Иранға сапар (208)
Варамин ауданы мен оның айналасындағы аудандар тарихи көнелігіне байланысты құнды тарихи ескерткіштерге ие. Бұлар археологиялық зерттеулер тұрғысынан өте маңызды. Бүгінгі бағдарламада осы аймақтың тарихи ескерткіштерімен таныстырамыз.
Пишва – Теһран облысындағы аудандардың бірі. Аудан Теһран қаласының оңтүстік-шығысынан 45 км, Вараминнен 10 км жерде табиғи төбелердің етегінде орналасқан. Пишва ауданы Вараминнің құнарлы алқабының бір бөлігі болып табылады. Археологтардың пікірі бойынша Пишваның тарихы палеолит дәуірінен басталады. Пишва халқының барлығы Теһран облысы мен аймақтағы байырғы тұрғындар болып табылатын шектеулі аудандардың бірі болып табылады. Х.ш.ж.с.б. 1389 жылға (2010 жыл) дейін Пишва әкімшілік-географиялық бөлініс тұрғысынан Варамин ауданының құрамындағы бір шағын ауылдық округ болған. Алайда тұрғындар санының өсуі мен қаланың дамуы 1398 жылы Пишваның ауылдық округтан аудан деңгейіне жоғарылауына себеп болды. Пишва қаласы – Пишва ауданының орталығы әрі Теһран облысындағы қалалардың бірі. Бұл қала көне Ұлы жібек жолы мен Теһран-Мешхед темір жолы бойында орналасқан.
Пишва Иранның орталық шөліндегі айлақтардың бірі саналады. Сол тұрғыдан оны «Санардак» деп атаған. Бұл сөз пәхләви тілінде «құрғақ жағалау» деген мағынаны береді. Мұнымен қоса, Пишва – жылыжайларға толы қала. Ирандағы жылыжайлардың сегізден бірінен астамы осы қалада орналасқан. Қала Ирандағы гүлдер мен дәрілік өсімдіктер өсіретін полюстердің бірі саналады. Бұл қалада имам Мұса Каземнің перзенті әрі Әли бен Мұса әр-Резаның имаматы заманындағы шиіттік ғалымдар мен мұджтахедтердің бірі имамзада Джафар әл-Харидің кесенесі орналасқан. Бұл қала Иранның зиярат ететін орындардың бірі саналады.
Бағзы замандарда Пишва ауданында халық егін шаруашылығымен айналысқан. Қазіргі таңда да егін шаруашылығы маңызды орынды алады. Халық санағы бойынша, Пишва тұрғындарының 26 пайызға жуығы – егіншілер. Пишвадағы жерлердің 85 пайыздан астамы егін шаруашылығына арналған. Жылына 500 мыңнан астам тонна ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Оның 300 мың тоннасы – жылыжайлық өнімдер. Оның бір бөлігі экспортталады. Бүкіл ел аумағында шамамен 8000 га аудандық жылыжай бар. Оның сегізден бір бөлігі, яғни 1000 гектардан астамы Пишва ауданында орналасқан. Сол себепті бұл қала Теһран облысы мен Иран аумағында жылыжайлық өнімдер мен дәрілік өсімдіктерді өндіретін полюс болып саналады. Пишва х.ш.ж.с.б. 1393 жылы абан айында (2014 жылы) ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсыну тұрғысынан бірінші орынға лайық деп таңдалды.
Пишваның егін шаруашылығы өнімдерінің жартысын дәнді-дақылдар – жүгері, бидай мен арпа құрайды. Сонымен қатар, Пишвадағы жылыжайлық өнімдердің негізгісі – қияр, гүлдер мен дәрілік өсімдіктер. Кейінгі кезекте баклажан, қызанақ, асқабақ, қырыққабат пен күнбағыс сияқты көкөністер тұр. Соңғы жылдарда бөріқарақат пен запыран егу айтарлықтай дамып, саңырауқұлақ пен алоэ вера өсіруге көңіл аударылды. Мұнымен қоса, жеміс ағаштарынан анар, жүзім, інжір, зейтүн, жаңғақ пен құрма өсіріледі.
Құнарлы жерлер бұл аймақта мал шаруашылығы үшін қолайлы жағдай қалыптастырды. Жылына 38717 тонна сүт өндіретін 100-ден астам механизацияланған ферманың болуы Пишваны Иранның екінші сүт өндірушісіне айналдырды. Мұның жанында жүздеген мал шаруашылығы қожалықтарының болуы мал өсіріп, қызыл ет өндіруге жағдай жасады.
Шөлге жапсарлас орналасқан бұл қалада омарта шаруашылығы да ерекше маңызды. Пишвада жыл сайын омарташылар 3 тоннадан астам шөлдік бал өндіреді. Сонымен қатар, көптеген құс шаруашылығы қожалықтарының болуы құс етін өндіріп, аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етуге көп әсер етті. Пишвада Ирандағы түйеқұс өсіретін ең үлкен орталықтың болуы бұл ауданның мал шаруашылығындағы айрықша ерекшеліктерінің үздік үлгісі болып табылады.
Мал шаруашылығы және соның нәтижесінде өндірілетін жүн кілем тоқу мен қолөнер түрлерінің дамуына қолайлы жағдай жасайды. Сол себепті кілем тоқу Пишваның атырабындағы ауылдарда кең таралған.
Пишваның бұрынғы атауы «Имамзада Джафар» болған. Өйткені бұл ауданда имамзада өмір сүрген. Имамзада Джафар Пишва имам Мұса бен Джафар (ғ.) мен өз ағасы имам Реза (ғ.) арқылы исламның ұлық пайғамбарының ұрпақтарына жататындықтан ерекше назарға алынған. Имамзада Джафардың көгілдір түсті күмбез бен ғимараты – Сефевилер заманынан қалған ескерткіш. Бұл кесененің қоршауы күмбезхананың ортасында қалыңдығы 30 см жасыл мәрмәр тастың үстіне салынған. Қоршау алтын және күмістен жасалып, минакаримен көмкерілген. Ондағы тақташалар сұлс және насталиқ жазуымен жазылып, х.ш.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы) жабыстырылған. Бұрынғы қоршаудың есігінің үстіне ілінген тақташаның төменгі жағында х.қ.ж.с.б. 944 жыл деп ойылып жазылған. Харамның ішінде сұлс жазуымен жазылған тақташаның төменгі жағында шах Тахмасп Сефевидің аты ойылып жазылып, х.қ.ж.с.б. 956 жыл деп тіркелген. Бұл ғимараттың күмбезінің биіктігі 21 метр, диаметрі 9,5 метр. Ол екі жамылғы тәсілімен салынған. Бірінші жамылғы мен екіншінің арасы 7 метр. Күмбез 8 саңылауы бар 16 бұрышты іргетастың үстіне қойылған. Күмбездің сыртқы бөлігін жапқан көгілдір қыш тақташалар геометриялық пішіндермен, ал жазба тақташалары сұлс, насталиқ және куфа жазуларымен әрленген. Бұлар әдемілікпен қоса, жауын-шашыннан қорғайтын изоляция қызметін атқарады. Бұл күмбез 1354 жылы Ұлттық көне ескерткіштерді сақтау ұйымы тарапынан жөндеуден өткізілді. Қыш тақташалар, алебастр жапсырмалары, шыны сынықтары мешіттің биік террасасына ерекше сұлулық сыйлады.
Харам, базар, қиылыс, көшелер, сарайлар, қожайындардың үйлері, текие –діни рәсімдер өткізу орталығы мен су қоймасы – осының барлығы Сефевилер дәуіріндегі қала құрылысының элементтері болып табылады. Пишва қаласының ескі бөлігінен осы элементтерді әлі де көруге болады. Олар кей жерде өздерінің қолданыс аясын сақтап қалған.
Пишва ауданында орналасқан «Ирадж» қамалы – Иранның ең үлкен қамалдарының бірі. Оның қалдықтары мен ескерткіштері әлі де сақталып қалған. Бұл қамал көне керуендер жолында орналасып, әскери тұрғыдан ерекше маңыздылыққа ие болған. Осы көне қамалдан табылған ескерткіштер оның тарихының б.з.д. 3 мыңнан астам уақыт бұрын басталғанын көрсетеді. Бұл қамалдың ұзындығы 1214 метр, ал ені 115 метр. Оның солтүстік бұрышында 24 мұнара, оңтүстік бұрышында 42 мұнара, шығыс пен батыс жақтарда 36 мұнара болған.
100 га ауданды алып жатқан бұл қамал тік төртбұрышты пішінде салынған. Оның солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс жағында төрт қақпасы болған. Оның солтүстік қақпасы Дамаванд шыңына тура қарама-қарсы салынған. Егер оңтүстіктен солтүстік қақпаға қарасаңыз, Дамаванд шыңы есіктің ернеуінен қапқа салынған суреттей болып көрінеді. Шикі кірпіш пен балшықтан жасалған бұл қамалдың дуалының биіктігі 25 метр болған. Бүгінде бұл дуал жауын-шашын мен желге мүжіліп, бұзылған соң оның биіктігі 16 метр болып қалған. Дуалдың қалыңдығы қамалдың кейбір бөліктерінде 17-22 метр аралығында. Дуалдың кейбір бөлігінде әскери арба өтетіндей ойықтар жасалған. Қамалдың айналасында ені 30 метр, ал тереңдігі 8 метрді құрайтын ор қазылған. Бұл ор қамалды дұшпанның шабуылынан қорғайтын болған. Бұл қамалдың ішінде қаннат-жер асты су жолы болған. Бірақ қазір одан ешбір белгі қалмады. Қаладағы жер асты су жолының қай жерден бастау алатыны әлі белгсіз. Бұл жер асты құбырын салуға қолданылған кірпіштер Сасанилер заманына тиесілі. Тарихшылардың пайымдауынша, Ирадж қамалы әскери қамал болған. Онда әскерилер орналасқан еді. Қай әулеттің қай заманда оны салғаны белгісіз. Кейбіреулер оны Кианиан дәуіріне тиесілі және тұрандықтардың шабуылынан қорғану үшін салынған деп есептейді. «Ирадж» қамалы 1382 жылы шахривар айының он бірінші жұлдызында 9835 нөмірімен Иранның ұлттық ескерткіштер тізіміне тіркелді.