Қаң 01, 2017 20:14 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі, 134-138 аяты

Бақара сүресі, 134-138 аяты


Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

تِلْكَ أُمَّةٌ قَدْ خَلَتْ لَهَا مَا كَسَبَتْ وَلَكُم مَّا كَسَبْتُمْ وَلاَ تُسْأَلُونَ عَمَّا كَانُوا يَعْمَلُونَ ﴿۱۳۴﴾

 

"Міне солар бір үммет еді, өтіп кетті. Олардың еңбектері өздеріне, сендердің еңбектерің өздеріңе, сендер олардың істегендерінен сұралмайсыңдар.(2:134)"

Бәни Исраил өздерінің ата-бабаларын өте мақтан тұтатын, сондықтан қанша күнә жасасақ та сол бабаларының кемелдігінің арқасында кешірілеміз деп ойлайтын. Сол себептен олар өздерін түзетудің орнына тек бабаларының істерін еске ала беретін. Бұл аят соларға және басқа адамдарға, соның ішінде мұсылмандарға: "Әркімнің өз ісіне өзі ғана жауапты екенін ескертіп, қиямет күнінде әкенің, перзенттің және туған-туыстардың байланысы еш көмектеспейді. Сондықтан бабалардың жақсылығына үміт артпаңдар",-дейді. Мүміндердің әміршісі Әли(ғ) өзінің бір қысқа сөзінде былай дейді: "Адамның игілігі оның бабаларының шіріген сүйектерінде емес, оның мақсаттылығы мен еңбекқорлығында".

 

 

 

وَقَالُواْ كُونُواْ هُودًا أَوْ نَصَارَى تَهْتَدُواْ قُلْ بَلْ مِلَّةَ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ ﴿۱۳۵﴾

 

"Олар: "Яһуди немесе христиан болыңдар, тура жолда боласыңдар",-деді. (Мұхаммед с.ғ.с): "Олай емес, Ыбырайымның (ғ.с) тұп-тура жолындамыз, ол ортақ қосушылардан емес еді",-де.(2:135)"

Яһудилер өздерін дұрыс, ал христиандарды бұрыс жолда деп санап, христиандар да өздерін дұрыс, ал яһудилерді бұрыс деп біліп: егер тура жолға түсуді қаласаңдар, біздің дінімізге кіріңдер,-деп әрқайсысы өз діндеріне шақырды. Осы негізсіз шектеулерге Құран жауап қайтарып: Дұрыс жол – ақиқат жолы, ал оны серік қоспаған, өзімшілдікке ұшырамаған Ыбырайымнан үйрену керек,-дейді. Бұл аят бізге атақ пен мансаптың маңызды емес, иман мен игі істердің маңызды екенін үйретеді. Яһуди не христиан болу - құр атақ қана. Сондықтан бір құдайға құлшылық ету маңызды.

 

 

 

 

قُولُواْ آمَنَّا بِاللّهِ وَمَا أُنزِلَ إِلَيْنَا وَمَا أُنزِلَ إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأسْبَاطِ وَمَا أُوتِيَ مُوسَى وَعِيسَى وَمَا أُوتِيَ النَّبِيُّونَ مِن رَّبِّهِمْ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّنْهُمْ وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ ﴿۱۳۶﴾

 

"Және оларға: "Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға әрі Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұптарға (ғ.с), ұрпақтарына тағы Мұса, Ғисаға (ғ.с) берілген нәрселерге сондай-ақ Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз. (Бәріне де сенеміз) және біздер Аллаға ғана бой ұсынушымыз",-деңдер.(2:136)"

Яһудилер мен христиандардың өз діндері жөніндегі таластары туралы аяттан кейін бұл аят оларға және басқа діндегілерге қаратылып: Құдайдың елшілері арасында айырмашылық жоқ, өйткені олардың барлығын бір Құдай жіберді,-дейді. Оларға түсірілгеннің барлығы Алла тарапынан еді, сондықтан құдайға құлшылық ететін адамдар өз пайғамбарлары мен оларға түскенге ғана емес, Алланың барлық пайғамбарлары мен оларға түсірілгенге иман келтірулері тиіс. Илаһи пайғамбарлар әр заманда адамдардың бір тобын тәрбиелеген бір мектептің мұғалімдері тәрізді. Алла тағала пайғамбарлар арқылы оларды тура жолға нұсқау үшін санасы мен ойына сәйкес кітап пен діни ережелер жіберіп отырған.

 

 

 

فَإِنْ آمَنُواْ بِمِثْلِ مَا آمَنتُم بِهِ فَقَدِ اهْتَدَواْ وَّإِن تَوَلَّوْاْ فَإِنَّمَا هُمْ فِي شِقَاقٍ فَسَيَكْفِيكَهُمُ اللّهُ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ ﴿۱۳۷﴾

 

"Сонда олар, егер сендер сенген сияқты сенсе, онда рас тура жол табар еді. Ал егер олар бет бұрса, сонда олар, мүлде жолдан шыққан болады. Сонда да Алла сені олардан қорғауға жетіп асады. Ол Алла естуші, әр нәрсені білуші.(2:137)"

Бұл аят мұсылмандарға: "Егер кітап иелері өзімшілдік пен ұлтшылдықтың орнына мұсылмандар секілді барлық пайғамбарлар мен олардың кітаптарына иман келтірсе, тура жолға түсер еді. Алайда егер олар өздерінікі ғана ақиқат, ал басқалардың пайғамбарлары мен діндері адасушылық десе, бұл олардың ақиқатқа қарсылығының белгісі",-дейді. Аяттың соңы мұсылмандарды жұбатып, дін жауларының қастандықтарына қарсы тұруда Алла сендерге жеткілікті, өйткені олардың сендер туралы айтатындары мен жоспарларын Ол естиді, біледі дейді.

 

 

 

صِبْغَةَ اللّهِ وَمَنْ أَحْسَنُ مِنَ اللّهِ صِبْغَةً وَنَحْنُ لَهُ عَابِدونَ ﴿۱۳۸﴾

 

"Өң Алланікі, Өң (беру) де Алладан кім артық? Сондықтан біз оған құлшылық қыламыз.(2:138)"

Әлемнің суретшісі - Алла . Жаратылыстың басында Ол адамның рухын таза және пәк табиғатпен бейнеледі, бірақ адамдар оған талаптары мен нәпсілерді араластырып, табиғи түсті жойды. Жеке және тайпалық өзімшілдіктер – адамдар арасында араздық орнататын түстер. Негізінде адамның бойында барлық ұлттық және тайпалық түстер жойылып, біркелкі құдайшылық түс пайда болуы тиіс. Уақыт өткен сайын барлық түстер әлсін-әлсін өшіріліп, Құдайдың реңінен басқа түс қалмайды. Аллаға ғибадаттың арқасында бірлік пен ағайындық түсі болып табылатын құдайшылық түс пайда болады, өйткені барлық түстер ажыратуға себепші болады. Әдетте адамдар түрлі реңктер мен ортаға бейім келеді. Ол белгілі бір ортада қабылдану үшін, сол ортаның түсіне боялса жеткілікті. Осыған орай дін бір түске боялуға емес, түссіз болуға шақырады. Өйткені түс, айырмашылық пен жік тудырады. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, бабалармен мақтанып, оларға үміттенгенше өз амалдарымызға мән беруге тиіспіз. Біреулер ақыретке өздері әзірленіп жатқанда, біз бабаларымызға қарап отырмайық.

Екіншіден, топшыл емес ақиқатшыл болайық. Адам ақиқат соңында болса, оның көзі мен жүрегі ақиқатты қабылдауға дайын болады, бірақ топшылдық адамға өзінің және басқалардың кемшілігін көруге мүмкіндік бермейді.

Үшіншіден, амалдарымыз да иманымызға сәйкес болуы тиіс. Иман келтірдік дей тұра, Құдайдың нұсқауларын орындаудың орнына нәпсіге ермейік.

Төртіншіден, ең жақсы түс – бірлік пен мейірімділік сыйлаушы Құдайдың түсі болып табылады.