Қаң 21, 2017 19:28 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада Дамаванд ауданымен қысқаша таныстырып өтіп, археологиялық ескерткіштердің тарихи көнелігі тұрғысынан адамдардың бұл аймақта 14 мың жыл бұрын өмір сүргенін айттық. Кейбір тарихшылар Дамавандты Иранның алғашқы қалаларының бірі санайды.

Дамаванд ауданындағы тарихи және архитектуралық ескерткіштер де бұл аймақтың тарихи көнелігін көрсетеді. 37 имамзада, 27 қамал, 23 көне үй, 21 зиярат орны, 18 тарихи монша, 15 археологиялық төбе, 6 табиғи ескерткіш, 8 тарихи көпір, 3 тарихи мешіт, 3 тарихи керуен сарайдың болуы Дамавандтың көне тарихының тек бір бөлігі болып табылады.

Дамаванд ауданы Теһраннан кейін облыста ең көп тарихи және табиғи тартымдылықтарға ие болғандықтан, бүгінгі бағдарламаны осы ауданның тарихи және табиғи ескерткіштерімен таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.

Дамавандтың жамағат мешіті қаланың ортасындағы көне ауданда орналасқан ең маңызды тарихи ескерткіштердің қатарына жатады. Ғалымдардың бір тобы Селжұқтардың жұма мешіті (Дамавандтың жамағат мешіті) ғимаратының салынған уақытын х.қ.ж.с.б. 812 жыл деп есептейді. Алайда келесі ғалымдар бұл уақытты мешіттің жөндеуден өткізілген жылы деп санайды. Олардың пайымдауынша, мешіттің тарихы х.қ.ж.с.б. 500 жылдан басталады және Селжұқтар дәуіріне тиесілі. Бұл мешітте қарапайым, домалақ мұнара бар. Мұнара кірпіштен жасалған төрт бұрышты тұғырдың үстіне салынған. Оның бетіне 5 ғасырға тиесілі куфа жазуымен жазылған қыш тақташалар жапсырылған. Аталмыш мұнара х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдағы сәулет өнерінен қалған белгіні сақтаған мешіттің жалғыз ғимараты болып табылады. Бұл мешіттің ең көне бөлігі – оның төменгі қабатындағы, солтүстік жағындағы намаз оқитын қыстық кішкентай зал мен биік мұнара. Бұлар, сондай-ақ, өзінің түпнұсқалығын сақтап қалған. Мешіттің қазіргі ғимараты  солтүстіктен оңтүстікке созылып жатқан екі шабестан-намаз оқитын жерден тұрады. Онда жеті түсті сырлы кірпіш және көгілдір түсті күмбезбен әрленген үлкен қақпа бар. Бұл мешіт тарих бойында келтірілген нұқсандардың салдарынан бірнеше мәрте жөндеуден өткізілген. Мешітте екі тас тақташа бекітілген. Бірінде шах Аббас I-нің Дамаванд пен Хар халқын салықтан босату туралы жарлығы, ал екіншісінде х.қ.ж.с.б. 1247 жылы болған індеттің тарихы баяндалған. Ислам келгенге дейін мешіттің орнында үлкен отхана болған деседі. Ислам келген соң хиджри жыл санағының үшінші онжылдығында ол үлкен мешітке айналдырылған. Дамавандтың жамағат мешіті 230 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Шейх Шебли немесе Шебли мұнарасының қалдықтары – Дамаванд қаласының келесі тарихи ескерткіші. Ол да х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдағы Селжұқтар дәуіріне тиесілі. Әктас пен кірпіштен салынған бұл мұнара конус пішіндес. Шебли – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген  атақты мистиктердің бірі. Ол Аббасилер халифаты кезінде біраз уақыт Дамавандтың билеушісі болған. Өмірінің соңғы жылдарында Бағдадта тақуалық етіп, нәпсісін тазартқан және сол жерде жерленген. Шебли мұнарасының ғимараты да 920 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Дамаванд ауданында көптеген имамзадалар мен зиярат орындары бар. Соның ішінде Дамаванд қаласының ортасында орналасқан Абдулла имамзадасын атауға болады. Оның тарихы Илханилер дәуірінен басталады. Бұл имамзаданы салуда үлкен тастар мен алебастардың қоспасы қолданылған. Ол кертігі бар кесене-мұнара түрінде салынған. Мұнараның жоғарғы жағы кірпішпен өте әдемі әрленген. Бұл ғимаратқа Сефевилер мен Қаджарлар заманында ерекше назар аударылған. Имамзаданың ғимаратынан аталған дәуірлердің белгілері байқалады. Соның ішінде Сефевилер дәуіріне тиесілі ойып өрнектелген ағаштан жасалған сандық пен Қаджарлар заманына тиесілі бір мешітті атауға болады. Осы имамзаданың аумағы негізінде оны Дамаванд ауданындағы ең үлкен имамзадалардың қатарына жатқызуға болады. Бұл ескерткіш х.ш.ж.с.б. 1351 жылдың тир айының төртінде 922 нөмірімен Иранның ұлттың мұра тізіміне тіркелген.

Тарихи деректер бойынша, Кавир шөлінің солтүстігі мен Альборз тауының оңтүстік етегіне дейінгі ауқымды жер Мадтар империясының маңызды аймағы саналған. Аймақта Саран, Килан және Абсәрд сияқты көптеген қамалдардың болғанын ескерсек, бұл аймақтар, әсіресе Килан Мадтар заманында маңызды орталықтардың бірі болған. Алайда бүгінде аталған қамалдардан тек атаулары ғана қалған. Ал кейбіреулері толығымен қиратылған. Сасанилер дәуіріне жататын «Гүлхандан» көне қамалының қалдықтары Дамаванд ауданының Гүлхандан ауылында орналасқан. Бұл ғимарат 2888 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Ислам келгеннен кейінгі дәуірге тиесілі «Ширхешт» қамалының қалдықтары Дамаванд ауданының Коһанак ауылында орналасқан. Аталмыш ескерткіш х.ш.ж.с.б.  1382 жылы ордибехешт айының тоғызында 8515 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Дамаванд ауданы табиғи жағдайы тұрғысынан Теһран облысының шығысындағы таулы аймақта орналасқан. Оның теңіз деңгейінен орташа биіктігі – 2147 метр. Көптеген өзендердің болуына байланысты Дамаванд ауданы Иранның суы мол аймақтарының қатарына жатады. Сол себепті  бұл ауданда жаңғақ, алма, шие сияқты көптеген жеміс бақтары мен өте әдемі табиғи гүлдер бар. Дамаванд ауданы  таулы жерде орналасқанына байланысты жылдың барлық мезгілінде табиғат пен қоршаған ортаны сүюшілер, альпинистер мен туристерді өзіне тартатын өзгеше табиғи ерекшеліктерге ие. Бұл ауданның ең маңызды табиғи тартымдылықтары ретінде өзендер мен көлдерді, бұлақтарды атауға болады. Тар, Дамаванд мен Лар Дамаванд өзендері бұл ауданның ең маңызды өзендері саналады. Лар Дамаванд өзені Теһран облысының солтүстік-шығысында орналасқан биіктігі 3000 метр қарлы әрі жауын-шашынды таулардан бастау алады. Сондықтан оның суы мол.  Бұл өзеннің Деличай, Аббаран және Сефидаб сияқты көптеген тармақтары бар. Лар өзенінің екі жағалауында ұзындығы шамамен 60 км, ал ені 6-7 км аумақты алып жатқан шалғынды жерлер орналасқан. Алайда ауаның суықтығына байланысты осы өзеннің айналасындағы ауылдардың саны аз. Лар өзенінің тармақтарында алабалық көп. Бұл өзеннің үстіне бір бөгет салынған.  Осы өзен ағып жатқан аймақ облыстың өте маңызды туристік орындарының бірі саналады. Бұл аймаққа Теһран халқы көп келеді. Лар аймағының маңызды тартымдылықтарының бірі – Вана ауылына жақын жерде орналасқан сарқырама. Оның сұлулығы ерекше.

Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын Тар өзені – Дамаванд ауданының Абршиве ауылында ағып жатқан тұрақты өзен.  Ол Тар көлінің батысынан 1 шақырым жерден бастау алады. Тар өзені солтүстігіндегі Қарадағ пен Мианруд өзендерінің арасындағы сай мен оңтүстігіндегі Зарринкух тауынан батысқа қарай ағады. Тар, Варин, Галлевар немесе Гарвар аймақтарынан өткеннен кейін бұл өзен Дамаванд қаласының солтүстігіндегі таяз сумен бірігіп, Рудбар өзеніне қосылып, Дамаванд өзеніне құяды. Ұзындығы 30 шақырым Дамаванд тұрақты өзені де Дамаванд ауданында ағып жатыр. Оған Дамаванд қаласында Тар мен Рудбар өздері қосылып, оңтүстіктен батысқа қарай ағады. Аудандағы әртүрлі ауылдардан өтіп, бірнеше тармақпен қосылған соң Джаджрудқа келіп құяды. Бұл өзеннің құяр жері – Құм тұзды көлі.

Дамаванд ауданында көптеген табиғи бұлақтар бар. Солардың арасындығы «Ала» бұлағы ерекше танымалдыққа ие. Бұл бұлақ Дамаванд қаласының солтүстігінен 4 шақырым жерде орналасқан және әкті бикарбонат суына жатады. Осы бұлақтың жеңіл суы суық әрі тұщы. Ол санитарлық нормалар сақталынған ыдыстарға құйылып, халықаралық нарыққа экспортталады.