Қаң 01, 2017 20:06 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 148-152 аяты


Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

وَلِكُلٍّ وِجْهَةٌ هُوَ مُوَلِّيهَا فَاسْتَبِقُواْ الْخَيْرَاتِ أَيْنَ مَا تَكُونُواْ يَأْتِ بِكُمُ اللّهُ جَمِيعًا إِنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۴۸﴾

 

"Әркімнің бір бет алатын қыбласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар. Қайда болсаңдар да Алла барлығыңды бір араға жинайды. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге күші жетеді. (2:148)"

Осыдан бұрынғы аяттарда айтқанымыздай қыбланың бағыты маңызды емес, өйткені тарих бойында діндердің түрлі қыблалары болған. Ең маңыздысы - Алланың бұйрығына мойынсұну. Ендеше дін қағидалары мен негіздеріне жатпайтын тақырыптар туралы босқа таласпаңдар. Алла тағала барлық нәрсені игі амалдармен өлшейді. Сол себепті адам осы істе алдына жан салмай, сөзден гөрі іске кірісуі керек.

Адамзат баласы ежелден жарысқа көңіл бөлген. Кейде спорт жарыстарын өткізсе, кейде ғылыми істерде жарысатын. Алайда Құран жарыстың саласын белгілеместен, жеке бас пен қоғамның жақсылығына ұйытқы болатын кез-келген нәрседе жарысыңдар және басқалардан озуға тырысыңдар. Алайда бұл жарыстар Құдай үшін болуы үшін әр істе қияметті ойлаңдар, сол күннің ниетімен істеңдер, өйткені сендерге шынайы сауап сонда беріледі, дейді.

 

 

 

وَمِنْ حَيْثُ خَرَجْتَ فَوَلِّ وَجْهَكَ شَطْرَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِنَّهُ لَلْحَقُّ مِن رَّبِّكَ وَمَا اللّهُ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ ﴿۱۴۹﴾وَمِنْ حَيْثُ خَرَجْتَ فَوَلِّ وَجْهَكَ شَطْرَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَحَيْثُ مَا كُنتُمْ فَوَلُّواْ وُجُوهَكُمْ شَطْرَهُ لِئَلاَّ يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَيْكُمْ حُجَّةٌ إِلاَّ الَّذِينَ ظَلَمُواْ مِنْهُمْ فَلاَ تَخْشَوْهُمْ وَاخْشَوْنِي وَلأُتِمَّ نِعْمَتِي عَلَيْكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ ﴿۱۵۰﴾

 

"Қайдан (жолға) шықсаң да жүзіңді Мәсжід Харам жаққа қарат. Өйткені ол, Раббыңнан бір хақиқат. Алла не істегендеріңнен ғапыл емес. (2:149) Және қайдан (жолға) шықсаң да жүзіңді Мәсжід Харам жаққа қарат. (Әй мүміндер!) Қайда болсаңдар да (намазда) жүздеріңді солай қаратыңдар. Адамдар үшін сендерге қарсы бір дәлел болмасын (яһудилер: "Бұлар Ыбырайымның ғ.с дінінде болса неге Қағба жаққа қарамады?",-демесін). Бірақ олардың залымдары айта береді. Олардан қорықпаңдар. Сендерге нығметтерімді толықтауым және тура жолда болуларың үшін Менен қорқыңдар. (2:150)"

Бұл екі аят, пайғамбар мен мұсылмандарға Мекке жаққа қыбла ретінде көңіл бөлуді баса айтады және оның түрлі себептері бар. Біріншіден, яһудилердің кекетуі мен кемсітуінен сескенген мұсылмандардың көбіне қыбланың өзгеруін қабылдау қиын болды. Осыған орай бұл аят мұсылмандарға: "Яһудилерден секенбеңдер, қайта құдайдың жарлығына әлсіздік білдірмеу үшін Алладан қорқыңдар",-дейді. Екіншіден, кітап иелері өз кітаптарында Ислам пайғамбары намазды екі қыблаға қарап орындайды деп оқыған еді. Ендеше егер осылай болмағанда, олар: "Пайғамбарда илаһи кітаптарда келтірілген белгілер жоқ",- деп мін тағар еді. Үшіншіден, осыған дейінгі аяттар қалада тұрған күйдегі намазға қатысты болды. Ал бұл аят сапардағы намазға байланысты. Сапарда Мәсжед-ул-Харамға қарап намаз оқу керек. Не болса да Ислам үмметінің тәуелсіздігі құдайдың зор нығметтерінің бірі болып табылады. Оны барлық жағдайда сақтау керек.

 

 

 

كَمَا أَرْسَلْنَا فِيكُمْ رَسُولًا مِّنكُمْ يَتْلُو عَلَيْكُمْ آيَاتِنَا وَيُزَكِّيكُمْ وَيُعَلِّمُكُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَيُعَلِّمُكُم مَّا لَمْ تَكُونُواْ تَعْلَمُونَ ﴿۱۵۱﴾

 

"Іштеріңе, өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі үкімдерін үйрететін сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін Елші жібергеніміз сияқты.... (2:151)"

Алла тағала бұрынғы аятта, қыбланы өзгертудің дәлелдерінің бірі - мұсылмандарға өз нығметтерін тәмамдау және оларды туралыққа салу деп баяндады. Бұл аят, Алла тағала сендерге басқа да зор нығметтер берген, солардың ең маңыздысы – Пайғамбар, дейді. Пайғамбар халыққа құдайдың аяттары мен үкімдерін үйрететін, әрі жанашыр бір тәрбиеші ретінде олардың түзетілуі мен жетілуін ойлайтын мұғалім болды. Пайғамбарлардың адамзатты туралыққа салу бағытындағы ең маңызды қызметіне - рухтың тазаруына жағдай жасайтын құдайдың аяттарын оқып беру және оның ізінше үкімдер мен хикметті һәм дұрыс түсінікті үйрету жатады. Пайғамбарлар халықтың тек рухани жетекшілері ғана болған жоқ, олар қоғамның ғылыми тұрғыдан да ой-санасының өсуін ойлайтын. Олар иман аясында Аллаға ғибадат етуге жетелейтін ғылымды тарататын.

 

 

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ ﴿۱۵۲﴾

 

"Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар. (2:152)"

Алла тағала біздерге осындай мол нығмет сыйлады. Ендеше ақыл мен болмысымыз осындай нығметтің Иесіне көңіл аударып, қолда бармызды оныкі деп білуді және Оның нығметтерін Оның ризалығы жолында жұмсауға үкім етеді. Егер адам Құдайды жадынан шығарса, барлық жақсылық пен игіліктердің көзін естен шығарады. Мұндайда Құдай да оны ұмытып, өз бетімен қоя береді. Алланы есте сақтау дегеніміз – оны тек ауызбен ғана есте сақтау емес, адам күнәға тап болғанда Алла үшін сол күнәдан бойын аулақ ұстайтындай, шынымен есте сақтау деген сөз. Сол сияқты Аллаға шүкірлік ету де тек ауызбен ғана шүкір айту деген сөз емес, адам кез-келген нығметті орынды пайдаланып, оны жаратылған мақсатына қолдану деген сөз.

Ал, енді бұл аяттан үйренген сабақтарға тоқталайық:

Біріншіден, діндер мен мазхабтар арасында пайдасы жоқ тақырыптарды талқылаудың орнына, игі істерді өрістетуді ойлап, осы істерде жарысқан жөн.

Екіншіден, мұсылмандар жауға сылтау беретін кез-келген істен бойын аулақ ұстап, жаудың басымдылығына жол бермеуі тиіс.

Үшіншіден, қыбланың өзгеруі бір жағынан мұсылмандарды іштен біріктірсе, келесі жағынан өзгелердің үстемдігі алдындағы тәуелсіздікке ұласты.

Төртіншіден, пайғамбарлар - адамзаттың жанашыр мұғалімі мен тәрбиешісі ретінде білім беру мен тазарту арқылы адамзаттың жаны мен тәніне тыныштық сыйлайды.