Бақара сүресі, 6-9 аяты
Бақара сүресі, 6-9 аяты
"Бақара" сүресінің бастапқы аяттарында адамдардың иман, сенім, дұрыс жолда болуы мен адасуы жағынан үш топқа бөлінетіні айтылған. Олар; мүминдер, кәпірлер және мұнафықтар. Осы аяттарда әлгі топтардың толық белгілері таныстырылған, яғни белгілі өлшемдер арқылы әркім, әр ғасыр мен заманда өзін және басқаларды өлшей алады. Былайша айтқанда бұл сүреде тек бір уақыт пен мекенге немесе қоғамға ғана тиесілі емес, әрқашанда қолдануға болатын адамды тануға арналған өзгермейтін тұрақты өлшемдер ұсынылған. "Бақара" сүресінің алғашқы аяттарында мүминдердің ерекшеліктерімен таныстық, ал енді бұл сүренің 6-7 аяттарында айтылған кәпірлердің белгілерімен танысайық:
إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ سَوَاءٌ عَلَيْهِمْ أَأَنذَرْتَهُمْ أَمْ لَمْ تُنذِرْهُمْ لاَ يُؤْمِنُونَ ﴿۶﴾خَتَمَ اللّهُ عَلَى قُلُوبِهمْ وَعَلَى سَمْعِهِمْ وَعَلَى أَبْصَارِهِمْ غِشَاوَةٌ وَلَهُمْ عَذَابٌ عظِيمٌ ﴿۷﴾
"(Мұхаммед с.ғ.с) расында қарсы болғандарды, үгіттесең де үгіттемесең де бәрі бірдей. Олар иман келтірмейді (2:6) Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар (2:7)"
Осы оқылған аяттар бойынша, кәпірлер мүминдерге қарсы орында тұрады. Иман келтіргендер ақиқатты қабылдауға дайын болатын болса, керісінше кәпірлер өздерінің адасуында тұрып алып, ақиқатты жүрегімен қабылдамайды, сондықтан оларға ескерту жасау пайдасыз. Ал бұл нығметті бағаламау мен жақсылықты елемеу деген сөз.
Шын мәнінде адам кәпір болып жаратылмаған. Адамның бойында ақыл пайда болып, ажырату қабілетіне ие болған соң, ол дәлелдер арқылы ақиқатқа иман келтіреді немесе оны жоққа шығарады. Бірақ адам ақылы кірген соң ерікті түрде ақиқатты мойындамаса, дұрыс жолдан адасады. Адам кәпірлігін қоймаған соң, оның сезім күштері жабылып, көз алдында перде пайда болады. Ол ақиқатты теріс көреді. Негізінде әр ғасырдағы кәпірлерге ескерту болып саналатын бұл аяттар, шындықты мойындамаудың салдарынан жүректер мен құлақтарға мөр басылатынын айтады. Бұл мөр Алла тарапынан болғанымен, ерік пен қалаудың нәтижесі болып табылады.
Мейірімді әрі дана Алла өзі туралы адамдарға пәк өмір сыйлаушы екенін талай айтқан. Ол қараңғылықтан жарыққа жолдайды. Алла мүминдердің қамқоршысы және үнемі олармен бірге. Адам өзінің пәк табиғатымен ақиқатты қабылдап, күнәдан алшақтап және Құдаймен терең байланыс орнатқанда ғана осы нұр мен жолдауға бөленеді. Алайда ол қырсығып, нұсқауға көнбейтін болса, Құдай оны надандықта қалдырады. Пайғамбардың (с) ұрпағы хазірет Бақер (ғ) өз хадистерінің бірінде: "Әр мүминнің жүрегінде жарқыраған ақ нүкте болады. Ол күнә жасаған кезде қара нүкте пайда болады. Егер тәубе етсе, қара нүкте жойылады, ал егер күнәсін қоймайтын болса, қара нүкте ұлғая түсіп, ақ нүктені басып кетеді. Осылайша ақ нүкте толық жабылған кезде, мұндай жүректің иесі жақсылыққа ешқашан оралмайды",-деген.
Бұл хадис адамдар өмірде бақыт пен бақытсыздық жолын өздері таңдайтынын қуаттайды. Алла тағала "Мүмин" сүресінің 35-ші аятында осы жайлы былай дейді:
يَطْبَعُ اللَّهُ عَلَى كُلِّ قَلْبِ مُتَكَبِّرٍ جَبَّارٍ ﴿۳۵﴾
"Өстіп Алла, әрбір тәкаппар, зорлықшылардың жүрегіне мөр басады (бітейді).(35)"
Кез-келген әлеуметтік өзгерістер мен көтеріілстер екіжүзділік құбылысына тап болады. Бірге жүрген иман келтірген әр адамның, жүрегінде де сондай сенім бар деп айта алмаймыз. Ислам діні де белгілі бір тарихи кезеңде не иман келтіргенін, не қарсы екенін бетке айта алмаған топқа кездескен болатын. Құран оларды "мұнафықтар" деп атаған осы топ, нағыз мұсылмандардың қатарына кіріп алып, Ислам мен мұсылмандар үшін үлкен қауіп болып саналды. Мұнафықтар сырттай мұсылман болып көрінгенімен, оларды тану қиын еді. Бірақ Құран оларды анық көрсететін белгілер берді. "Бақара" сүресіндегі кәпірлерден кейін мұнафықтарды таныстыратын аяттарға тоқталайық:
وَمِنَ النَّاسِ مَن يَقُولُ آمَنَّا بِاللّهِ وَبِالْيَوْمِ الآخِرِ وَمَا هُم بِمُؤْمِنِينَ ﴿۸﴾ يُخَادِعُونَ اللّهَ وَالَّذِينَ آمَنُوا وَمَا يَخْدَعُونَ إِلاَّ أَنفُسَهُم وَمَا يَشْعُرُونَ ﴿
۹﴾
"Адамдардың кейбіреулері, екі жүзді (мұнафықтар): "Аллаға, ақырет күніне сендік",-дейді. Бірақ олар сенбейді.(2:8) Олар (өздерінше) Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді.(2:9)"
Бұл аят алдымен "екі жүзділікті" түсіндіреді. Яғни мұнафық өзінің жүрегіндегі сеніміне керісінше, жаны мен мал-мүлкін сақтау немесе мансапқа жету үшін иман келтіргенін ауызбен айтады, бірақ сонысымен Алла мен мүминдерді алдамақшы. Мұнда мұнафықтардың айқын ерекшелігі – өтірік пен алдау деп айтылған. Алайда мұнафық адам дұрыс жолдан ауытқып, өтірік айтумен, өз-өзін алдайды. Өйткені барлық әлем шексіз құдіреті бар Алланың қолында, сондықтан Ол өзі жаратқандарды әсіресе адамды жақсы біледі.