Бақара сүресі, 23-26 аяты
Бақара сүресі, 23-26 аяты
"Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де со құсаған бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. (2:23) Егер оны істемесеңдер (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны; адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар! (2:24)"
وَإِن كُنتُمْ فِي رَيْبٍ مِّمَّا نَزَّلْنَا عَلَى عَبْدِنَا فَأْتُواْ بِسُورَةٍ مِّن مِّثْلِهِ وَادْعُواْ شُهَدَاءكُم مِّن دُونِ اللّهِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ ﴿۲۳﴾ فَإِن لَّمْ تَفْعَلُواْ وَلَن تَفْعَلُواْ فَاتَّقُواْ النَّارَ الَّتِي وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ أُعِدَّتْ لِلْكَافِرِينَ ﴿۲۴﴾
Ислам – мәңгілік және әлемдік дін. Өйткені өмірдің және кемелдікке жетудің заңы болып табылатын оның мұғжизасы Құран белгілі бір ғасыр мен нәсілге ғана тиесілі емес, оның үкімдері үнемі жаңа әрі тіршілік сыйлаушы. Құран дәлел мен дәйек кітабы және ешбір күмән мен шүбәға жол бермейді. Оның аяттары қарсыластарды күреске шақырады. Құранның шындығын дәлелдеу үшін қарсыластарды әркімнен көмек алып ұқсас аяттар әкелуін сұрап, адамдардың ожданын төре ретінде қояды. Бұл арадағы қызықты жайт, күреске шақыруда дұшпанға жеңілдік беріледі. Бір жерде "егер шамаларың келсе Құран сияқты кітап әкеліңдер" десе, келесі жерде Құран сүрелеріне ұқсас "он сүре әкеліңдер" дейді, және жоғарыда айтылғана аятта "бір сүре әкеліңдер" дейді. Осы аяттар бойынша Алла тағала білім мен даналықты негізге ала отырып, қарсыластарды ойлануға шақырып, егер шын айтсаңдар Құранның деңгейіне жететіндей кітап әкеліңдер дейді. Тіпті бөтен ғалымдар мен данышпандардың мойындауынша Құран – ұлы ғылыми мұғжиза болып табылады. "Біз ғылым мен білімде неғұрлым көбірек дамып, кертартпалықтың перделерін ашқан сайын Ислам үкімдерінің жинағы Құранның ұлылығына соғұрлым таңданамыз. Бұл сөз жетпес Кітап барлық әлемнің көңілін өзіне аудартып, дүниедегі ғылымға терең әсер ететін уақыт жақын.",-дейді неміс ойшылы Гетте.
Қарсыластарды ұқсас бір сүре әкелуге шақырған аяттың жалғасында, осы талапқа өзі жауап беріп – бұл болмайтын іс дейді. Тәңір Елшісі(с) кезінде оның тілімен таныс болғандар да, одан кейінгі ғасырларда өмір сүретіндер де бұл істі орындай алмайды. Өйткені Алла адаммен салыстыруға келмейтіндей, Оның сөзі де адамның сөзінен жоғары. Сондықтан Ол дұшпандарға тозақтың отымен ескерту жасайды. Бұл аяттардан соң, "Бақара" сүресінің 25-ші аяты иман келтіргендерге сүйінші беріп, ахиреттегі мүминдердің жағдайын баяндайды:
"(Мұхаммед ғ.с) иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар. Әрқашан оларға оның жемісінен бір ризық берілсе, олар: "Осы бізге бұрын да беріліп еді",-дейді. Тағы оның ұқсасы келтіріледі. Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар да бар. Олар онда мәңгі қалады" (2:25)
وَبَشِّرِ الَّذِين آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ كُلَّمَا رُزِقُواْ مِنْهَا مِن ثَمَرَةٍ رِّزْقًا قَالُواْ هَذَا الَّذِي رُزِقْنَا مِن قَبْلُ وَأُتُواْ بِهِ مُتَشَابِهًا وَلَهُمْ فِيهَا أَزْوَاجٌ مُّطَهَّرَةٌ وَهُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۲۵﴾
Бұл аят, ізгі істер жасаған мүминдерге жәннәттің материалдық нығметтерін баяндайды. Өзгеше айтқанда, бұл аят иман ізгі істермен қатар жүреді дейді. Яғни иманды ағаштың тамырына теңесек, оның тамыры терең болған сайын, жемісі де дәмді болып, жақсы өнім береді. Құран дәстүрінде игі іс - құдайшылық ниетпен атқарылған іс. Адамның қалауымен немесе қоғамдағы мүдделер үшін істелген жақсылықтар тұрақты әрі мәңгі емес. Бірақ құдайдың ризалығы үшін игі іс істейтіндер, өз істеріне берік болады, өйткені олар дүниенің нығметтері таусылатынын және дүние – егістік екенін сондықтан не ексе ахиретте соның нәтижесін көретінін біледі.
"Бақара" сүресінің 26-шы аяты Алла тарапынан берілген мысал болып табылады. Құрандағы мысалдар – шындықты көрсетудің құралы. Бұл мысалдар қиялдан туындамаған, керісінше шынайы ақиқат. Сондықтан Алла кейде жануарлардан, кейде найзағай, күн күркіреу және жаңбыр секілді табиғат құбылыстарынан мысал келтіреді. Құранды мойындамаушылар осындай мысалдарды келтіруге наразылық білдіретін. Олар, құдай мұндай кішкентай және түкке тұрмайтын мысалдар келтіруге лайықты емес дейтін. Бірақ Алла "Бақара" сүресінің осы бөлігінде, қарсыластардың әлсіздігін көрсету үшін осындай ұсақ заттарды мысал ретінде келтіруден ұялмайтынын айтады. Бұл аятта былай делінген:
"Расында Алла шіркейді, одан да зорғыны мысал келтіруден ұялмайды. Ал мүминдер оның Раббыларынан нақ хақиқат екенін біледі. Ал енді қарсы болғандар: "Алла, бұл мысалменен нені қалайды?",-дейді. Алла, ол мысалменен көптегенді адастырып, әрі онымен көптегенді оңғарады. Ол арқылы бұзықтарды ғана адастырады" (2:26)
إِنَّ اللَّهَ لاَ يَسْتَحْيِي أَن يَضْرِبَ مَثَلًا مَّا بَعُوضَةً فَمَا فَوْقَهَا فَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُواْ فَيَعْلَمُونَ أَنَّهُ الْحَقُّ مِن رَّبِّهِمْ وَأَمَّا الَّذِينَ كَفَرُواْ فَيَقُولُونَ مَاذَا أَرَادَ اللَّهُ بِهَذَا مَثَلًا يُضِلُّ بِهِ كَثِيرًا وَيَهْدِي بِهِ كَثِيرًا وَمَا يُضِلُّ بِهِ إِلاَّ الْفَاسِقِينَ ﴿۲۶﴾
Осы аятқа қарағанда, адамдар Құран мен оның мысалдарына байланысты екі топқа бөлінеді. Құран мысалдарының қисынын түсініп, оған шындық деп қарайтындар. Бұл мысалдар оларға ақиқатты түсіндіріп, тура жолдайды. Алайда, Құран мен Пайғамбарға кекшілдікпен қарап, қырсықтық танытқандар, Құраннан тәлім алмаумен қатар, Пайғамбар мен Құранға сенімсіздігі салдарынан Тәңірдің жолдауынан құр қалып, адасады. Алла тарапынан келген нәрсе – ақиқат екенін білу керек. Адамның осы ақиқатқа көрсететін әрекетінің нәтижесінде ол тура жол табады немесе адасады. Тәңір айтқандай, тек бұзық адамдар ғана адасады.