Нау 10, 2016 14:08 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы

Өткен аптада Оманның экономикалық басшылары Оман теңізінің жағалауында орналасқан Чабаһар портына келіп кетті.

Иранның Чабаһар портына сауда байланыстарын кеңейту мақсатында алғаш рет сапармен келген Оманның сауда-экономикалық делегациясы порттарды кеңейту жобасы, Макран мұнай-химия қалашығы мен Чабаһардың мүмкіндіктерін көріп қайтты. Бұл делегация Иранның басшыларымен бірге Чабаһарда өткен отырыста Иран мен Оман арасындағы сауда-саттықты сауда делегацияларын жіберу арқылы кеңейту, екі елде көрмелер өткізу және инфрақұрылымдарды кеңейту жөнінде келіссөздер өткізді.  

Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары әрі Иранның Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Валиолла Афхамирад осы отырыс жайлы: «Шет елдермен сауданы дамыту ИИР-ның күн тәртібіне қойылған. Сол себепті Оманның экономикалық басшыларынан Иран мен Оманның банктік қатынастарын арттыруға өтініш жасалды» деді.

Оманның Өнеркәсіп және сауда министрі Әли бин Сауд әл-Сунаиди мен Тасымал министрі Ахмад бен Мұхаммад әл-Футаиси осы елдің экономикалық белсенділерінен 50 адаммен бірге өткен аптада кемемен Чабаһар портына келіп, Систан мен Балучестан облысының әкімі Әли Аусат Хашеми мен Иранның Порттар және кеме жүргізу ұйымының бас директоры Мұхаммад Саиднеджад және Чабаһар еркін сауда аймағының бас директоры Хамед Әли Мобаракимен кездесті.

Түркияның Даму министрі Джевдет Йылмаз өткен аптада Теһранда Иран қайраткерлерімен кездесіп, сауда байланыстарын кеңейту туралы сұхбаттасты.

Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі әрі Иран мен Түркияның ортақ экономикалық комиссиясының төрағасы Махмуд Ваези өткен сенбі күні Джевдет Йылмазбен кездесуінде Теһран-Анкара қатынастарын басты назарды жеке секторға аудара отырып кеңейту туралы сұхбаттасты.

Ваези екіжақты ынтымақтастықтарды кеңейту қажеттігінің Иран мен Түркия басшылары тарапынан қуатталғанын айтып, Иран мен Түркияның өз қатынастарын қайта қалпына келтіріп, қолда бар мүмкіндіктер мен инфрақұрылымдарды қолдануы қажет екенін айтты.

Түркияның Даму министрі Джевдет Йылмаз осы кездесуде өз елінің Иранмен екіжақты қатынастарды кеңейтуге және екі елдің комиссия отырысын неғұрлым тезірек өткізуге мүдделі екенін айтты.

Түркияның Даму министрі осы елдің премьер-министрімен бірге өткен жұма күні Теһранға келді.

Түркияның премьер-министрі Ахмет Давутоглу Иран президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангиримен кездесуінде екіжақты қарым-қатынастар және басқа да мәселелер туралы сұхбаттасты. Түркияның Экономика министрі Мұстафа Әлиташ біраз бұрын Анкараның Иранмен өзара сауда-саттық деңгейін 2023 жылға дейін 30 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеген болатын.

Иран мен Украина ауылшаруашылық, инвестиция, мұнай және газ, энергетика мен банк ісі салалары бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Иранның Ауылшаруашылық министрі Махмұд Ходжати мен Украина премьер-министрінің орынбасары Геннадий Зубко дүйсенбі күні Теһранда екі елдің экономикалық ынтымақтастықтары ортақ комиссиясының бесінші отырысында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтардың жан-жақты құжатына қол қойды.

Иранның Ауылшаруашылық министрі осы құжатқа қол қою рәсімдерінде Иран мен Украинаның тәжірибелік жобалардағы ынтымақтастықтарының өзара мүдделермен бағыттас болатындығына үміт білдірді.

Осы құжатқа сәйкес Иран мен Украина ауылшаруашылық, инвестиция, банк және қаржы ісі, сауда-саттық, тасымал, ұшақ жасау, қаланы абадтандыру, көлік жасау, еңбек және қоғамдық істер, туризм, техникалық ғылымдар, спорт, денсаулық сақтау, мұнай, газ және мұнай-химия, химиялық өнімдер, атом қуаты, су энергиясы мен электр қуаты бөлімдерінде ынтымақтастық жасайтын болады.

Украина премьер-министрінің орынбасары Геннадий Зубко Теһранда Иран мен Украинаның экономикалық ынтымақтастықтарының ортақ комиссиясының бесінші отырысының жан-жақты құжатына қол қою рәсімдерінде: «Өткен 12 жыл ішінде Украина өзінің Иранмен ұшақ жасау және турбина экспорты бөлімдеріндегі ынтымақтастықтарын сақтап келді. Қазір Киев үшін екі елдің қызмет және тауар экспорты саласындағы қарым-қатынастарын кеңейту маңызды болып табылады» деді.

Украина премьер-министрінің орынбасары Иран мен Украинаның энергетика, мұнай және газ, мұнай-химия, мұнай тазарту және инвестиция салаларындағы ортақ жобаларға инвестиция салуы қажет екенін айтып, екі елдің инвестициялық және сауда ынтымақтастықтарында бір-бірі үшін сенімді серіктес екенін қуаттады.

Украинаның Энергетика және көмір өнеркәсібі министрі Владимир Демчишин де осы отырыста Украинаның Иранның мұнайы мен газын сатып алу және оны Еуропаға тасымалдауға қатысты қызығушылығына тоқталып, өз елінің түрлі елдерге мұнай мен газ жөнелте алатынын айтты.

Украинаның Энергетика министрі Киевтің мұнай тазарту зауыттарының құрылысы мен мұнай және газды жөнелтуде Иранмен әріптестік жасай алатынын қуаттады.

Иранға қарсы халықаралық санкциялар жойылғаннан кейін елдің экономикалық дамуы үшін мүмкіндік туындап, Иран шетелдік инвестициялар үшін тартымды елге айналды.

Осындай барыс-келістердің жалғасында Теһран өткен аптада бірнеше экономикалық отырыс өткізді. Осы аяда Иран мен Болгарияның ортақ комиссиясының 18-ші отырысы өткен дүйсенбі күні Теһранда өтті.

Аталмыш отырыста тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия түрлері, туризм, банк ісі, кеңес беру қызметтері, байланыс технологиялары, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, техникалық-инженерлік қызметтер бөлімдеріндегі болгариялық компаниялардың өкілдері сауда, өнеркәсіптік және инвестициялық мүмкіндіктерді талдады.

Сонымен қатар Болгария Экономика министрінің орынбасары Любен Петров пен Иранның Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Валиолла Афхамирадтың қатысуымен Иран мен Болгарияның сауда-инвестициялық мүмкіндіктерін талдау мақсатында конференция өткізілді.

Валиолла Афхамирад көптеген ирандық компаниялардың түрлі өнеркәсіптік, құрылыс, абадтандыру, жол және тоған салу, қуат жөнелту бөлімдерінде Болгарияның жобаларында ынтымақтастық жасауға әзір екенін мәлімдеді. Осы конференцияға 100-ден аса ирандық компаниялардың өкілдері қатысты.

Өткен аптада Теһранға Словенияның Экономика министрі де келді.

Словенияның Экономика министрі Вазил Худак дүйсенбі күні сауда-экономикалық делегациямен бірге Теһранның Сауда палатасында Иранның экономикалық компаниялары басшыларымен кеңесті.

Теһранның Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауылшаруашылық палатасының төрағасы Масуд Хансари Словения астанасы Братиславаны халықаралық банктердің мекені деп атады. Ол екі елдің банктік және қаржы байланыстарын қайта ашу бағытындағы талпынысын Иран мен Словения арасында сауда-экономикалық байланыстар орнату жолындағы алғашқы қадам деп атады.

Хансари алдағы айларда Словения Еуропа одағының кезеңдік басшылығын өз қолына алатынын айтып, екі елдің байланысының қанағаттандырарлық деңгейде емес екенін және екі тараптың экономикалық белсенділерінің қатынастарды кеңейту үшін бір-бірін жақсы тану керек екендігін айтты.

Словенияның Экономика министрі осы отырыста өз елінің Иранмен экономикалық ынтымақтастықтарды, әсіресе, көліктің құрамдас бөлшектерін жасау, мұнай, газ және жаңартылатын энергия салаларындағы әріптестіктерді кеңейтуге әзірлігін мәлімдеді.

Алтыншы даму бағдарламасына сәйкес, Иран жылына 50 миллиард доллар көлемінде инвестицияны қажет етеді. Словения жоғарғы өнеркәсіптік мүмкіндіктерге ие болғандықтан осы елдің экономикалық және өнеркәсіп саласының белсенділері Иранға инвестиция салу саласында жақсы серіктестік жасай алады.

Иран мен өнеркәсіптік елдердің арасында ортақ әрі ұзақ мерзімді инвестициялардың жасалуы Иран үкіметі мен жеке секторы жұмысының басты бағдарларының бірі болып табылады. Осы аяда «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін Иранға әлем елдерінен 150-ден астам делегация келді.

Оңтүстік Парстың 20-21 фазаларының тазарту зауыттарын қолданысқа берудің бірінші кезеңі осы екі фазаның алғашқы тазарту желісін сынақтан өткізу және іске қосумен басталды.

Ішкі тұтыныс үшін күніне 50 миллион текше метр күкіртті газ, ал экспорт үшін 75 мың баррель газ конденсаттары мен 400 тонна күкірт, мұнай-химия өнеркәсібі үшін жылына 1 миллион тонна этан газы мен экспорт үшін 50 мың тонна сұйылтылған газ өндіру мақсатында Оңтүстік Парстың 20-21 фазаларын жетілдіру жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Әлемдегі тәуелсіз ең үлкен алаң саналатын Оңтүстік Парс газ алаңын дамыту жобасы 24 фазаны қамтиды. Осы уақытқа дейін 13 фаза ресми түрде іске қосылды.

Иранның энергетикалық орталығы саналатын Оңтүстік Парс фазаларын жетілдіру жобасы 2017 жылдың соңына дейін аяқталады деп болжануа.

Иранның осы экономикалық орталығынан келіп түскен келесі бір хабарға сәйкес, Оңтүстік Парс аймағынан биылғы жылдың қаңтар айында мұнайдан тыс тауарлардың экспорты өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 39 пайызға өскен.

Статистика көрсеткендей, Оңтүстік Парстан биылғы жылғы қаңтар айында құны 610 миллион 441 мың 90 долларды құраған 1 миллион 125 мың 888 тонна мұнайдан тыс тауар Ираннан шет елдерге экспортталған.

Иранның энергетикалық орталығының импорты мен экспортының негізгі жолы саналатын 10 айлақ, 2 толқын тосқы мен 150 гектар аумаққа ие Парс порттық кешені Иран экономикасының дамуына атсалысу үшін лайықты инфрақұрылым болып табылады.

Monte Toledo атты мұнай танкері Иранның мұнайын Испанияның оңтүстік жағалауындағы Джебел әл-Тарикқа жақын жердегі мұнай тазарту зауытына жеткізді.

Иранның Мұнай министрлігінің ресми ақпарат агенттігі ШАНА Португалияда тіркелген Monte Toledo мұнай танкерінің осы елдің мұнайын Испаниядағы мұнай тазарту зауытына жеткізе бастағанын мәлімдеді.

Еуропалық елдер санкциялардан бұрын Ираннан күніне шамамен 400 мың баррель мұнай сатып алатын. Басқа санкциялар, соның ішінде банк және сақтандыру саласына салынған санкциялар Иранның мұнай саудасының шынайы қиыншылықтармен бетпе-бет келуіне себеп болды.

Иран санкциялардан бұрын күніне 3 миллион 600 мың баррель мұнай өндіретін. Бірақ соңғы жылдары бұл көрсеткіш 2 миллион 800 баррельге дейін түскен. 2 миллион баррельдік экспорт та екі есе азайды. Қазір санкциялар жойылғаннан кейін мұнай өндірісі қайтадан артты. Bloomberg арнасының мәліметіне сәйкес, Иранның мұнай өндірісі ақпан айында күніне 3 миллион баррельге жеткен. Бұл 2012 жылдың қаңтар айынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш саналады.