Иранға сапар (177)
Дейлам ауданы Бушер облысының солтүстік-батысында, Бушер айлағының солтүстік-батысынан 217 км қашықтықта орналасқан.
Аудан орталығы – Дейлам айлағы. Теңіз деңгейінен 8 метр биіктікте орналасқан Дейламның ауа райы ыстық əрі ылғалды.
Тарихи деректер бойынша, Мехрубан көне айлағы Дейлам айлағының солтүстігінен 24 шақырым жерде орналасқан. Бұл айлақтың қирандыларын қазір "Тел имамзада"(Имамзада төбесі) атты жерден көруге болады.
Моңғолдар заманында немесе одан бұрынғы кезде пайда болған "Мехрубан" айлағы қиратылғаннан кейін Дейлам айлағы дами түсті. 18 ғасырда Дейлам голландықтардың сауда айлағы болған. Мақта, жүн, май, әртүрлі кептірілген жемістер мен дəнді дақылдар сияқты тауарлар осы айлақтан əлемнің басқа жерлеріне жіберілген. Ал қант, шай, мата, құрма мен басқа да заттар осы айлаққа импортталып отырған. Ол заманда Дейлам айлағы көне де атақты Исфахан-Мехрубан жолының соңында орналасқан еді. Дейламды Иранның орталығымен байланыстыратын ең жақын əрі жақсы жол осы болатын.
Дейламның атырабындағы Мехрубан айлағына бағзы замандарда Яқут Хамави ("Моджам ул-Баладан" атты кітаптың авторы), ибн Хаукаль ("Сурат ул-арз" еңбегінің авторы), Насер Хосроу Құбадиани сияқты атақты тарихшылар, саяхатшылар мен басқа да географтар барған. Дейлам айлағы да жолаушылар мен саяхатшылардың назарынан тыс қалмаған. 1885 жылы Иранға сапармен келіп, "Иранның оңтүстігі" деген сапарнама жазған франциялық археолог ғалымдар Хосе мен Бабен Дейлам айлағы жайлы былай деп жазған: "Дейлам – кішкентай қала. Онда ирандықтардың бір қамалы бар, ал оның айналасында құрма ағаштары өсірілген. Біз билеушінің үйінде тұрдық. Дейлам айлағы – Парсы шығанағының ең жақсы айлақтарының бірі жəне үнділер, ирандықтар мен османдықтардың сауда жасайтын жері. Бұл айлақтан əртүрлі ұлттардың кемелерін көруге болады".
Француз археологтар сипаттаған қамал əлі күнге дейін бар. Дейлам айлағы аталған қамалмен қоса, басқа да мұнараларға ие болған. Олардың қирандылары əлі күнге дейін сақталынған. Дейламның айналасындағы ауылдардан көптеген зиярат орындарын көруге болады. Дейлам айлағы кешені осы айлақтың жүк түсіру-тиеу мүмкіндіктерін арттыру, оның сыйымдылығын ұлғайту жəне кемелерді айлақтату мүмкіндігін тудыру мақсатында салынды. Бұл кешен Дейлам айлағының келбетін өзгертіп, осы шағын айлақтың байланыс жəне экономикалық істерінің дамуына маңызды əсер етті.
"Генаве" айлағы да Бушер облысы аудандарының бірі. Ол осы облыстың солтүстік батысында Парсы шығанағының солтүстік жағалауында орналасқан. "Генаве" айлағы географтар мен тарихшылардың көне еңбектерінде əртүрлі атаулармен берілген. Генаве айлағы бағзы замандардан бері абадтандырылған, қызу саудасымен танымал айлақ болған. Қазіргі Генаве айлағы бұрынғы салтанатты Генаве көне қаласының қирандысының жанында орналасқан. Қазір ол жерден топырақтың астында көмілген тастар мен қабырғалар, кейбір тас аркалардан басқа ештеңе көрінбейді.
Айта кету керек, Генавенің құм жағалаулары қыс кезінде туристерді тарту үшін пайдаланылатын осы аймақтың тартымдылықтарының бірі саналады. Өйткені, осы маусымда Генаве қоңыржай ауа райына ие. Бұл айлақтың тарихи тартымдылықтардың бірі – оның айналасындағы ауылдарда орналасқан көптеген зиярат орындары. Ең танымал зиярат орындарының бірі – Генаве-Дейлам жолы бойында орналасқан имамзада Сүлеймен ибн Әлидің кесенесі. Имамзаданың құрылысы тіктөртбұрышты. Имамзаданың күмбезі, кесене орналасқан жер мен оған жалғанған портиктер ғимараттың шығыс жағында салынған. Ғимараттың күмбезі 12 қырлы. Оның архитектуралық стилі Парсы шығанағы жағалауындағы көне сәулет өнерін еске түсіреді және Шуштағы Даниял пайғамбар кесенесінің күмбезіне ұқсайды. Имамзаданың үлкен күмбезі баспалдақ пішінде салынып, көк, сары және ақ түстермен безендірілген. Күмбездің салтанаты Генаве айлағының көгілдір суларында ерекше көзге түсіп, жұртты қызықтырады.
Парсы шығанағы аралдарының кейбіреулері де Бушер облысының аумағына жатады. Осы аралдардың кейбіреуінде адамдар өмір сүреді, ал басқаларында ешкім тұрмайды, бірақ олар әдетте стратегиялық маңыздылыққа ие. Бушердің солтүстік-батысынан 57 шақырым жерде орналасқан «Харк» аралы осы аймақтағы Парсы шығанағының ең терең бөлігінде орналасқан ең маңызды аралдардың бірі саналады. Геологтар Харк аралы шамамен 14000 жыл бұрын пайда болды деп санайды.
Харк маржан аралы өзінің аумалы-төкпелі тарихымен аймақтың ең маңызды табиғи тартымдылықтарының және Парсы шығанағының ең әдемі аралдарының бірі саналады. Харк аралы көлемі жағынан кішкентай болғанымен сауда-экономикалық, әскери, тарихи тұрғыдан өте маңызды. Харктың ұзындығы – 8 км, ал ені 4-5 км. Сондықтан бұл аралдың ауданы 40 шаршы шақырымнан азырақ. Харк аралының теңіз деңгейінен ең биік нүктесі 83 метр. Бұл аралда төбелер көптеп кездеседі. Харк аралының биіктіктерінің бірі – «Тахт». Оның теңіз деңгейінен биіктігі – 76 метр. Орталық биіктіктер бұл аралды желкенді кеме қалпына енгізген. Осы биіктіктер солтүстіктен соғатын қатты желдерге тосқауыл болып, оңтүстіктегі жағалауларды кемелердің тоқтауы үшін тыныш та қолайлы етті. Харк аралының табиғи артықшылықтары, әсіресе терең жағалаулардың болуы кемежайлар салынып, мұхитты кесіп өтетін мұнай танкерлерінің тоқтауы үшін қолайлы жағдай жасады. Иран мұнайын экспорттайтын ең маңызды терминалдардың бірінің осы аралда орналасқанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Мұнай алғаш рет 54 жыл бұрын, яғни х.ш.ж.с.б. 1339 жылы Харк аралының резервуарларына жеткен.
1359 жылы 31 шахриварда басталып, 8 жылға созылған Ирактың Иранға таңған соғысы жылдары өмірлік және экономикалық маңызы бар көздер мен мұнайға қатысты нысандарды жою дұшпанның маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болды. Дұшпан Иранның экономикалық қуаты мен қаржы көздерін жоюды көздеді. Қаржы көзі көбінесе шикі мұнай арқылы қамтамасыз етілетін еді. Дұшпан осы арқылы соғысқа қолдау мен халықтың күнделікті қажетті заттарымен қамтамасыз ету үдерісінде үзіліс тудыруды мақсат тұтты. Сондықтан сегіз жылдық Қасиетті қорғаныс жылдары Харк аралы 2888 рет дұшпанның әуеден зымырандық шабуылдарына ұшырады.
Харк аралында исламға дейінгі дәуірлер мен ислам келгеннен кейінгі заманнан көптеген тарихи ескерткіштер сақталып қалған. Енді соларды қысқаша таныстырып өтейік.
«Пальмиран» қабір-ғибадатханалар, «Нептун» ғибадатханасы, зәртуштердің отқа табыну орны, шіркеу, несториандықтардың ғибадатханасы, тас қабірлер мен үңгір қабірлер, Мұхаммад Ханифаға тиесілі саналатын «Мир Мұхаммад» кесенесі Сасанилер, Парттар мен ислам дәуіріне тиесілі тарихи ескерткіштер саналады. Олар Харк аралында қазба жұмыстары кезінде табылған.
Харк аралының таулы бөлігінен көптеген қабірлер табылды. Кейбір қабірлер аса терең емес, дөңгелек пішінде болғандықтан зәртуштерге тиесілі деп саналды. Сондай-ақ, кішкентай кіреберісі бар кейбір қабірлердің үстінен кішкене крестің суретін көруге болады. Бұл христиандардың қайтыс болған адамдарды осы жерлерге жерлегенін көрсетеді. «Мир Мұхаммад Ханифаның» кесенесі де Харк аралындағы ислам дәруінен қалған ең маңызды әрі құнды тарихи-мәдени ескерткіштерың бірі болып табылады. Ол аралдың оңтүстік-батысында ерекше көзге түседі.
«Х.қ.ж.с.б. 738 жыл» деп ойылып жазылған бұл кесенесінің құрылысы Иранда Селжұқтар басқарып тұрған кезеңге тиесілі. Бұл құрылыс бірі пирамида, екіншісі кішкентай шеңбер пішіндегі екі күмбезбен ерекше әдемі. Бұл кесененің ішкі кеңістігі сегіз қырлы жұлдыз пішіндес сырлы кірпіштермен көмкерілген.
Зерттеушілер мен тарихшылардың басым бөлігінің көзқарасынша, бұл кесене – мүміндердің әмірі Әлидің (ғ.) ұлы Мұхаммад Ханифаның жатқан жері. Кесененің ішінде осы мазмұндағы тақташа бар. Рауаяттар бойынша, хазірет Әлидің (ғ.) ұлы Мир Мұхаммад Ханифа Бәни Умайе мен Бәни Марванның Бәни Хашем әулетіне зұлымдығы салдарынан Мәдинеден қоныс аударып, Басраға барар жолда Харк аралына тоқтап, сол жерде уланып қаза тапқан. Кесененің ішкі бөлігіндегі сырлы кірпіштер сары түсті және ерекше маңыздыққа ие. Мир Мұхаммад Ханифаның кесенесі – Иранның оңтүстігіндегі ең маңызды зиярат орындарының бірі. Кесене 2205 нөмірімен Иранның ұлттық мұралар тізіміне тіркелген.