Бақара сүресі, 153-157 аяты
Бақара сүресі, 153-157 аяты
Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.
َا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ ﴿۱۵۳﴾
"Әй мүміндер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге. (2:153)"
Адам өмірде көптеген қиыншылықтар мен түйткілдерге кезігеді. Егер оның сол қиыншылықтарға қарсы тұруға қажетті күші болмаса, жеңілуге мәжбүр болады. Дегенмен мүмін адамдар қиыншылықтарға тап болғанда, екі нәрсеге сенеді. Біріншіден, олар сабыр мен шыдамдылық танытады, ал екіншіден, намаз оқу арқылы құдаймен байланыс орнатып, өзі талпыныс жасаумен қатар Алланың шексіз құдіретіне тәуекел етеді. Алла да сабырлы намаз оқушыларға жәрдемдесетінін және үнемі олармен бірге екенін айтқан. Алланың осы уәдесі адамның барлық қиыншылықтарды жеңуіне көмек береді.
وَلاَ تَقُولُواْ لِمَنْ يُقْتَلُ فِي سَبيلِ اللّهِ أَمْوَاتٌ بَلْ أَحْيَاء وَلَكِن لاَّ تَشْعُرُونَ ﴿۱۵۴﴾
"Алла жолында өлтірілгендерді (шәһидтерді) олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар. (2:154)"
Осыдан бұрынғы аят сабыр мен шыдамдылық туралы әңгімелесе, бұл аят көптеген қаржы мен адамның шығынымен бірге болатын және табандылық пен жанкештілікті қажет ететін Алла жолында соғысу мен шәһид болу тақырыбын баяндайды. Кейбір надан немесе қаскөй адамдар соғыс майдандарына қатыспай, халықты осы қасиетті шарадан үмітсіздендіруге және оны бекер деп атауға тырысады. Олар өздерін жанашыр етіп көрсетіп, Алла жолында қаза болғандарға: "Олар бекер өлді ғой",-деп өкініш білдіреді. Бәдір соғысында мұсылмандардан он төрт адам шәһид болғанда, кейбіреулер оларды "өлгендер" деп атайды, сонда Алла тарапынан аят түсіп оларға бұлай айтуға тыйым салып: "Шәһидтер тірі, сендер түсінбейсіңдер",-дейді.
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ ﴿۱۵۵﴾
"Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед с.ғ.с сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! (2:155)"
Сынақ – барлық адамды қамтитын Алла дәстүрлерінің бірі. Адамдар бірдей сыналмайды. Алла адамдарды оларға берген қабілеттері мен дарындары негізінде сынайды. Кейбіреулер қаржы және экономикалық қиыншылықтармен сыналса, енді біреулер соғыс алаңында өмірімен сыналып, қаншалықты дайын екендігі анықталады. Құдай сынақты бізді тану үшін өткізбейді, өйткені Ол бізді өзімізден гөрі толық біледі, қайта біз өзіміздің қабілеттерімізді көрсетіп, соған сәйкес сауап немесе жаза алуымыз үшін өткізеді. Адамның сабырлық пен қанағат, тақуалық пен ерлік секілді игі сипаттары қиыншылықтар барысында байқалады және адамның рухы соның арқасында өркендейді.
الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعونَ ﴿۱۵۶﴾
"Қашан оларға бір қайғы жетсе: "Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз",-деді. (2:156)"
Өткен аят сабырлыларға жеңістің қуанышын айтса, бұл аят сабырлыларды таныстыра келе былай дейді: "Нағыз сабырлы дегеніміз - түрлі қиыншылықтарда үмітсіздікке бой алдырмай, Аллаға тәуекел ету болып табылады". Әр ісін әлемді хикметпен басқаратын Алланың атымен бастап, Алланың атымен аяқтаған кісі өмірге жақсы жағынан қарап, өмірге риза болады. Шын мәнінде, дүние онда демалып, тынығатын мәңгі орын емес, қайта сынақ алаңы. Қиыншылықтар сынақ құралы, сондықтан түрлі қиыншылықтар Алланың мейірімсіздігінің белгісі емес, біздің талпыныс жасауымыздың құралы. Қайғы-қасіретке қарсы тұруда адамдар бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші топ, сабырсыз болып дәрменсіздікке ұшырайды. Екінші топ, сабырлық көрсететіндер. Олар жаман сөз айтып, Аллаға шағымданудың орнына Одан пана сұрайды. Келесі топ сабыр көрсетумен қоса, шүкіршілік етеді. Өйткені ол рухының тазаруына жағдай жасайды деп санайды.
أُولَئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ ﴿۱۵۷﴾
"Міне соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мәрхамет бар. Әрі олар тура жолдағылар. (2:157)"
Бұл аят сабырлыларға Алладан үлкен сый ретінде береке жауатынын және олар тура жолға түсетінін айтады. Жаратылыстың барлығы Алланың нығметімен қамтылғанымен, осы берекеттің орны бөлек. Бұл берекет тек сабырлыларға арналған және оларды кемелдікке жолдайды.
Жоғардағы аяттардан үйренетін тәлімдерге тоқталайық:
Біріншіден, намаз - ауырлық емес, ол қасіреттерде сабырлы болудың құралы. Ендеше Алла сабырға шақыру үшін адамды Оның шексіз құдіретімен байланыстыратын намазды қозғайды.
Екіншіден, барлық адам өлгеннен кейін рухы тіршілік ететін "барзах" әлеміндегі өмірге ие болғанымен, шәһидтер басқа өлгендерден ерекше өмірге ие болады.
Үшіншіден, Алланың сынақтарында тек сабырлылар ғана жеңімпаз болады және одан ешкім қаша алмайды.
Төртіншіден, сабырдың тамыры Аллаға және қиямет күніне иман келтіруде жатыр. Ол, адамның қиыншылықтарға шыдауына жәрдемдеседі.
Бесіншіден, сабыр мен табандылық адамның осы дүниедегі бақытына себепші болады, дегенмен оның рухани және ақыреттік сауабы да мол.