Иранға сапар(215)
Теһранның көрнекті жерлерімен таныстыруды жалғастыра келіп, бүгінгі бағдарламаның бірінші бөлігін Иранның шыны және қыш бұйымдары мұражайымен таныстыруға арнаймыз.
Бұл мұражай Иранда қыш, шыны және хрусталь бұйымдарына арналған жалғыз мұражай болып табылады. Онда б.з.д. бірінші және екінші мыңжылдықтардан бастап Қаджарлар дәуіріне дейінгі ескерткіштер қойылған. Шыны және қыш бұйымдары мұражайы ғимаратының архитектуралық стилі мен залдарын жарықтандыру тәсіліне байланысты Иранның көп тамашаланатын мұражайларының бірі саналады.
Шыны және қыш бұйымдары мұражайы 1040 шаршы метр аумақта салынған сегіз бұрышты ғимаратта орналасқан. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы сәулет стилі Қаджар заманындағы көптеген ғимараттар сияқты Иранның дәстүрлі сәулет өнері мен Еуропаның он тоғызыншы ғасырындағы сәулет өнерінің қосындысынан тұрады. 7000 шаршы метр ауданды қамтитын бақтың ортасында орналасқан мұражайдың сегіз бұрышты ғимараты қызығушылар үшін тартымды бола алады. Тың жобалар мен өте жақсы сақталған нәзік терезелер Селжұқтар заманындағы сәулет өнерін еске түсіріп, қазіргі заман сәулетшілеріне классикалық стильде жоба жасауға шабыт береді.
Мұражайдың ғимараты х.ш.ж.с.б. 1292 жылы (1913 жылы) Қаджар дәуіріндегі саясаткерлердің бірі Ахмад Қаввамның (Қаввам ус‑Салтане) бұйрығымен жеке пайдалану мақсатында салынған. Аталмыш ғимарат х.ш.ж.с.б. 1355 жылы (1976 жылы) ирандық, аустриялық және неміс инженерлерінің әріптестігімен әрі әлемнің ең құнды қорларының көбін жобалаған Ганс Хулейннің (Hans Hollein) бастауымен мұражайға айналдырылып, х.ш.ж.с.б. 1359 жылы 22 бахманда (1980 жылы) ашылды.
Мұражай ғимаратының безендірулеріне алебастр жапсырмалары, айна сынықтары, есіктер мен баспалдақтардың ағаш өрнектері, ғимараттың сыртқы келбетін әрлеген кірпіштер жатады. 50-ге жуық кірпіш әртүрлі жобаларда геометриялық нақыштар, гүл және бұталармен безендіріліп, қолданылған. Бұл ескерткіш х.ш.ж.с.б. 1377 жылы 7 ордибехеште (1998 жылы) 2014 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.
Бұл қордағы шыны мен қыш ыдыстар 6 зал мен бір вестибюльде көрмеге қойылған. Қордағы шыны бұйымдарға б.з.д. бірінші және екінші мыңжылдыққа тиесілі иіс су құтылары, Ахеменилер мен Ашканилер кезеңдеріне тиесілі қашалған графиндер, исламға дейінгі Сасанилер мен ислам дәуірлеріне тиесілі әшекей бұйымдар, мөрлер мен әртүрлі ыдыстар жатады.
Осы қорға жататын шыны бұйымдардың арасында ирандықтардың б.з.д. екінші мыңжылдығына тиесілі ең үлкен ғибадатханасы Чоғозамбилдің терезелерін жабуға қолданылған түрлі түсті шыны түтіктер көңіл аудартады.
Мұражайдағы шыны мен хрусталь заттардың жиынтығы Ирандағы шыны жасау өнеркәсібінің даму үдерісі мен ирандық мамандардың шеберлігін көрсетеді. Мұнымен қатар 18-19 ғасырларда Еуропада жасалған хрусталь ыдыстар жұрт назарына ұсынылған.
Иранның Шыны және қыш бұйымдары мұражайында б.з.д. дәуірлерге тиесілі жануарлардың суреттері салынған, кейде әртүрлі нақыштардың қосындысынан тұратын қарапайым балшықтан жасалған ыдыстар, б.з.д. үшінші мыңжылдыққа тиесілі алғашқы шыны эмальмен қапталған қыш ыдыстардың үлгілері бар. Сонымен қатар ислам дәуіріне тиесілі әртүрлі алтынмен апталған (сары), түрлі түсті және бір түсті эмальдармен көмкерілген қыш ыдыстар да осы бөлімге қойылған.
Жазба тақташалар, арабескалар, құстар мен хайуанаттардың және әртүрлі жиындардағы адамдардың суреттері осы дәуірге тиесілі ескерткіштердің бетінен ең көп байқалады.
Жалпы алғанда Иранның мамандандырылған шыны және қыш бұйымдары қорында шыны өнеркәсібінің 5 мың жылдық тарихы, сондай-ақ, қыштан бұйым жасау өнеркәсібінің 10 мың жылдық тарихы құнды тарихи және мәдени ескерткіштер арқылы мұражайдың бірінің ішіне бірі кіріп жатқан залдарында жұрт назарына ұсынылған. Мұражайда көрсетілген қыш бұйымдарына х.қ.ж.с.б. 4-7 ғасырларға жататын жазбасы бар ыдыстар жатады. Олар сары, көк және көгілдік түстер, эмаль және ақ гүлдермен көмкерілген. Бұл қыш бұйымдарының үстіне әдетте мақал-мәтелдер, дұғалар, Низами мен Фердоусидің өлеңдері, араб тіліндегі өлеңдер жазылған.
Бірінші және екінші залдар мұражайдың бірінші қабатында, ал басқа залдар жоғары қабаттарда орналасқан. «Хрусталь» деп аталатын екінші залда ең көне шыны ыдыстар, шыны түтіктер мен қыш ыдыстар орналастырылған. Бірінші қабаттағы шыны және қыш ыдыстар б.з.д. дәуірлерге тиесілі. Қолдан жасалған ең көне қыш ыдысы б.з.д. бірінші мыңжылдықтағы Ашканилер заманына тиесілі.
«Сәдәф» (айқұлақ) залы пішіні жартылай ашық айқұлаққа ұқсағандықтан осылай аталған. Онда Нишапурдан табылған б.з. 3-4 ғасырларына тиесілі қыш бұйымдары қойылған.
Төртінші зал Селжұқтар заманына тиесілі алтынмен апталған ыдыстарға байланысты «Заррин» (алтын) деп аталады. Онда іші-сырты насх пен насталиқ жазуларымен безендірілген ыдыстар қойылған. Сонымен қатар бұл ыдыстардың бетінен моңғолдық келбетті көруге болады. Табылған қаласына байланысты ыдыстардағы нақыштар әрқилы болып келеді.
Бесінші зал көгілдір түспен эмальданған ыдыстарға байланысты «Ладжавард» (көгілдір) деп аталған. Ондағы ескерткіштер х.қ.ж.с.б. 7-8 ғасырларда билік құрған Илханилер заманынан қалған.
Сефевилер заманына жақындағанда күнделікті тұрмысқа қолданылатын ыдыстар жиірек кездеседі. Бұл бөлімнің ескерткіштеріне әтірсепкіштер мен графиндер жатады. Сондай-ақ, Қаджарлар заманынан қалған жеті түспен боялып, «Шахнама» кейіпкерлерінің суреттерімен нақышталған үстел бар. Кейіпкерлердің аттары суреттердің үстіне жазылған.
Аталған бөлімдермен қоса, Иранның шыны және қыш бұйымдары мұражайында заттарды жөндеуден өткізу шеберханасы, қыш бұйымдарын жасау шеберханасы, аудио және видео залы, археология, тарих пен өнерге арналған кітапхана бар.
Сонымен қатар дәстүрлі өнерлер мен қолөнер түрлерімен таныстыру және оларға қолдау көрсету үшін қорды сақтау бөлімінің рұқсатымен қордағы бұйымдарға ұқсас үлгілер сатуға дайындалады. Әртүрлі жастағы топтар, әсіресе балаларға арналған қыш бұйымдарын жасау, шыны бетіне өрнек салу және сурет салу сияқты өнер түрлерін үйрету курстары мұражайдың қоғаммен қатынасын жақсарту үшін ұйымдастырған бағдарламаларының бірі болып табылады.
Жалпы Иранның шыны және қыш бұйымдары мұражайы ең тартымды мұражайлардың бірі болып табылады. Осы мұражайды көрген адамның одан ләззат алмауы мүмкін емес. Бұл мұражайдың Теһранның Джумһури даңғылы мен Си-е тир көшесінің қиылысында орналасқанын біліп жүргендеріңіз жақсы.
Ардақты ағайын, бүгінгі бағдарламаның екінші бөлігінде сіздерге «Уақытты тамашалау» мұражайын таныстырамыз. «Уақытты тамашалау» мұражайы Ирандағы ең алғашқы уақыт санау мұражайы болып табылады. Бұл мұражай х.з.ш.ж.с.б. 1387 жылы (2008 жылы) тұрмысы нашар адамдар қоғамына қарасты мұражайлардың мәдени ұйымының талпынысымен уақытты өлшеу құралдарының кемелдену жолын көрсету мақсатында өз жұмысын бастады. Мұражай уақыт ұғымы, әртүрлі ұлттар мен тайпалардың уақыт туралы көзқарастары, уақытты өлшеу құралдарының кемелдену жолы, сағат жасау өнеркәсібі сияқты тақырыптарын баяндау үшін қолайлы жағдай тудырды. Уақытты өлшеу құралдарын көрсету үш бөлімге – алғашқы сағаттар, ауыр да бұрандалы механикалық сағаттар және қол және қалта сағаттарына бөлінген.
Бұл мұражайдың ауласында күнсағат, құмсағат, сусағат және отсағат сияқты алғашқы сағаттар қойылған. Ал ғимараттың ішінде қабырғаға ілетін, үстел үстіне қоятын, қалтаға салып жүретін, қолға тағатын механикалық сағаттар қойылған. Сондай-ақ, ғимараттың бір бөлігі Ирандағы Джалали күнтізбесі мен оның тарихына арналған. Мұражай ғимаратының бірінші қабаты қабырғаға ілінетін, арканың асты мен қо жерге қойылатын бұралатын үлкен сағаттарды көрсетуге арналған.
Екінші қабатта қолсағаттар мен қалтасағаттардың ең сирек кездесетін үлгілері, күнтізбелер мен уақытқа қатысты тақырыптар жұрт назарына ұсынылған.
Мұражайдың екі қабатты ғимараты 700 шаршы метр ауданды алып жатқан инфрақұрылымда шамамен 5000 шаршы метрді алып жатқан аулада салынған. Бұл ғимарат алебастр жапсырмалары, қыш тақташалары мен архитектуралық сталактиттері мен кірпішпен әрленген жобалардың болуына байланысты көрнекті ғимараттардың бірі саналады. Көне ғимарат шамамен 80 жыл бұрын салынған. Зафераниеде орналасқан бұл бақтың тарихы Мұхаммад шах пен Насыреддин шах дәуірлерінен басталады. Ғимарат шикі кірпіш пен балшықтан салынған. Оның қаңқасы ағаштан жасалған. Кейін толығымен жөндеуден өткізіліп, ағаш қаңқасы металмен ауыстырылды. Ғимараттың ішінде де өзгерістер жасалған. Мұндағы алебастр жапсырмалары ирандық және еуропалық стильдердің қосындысынан тұрады. Ғимараттың сыртқы келбеті – маңдайшалары мен оның айналасы Қаджарлар стилі мен жаңа стильдің қосындысынан тұрады. Ғимараттың ішіндегі өте салтанатты бөлме көрген адамның көзін қызықтырады. Ол «Исфахандықтар бөлмесі» деген атпен танымал. Бұл бөлмедегі алебастр жапсырмаларының жобалары Исфахандағы Али Ғапу сарайының бір бөлмесіндегі жобадан алынып, Сефевилер дәуірі стилімен салынған. Бұл жердің алебастр жапсырмаларын жапсыру 10 жылға жуық уақытты алған. Оған марқұм қажы Абдулкарим Навид Теһрани, ұстаз Фархад Яхияпур, ұстаз Мұхаммад Яхияпур, ұстаз Хасан Джафари мен тағы басқа өнер иелері атсалысқан.
Уақытты тамашалайтын жер – мұражай және Қаджарлар дәуіріне тиесілі тарихи үй. Ол Теһранның Валиаср даңғылы, Заферание көшесі, сарлашкар Фаллахи көшесінде (Заферание) орналасқан. Бұл ескерткіш х.ш.ж.с.б. 1382 жылы 2 бахманда (2003 жылы) 10868 номерімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.