Нау 06, 2016 19:15 Asia/Almaty

Қолда бар мәліметтер бойынша, осы кезде Газада БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету және соларға қатысты жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі таяушығыстық агенттігі UNRWA-да іс-қағазы жатқан 1 миллион 200 мыңнан астам палестиналық босқын өмір сүреді. 2020-шы жылы олардың саны 1 миллион 500 мың адамға жетеді деген болжамдар айтылуда.

UNRWA-да іс-қағазы  бар барлық босқындардың шамамен 24 пайызын құрайтын бұл босқындардың көбі 8 лагерьде, атап айтқанда  Шати, Әл-Баридж, Дир-Балах, Джебалиа, Хан Юнус, Раффах, Әл-Мағази және Ән-Насират лагерлерінде өмір сүруде. Газаның палестиналық босқындары өте көп адам жиналған лагерлерде гигиеналық-санитарлық талаптар өмір сүруге сай емес жағдайларда өмір сүруде. Күн сайын олардың қиындықтары артуда. Сионистік режимнің билікқұмар саясаттары да олардың санының көбеюіне себеп болуда. Бұл заңсыз құрылған режим өткен алты жылда Газа аймағына үш рет шабуыл жасады. Шабуыл жасаған сайын мыңдаған адамды өлтіріп,  жазалап, босқынға айналдырды. Сионистік режимнің 2014-ші жылдың жазында жасаған шабуылы 2251 палестиналықтың шәһид болуына себеп болған алапат шабуыл болды. Олардың арасында 1462 адам әскери емес, қарапайым адамдар, нақтырақ айтқанда олардың ішінде 299 әйел мен 551 бала болды. Сол қанқұйлы шабуылдың салдарынан шамамен 11000 адам жарақат алды. Олардың 3436-ы балалар болды. Сол балалардың 10 пайызы мүгедек болып қалды. 51 күндік соғыста 12 мың үй қирап, сол аймақта өмір сүретін 110 мың палестиналық үйсіз-күйсіз қалды. UNRWA агенттігінің баспасөз хатшысы Кристофер Ганс сол кезде бұл оқиғаға өкініш білдіріп: «Бұл біздің агенттік үшін маңызды мәселе. Өйткені бізден пана сұрған адамдардың саны 2009-шы жылғы Газа соғысымен салыстырғанда екі есе артты»,- деді. Газадағы босқындар санының бұрынғыдан артуы олардың қиындықтарын көбейтті. «Рейтер» ақпарат агенттігі  осыдан біраз уақыт бұрын жариялаған мәліметінде  бұл ақиқаттың бір бөлігіне тоқталып: «Аймақтағы бейкүнә адамдарға қарсы Газа соғысының аяқталуынан бері айлар өткенімен кейбір мемлекеттердің уәделеріне қарамастан Газа секторы тұрғындарының қиындықтары жалғасуда»,- деп жазды. Палестиналық әйелдердің бірі Лейла Клуб «Рейтерске» берген сұхбатында: «Қазір жұмыссыз қалған жұбайым соғысқа дейін тігінші болды. Сионистердің жабайы шабуылдары үйіміз бен жұмыс орнымызды қиратып, өзімізді босқынға айналдырды. Осы күні Газадағы Әбуаси мектебінде өзіміз сияқты 100 жанұямен бірге қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Кейбір күндері бөлінген тамақ пен ауыз суды алу үшін  ұзақ уақытымызды кезекте тұрумен өткіземіз»,- дейді. Лейла Клуб – қарапайым халыққа қарсы соғыс аяқталғаннан бірнеше ай өткенімен осы кезге дейін үйсіз жүрген Газа секторының 110 мың палестиналық босқындарының бірі. Бұл әділетсіз соғыста үйі мен жақындарының жетеуі, соның ішінде 4 баладан айрылған Әлә Әбу Лаһиа бұл туралы «Рейтерге» берген сұхбатында: «Ешкім бізге көңіл бөлмейді. Әрдайым Газаны қайта құруға көмектердің жіберіліп жатқаны туралы естиміз, бірақ осы кезге дейін бұл салада іс жүзінде көзге түсерліктей әрекет жасалған жоқ.  Газа секторы босқындарының қиындықтары бұл аймақты қайтадан абадтандыру үдерісінің сылбырлығын көрсетеді» деді. «Рейтер» оның себебін Мысыр мен сионистік режимнің экономикалық санкциялары деп атады.  UNRWA-ның жоғары комиссары Байер Кринбол Газаның 51 күндік соғысының жылдығына қатысты өткен баспасөз отырысында аталмыш ақиқатқа тоқталып: «Газада соғыстың тоқтағанынан бері 315 күн өткенімен толық қираған 12 мың тұрғын үйдің осы кезге дейін тіпті біреуі де жөнделген жоқ. Газа секторын қайта құру жұмыстарының орындалмауы 100 мыңнан астам адамның үйсіз қалып, жұмыссыздар санының көбейіп, жастар үшін Газада ешбір үміттің қалмауына себеп болды. Сол себепті Газа қоршауын жойып, баршаның құқықтары мен қауіпсіздігіне кепілдік беруге және сөз бостандығына назар аудару қажет», - деп баса айтты. UNRWA-ның аймақты қайта құру туралы қуаттауларына қарамастан палестиналықтардың пікірінше сионистік режим өз қысымдарымен    агенттіктің іс-қимылдарын тоқтатуға әрекет жасауда. Өйткені бұл орган халықаралық қоғамда босқындар мәселесінің ұмытылмауына көмектесті. Сионистік режимнің стратегиялық зерттеулер орталығы дайындаған және сионистік «Маориф» газетінде жарық көрген мәліметтерде бұл режим UNRWA-ның Йордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторындағы жұмыстарын жылдам тоқтатуды талап етіп, қазіргі кезеңді бұл мақсатқа жететін «алтын мұрсат» деп атады. Бұл мәлімет UNRWA-ны палестиналық мәселенің ұмытылмауы мен осы мәселенінің шешілмеуінің факторы деп атап: «UNRWA басқа халықаралық ұйымдарға қарағанда қаржыны көбірек зая кетіреді. 200 адам еңбек ететін, тек 26000 босқынның жағдайымен ғана айналысатын  бұл ұйымға 1 миллиард 200 миллион доллар қаржы бөлу осы мәселенің дәлелі»,- деген уәж айтты.  Бұл мәлімет БҰҰ-ның босқындар істерімен айналысатын жоғары комиссарларының 2 миллиард бюджетпен әлемнің түкпір-түкпіріндегі 40 миллион босқынға  көмектесіп, 7 мың қызметкерге ие жағдайда жарияланып отыр. Сионистердің UNRWA-ға жасаған бұл шабуылдары БҰҰ-ның зерттеу комитетінің сионистердің Газадағы соңғы соғыс кезінде UNRWA мектебіне шабуыл жасағаны туралы мәліметіне қатысты деген ой туады. БҰҰ-ның аталмыш мәліметінде сионистік режимнің әскері халықаралық ұйымның панажай ретінде пайдаланылатын мектебіне жасаған шабуылға жауапты болып жарияланды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында: «Сионистік режим әскерінің UNRWA мектебіне жасаған шабуылы салдарынан кемінде 44 адам қаза болып, 227 адам жарақат алды»,- деп мәлімдеді. Палестинаның Автономиялық құрылым басшысының халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі әрі Газаның облыстық  әкімі доктор Абдолла Афранджи  бұл мәселені растауымен бірге: «UNRWA-ның Палестина халқына көмектесуіне кедергі жасау үшін бұл агенттікке қаржылай көмектерді тоқтату үшін көптеген тараптар әрекет жасауда. Өйткені аталмыш ұйым 51 күндік Газа соғысында Палестина халқын қолдады»,- деді.  Афранджи  UNRWA-ның бұл ұстанымын қолдап: «UNRWA-ның Газадағы атқарушы директоры Роберт Тернер   сионистік режим әскерінің қарапайым халыққа қарсы  дене түршіктірер қылмыстарына байланысты телекамераларының алдында жылап, палестиналық босқындарды қолдау саласында көп талпыныс жасады. Соның бірі босқындарға жасаған 200 миллион доллар көлеміндегі қаржы көмегі болды»,- деді.  Канадалық Роберт Тернер 2012-ші жылдан бері Газада қызмет етіп, ағымдағы 2015-ші жылдың мамыр айында шілденің ортасынан бастап қызметінен отставкаға кету туралы шешім қабылдап: «Газа әлемдіктерге сан рет қиындықтарға мойынсұнбайтындығын дәлелдеді. Мен бұл аймақтан алған сабағым туралы айтатым болсам, әділ әрі тұрақты бейбітшілікке жету саласындағы  олардың құқықтарына назар аудармау олардың қиындықтары мен мәселелерінің жалғасуының негізгі себебі болып табылады. Мен еш уақытта бұл жағдайға үнсіздік таныта алмаймын»,- деп баса айтты. Айта кететін жәйт, сионистік режимнің басшылары қазіргі жағдайда «палестиналық босқындар» деген сөз тіркесін  басқа елдерде өмір сүретін палестиналықтардың жаңа ұрпақтары үшін пайдаланып, сонымен бірге әртүрлі ұйымдар мен органдар арқылы лоббилерін қолданып, палестиналық босқындарға отандарына оралуға тыйым салуды көздеуде. Сионистік режим БҰҰ мен соған қарасты басқа да ұйымдар арқылы палестиналық босқындарға қатысты заңдарды өзгертіп, сионистік режимнің шабуылдарынан өздерінің үйлері мен отандарына қуылған палестиналықтарды «босқын» деген статустан айыруды көздеген шараларды күн тәртібіне қойған.  Өкінішке орай,  бұл жобада кейбір араб елдерінің де үлесі бар. Палестиналық жазушы Рамзи Садық Шаһин Ливанның «Әл-Минар» телеарнасының ғаламтор базасында осы мәселеге тоқталып: «Заңсыз Израиль режимі құрылғаннан бері Палестина мәселесіне келген кезде арабтардың қылмыстарына үйрендік. Олардың қылмыстары Палестинаның құруы мен Палестина халқының  босқынға айналуына себеп  болуда. Араб және исламдық елдер Палестина босқындарының  өз отандарына қайтып оралу мәселесіне дұрыс көңіл бөлмейді. Палестиналық босқындар барлық елдердің көмегімен отандарына қайтып оралуы керек. Кері жағдайда жер бетінің түкпір-түкпіріндегі палестиналықтардың босқындығына куә боламыз. Егер бұл мемлекеттер талпыныс жасайтын болса, палестиналық босқындарды  отанына қайтара алады» деді.