Қаң 01, 2017 20:11 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі,  139-142 аяты

Бақара сүресі, 139-142 аяты


Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.

 

 

قُلْ أَتُحَآجُّونَنَا فِي اللّهِ وَهُوَ رَبُّنَا وَرَبُّكُمْ وَلَنَا أَعْمَالُنَا وَلَكُمْ أَعْمَالُكُمْ وَنَحْنُ لَهُ مُخْلِصُونَ ﴿۱۳۹﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) оларға: "Біздің де сендердің де Раббыларың Алла жайында бізбен таласасыңдар ма? Біздің істегеніміз бізге, сендердің істегендерің сендерге тән. Біз Аллаға нағыз ықыластымыз",-де.(2:139)"

Өкінішке орай, діни тағылымдарды білмейтін кейбір дінге ерушілер, Құдай алдында өздерін ерекше орынға иеміз деп ойлайды. Олар Құдай бізді ғана ойлайды және бізге ғана пайғамбар жібереді деп сеніп, өзгелердің пайғамбарлары мен оған ерушілерді мойындағысы келмейді. Алайда Құдайдың ешкіммен туысқандық байланысы жоқ. Оның алдында барлығы тең. Адам өзінің амалдарымен ғана Құдайға жақын, не алыс болады және әркім өз амалына өзі жауапты. Дегенмен Алла үшін ықыласпен орындалған амал ғана қабыл болады. Осындай амал нағыз иманның және серік қоспаудың белгісі. Бұл аяттан көретініміз, адамның өзімшілдігі кейде Құдайды да тек өзіне ғана қалап, Оны басқалардың емес, өзінің Құдайы деп санайтын дәрежеге жетеді. Бірақ Алла ешбір дінге, ұлтқа немесе тайпаға тиесілі емес, Ол барша әлемдегілердің Раббысы.

 

 

أَمْ تَقُولُونَ إِنَّ إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأسْبَاطَ كَانُواْ هُودًا أَوْ نَصَارَى قُلْ أَأَنتُمْ أَعْلَمُ أَمِ اللّهُ وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّن كَتَمَ شَهَادَةً عِندَهُ مِنَ اللّهِ وَمَا اللّهُ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ ﴿۱۴۰﴾

 

"Немесе сендер: "Ыбырайым, Ысмайыл, Ысқақ, Яғқұп және ұрпақтары: яһуди не христиан еді",-дейсіңдер ме? (Мұхаммед с.ғ.с) оларға: "Сендер жақсы білесіңдер ме? Алла жақсы біле ме?",-де. Жанындағы Алланың куәлігін (Алла білдіргенді) жасырғаннан кім залымырақ? Сондай-ақ Алла істегендеріңнен ғапыл емес.(2:140)"

Хазірет Мұса мен хазірет Ғисаның (ғ.с) ізіне ерушілердің кейбіреулері өз дінінің ақиқатын дәлелдеп, өзге діндерді теріске шығару үшін, тіпті "хазірет Ыбырайым мен одан кейінгі пайғамбарлар да біздің дінімізде еді" деп жариялады. Алайда тарихи тұрғыдан келгенде хазірет Мұса мен хазірет Ғиса (ғ.с) ол пайғамбарлардан кейін келді, сондықтан бұл арыздар негізсіз ұлтшылдық пен әсірешілдік. Ақиқатты жасыруды Құран ең үлкен күнә деп санайды. Өйткені ол түрлі ғасырларда ұрпақтардың өркендеуіне және мәдени өсуіне кедергі болады.

 

 

 

تِلْكَ أُمَّةٌ قَدْ خَلَتْ لَهَا مَا كَسَبَتْ وَلَكُم مَّا كَسَبْتُمْ وَلاَ تُسْأَلُونَ عَمَّا كَانُواْ يَعْمَلُونَ ﴿۱۴۱﴾

 

"Олар өтіп кеткен бір үммет, олардың еңбектері оларға, сендердің еңбектерің сендерге тән. Олардың істеген істерінен сендер сұралмайсыңдар. (2:141)"

Бұл аят кейбір яһудилер мен христиандардың осыдан бұрынғы аяттарда қозғаған негізсіз арыздарына жауап ретінде: "Өз тарихтарыңды хазірет Ыбырайым заманына жақындатып нелерің бар? Бұрынғы халықтар мен пайғамбарлар өтті, олардың амалдары өздеріне байланысты. Сендер де өз істеріңе жауаптысыңдар. Бедел – адамға бабаларынан мұраға қалатын нәрсе емес, керісінше әркімнің еңбегімен келетін нәрсе",-дейді.

 

 

 

سَيَقُولُ السُّفَهَاء مِنَ النَّاسِ مَا وَلاَّهُمْ عَن قِبْلَتِهِمُ الَّتِي كَانُواْ عَلَيْهَا قُل لِّلّهِ الْمَشْرِقُ وَالْمَغْرِبُ يَهْدِي مَن يَشَاءُ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ ﴿۱۴۲﴾

 

"Адамдардың кейбір ақымақтары: "Оларды, қарап тұрған қыбласынан не нәрсе бұрды?",-дейді. (Мұхаммед с.ғ.с) оларға: "Шығыс та батыс та Аллаға тән. Ол, қалағанын тура жолға салады",-де. (2:142)"

Осыдан бұрын қыбланы Бейт-ул-Мұқаддастан Меккеге ауыстырғаны үшін яһудилердің мұсылмандарға мін таққанын айтқанбыз. Сондықтан бұл аят пен кейінгі бірнеше аяттар осы мәселеге айқын жауап қайтарады. Ислам Пайғамбары (с) пайғамбарлыққа таңдалғаннан кейін Меккеде он үш жыл бойы Бейт-ул-Мұқаддасқа қарап намаз оқыды. Өйткені біріншіден, ол жер илаһи діндердің құрметіне ие мекен еді, екіншіден, мүшріктер Қағбаны пұтханаға айналдырған болатын. Сондықтан, егер Пайғамбар (с) әл-Харам мешітінде Қағбаға қараса, пұттарға қарайтын еді. Алайда мұсылмандар Мәдинеге көшкен соң, бірнеше ай бойы Бейт-ул-Мұқаддасқа қарап намаз оқыды. Сол кезде яһудилер осы мәселені желеу етіп: сендер біздің дініміздесіңдер, қыблаларың болмағандықтан тәуелсіз емессіңдер,-деп мұсылмандарды келемеждейді. Ал бұл Пайғамбар(с) мен мұсылмандарды қатты ренжітті. Сол кезде Алла тарапынан қыбланы ауыстыру туралы әмір келеді. Пайғамбар (с) мешітте түскі намазды оқып тұрған шақта, Жәбірейіл (ғ) намаз ортасында оның бағытын өзгертеді. Осы оқиғаға орайлас бұл мешіт "зу-қебләтәйн" яғни "екі қыбланың" мешіті деп аталып кетеді. Дегенмен міншіл яһудилер басқа сылтау тауып, мұсылмандарға былай деді: "Егер бұрынғы қыбла дұрыс болса, одан не себепті бас тарттыңдар? Егер осы қыбла дұрыс болса, сол кезде не себепті Құдысқа қарап намаз оқыдыңдар?". Құран оларға жауап ретінде былай дейді: "Қыбланың мағынасы - Алла шығыста ма? батыста ма? деп айтысатындай Оның мекені бар деген сөз емес. Негізінде барлық әлем, шығыс та, батыс та Аллаға тиесілі. Ешбір мекеннің өздігінен қасиеті жоқ, ол тек Алланың бұйрығымен қасиет пен құрметке ие болады. Ең маңыздысы, Қағба болсын, Бейт-ул-Мұқаддас болсын Ол қай жаққа қара деп бұйырса, соған бойсыну керек. Оның жарлығын орындап, ешбір шартсыз құлшылық еткендер илаһи тура жолға түскен адамдар. Өз қалағанын істеп, одан басқаны мойындайтындар емес. Жоғарыдағы оқыған аяттардан мынадай сабақ аламыз:

Біріншіден, Алла - барлық адамдармен қатар, барлық тіршілік иелерінің Жаратушысы. Ол ешбір дінге тәуелді емес, әрі ешбір топтың оның алдында артықшылығы жоқ. Аллаға жақын не алыс болудың өлшемі тек адамдардың істері ғана.

Екіншіден, діни және тарихи ақиқаттарды бұрмалау адамзат нәсіліне жасалған мәдени зұлымдық болып есептеледі және Құранда ең ауыр зұлымдық саналды.

Үшіншіден, өткендердің тарихын мақтаныш тұтпай, өз ісімізге жауап беруге тиіспіз. Олардың игі істері бізге сауап бола алмайды, жаман істері де біздің жазалануымызға себеп бола алмайды.

Төртіншіден, қыбла дегеніміз - Алла сол жақта деген сөз емес, Алла әмір еткен тарапқа қарау болып табылады. Сондықтан кезінде Бейт-ул-Мұқаддасқа қарап намаз оқысақ та, бүгінде Қағбаға қарап намаз оқысақ та айырмашылық жоқ, өйткені екі жағдайда да біз өз талабымызға емес, Алланың әміріне бой ұсындық.