Қаң 01, 2017 20:02 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 167-171 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

وَقَالَ الَّذِينَ اتَّبَعُواْ لَوْ أَنَّ لَنَا كَرَّةً فَنَتَبَرَّأَ مِنْهُمْ كَمَا تَبَرَّؤُواْ مِنَّا كَذَلِكَ يُرِيهِمُ اللّهُ أَعْمَالَهُمْ حَسَرَاتٍ عَلَيْهِمْ وَمَا هُم بِخَارِجِينَ مِنَ النَّارِ ﴿۱۶۷﴾

 

"Ал ерушілер: "Әттең! Бізге (дүниеге) қайтар күн болса, олар бізден безгендей, бізде олардан безер едік",-дер. Солайша Алла олардың істеген істерін өздеріне өкініш етіп көрсетеді. Сондай-ақ олар тозақтан шығушы емес. (2:167)"

Өткенде күнәһарлар Алланың жазасын көргенде, жетекшілер өздеріне ергендерден безеді, деп айтқанбыз. Өйткені нәпсілік негіздегі байланыстар ашу мен жиіркенішке айналады. Бұл аят: тозақтағылар Алладан дүниеге қайта оралып, өз жетекшілеріне жоламауын өтінеді. Бірақ өкініштен не пайда? Сол күнде олар дүниеге де оралмайды, өкініштері де пайда бермейді,-дейді. Бұл аят сондай-ақ "өмірде мәжбүрміз" деп ойлайтындарға дүниеде адамның еркі бар екендігін айтады, өйткені өкініш, адамның басқаша істеуге мүмкіндігі бола тұра, өз еркімен қате жолға түскенін білдіреді.

 

 

 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُواْ مِمَّا فِي الأَرْضِ حَلاَلًا طَيِّبًا وَلاَ تَتَّبِعُواْ خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُّبِينٌ ﴿۱۶۸﴾

 

"Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан. (2:168)"

Жеп-ішу - табиғи істердің бірі. Ендеше тағам – адамдардың ең күрделі қажеттерінің бірі болып табылады. Алайда басқа істердегідей бұл істе де шектен шығушылықтар болып тұрады. Кейбіреулер ешқандай ережені сақтамай, ақыл мен діни тұрғыдан рұқсат етілген, етілмегендігі жоқ па? заңды жолмен табылған, табылмағандығы жоқ па? екеніне мән берместен, не қаласа соны жеп-ішкісі келеді. Олар тек қарынын тойдырғанды ғана ойлайды. Ал енді біреулер керісінше, ешбір дәлелсіз, тіпті ақыл мен дін рұқсат еткеніне қарамастан, нәпсімен күресеміз деген желеумен ішіп-жеуден бас тартады. Ислам дінінде ішіп-жеуге қатысты белгілі бір ережелер бар. Денеге пайдалы әрі қажетті нәрсе халал етіліп, зиянды нәрсе харам етілген. Бұл аят, Жер бетіндегі барлық нәрсені Алла сендер үшін жаратты, сондықтан халал етілгенді тұтынып, өз еріктеріңмен халалды харам, харамды халал етпеңдер дейді. Адам мен Һауаға тыйым салған ағаштың жемісін жегізгендей, шайтан сендерді адастыру үшін азғырады. Шарап секілді харам етілген нәрсені ішу немесе ырымдар бойынша халал етілген нәрсені пайдаланбау шайтанның ісі.

 

 

 

إِنَّمَا يَأْمُرُكُمْ بِالسُّوءِ وَالْفَحْشَاء وَأَن تَقُولُواْ عَلَى اللّهِ مَا لاَ تَعْلَمُونَ ﴿۱۶۹﴾

 

"Шынайы түрде ол сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаға қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды. (2:169)"

Осыған дейінгі аят, шайтан сендердің дұшпандарың десе, бұл аят шайтанның дұшпандығының белгісі – сендерді үнемі жамандық пен арсыздыққа азғырып, ақырында бақытсыздыққа ұшырату екенін айтады. Шайтан еркімізді алатындай, бізге үстемдік жүргізбейді, ол күнә жасауға азғырады. Сондықтан адамның иманы неғұрлым әлсіз болса, шайтанның ықпалы соғұрлым әсерлі болады. Шайтан адамды күнәға азғырып, оған сылтау етудің жолдарын көрсетеді. Мұндай сылтаулардың бірі – Аллаға жала жабу. Адам надандықпен күнә жасап, өзін ақтау үшін бәрін Алладан көреді.

 

 

 

 

 

وَإِذَا قِيلَ لَهُمُ اتَّبِعُوا مَا أَنزَلَ اللّهُ قَالُواْ بَلْ نَتَّبِعُ مَا أَلْفَيْنَا عَلَيْهِ آبَاءنَا أَوَلَوْ كَانَ آبَاؤُهُمْ لاَ يَعْقِلُونَ شَيْئًا وَلاَ يَهْتَدُونَ ﴿۱۷۰﴾

 

"(Мекке мүшріктеріне) Алла түсіргенге (Құранға) бой ұсыныңдар делінсе, олар: "Жоқ, үстінде ата-бабаларымызды тапқан жолға ілесеміз",-деді. Егер аталары еш нәрсені түсінбеген әрі тура жолда болмаған болса да ма? (2:170)"

Ата-бабалардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтау дұрыс, бірақ сол мәдениет ақылға немесе илаһи ережелерге сай болған жағдайда ғана. Шайтанның адамға ықпал ету жолдарының бірі – бабалармен мақтанып, олардың ырымға толы салттарына білімсіз ере беру жөнсіз. Адамның илаһи нұсқауларға амал етудің орнына, біле тұра бұрынғылардың бұрыс салтын орындауы дұрыс емес.

 

 

 

وَمَثَلُ الَّذِينَ كَفَرُواْ كَمَثَلِ الَّذِي يَنْعِقُ بِمَا لاَ يَسْمَعُ إِلاَّ دُعَاء وَنِدَاء صُمٌّ بُكْمٌ عُمْيٌ فَهُمْ لاَ يَعْقِلُونَ ﴿۱۷۱﴾

 

"Кәпірлердің, мысалы: дабыстағанда, үнді, айғайды ғана естіп түсінбейтін біреу тәрізді; саңырау, сақау және соқыр. Сонда олар еш нәрсені аңғармайды. (2:171)"

Бұрынғы аят кәпірлердің өздерінің ата-бабаларының адасқан нанымдарына ақылсыз ергенін баян етті. Осы аят, кәпірлердің өздері де ақиқатты түсіну үшін ойланбайды, олар құлақтары мен көздерін жауып, ештеңені көрмейді де, естімейді. Шопанның қауіп-қатерден ескертуіне мән бермей, түк естімегендей болатын қойлар тәрізді, дейді. Олардың жануарлар сияқты көздері мен құлақтары бар, бірақ ойланбайды, сондықтан өздері ақиқатты түсінбей, ата-бабаларының бұрыс салт-дәстүрлерін орындайды. Осы аяттардан мына тәлімдерді үйренеміз:

Біріншіден, адам – өз қарнының құлы болатындай хайуан емес, ол Алланың халал немесе харам еткен ережелері бойынша тамақтануы тиіс.

Екіншіден, адамды жамандық пен азғындыққа және күнәға шақыратынның барлығы, ол адам кейпінде болса да – шайтан болып саналады.

Үшіншіден, бабалардың салт-дәстүрлерін ақыл мен білімге сай болған жағдайда ғана ұстанған жөн, әйтпесе бұрыс әдет-ғұрыптар ұрпақтан ұрпаққа көшіп, халықты аздырудан басқа еш пайда бермейді.

Төртіншіден, адамның қасиеті - оның ақылы мен ойында, әйтпесе жануарлардың да көзі, тілі және құлағы бар.