Бақара сүресі, 143-147 аяты
Бақара сүресі, 143-147 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.
وَكَذَلِكَ جَعَلْنَاكُمْ أُمَّةً وَسَطًا لِّتَكُونُواْ شُهَدَاء عَلَى النَّاسِ وَيَكُونَ الرَّسُولُ عَلَيْكُمْ شَهِيدًا وَمَا جَعَلْنَا الْقِبْلَةَ الَّتِي كُنتَ عَلَيْهَا إِلاَّ لِنَعْلَمَ مَن يَتَّبِعُ الرَّسُولَ مِمَّن يَنقَلِبُ عَلَى عَقِبَيْهِ وَإِن كَانَتْ لَكَبِيرَةً إِلاَّ عَلَى الَّذِينَ هَدَى اللّهُ وَمَا كَانَ اللّهُ لِيُضِيعَ إِيمَانَكُمْ إِنَّ اللّهَ بِالنَّاسِ لَرَؤُوفٌ رَّحِيمٌ ﴿۱۴۳﴾
"Осылайша сендерді (артық, кемсіз) орташа бір үммет қылдық. Адамдарға куә болуларың сондай-ақ пайғамбардың сендерге куә болуы үшін. Қарап тұрған қыблаңды, теріс бағынатын біреулерден пайғамбарға ілесетін кісілерді білуге істеген едік. Әрине бұл, Алла, тура жолға салғандардан басқаға қиынырақ. Алла имандарыңды жоймайды. Күдіксіз Алла, адам баласына өте жұмсақ, ерекше мейірімді. (2:143)"
Өткен бөлімде қыбланың өзгеруіне байланысты Бәни Исраил қауымының сылтауларын баяндап, Алла тағала оларға: "Шығыс пен батыс Алланың иелігінде және жаратылыстың нағыз мақсатына жету үшін Құдайдың тура жолымен жүру керек. Алла әлемнің батысы немесе шығысында, сол жаққа ғана қарау керек деу, дұрыс емес",-деп жауап қайтарғанын айтқанбыз. Бұл аят мұсылман үмметін – шектен шықпайтын және өмірдің материалдық, рухани, діни және экономикалық салаларында ортаны сақтайтын және барша адамзат қоғамдарына қолайлы үлгі болып табылатын "орташа үммет" деп атайды. Әрине мұсылмандардың барлығы ондай емес және олардың көбі өздерінің көзқарасы мен істерінде шектен шығулары мүмкін. Сонда бұл аят не демекші? Ислам діні – ортаны ұстанатын дін. Алланың кейбір нұсқауларын емес, барлығын орындайтын кісілер ғана мұратына жетеді. Осы үмметтің нағыз үлгісі әрі тұңғыш ғұламалар және Алланың бұйрықтарын орындаушы Пайғамбардың әулеті осы орайда: "Алланың адамдарға үлгі ретінде қойған орташа үмметті – біздерміз",-дейді. Аяттың жалғасы, қыбланы өзгерту жарлығы - бойсұнғандардың қатарын нәпсіқұмарлықтан құтқарған Алланың басқа да жарлықтары тәрізді илаһи сынақ, деген маңызды мәселеге меңзейді. Өйткені осы жарлықты орындау Құдайдың жол нұсқауына ие болмағандарға өте қиын және олар түрлі сылтау іздейді.
قَدْ نَرَى تَقَلُّبَ وَجْهِكَ فِي السَّمَاء فَلَنُوَلِّيَنَّكَ قِبْلَةً تَرْضَاهَا فَوَلِّ وَجْهَكَ شَطْرَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَحَيْثُ مَا كُنتُمْ فَوَلُّواْ وُجُوِهَكُمْ شَطْرَهُ وَإِنَّ الَّذِينَ أُوْتُواْ الْكِتَابَ لَيَعْلَمُونَ أَنَّهُ الْحَقُّ مِن رَّبِّهِمْ وَمَا اللّهُ بِغَافِلٍ عَمَّا يَعْمَلُونَ ﴿۱۴۴﴾
"(Мұхаммед с.ғ.с) жүзіңнің көкке жөнелгенін көреміз. Сондықтан өзің разы болған қыблаға айналдырамыз. Енді жүзіңді "Мәсжід Харам" жаққа бұр. (Мүміндер) қай жерде болсаңдар да: Жүздеріңді сол жаққа жөнелтіңдер. Расында өздеріне кітап берілгендер, негізінен қыбланың ауысуын Раббыларынан бір шындық екенін біледі. Алла олардың істегендерінен ғапыл емес. (2:144)"
Яһудилер мұсылмандарды тәуелсіз қыблаларың жоқ деп кекеткен соң, Пайғамбар (с) қыбланың өзгеруі туралы жарлықты күткен еді. Пайғамбар (с) мешітте түскі намаз оқып тұрған кезде, осы жарлық келіп, ол Бейт-ул-Мұқаддастан Меккеге қарай бұрылады. Жамағат намазын оқып тұрған мұсылмандар да Пайғамбарға (с) еріп, Меккеге бұрылады. Бұл арадағы қызықты жайт, бұрынғылардың діни кітаптарында Ислам Пайғамбарының қос қыблаға қарап намаз оқитыны келтірілген. Сол себептен бұл аят кітап иелеріне: Осы жарлықтың шын екенін біле тұра, оған неге наразылық етесіңдер?-деп ескертеді.
وَلَئِنْ أَتَيْتَ الَّذِينَ أُوْتُواْ الْكِتَابَ بِكُلِّ آيَةٍ مَّا تَبِعُواْ قِبْلَتَكَ وَمَا أَنتَ بِتَابِعٍ قِبْلَتَهُمْ وَمَا بَعْضُهُم بِتَابِعٍ قِبْلَةَ بَعْضٍ وَلَئِنِ اتَّبَعْتَ أَهْوَاءهُم مِّن بَعْدِ مَا جَاءكَ مِنَ الْعِلْمِ إِنَّكَ إِذًَا لَّمِنَ الظَّالِمِينَ ﴿۱۴۵﴾
"(Мұхаммед с.ғ.с) ол кітап берілгендерге әртүрлі мұғжизаны келтірсең де олар сенің қыблаңа ілеспейді (қосылмайды). Ал, сен де олардың қыбласына қосылушы емессің. Сондай-ақ олар да бір-біреулерінің қыблаларына ілеспейді. Өзіңе мұншалық мәлімет келгеннен кейін, олардың ойларына еліктесең, әлбетте сен анық залымдардан боласың. (2:145)"
Бұл аят: "Егер кітап иелері сенің қыблаңды қабылдамайтын болса, оған қамықпа, өйткені олардың өзімшілдігі ақиқатты мойындатқызбайды. Сен оларға қандай дәлел әкелсең де, мойындамайды деп Пайғамбарды (с) жұбатады. Бірақ олардың қабылдамауы, сендерді қыблаға қатысты әлсіретпеуі тиіс. Сендер оларға: "Біз мұндай жанжалдардың ықпалына түспейміз және ұстанымдарымыз өзгермейді",-деп тура айтыңдар",-дейді. Исламда заң барлық адамдарға бірдей болғандықтан Алла тағала өз Елшісіне (с): "Тіпті сен де оларды өзіңе қарату үшін қыбыланың шындығынан бас тартатын болсаң, өз үмметіңе зор зұлымдық жасайсың",-деп ескерту жасайды.
الَّذِينَ آتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ يَعْرِفُونَهُ كَمَا يَعْرِفُونَ أَبْنَاءهُمْ وَإِنَّ فَرِيقًا مِّنْهُمْ لَيَكْتُمُونَ الْحَقَّ وَهُمْ يَعْلَمُونَ ﴿۱۴۶﴾ الْحَقُّ مِن رَّبِّكَ فَلاَ تَكُونَنَّ مِنَ الْمُمْتَرِينَ ﴿۱۴۷﴾
"Өздеріне кітап бергендеріміз (Мұхаммедті с.ғ.с) ұлдарын танығандай таниды. Негізінен олардан бір тобы (ғалымдары) шындықты біле тұра жасырады.(2:146) (Мұхаммед с.ғ.с) хақиқат Раббыңнан келген. Сондықтан сірә күдіктенуші бола көрме. (2:147)"
Ислам Пайғамбарының (с) белгілері мен сипаттары Тәурат пен Інжілде жазылған еді, осыған байланысты кітап иелері пайғамбарды таныды. Бірақ қырсықтық пен өзімшілдіктің кесірінен олардың бір тобы осы ақиқатты басқалардан жасырады. Дегенмен кітап иелерінің арасында кейбіреулер пайғамбардың белгілерін көріп, оған иман келтіреді, өйткені оның денесіндегі және рухани белгілері олардың кітаптарында анық болғаны сонша, тіпті Құран "оны өз ұлдарын танығандай таниды",-деп келтіреді. Соңғы оқылған аят тек Алла тарапынан келген нәрсе ғана хақ, сондықтан халықтың көбі бет бұрса да Алланың аянының шындығына күмәнданбау керек, дейді.
Ал енді осы аяттардан үйренетін тәлім-тағылымдарға көз жүгіртейік:
Біріншіден, қыбла – тәуелсіздік құпиясы мен бойсұнудың белгісі. Яғни мұсылмандар кез-келген үстемшіл дін мен ұлттан тәуелсіз болып, Алланың әмірін бұлжытпай орындаулары тиіс.
Екіншіден, Ислам – әсірешілдіктен ада аралық дін. Егер мұсылмандар илаһи тура жолмен жүрсе, басқаларға үлгі және дәлел бола алады.
Үшіншіден, әсірешілдік пен қырсықтық шындықты қабылдауға жол бермейді, сондықтан дін осындай үстемшіл сезімдермен күреседі.
Төртіншіден, егер ақиқат талап етуші сезім болмаса, білім жеткіліксіз, өйткені адамның нәпсісі кейде білімді бұрмалайды немесе жасырады.