Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – жетекшіліктің жарқын нұры 29
Исламдық экономикалық стратегиялар мен негізгі саясаттардың бірі байлықтың жиналуының алдын алу саналады.
Байлық жиналған кезде оны одан сайын арттыру ниеті пайда болып, таптар арасындағы қашықтық пен әділетсіз кемсітушіліктер байқалып, сән-салтанатты өмір сүру мен әуесқойлық мәдениеті қалыптасады. Соның салдарынан мақұрымдарға қамқорлық жасау ұмытылып, қоғамды адамгершілік пен ахлаққа жат экономика билейтін болады.
Ислам мұндай оқиғаның алдын алу үшін байлар үшін құқықтың екі түрін қарастырған: біріншіден, хомс пен зекет төлеу. Хомс пен зекет шариғат бойынша мүлкі мен қаржысы артық адамдар төлейтін уәжіп құқық. Екіншіден, қоғамдық және қайырымдылық құқығы, яғни қоғамның барлық таптары, әсіресе байлар мақұрымдарға көмек көрсетуі керек.
Құран Кәрім байлықты дұрыс бөліп тарату және оның бір жерде шоғырлануының алдын алу үшін бірнеше кезеңге тоқталып, өз аяттарында жақын туыс-туғандар мен жетім-жесір және мұқтаждарға көмектесуді насихаттайды. Жақын туыстардың арасында ата-анаға жақсылық жасап, олардың қажеттіліктерін шешуді көп қуаттайды. Исламның экономикасы ахлаққа сүйенеді. Ешбір адам басқалардың қажеттіліктерін қамтамасыз еткен кезде олардың құқықтарын бұзбайды, оларға міндетсімейді. Сонымен қатар олардың абыройы мен құрметін сақтап, өз әрекеттері туралы айтпайды. Кері жағдайда олардың іc-әрекеттерінің Алланың алдында құны болмайды. Алла елшісі өмірінің жарқын тарихы мен хазіреттің экономикалық жолында таңғалдырарлық, сабақ беретін мысалдар көп кездеседі. Күндердің бірінде Алланың елшісіне 70000 дерхем сыйға берілді. Хазірет олардың барлығын мұқтаждарға таратып берді. Ол өзіне еш нәрсе алмай, ешбір мұқтажды көмексіз қалдырмады. («Ахлақ әл-Наби» 48-ші бет). Тағы бірде бір мұқтаж адам Исламның ұлық пайғамбарына келіп, көмек сұрайды. Хазірет оған өзі бағып жүрген қойларын сыйлайды. Ер адам өзінің атамекеніне оралып: «Мұхаммадтан мұндай сыйлық алу үшін мұсылман болыңдар. Ол өзінің кедейленуіне алаңдамайды екен»,- деді. («Наһаие әл-араб» 3-ші том, 226-ші бет).
Аллаға иман келтіру мен қияметке сенім арту маңызды негіздерге жатады. Егер байлар бұған сенім артпаса, олардың мұқтаждарға көмектесуі үшін ешқандай кепілдік қалмайды. Сол себепті Алла мен қияметке сенбейтін байлар басқаларға көмектегендерімен қатар тек өздерінің байлықтарын арттыру туралы ғана ойлайды. Олар мұқтаждар, Жаратушы және қияметтері туралы ойламайды. Құран бұл топтың теріс қылықтары туралы Алланың елшісіне: «(Мұхаммад с.ғ.с.): “Сендерге қылығы бойынша зиянға ұшыраушылардың хабарын берейін бе?” – де. Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: “Рас жақсы іс істедік” деп ойлайды. Міне, олар Раббыларының аяттарына, әрі Раббыларына жолығуға қарсы келгендер. Сондықтан еңбектері еш болған. Сонда оларға қиямет күні еш мән бермейміз»,- деген. («Кәһф» сүресі, 103-105-ші аяттар).
Байлыққа салынудан бас тарту саласында көңіл бөлетін маңызды мәселеге бұл тақырыптың мәдениет және қоғамдық ағымға айналуы жатады. Яғни, қоғамда барша өз жауапкершілігін сезіп, өз міндеттеріне тұрақты болып, өздерін мақұрым таптардың алдында жауапты және қажет жағдайда басқалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуді басты іс санауы керек. Мұсылмандар Мединеде еврейлерді жеңген соң Исламның ұлық пайғамбары көптеген мүмкіндіктерге ие болды. Сол кезде Алланың елшісі ансарларға (Медине халқына): «Егер қаласаңдар, мүліктерің және үйлеріңмен мұхджерлермен (Меккеден қоныс аударғандармен) бөлісіңдер. Егер қарсы болмасаңдар, мүліктерің мен үйлерің өздеріңде қалсын, ал қолға түскен олжадан сендерге еш нәрсе түспей-ақ қойсын»,- деді. Ансарлар пайғамбардың ұсынысына: «Барлық мүлкіміз және үйлерімізбен олармен бөлісеміз. Түскен олжаны да алмаймыз. Біз мұхаджерлердің мәселесін маңызды санаймыз»,- деп мәлімдеді.
Мұндай мәдениет қалыптастыру Исламның ұлық пайғамбарының сындарлы жолы мен тәсілдерінен туындаған. Мұсылмандар Алла елшісінің хазірет Хадиджаның үлкен байлығын қоғамның мұқтаждарына жұмсағанын көздерімен көрді. Олар әртүрлі кезеңдерде пайғамбардың өзінің қолына түскені мен барлық мүкіндіктерін әділ түрде мұқтаждардың арасында бөлгенін және өзі үшін тіпті кішкентай үлесті де алмай, имам Әли (ғ.с.)-ның айтуынша «аш қарынмен Жаратушыны көруге асығатынын» байқайды. Сонымен бірге Алланың елшісі тіпті өзінің ең аз мүкіндігін мұқтаждарға жұмсаған.
Күндердің бірінде Исламның ұлық пайғамбары имам Әли (ғ.с.)-ды базарға барып көйлек сатып алуға жұмсады. Имам базарға барып, 12 дирхем тұратын көйлекті сатып алып, пайғамбарға әкеліп береді. Алла елшісі көйлектің бағасын сұрағанда имам Әли (ғ.с.): «12 дирхем»,- деп жауап береді. Пайғамбар: «Бұл көйлекті онша ұнатпадым, бұдан арзанырақ көйлек киемін. Сатушы бұл көйлекті қайтып алады ма?»- деп сұрады. Имам Әли (ғ.с.): «Білмеймін, Алланың елшісі»,- деп жауап береді. Алла елшісі: «Барып, сұрап көр»,- деді. Имам Әли (ғ.с.) көйлекті алып, базарға оралып, сатушыға: «Алланың елшісі бұдан арзанырақ көйлек алғысы келеді. Мына көйлекті қайтып аласың ба?»- деп сұрады. Сатушы келісіп, Әли (ғ.с.) ақшасын қайтып алып, пайғамбардың қасына оралды. Содан соң екеуі бірге базарға қарай бет алады. Жолда пайғамбар жылап отырған кішкентай қызды көріп, оған жақындап: «Неге жылап отырсың?»- деп сұрады. Қыз: «Үйдегілер маған 4 дирхем беріп, базарға жіберді. Мен ақшаны қалай жоғалтып алғанымды білмеймін. Енді үйге баруға қорқамын»,- деді. Алла елшісі оған 4 дерхем беріп: «Алғың келген нәрсеңді алып, үйіңе қайт»,- дейді. Содан соң базарға барып, 4 дерхемге көйлек сатып алып киеді. Бірнеше қадам басып, жалаңаш адамды көріп, көйлегін шешіп, соған берді. Содан соң қалған 4 дерхеміне өзіне көйлек сатып алып, үйіне оралып: «Құдайға шүкір. 12 дерхем қандай берекелі болды»,- деп дұға жасайды. («Бихар әл-Анвар», 6-шы том).