Аптаның экономикалық журналы (98)
Швецияның премьер-министрі өткен аптада сауда және саяси делегацияны бастап, Теһранға келді.
Стефан Лёвен жоғары деңгейлі басшылар мен 40 сауда компаниясының өкілдерінен құрылған делегацияны бастап, Теһранға келді. Ғылым және технология, жоғарғы білім беру және зерттеу, жол, ақпарат және байланыс, сондай-ақ, әйелдер мен отбасы істері салаларында әріптестік жасау жөніндегі 5 меморандумға қол қою осы сапардың нәтижелерінің қатарына жатады.
Саясат әлеміне аяқ басып, премьер-министр лауазымына тағайындалмас бұрын Швеция жұмысшыларының жалпы одағына мүше кәсіподақтар арасындағы ең маңыздысы металлургтардың кәсіподағын басқарған Стефан Лёвен Хасан Руханимен сұхбатында Теһранмен сауда байланыстарының деңгейін санкцияларға дейінгі кезеңдегі деңгейге жеткізуді көздейтінін мәлімдеді. Бұрын Иранда өкілдіктері болған, бірақ санкциялардың салдарынан Теһрандағы жұмыстарын тоқтатқан Ericson, Sandvik және ABB сияқты швециялық ірі компаниялар «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін өз өкілдіктерін қайта ашуды көздеп отыр. Иран біраз бұрын швециялық тарапқа жүк көліктерін өндіру бөлімінде ынтымақтастық жасауды ұсынған болатын. Қазір бұл ынтымақтастықтар басталып, швециялық Scania және Mammut компаниялары жуырда шынайы түрде Иранмен әріптестіктерінбастады. Иран 2017 жылдың қаңтар айында Иранда жүк көліктерінің өндірісіне қолдау көрсету мақсатында швециялық Scania және Mammut компанияларымен әріптестік жасауды қамтитын бір келісімге қол қойды. Иран мен Швеция түрлі бөлімдерде, соның ішінде, фармацевтика мен медицияналық құрал-жабдықтар өндіру, өнеркәсіп пен жаңа технологиялар, тасымал, қоршаған орта, жаңартылатын энергия түрлері, тау-кен өндірісі мен байланыс технологиялары бөлімдерінде жақсы әріптестіктер жасаған.
Иран мен Швецияның сауда кеңсесі құрылып, екі елдің сауда-өнеркәсіптік байланыстары кеңейтілгеннен кейін Иранға техникалық білім жөнелту үшін мүмкіндік туындайтын болады.
Швеция премьер-министрінің қазіргі жағдайда Иранға сапар шегуі еуропалық елдердің Иранға қатысты өздерінің ұстанымдарын АҚШ президенті Дональд Трамптың саясаттарынан бөліп алып жатқандықтарын көрсетеді. Могерини де осы аптада америкалықтарға осы үндеуді жеткізу үшін АҚШ-қа сапар шекті.
Швеция премьер-министрі Стефан Лёвен Ислам революциясының жетекшісімен кездесті. Аятолла Хаменеи осы кездесуде: «Швеция Иранмен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынас жасағандықтан, бұл елдің Иран халқының арасында беделі бар. Халықтардың бір-біріне деген осындай жақсы көзқарасы ынтымақтастықтарды кеңейту үшін қолайлы жағдай тудырады» деп қуаттады. Революция жетекшісі кейбір еуропалық үкіметтердің соңғы бір жарым жылдағы барыс-келістері мен Теһрандағы келіссөздеріне тоқталып, жасалған келісімдердің көбінің жүзеге асырылмағанын еске салды. Хазірет Швецияның премьер-министріне: «Менің білуімше, сіз іс-әрекеттің адамысыз. Келісімдердің тек қағаз бетінде қалмауы үшін әрекет етесіз деп күтеміз» деді.
Иран мен Арменияның Сыртқы істер министрлері осы аптада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының жиырма бес жылдығына орай бір-біріне жолдаған құттықтау хаттарында Иран мен Арменияның түрлі салалардағы байланыстарын кеңейтуге мүдделік танытты.
Иран 1991 жылдың желтоқсан айының жиырма бесі күні Арменияның тәуелсіздігін ресми түрде танып, 45 күннен кейін қол қойылған мәлімдемеге сәйкес, Теһран екі елдің арасында достық әрі тату көршілестік қағидасын тірек еткен дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанын қуаттады.
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Армения Сыртқы істер министрі Эдвард Налбандянға екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының орнауының жиырма бес жылдығына орай жолдаған хатында былай деп жазды: «Соңғы жылдары, әсіресе, ИИР президенті Хасан Руханидің 2016 жылдың желтоқсан айындағы Армения сапарынан кейін Иран мен Арменияның барлық салалардағы қарым-қатынастары кеңейе түсті».
Арменияның Сыртқы істер министрі де өз жолдауының бір бөлігінде: «Барлық салаларда туындаған қолайлы жағдай ортақ талпыныстар арқылы Иран мен Арменияның көршілес халықтардың әл-ауқаттылығы шеңберіндегі байланыстарының бұрынғыдан бетер артуы үшін мүмкіндік тудырады» деп қуаттады.
Иран мен Арменияның қарым-қатынастарын кеңейту туралы келесі бір хабарға сәйкес, өткен аптада Иранның Орталық сақтандыру ұйымының төрағасы Абдулнасер Хемматидің басқаруымен сақтандыру индустриясының бір делегациясы Армениямен сақтандыру саласындағы қарым-қатынастарды кеңейту жөнінде келіссөздер өткізу үшін Ереванға сапармен барды.
Бұл делегация бейсенбі күні Арменияның премьер-министрі Карен Карапетянмен кездесіп, екі елдің саяси және сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту туралы сұхбаттасты. Иранның Орталық сақтандыру ұйымының төрағасы Абдулнасер Хеммати мен Арменияның Экономикалық даму және инвестиция министрі Сурен Караян да отырыста екі ел арасында саяси және экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге мүдделік танытты.
Арменияның Экономикалық даму және инвестиция министрі осы отырыста Иран мен Армения арасында туризм және сауда компаниялары бөлімдерін өзек ете отырып, сақтандыру саласында қарым-қатынас орнатуға ынта танытты. Иранның Орталық сақтандыру ұйымының төрағасы ИИР-ның сақтандыру индустриясының Арменияның осы саладағы компанияларымен әріптестіктерді кеңейтуге әзір екенін қуаттады.
Иранның көлік жасау өнеркәсібінің 4-ші халықаралық конференциясы әлемнің беделді көлік жасау компаниялары өкілдерінің қатысуымен осы аптада Теһранда өз жұмысын бастады. Бұл екі күндік конференцияға еуропалық және азиялық ірі көлік жасау компанияларының, соның ішінде, Peugeot Citroen, Scania, Renault компаниялары, Түркия көліктің қосалқы бөлшектері ассоциациясының директорлары мен Франция көліктің қосалқы бөлшектері ассоциациясының басқарма кеңесінің төрағасы қатысты. Германия, Испания, Италия, Жапония, Корея мен Қытай компаниялары да Иранның көлік жасау өнеркәсібі конференциясына қатысты. PSA Peugeot Citroen көлік жасау тобы басшысының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері жөніндегі орынбасары Жан-Кристоф Кемар Теһран халықаралық көлік конференциясына орай ұйымдастырған телефон арқылы конференцияда, қазірИран нарығынөте тартымды болып тұрғанын айтты. Наурыз айының жиырмасы күні аяқталатын хижри хуршиди жыл санағы бойынша 1395 жылы Иран нарығында шамамен 1 миллион 300 мың көлік жасалып, сатылды. Алдағы жылы бұл көрсеткіш бір жарым миллионға жетеді деп күтілуде. 2015 жылдың шілде айының он төрті күні PSA Peugeot Citroen көлік жасау тобы Iran Khodro көлік жасау компаниясымен Peugeot көліктерін жасау мақсатында ортақ инвестициялық келісім жасады. Saipa көлік жасау компаниясымен де Citroen көліктерін жасау туралы ортақ инвстициялық құжатқа қол қойды. Citroen көліктерінің жаңа буыны 2018 жылы Иранда жаппай өндіріле бастайды. Қаржы-экономикалық мәселелердің мамандарының айтуынша, Иранның көлік нарығы 2020 жылға дейін жылына 2 миллион көлік жасап сату мүмкіндігіне ие болады. Жылына екі миллион көлік жасау Франция нарығы өндірісінің деңгейіне тең болып табылады.
ИИР-ның үшінші мамандандырылған көрмесі Ирактың астанасы Бағдад қаласының халықаралық көрмелер мекенінде ИИР-ның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің қатысуымен ашылды.
ИИР-ның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммадреза Нематзаде дүйсенбі күні Иранның үшінші мамандандырылған көрмесін ашумен қатар, Ирактың жоғары деңгейлі басшылары, соның ішінде, осы елдің сауда, өнеркәсіп және тау-кен министрлерімен кездесіп, ынтымақтастықтарды кеңейту туралы сұхбаттасу үшін бір делегацияны бастап, Иракқа келді.
Осы төрт күндік көрмеде азық-түлік өнімдері, үй жабдықтары, құрылыс материалдары, көлік жасау және көліктің қосалқы бөлшектері, гигиеналық және косметикалық заттар, жуғыш заттар, аурухана жабдықтары мен сүт өнімдері салаларындағы 145 компания өз өнімдерін жұрт назарына ұсынды.
Көрменің ашылуымен тұспа-тұс ИИР-ның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммадреза Нематзаде, Ирактың Еңбек және әлеуметтік істер министрі Мұхаммад әл-Судани, тілшілер және көрермендердің қатысуымен Бағдадтағы Иранның мамандандырылған көрмесінде автоматты беріліс қорабына ие ирандық Saina көлігінің тұсаукесері өтті. Saina ирандық көлігі Saipa көлік жасау тобының өнімі болып табылады. Бұл көлік Ирактың тапсырысы бойынша және осы елдің климатына сәйкестендіріліп жобаланып, жасалды. Бұл көліктің жаппай өндірісі ағымдағы жылы Бағдадтың оңтүстігіндегі Искандерия өндіріс желісінде жүзеге асырыла бастайды. Өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері, үйжабдықтары, құрылыс материалдары, көлік жасау, көліктің қосалқы бөлшектері, гигиеналық және косметикалық заттар, жуғыш химиялық заттар, аурухана жабдықтары мен сүт өнімдері салаларында жұмыс істейтін ирандық компаниялар Бағдад көрмесіне қатысты.
ИИР Ирактың екінші сауда серіктесі болып табылады. Екі елдің 2016 жылғы сауда айналымы 6 миллиард 200 миллион долларды құрады.
Иран мен Қазақстан кәсіптік байланыстарды кеңейту бағытында жаңа қадамдар жасады. 2016 жылдың желтоқсан айында Иран мен Қазақстан темір жолы арасында ортақ кеме жүргізу компаниясын құру туралы келісімге Иран президентінің Қазақстанға сапары барысында Иранның Кеме жүргізу компаниясының бас директоры Мұхаммад Саиди мен Қазақстан Темір жолы қоғамының директоры Диас Искаков тарапынан қол қойылған болатын. Өткен аптада қорытынды құжатқа қол қойылғаннан кейін бұл келісім жүзеге асырылу кезеңіне аяқ басты. Иран мен Қазақстан Темір жолы арасында кеме жүргізу ортақ компаниясын құру туралы қорытынды құжатқа сәрсенбі күні Теһранда қол қойылды.
Иран мен Қазақстан Темір жолы арасында кеме жүргізу ортақ компаниясы құрама тасымал саласында қызмет етіп, ТМД елдерімен сауданы жеңілдету және бұл елдердің Иранның оңтүстігіндегі порттар мен Парсы шығанағы арқылы еркін суларға шығуы үшін мүмкіндік тудырады. Иран мен Қазақстан Темір жолы арасында кеме жүргізу ортақ компаниясының кеңсесі Иранның солтүстігіндегі Бандар-Анзали еркін сауда аймағында ашылды.
Өткен жылы Қазақстаннан Иранға 2 миллион 200 мың тоннаға жуық жүк тасымалданды. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан.