Бақара сүресі, 14-18 аяты
Бақара сүресі, 14-18 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын.
وَإِذَا لَقُواْ الَّذِينَ آمَنُواْ قَالُواْ آمَنَّا وَإِذَا خَلَوْاْ إِلَى شَيَاطِينِهِمْ قَالُواْ إِنَّا مَعَكْمْ إِنَّمَا نَحْنُ مُسْتَهْزِؤُونَ ﴿۱۴﴾
"Ал және олар мүминдерге кездессе: "Біз де иман келтірдік",-дер. Әрқашан олар сайтандарымен (бастықтарымен) оңашалана қалса: "Расында біз сендермен біргеміз, біз оларды тәлкек қылып қана жүрміз",-дер (2:14)"
Мұнафықтардың тағы бір белгісі – оның тұрақты және тәуелсіз тұлғасының болмауы. Олар әр ортада сол ортаның бояуына енеді. Мүминдердің арасында болғанда иман келтірдік дейді, алайда дұшпанмен оңаша қалғанда олармен бірігіп, мүминдерге қарсы сөз сөйлеп, оларды риза қылу үшін мүминдерді масқаралайды. Сондықтан бұл аят абай болыңдар және иман келтірдім деген кез-келген адамды мүмин деп ойламаңдар дейді. Дұшпанмен татуласып, онымен достық байланыстағы адамды мүмин ретінде қабылдай алмаймыз. Мұнафық адамдар дұшпанның қоғам ішіндегі ықпал етуші қолы және оның мүддесін атқаратын кісілері. "Бақара" сүресінің 15-16 аяттарында Алла мұнафықтардың қисық және қауіпті әрекеттерінің нәтижесі туралы былай дейді:
اللّهُ يَسْتَهْزِئُ بِهِمْ وَيَمُدُّهُمْ فِي طُغْيَانِهِمْ يَعْمَهُونَ ﴿۱۵﴾أُوْلَئِكَ الَّذِينَ اشْتَرُوُاْ الضَّلاَلَةَ بِالْهُدَى فَمَا رَبِحَت تِّجَارَتُهُمْ وَمَا كَانُواْ مُهْتَدِينَ ﴿۱۶﴾
"Алла оларды мазаққа ұшыратып, азғындықтарында қаңғыртып қояды (2:15) Олар қисық жолды туралықпен айырбастап алды. Сонда оларға саудалары пайда бермеді. Әм олар тура жолды таппады (2:16)"
Тәңірдің дәстүрі бойынша, бәлкім өз қателіктерін сезініп, тәубе етер деген үмітпен күнәкарлар мен зұлымдық жасағандарға уақыт беріледі. Бірақ егер адам бұл мұрсатын пайдаланбай, күнәға одан сайын бататын болса, Алла тағала мұнафықтарды өз бетімен қоя береді. Пайғамбардың (с) әулетінен саналатын Имам Әли ибн Муса Реза (ғ) былай дейді: "Алла алдаушы әрі масқаралаушы емес, бірақ алдап, масқаралағаны үшін дұшпандардың сазайын тарттырады".
Келесі аят, мұнафықтардың саудасы – пайдасыз сауда мен адасушылық екенін баяндайды. Алла тағала көп жағдайда адамның жақсы және жаман істерін саудамен салыстырады. Ол иман мен джихадты пайдалы сауда деп біліп, "Саф" сүресінің 10-11 аяттарында былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا هَلْ أَدُلُّكُمْ عَلَى تِجَارَةٍ تُنجِيكُم مِّنْ عَذَابٍ أَلِيمٍ ﴿۱۰﴾ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ وَتُجَاهِدُونَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ بِأَمْوَالِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴿۱۱﴾
"Әй мүминдер! Сендерге жан түршігерлік азаптан құтқаратын бір сауда көрсетейін бе? (10) Аллаға, Елшісіне иман келтіресіңдер; малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресесіңдер. Егер білетін болсаңдар, осыларың сендер үшін қайырлы (11)"
Мұнафықтар мүминдерге керісінше туралықты сатып, адасуды қалайды. Тәпсір жасаушылардың пікірінше, мұнафықтар күнәлар мен екіжүзділік әрекеттерге әдеттеніп, тіпті құдай берген тура жолға жолдаушы дарыны мен табиғатынан да айрылған. Бұл арада ғибрат аларлық жайт, олар бұл саудадан пайда көрмек түгіл, өздерінің мақсаттарына да жете алмауы. Олардың ниеттеріне қайшы, Ислам діні күн өткен сайын жайылып, өзінің тіршілік сыйлаушы тәлімдерімен әлемде көптеген адамдарды бақытқа жеткізді.
Бұл аяттар бізге, осы дүниеде жинағанымызға көңіл аудара отырып, өзімізді не нәрсеге сатып, не алғанымызды көруді үйретеді. Сонымен қатар тура жолда болу немесе одан адасу құдайдың мәжбүрлеуінен емес қайта өзіміздің іс-шараларымыздан екенін және иман жолын таңдаған адам бақытқа жететінін ұмытпауымыз керек. Алла тағала "Бақара" сүресінің 17-ші аятында мұнафықтар жайлы көркем мысал келтіреді:
مَثَلُهُمْ كَمَثَلِ الَّذِي اسْتَوْقَدَ نَارًا فَلَمَّا أَضَاءتْ مَا حَوْلَهُ ذَهَبَ اللّهُ بِنُورِهِمْ وَتَرَكَهُمْ فِي ظُلُمَاتٍ لاَّ يُبْصِرُونَ ﴿۱۷﴾ صُمٌّ بُكْمٌ عُمْيٌ فَهُمْ لاَ يَرْجِعُونَ ﴿۱۸﴾
"Олардың мысалы: (Далада) от жағып маңын жарық қылғанда, Алла олардың жарығын өшіріп, қараңғылықтарда қалдырған біреу сияқты, (бұл мысалда, екі жүзді мұнафықтар; жаққан оттары өшіп, тым-тырыс қараңғылықта қалғанға ұқсатылып отыр) олар көрмейді. (2:17) Саңырау, сақау және соқыр болып бетінен қайтпайды. (2:18)"
Осы мысалда мұнафықтар, жақсыны жаманнан және пайданы зияннан ажыратуға болмайтын қараңғылықтағы кісілерге теңелген. Олар қараңғыдан құтылып, маңайын көру үшін от жағуға тырысады. Осылайша от жағып, жан-жағын жарқыратқан кезде, Алла тағала жел немесе жаңбыр арқылы отты сөндіріп, оларды қайтадан қараңғылықта қалдырады. Былайша айтқанда, бұл кез-келген сәтте сөнетін әлсіз нұр, сондықтан мұнафықтар сол қараңғылықта қала береді. Олар екіжүзділікті таңдап, кәпірлерден де пайда көреміз және мүминдердің ахиретінен де несібесіз қалмаспыз деп ойлайды. Дегенмен өмір деген - тұрақты және сөнбейтін нұрды қажет ететін дала іспеттес, өйткені түрлі оқиғалар мен қиыншылықтар дауылы кез-келген әлсіз жарықты сөндіріп, адамды қараңғыда қалдыруы мүмкін. Мұнафықтар ақиқатты көріп, қабылдауға қарсы. Оның құлақтары шындықты естімейді, тілі де ақиқатты айтуға бармайды. Сондықтан Құран осы аяттың жалғасында оларды көру мен баяндау құралы жоқ адамдарға ұқсатады. Олардың тұла бойын кәпірлік қараңғылығы басып кеткені сонша, ақиқат пен жалғанды айыра алмайды. Сондықтан қараңғылыққа шалдыққан адамның құрдымға түсетіні сөзсіз.