Бақара сүресі, 102-106 аяты
Бақара сүресі, 102-106 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.
وَاتَّبَعُواْ مَا تَتْلُواْ الشَّيَاطِينُ عَلَى مُلْكِ سُلَيْمَانَ وَمَا كَفَرَ سُلَيْمَانُ وَلَكِنَّ الشَّيْاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ وَمَا أُنزِلَ عَلَى الْمَلَكَيْنِ بِبَابِلَ هَارُوتَ وَمَارُوتَ وَمَا يُعَلِّمَانِ مِنْ أَحَدٍ حَتَّى يَقُولاَ إِنَّمَا نَحْنُ فِتْنَةٌ فَلاَ تَكْفُرْ فَيَتَعَلَّمُونَ مِنْهُمَا مَا يُفَرِّقُونَ بِهِ بَيْنَ الْمَرْءِ وَزَوْجِهِ وَمَا هُم بِضَآرِّينَ بِهِ مِنْ أَحَدٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ وَيَتَعَلَّمُونَ مَا يَضُرُّهُمْ وَلاَ يَنفَعُهُمْ وَلَقَدْ عَلِمُواْ لَمَنِ اشْتَرَاهُ مَا لَهُ فِي الآخِرَةِ مِنْ خَلاَقٍ وَلَبِئْسَ مَا شَرَوْاْ بِهِ أَنفُسَهُمْ لَوْ كَانُواْ يَعْلَمُونَ ﴿۱۰۲﴾
"(Олар Тәуратты қойып) Сүлейманның (ғ) патшалығы заманындағы шайтандар оқыған (сиқыр)-ға ілесті. Сүлейман (ғ) қарсы келмеді. (Сиқыр жасамады.) Бірақ шайтандар, адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды. Олар Бабылда "Һарұт, Марұт" атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: "Біз сынақ үшін келдік, қарсы болмаңдар",-деп айтпайынша ешкімге үйретпеген. Сонда да олар, екеуінен: Ер-әйелдің арасын айыратынды үйренетін еді. Олар, Алладан бұйрықсыз ешкімге зиян бере алмайды. Олар өздеріне зиян келтіретін, пайда бермейтін нәрсені үйренетін еді. Расында олар оны айырбастап алғанға (Алланың кітабының орнына сиқыр үйренгенге) ақиретте несібе жоқтығын білді. Олар, өздеріне нендей жаман нәрсе сатып алғандықтарын білген болса еді. (2:102)"
Осы аят хазірет Сүлеймен (ғ) заманында сиқырдың таралғанын баяндайды. Хазірет Сүлеймен (ғ) сиқыршылардың жазбаларын жинауға бұйрық береді. Бірақ одан кейін, басқа бір топ бұл жазбаларға қол жеткізу арқылы сиқырды жайып, үйретумен айналысады. Олардың кейбірі тіпті Тәуратқа да ермей Сүлейменнің (ғ) патшалығы сондай-ақ жындарды, жабайы жануарлар мен құстарды бағындыру және басқа да ғажайып істердің барлығы сиқырдың арқасында деп ойлайды. Сондықтан осы аят, яһудилердің хазірет Сүлейменге (ғ) таққан айыптарын жоққа шығарып: "Ол хазірет сиқыршы емес. Өйткені сиқыр дегеніміз – құдай орнатқан әдеттегі жағдайға керісінше әлемдегі жаратылғандардың істеріне ықпал ету болғандықтан, күпірліктің бір түрі",-дейді. Алайда Сүлеймен (ғ) пәк пайғамбар және Аллаға күпірлік етуден таза. Алла тағала көп жағдайларда, атап айтқанда "Әнбия" және "Нәміл" сүрелерінде ол хазіретті ерекше құрметпен еске алып, оған білім мен хикмет берілгенін айтады.
Яһудилер сиқырға басқа жолмен де қол жеткізген болатын. Адам бейнесінде пайда болған Һарұт пен Марұт есімді екі періште Бабыл қаласының тұрғындарына сиқыр мен қарғысты жоюдың әдістерін үйретеді. Періштелер оны үйретпес бұрын, осы үйренген әдістерді тек сиқырдың күшін жою үшін ғана пайдалану керектігін және кәпір болып кетпеу үшін оны кері мақсатта қолданбауды ескертіп отырған. Бірақ олар бұл ескертулерге құлақ аспай, осы білімді кері мақсатта пайдаланып, азғындық пен пайдақорлыққа салынады. Бұл аят мысал ретінде олардың әйел мен еркекті ажыратуын айтады. Бұл аят, сиқыр адамның өміріне ықпал ете алатынын айтады. Бірақ барлығы Алланың қолында болғандықтан, Аллаға тәуекел етіп, одан пана сұрау арқылы оның әсерінен құтылуға болатынын көрсетеді. Ғылым үйрену жеткіліксіз, өйткені оны үйренген кісі бұзық болса, оны халықтың игілігіне пайдаланудың орнына, қоғамға зиян келтіруі мүмкін.
وَلَوْ أَنَّهُمْ آمَنُواْ واتَّقَوْا لَمَثُوبَةٌ مِّنْ عِندِ اللَّه خَيْرٌ لَّوْ كَانُواْ يَعْلَمُونَ ﴿۱۰۳﴾
"Егер олар иман келтіріп, (сиқырдан) сақтанса, әрине Алла жағынан қайырлы сауап болар еді. Егер олар білген болса. (2:103)"
Осы аят адам өміріндегі маңызды бір мәселеге тоқталады, ол, адамның шын иман келтірмеуі оның күнә жасауына жол ашады. Исраил ұрпақтарының теріс жолға түсуі, осы мәселеден бастау алады. Имандылық дегеніміз тек жаман істерге бармау емес, сонымен қатар адамның жаман істерді орындауына жол бермейтін игі істерді орындауына мүмкіндік беретін ішкі күй болып табылады.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقُولُواْ رَاعِنَا وَقُولُواْ انظُرْنَا وَاسْمَعُوا ْوَلِلكَافِرِينَ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۱۰۴﴾مَّا يَوَدُّ الَّذِينَ كَفَرُواْ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ وَلاَ الْمُشْرِكِينَ أَن يُنَزَّلَ عَلَيْكُم مِّنْ خَيْرٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَاللّهُ يَخْتَصُّ بِرَحْمَتِهِ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ ذُو الْفَضْلِ الْعَظِيمِ ﴿۱۰۵﴾
"Әй мүміндер: "Рағина" деп айтпаңдар. "Ұнзұрна" деңдер. Әрі тыңдаңдар. Кәпірлер үшін күйзелтуші азап бар. (2:104). (Рағина, Ұнзұрна, екеуі де: "Бізге назар аудар" деген ұғымда. "Рағинаны" яһудилер басқа мағынада қолданатын болғандықтан ескертілген.) Сондай Кітап иелерінің қарсы болғандары және мүшріктер сендерге Раббыларың жақтан бір игілік түсуін қаламайды. Дегенмен Алла мәрхаметін қалаған кісісіне арнайды. Сондай-ақ Алла зор кеңшілік иесі. (2:105).
Осы аяттар тағы да яһудилердің кейбір сөздері өз мүдделеріне бағытталғанына сілтеме жасап, Исламның қоғамдық қарым-қатынаста сөз сөйлеу әдебін сақтауға ерекше мән беретінін көрсетеді. Мұсылмандарды діни құндылықтарға тіл тигізбеуге шақырады. 105-ші аят дінсіздердің мүміндерге деген өшпенділігін баяндап: "Олар Алланың мүміндерге нығмет беруін көре алмайды",-дейді. Сондай-ақ Алла мархаметін қалаған пендесіне арнайды. Алла зор кеңшілік иесі деп атап өтеді. Осы орайда келесі аят яһудилердің мұсылмандар тәуелсіз дінге ие емес және біздің құбыламызға қарап намаз оқиды, деген сылтауын айтады. Алланың әмірімен құбыла Құдыстан Меккеге алмастырылды. Алла яһудилерге былай дейді:
مَا نَنسَخْ مِنْ آيَةٍ أَوْ نُنسِهَا نَأْتِ بِخَيْرٍ مِّنْهَا أَوْ مِثْلِهَا أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّ اللّهَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۰۶﴾
"Бір аятты ауыстырсақ немесе ұмыттырсақ одан жақсысын, не сол сияқты келтіреміз. Әрине Алланың әр нәрсеге күші жетуші екенін білмедің бе? (2:106)".
Осы аяттан үйренетініміз:
Жалғыз иман жеткіліксіз. Иманды кез-келген қауіп-қатерден қорғаудың жолы ұқыптылық пен тақуалық болып табылады.
Дұшпан біздің әр ісімізді, тіпті сөзімізді бақылауға алады. Олар біздің өркендеп, түрлі жетістіктерге қол жеткізуімізді қаламайды. Ендеше біз олардың астыртын ойларына алданбай, тек Жаратушыға тәуекел етуіміз керек.
Ислам - әлемдік, әрі мәңгі дін. Ол ешқашан тығырыққа тірелмейді. Тұрақты ережелер аясында өзгеруші ережелерге ие бола алады.