәсі оны өзгертушіге болады. Күдіксіз Алла әр нәрсені естуші, білуші. (2:181)"

Кейде перзенттер немесе жақындар өсиетті естіп, біле тұра, оны түрлі себептермен өзгертеді. Мысалы адам бір кедейге шамалы ақша беріңдер деп өсиет айтса, ал оның перзенті ақшаны сол кедейдің орнына басқаға бергендей. "Мұндайда өсиет еткен кісіге сауап жазылады және ақшаны алған адамның да кінәсі болмайды, өйткені ол хабарсыз. Бұл арада өсиетті біле тұра өзгерткен адам күнә жасады. Өйткені өлгеннен кейін де иелік құрметтелуі тиіс. Өлген адамның мүлкіне ешкімнің қол сұғуына болмайды",-дейді Құран. Бұл аяттан ұғатынымыз: Өсиетті дұрыс орындау керек, әйтпесе оған кез-келген өзгеріс енгізу - қиянат болып саналады. Алла мұны біледі және оның жазасын беруге күші жетеді.

 

 

 

فَمَنْ خَافَ مِن مُّوصٍ جَنَفًا أَوْ إِثْمًا فَأَصْلَحَ بَيْنَهُمْ فَلاَ إِثْمَ عَلَيْهِ إِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۱۸۲﴾

 

"Кім өсиет етушінің қателескендігін немесе кінәлі болатындығынан сезіктенсе, араларын түзелтіп қоюдың оқасы жоқ. (Өсиеттегі қателікті дұрыстауға болады) Расында Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (2:182)"

Осыдан бұрынғы аятта кімде-кім өсиетті саналы түрде өзгертсе – күнә жасайды делінген. Бірақ кейде өсиет етуші отбасына жанжал тудыратындай етіп, мал-мүліктің рұқсат етілмеген үштен бір бөлігінен артық мөлшерде өсиет қалдырады немесе күнә болатын істі орындауға бұйырады. Осындай жағдайларда өсиетті лайықты түрде өзгертуге болады. Бұл аяттан мына тәлімдерді үйренеміз:

Исламда ешқандай тығырық жоқ. Өсиетті дұрыс орындаған жөн. Бірақ өтірік айту харам болғанымен, залымнан аман қалу үшін рұқсат етілген тәрізді, өсиетті орындау кезінде қастандыққа жол бермеу керек.