Ақп 20, 2017 21:51 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисі 106

Асығыстық исламдық ахлақ негіздерінде сабыр сақтамау деп көрсетілген. Асығыстық адамның жұмысты ойланбай, алдын ала дайындалмай орындауына себеп болады.

Асығыстық – піспеген жемісті жұлып алу сынды. Жерді дайындамастан бұрын егін егілсе, тұқым жерде қалып, өнім өнбейді немесе одан аз өнім алынады. Имам Әли (ғ.с.): «Уақыты келмеген істі асыға орындаудан, уақыты келген істерді орындамаудан тартыныңдар»,- деген болатын. Асығыстықтың көптеген теріс әсерлері байқалады. Олардың ең маңыздысы қателесу және жұмысты орындаған кезде қателіктің  көбеюі болып табылады. Өйткені істерді асығыс орындау  көбінесе надандықты немесе ғылыми білімсіздікті білдіреді. Сол себепті қателік деңгейі мен орындаған істің теріс нәтижеге ие болу ықтималдығы артады. Асығыстық көптеген шығын мен адамның зиян көруіне себеп болуы мүмкін. «Исра» сүресінің 11-ші аятында асығыстық пайданы анықтау кезіндегі қатенің себебі және шынайы зиян деп көрсетіліп, осыған орай адамға ескерту жасалды. Тәпсіршілердің пікірінше, адам әрқашан асығыстық танытады. Сондықтан жамандық пен жақсылығын бірдей көріп, екуінің соңына түсіп, қателесіп, мақсатына жете алмайды. Осы негізде Исламның ұлық пайғамбары асығыстықты адамды өлтіретін фактор деп атап: «Негізінде асығыстық халықты өлімге жеткізеді. Егер халық асықпағанда ешбір адам өлмейтін еді»,- деген. («1-ші том, «Махасен»). Шайтанның ерекшеліктерінің біріне адамды алдауға асығуы жатады. Алланың елшісі: «Істердегі асығыстық – шайтанның жұмысы; істердегі сабыр – Алла тарапынан»,- деген. Шайтанның ісі – адамды асықтыру. Адамның нәпсісі де асығыстыққа толы. Сондықтан ішкі дұшпан сыртқы дұшпанмен қосылып, адамды дұрыс жолдан ауытқытып, зерттеу қажет ететін жағдайға тірейді. Егер адам асығып, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігінен айрылса, бұрыс жолға түседі. Тек бір мәселеге назар аударып, басқа мәселелерге оңай қарау  мен нәпсінің адамды билеуі істі асығыс әрі жылдам  орындауға себеп болады. Үй мен көлік алып-сату, айырбастау сынды басқа мәмілелерде немесе үйлену мен тұрмысқа шығу, сонымен қатар сауда серіктестігін таңдау сынды маңызды мәселелерде асығыстық жасау адамның басына көптеген қиындық келтіруі мүмкін. Өйткені терең ойланбай, асығыстық жасаған зерттеулер адамға шындықты көрсетпейді. Асығыс жасалған іс-әрекеттердің көбі адамды сәтсіздікке ұшыратады. Имам Әли (ғ.с.) асығуды ақылсыздыққа теңеп: «Қабілеті болмай тұрып, істі орындауға асығу және берілген мұрсаттан айырыла тұра, одан сайын кейінге қалдыру – ақылсыздықтың белгісі»,- деген болатын. Имам Джавад (ғ.с.): «Үш  нәрсеге абай болған адам өкінбейді: оның біріншісі – асықпау»,- деген. Асығыстық жағымсыз сипат болып саналады. Бірақ жақсылық жасауға асығу мен істерді асығыс орындаудың арасында көптеген айырмашылық бар. Ешбір зерттеусіз орын алатын асығыстық жағымсыз саналады, алайда егер іс әр тұрғыдан қарастырылып, барлық аспектілері бағаланған болса, оны іске асыруды кейінге қалдыруға болмайды. «Әл-Имран» сүресінің 133-ші аятында Алла Тағала асығуға бұйырып: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар»,-деді. Осыған орай Алла елшісі: «Алла Тағала жақсылықтың жылдам істелгенін жақсы көреді»,- деп қуаттаған. Кейбір уақытта адам жақсылық жасағысы келеді, бірақ достары, жақындары, перзенттері немесе жақсылық жасағысы келмейтін адамдардың хабардар болуына байланысты, күмәнданып, екі ойлы болып, нәтижесінде ісін дұрыс орындай алмайды. Имам Садық (ғ.с.): «Жақсылық жасаймын деген адам асығуы керек. Өйткені, кейінгі қалған әрбір іске шайтан араласады»- десе, келесі бір сөзінде: «Әкем имам Бақер (ғ.с.): жақсылық жасағың келген кезде, асық. Өйткені алда не болатынын білмейсің,- деген»,- деп есіне алатын.