Қаң 01, 2017 19:59 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 172-176 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُواْ لِلّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ ﴿۱۷۲﴾

 

"Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар. (2:172)"

Әлем – бақша тәрізді, ал пәк тұлғалар осы бақтың гүлдері іспеттес. Құдайдың нығметтері – бағбанның өсімдіктерді өсіру үшін құятын су тәрізді. Алайда бұл суды арам шөптер де пайдаланады. Алла тағала мүміндерге нығметтерімді пайдаланыңдар, бірақ ешнәрсені себепсіз харам етпеңдер, өйткені негізінде бұл нығметтер сендер үшін жаратылған дейді. Әрине Алланың ризықтары қарынды толтырып, ләззаттану үшін берілген жоқ, өйткені Алла бағының жемісі – игі істер болып табылады. Ендеше нығметтерді абзал түрде пайдаланып, соған шүкірлік етейік.

 

 

إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةَ وَالدَّمَ وَلَحْمَ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ بِهِ لِغَيْرِ اللّهِ فَمَنِ اضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلاَ عَادٍ فَلا إِثْمَ عَلَيْهِ إِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۱۷۳﴾

 

"Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (2:173)"

Құран әрдайым адамды бір нәрседен тыймай тұрып, оның рұқсат етілген халал жолдарын көрсетеді, сонан соң ғана харам етілген нәрселерді қозғайды. Осыдан бұрынғы аятта таза әрі пәк тағамдарды тұтынуға болатындығы айтылса, бұл аятта барлық нәрсе сендерге халал етілген, тек тән мен жанға зиян келтіретін кейбір заттар ғана харам етілді делінген. Қан мен өлексе сыртқы ластығы үшін харам етілген, ал пұтқа табынушылардың пұттар үшін құрбан еткен малдары мағыналық ластығы яғни серік қосқандығы үшін харам етілген. Ислам діні жалпы және оңай дін болғандықтан онда тығырық жоқ. Адамға қандай шектеу қойса да, төтенше жағдайда оны жояды. Осының барлығы Алланың қамқорлығының белгісі. Ендеше төтенше ережелерді кері пайдаланбайық.

 

 

 

 

إِنَّ الَّذِينَ يَكْتُمُونَ مَا أَنزَلَ اللّهُ مِنَ الْكِتَابِ وَيَشْتَرُونَ بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا أُولَئِكَ مَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ إِلاَّ النَّارَ وَلاَ يُكَلِّمُهُمُ اللّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلاَ يُزَكِّيهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۱۷۴﴾

 

"Сондай Алла түсірген кітаптан (Тәураттағы Мұхаммедтің с.ғ.с сипаттарын) жасырып, оны аз ақшаға (дүниеге), айырбастағандар, солар қарындарына отты ғана жейді (қарындарын отпен толтырады). Қиямет күні Алла оларға тіл қатпайды да оларды ақтамайды және оларға күйзелтуші азап бар. (2:174)"

Осыдан бұрынғы аят өлексе мен доңыз етінің харам екендігін айтқан болатын. Бұл аят осы орайда бір маңызды жайтты баяндай келе, егер адам харам жолмен табыс көріп, соны тіпті халал болса да кез-келген жолға жұмсаса - от жегенмен тең болып, тозаққа түседі. Мұндай харам ақшаның бірі – шындықты жасыру үшін берілетін пара. Кейбір яһуди және христиан ғұламалары осыған душар болған еді. Олар Тәурат пен Інжілден Ислам Пайғамбарының (с) белгілерін көріп, оны тани тұра, оның пайғамбарлығын жарияласа мансаптары мен мал-мүліктерінен айрылатындарын көргенде, шындықты жасырады. Құдай осы топтың жазасын баяндай келе: олар халыққа Құдайдың сөздерін жеткізуден бас тартып, қиямет күні өздерін Алланың мейірімді сөздерін естуден мақрұм етеді,-дейді.

 

 

 

أُولَئِكَ الَّذِينَ اشْتَرَوُاْ الضَّلاَلَةَ بِالْهُدَى وَالْعَذَابَ بِالْمَغْفِرَةِ فَمَآ أَصْبَرَهُمْ عَلَى النَّارِ ﴿۱۷۵﴾ ذَلِكَ بِأَنَّ اللّهَ نَزَّلَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ وَإِنَّ الَّذِينَ اخْتَلَفُواْ فِي الْكِتَابِ لَفِي شِقَاقٍ بَعِيدٍ ﴿۱۷۶﴾

 

"Олар адасуды туралықтың орнына, азапты жарылқаудың орнына ауыстырып алғандар. Сонда олар тозаққа қалай шыдайды? (2:175) Осы Алланың Кітапты туралықпен түсіргендігі үшін. Негізінен Кітап жайында таласқандар ұзақ қайшылықта. (2:176)"

Осы екі аят ғұламалардың күнәлары қатарына жататын - "ақиқатты жасырудың" салдарын баян етеді. Ақиқатты жасырудың нәтижесінде адам тура жолдан шығып, адасып, қараңғылыққа түседі. Білімнің бір өзі бақытқа жеткізбейді, тіпті бір ұрпақтың адасуына да себеп болуы мүмкін. Ақиқатты жасырған данышпандар өздері ғана емес, тарих бойында талай адамдардың азғындыққа салынуына себеп болады. Әрине осындай ғалымдар тек өзінің қате жолға түскені үшін ғана емес, өзгелерді де адастырғаны үшін жазаланатыны сөзсіз. 176-шы аят "ақиқатты жасыру" – шындыққа қарсы келуден туындайды. Олар ақиқатты білсе де, оны қабылдауға әзір емес және халық арасында түрлі келіспеушіліктер мен күдіктер тудырады. Жоғардағы аяттардан мынадай ғибрат аламыз:

Біріншіден, Ислам діні тағамға ерекше мән беріп, халал және харам тағамдарға байланысты өсиеттер мен ескертулер береді.

Екіншіден, Ислам діні Алланы тек ғибадат кезінде ғана емес, тамақтану барысында да естен шығармау керек дейді. Сондықтан Алланың атымен бауыздалмаған жануардың еті харам.

Үшіншіден, харам жолмен табылған ақшаға ең адал тағам алынса да, ішке от секілді кіреді.

Төртіншіден, Алла тағала дүниеде Мұса (ғ) секілді пайғамбарлармен тікелей сөйлескенімен, қияметте барлық тақуалар Алламен тілдеседі.

Бесіншіден, дін дүниенің барлық байлығына сатылса да зиян болып саналады.

Алтыншыдан, кейбір адамдар ақиқатты білмегендіктен иман келтірмейді, қайта олардың басым бөлігі шындықты біле тұра, оны мойындамағандықтан.