Қаң 01, 2017 20:04 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 158-162 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِن شَعَآئِرِ اللّهِ فَمَنْ حَجَّ الْبَيْتَ أَوِ اعْتَمَرَ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْهِ أَن يَطَّوَّفَ بِهِمَا وَمَن تَطَوَّعَ خَيْرًا فَإِنَّ اللّهَ شَاكِرٌ عَلِيمٌ ﴿۱۵۸﴾

 

"Негізінде "Сафа, Мәруе" Алланың белгілерінен. Сонда кім хаж немесе умра орындаса, ол екеуін де тауап етудің оқасы жоқ. Кімде-кім артықша бір қайыр істесе, Алла шүкірлікті қалдырушы, толық білуші. (2:158)"

Хаж рәсімдері хазірет Ыбырайым (ғ.с) заманынан басталады, бірақ ұзақ уақыт бойы надан және пұтқа табынушы адамдар оған теріс салттар мен ырымдар араластырған. Алайда Ислам келісімен осы ұлы ғибадат қалпына келтіріліп, сақталды. Хаж рәсімдерінің бірі – Сафа мен Мәруеде сағи жасау яғни Мәсжед-ул-Харам қасындағы осы екі таудың арасында жүру болып табылады. Кезінде пұтқа табынушылар осы екі таудың басына пұттарды орналастырып, сағи жасаған шақта, сол пұттарды тәуап ететін болған. Осылайша мұсылмандар хаж амалдарын орындамақшы болған кезде, осы оқиғаның салдарынан екі таудың басында пұттар болды ғой деп ойлап, сағи жасауға онша ынта білдірмейтін. Сонда Алла тағала аят түсіріп: "Бұл қос тау Алланың құдіретінің белгілері және хаждың негізін қалаушыны яғни хазірет Ыбырайымды (ғ.с) еске салады. Надан адамдар серік қосатын әрекеттерімен ол жерлі ластаса да, сендер одан бас тартып, жауаптан қашпаңдар, қайта алға шығып ол жерді өздеріңе қайтарыңдар"дейді. Хазірет Ыбырайым (ғ.с) жұбайы Һаджар және Ысмайылмен бірге Мекке жеріне келгенде, ол Алланың бұйрығын орындау үшін оларды Аллаға тапсырып, шөл далада тастап кетеді. Сонда Ысмайылдың анасы су іздеп, әлгі екі таудың арасында әрі-бері жүгіреді, сол кезде Алла тағала сәбидің аяғының астынан бұлақ ағызады. Сол бұлақ "Зәм-зәм" бұлағы деп аталады. Сол күннен бері Сафа мен Мәруе арасындағы Һаджардың әрекетін және оның ерлігін еске алу үшін Алланың үйін зиярат етушілерге сол жермен жүру міндет етілген. Бұл рәсім Алланың сол еңбекке алғыс білдіргенінің белгісі. Сондықтан біз халықты риза етуге емес, Құдайды риза етуге тырысуымыз керек.

 

 

 

 

إِنَّ الَّذِينَ يَكْتُمُونَ مَا أَنزَلْنَا مِنَ الْبَيِّنَاتِ وَالْهُدَى مِن بَعْدِ مَا بَيَّنَّاهُ لِلنَّاسِ فِي الْكِتَابِ أُولَئِكَ يَلعَنُهُمُ اللّهُ وَيَلْعَنُهُمُ اللَّاعِنُونَ ﴿۱۵۹﴾

 

"Негізінен біз ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды Кітапта адамдарға баян еткеннен кейін жасырғандар, соларға Алла лағынет етеді әрі барлық лағынет етушілер лағынет етеді. (2:159)"

Бұл аят, кітаптарында айтылса да Ислам Пайғамбарының (с) келуін халықтан жасырып, халықты тура жолға салудағы илаһи пайғамбарлардың еңбектерін зая қылған яһуди және христиан ғұламалары туралы. Ақиқатты надан адамдар жасыратын болса, олардың жазасы ауыр емес. Ал егер шындықты қоғамдағы дана тұлғалар жасырса, халыққа, пайғамбарларға және Аллаға байланысты үлкен зұлымдық жасап, олардың лағынеттеріне тап болады. Осы аят бойынша таза әрі пәк адамдарға достық сезімін білдіргендей, халықтың адасуына себепші болған залымдарға лағынет айту керектігін түсінеміз. Алла тағала келесі аятта олардың кейбіреулерін былайша ерекшелейді:

 

 

إِلاَّ الَّذِينَ تَابُواْ وَأَصْلَحُواْ وَبَيَّنُواْ فَأُوْلَئِكَ أَتُوبُ عَلَيْهِمْ وَأَنَا التَّوَّابُ الرَّحِيمُ ﴿۱۶۰﴾

 

"Бірақ тәубе еткендер, жағдайларын түзелткендер және шындықты баян еткендер басқа. Міне солардың тәубесін қабыл етуші, ерекше мейірімдімін. (2:160)"

Ислам дінінде тығырық жоқ, яғни Алла тағала адамдарға күнәларына тәубе етуге, тіпті ең күнәһар адам да рақымшылықтан үмітсіз болмауы үшін қайта оралуына үнемі жол қалдырады. Әрине әр күнәнің тәубесі, оның есесі қайтарылу үшін сол күнәға сәйкес болады. Сондықтан ақиқатты жасырудың тәубесі, халықты хабарсыздықтан шығарып, шындыққа жеткізу үшін сол ақиқатты баян ету болып табылады.

 

 

إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا وَمَاتُوا وَهُمْ كُفَّارٌ أُولَئِكَ عَلَيْهِمْ لَعْنَةُ اللّهِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ ﴿۱۶۱﴾ خَالِدِينَ فِيهَا لاَ يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلاَ هُمْ يُنظَرُونَ ﴿۱۶۲﴾

 

"Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті әрі періштелердің және біртұтас адамдардың лағынеті болады. (2:161) Олар лағынетте мәңгі қалады, олардан азап жеңілтілмейді де оларға мұрсат берілмейді. (2:162)"

Осыдан бұрынғы аятта, егер ақиқатты жасырғандар оны халыққа баян етсе, Алланың мәрхаметіне бөленеді делінген еді. Бұл аят, егер кәпірлер осылай істемесе Алланың, періштелердің және халықтың лағынетіне ұшырайды деп тағы да ескерту жасайды. Өйткені тәубе ажал жеткенше дейін ғана әсерлі болады және өлім жақындағанда тәубе пайдасыз. Перғауын да суға бататын кезде тәубе еткенімен, тәубесі қабылданбады. Осыған орай, пайғамбалар мен әулиелер "өлер сәтте мұсылман күйінде өлейік" деп дұға тілейді. Өйткені кәпір күйінде өлу - дауасыз дерт тәрізді. Шындықты жасырушылар дүниеде де, ақиретте де Алланың рақымынан мақрұм болады. Алланың жазасы зұлымдық пен кек алушылық емес, әділет пен хикмет негізінде болғандықтан, ақиқатты саналы түрде жасырған адамға жеңілдік берілмейді. Өйткені оның ісінің кері салдары да азаймайды. Енді осы аяттардан үйренетін мәселелерге тоқталайық:

Біріншіден, егер мешіттер мен ғибадатханалар сияқты ақиқаттың орталықтары надан кісілердің ырымдарымен былғанса, сол орталықтардан бас тартпай, оған барып, тазартумен, нағыз ғибадаттың жолдарын жандандыру керек.

Екіншіден, Алланың рақымдығы, құдыреті мен мұғжизасының көрініс тапқан орындары болып табылатын Сафа мен Мәруе секілді мекендердің қадірін сақтау керек. Сонда олардың игі істерінің естелігі халықтың санасы мен жүрегінде қалады.

Үшіншіден, ақиқатты жасырған адамға тіпті оның ожданы да лағынет айтады. Өйткені Алла барлық адамның бойына ақиқатшылдық сезімін ұялатқан.

Төртіншіден, Алла бір жағынан күнәһарларға тәубе жасау мүмкіндігін береді және келесі жағынан тәубе етуге уәде беріп, өзін тәубені қабыл етуші деп таныстырады.

Бесіншіден, адам кәпір болып немесе мұсылман болып өле ме? істің нәтижесі маңызды. Әрине мұны өмірдегі амалдар көрсетеді.