Қыр 07, 2017 18:27 Asia/Almaty
  • Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 19

Мешіттің тәлім беру, сауат ашу және білімді кеңейту мен тереңдетуде атқаратын рөлі және Африка құрлығындағы ең көне мешіт Әмір ибн әл-Ас және Ахмад ибн Тулун мешітімен таныстырамыз.

Ұлық Пайғамбардың (с.ғ.с) құтпаларының басым бөлігі діни тәрбиенің негізгі қағидаларына арналды. Құтпалар сол кездегі халықтың даму деңгейіне сай және олардың хабардарлығы мен білім деңгейін арттыру мақсатында айтылған.

Исламның Ұлы Пайғамбары (с.ғ.с) білім беру, білімді кеңейту, жәһілдік және надандықпен күресу мәселесіне қатты мән  берген. Хазірет Мединеге келер алдында сауатты адамдардан халыққа білім беру жауапкершілігін мойындарына алуды сұраған. Сондықтан шебер хатшы болған Абдулла бин Саид пен Убаде ибн ас-Самит бүгінде сауат ашу орталығы деп аталатын мекемеге ұқсас орталық құрған. Содан бастап мұсылмандар білім алу мен сауат ашуға бет бұрған. Айта кететін қызық жайт, Бәдр шайқасынан кейін соғыс ережелеріне сәйкес соғыс тұтқындары бас бостандықтары үшін  4000 динар көлемінде ақша төлеп, өздерін азат ете алатын болған. Пайғамбар (с.ғ.с) осы азаттық құны мәселесіне байланысты: "Бостандықтың құнын төлей алмайтындар сол ақшаның орнына Медине тұрғындарының ішінен он адамға әріп тану мен жазуды үйретсе, азат етіледі",- деген бұйрық берген. Ұлық Пайғамбар (с.ғ.с) таухидтің мәні мен исламды асқақтату үшін мешітті мұсылмандардың білім алу орталығы деп бекіткен болатын. Хазірет Мединедегі ән-Нәби мешітінде сахабаларына тәлім берген. Аби ибн Кааб: "Пайғамбар мешітіне барып, сон жерден Құран оқып отырған бір адамды көрдім. Одан: "Сенің оқуға бет бұруыңа кім себепкер болды?",- деп сұрадым. Ол: "Алланың елшісі (с.ғ.с)",- деп жауап берді",- деп айтқан. Сондай-ақ Сафван ибн Ғассан былай деген: "Алланың елшісін (с.ғ.с) көруге бардым. Ол кісі мешітте болды. Мен: "Алланың елшісі (с.ғ.с)! Мен білім алу үшін келдім",- дедім. Ол кісі: "Білімді талап етуші, бәрекелді, жарайсың",- деп жауап берді". Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін білім беру, әсіресе Құран мен оның терең мазмұнға ие ұғымдарын тәпсірлеу жалғаса берді. Әли ибн Абу Талиб (ғ.с), Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Масуд пен Пайғамбардың (с.ғ.с) басқа да бірқатар сахабалары мешіттерде Құран тәпсірі мен оның ұғымдарын түсіндіру міндетін өз мойындарына алды. Олар мұсылмандарға илаһи уәһи мақсаттарды рауаяттар мен Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетін негізге алып, тәпсірлеген алғашқы Құран тәпсіршілері болған. 

Куфа мешіті

Уақыт өте келе мұсылмандар жеңістері артып, Иракта Куфа мен Басра қалалары, Мысырда Фустат қаласы бой көтерді. Жаңадан негізі қаланған бұл қалалардың ең маңызды мекені орталық мешіті болды. Орталық мешіті деп әр қалада билеушілердің жарлығымен салынған халық жиналып, жамағат, жұма және айт намаздары оқылатын мешітті атайды. Сол себепті ол мешіт басқа мешіттерге қарағанда үлкенірек болады. Мысалы, Куфа орталық мешітінің негізі қаланған кезде оған 40000 адам сыятын.  Бұл мешіт хазірет Әлидің (ғ.с) билік құрған кезеңінде білім беру саласында өте маңызды рөл атқарған. Себебі, Наһдж ул-Балағе кітабында жинақталған құтпалардың басым бөлігі осы мешітте айтылған болатын. Х.ш.ж.с.б бірінші ғасыр мен екінші ғасырдың алғашқы онжылдықтары ішінде діни ілімдер мешіттерде үйретілді. Мешітте оқытатын ұстаздың айналасын шәкірттері қоршап отырып, білім алатын. Осылайша "діни семинария" деген ұғым пайда болған. Шәкірттер тобының үлкен немесе кішігірім болуы мұғалімнің білімі, үйрету әдісі мен мінез-құлқына байланысты болды. Білімі мен мағлұматы терең және психиологиялық тұрғыдан тартымды әрі әдепті ұстаздардың шәкірттері көп болған. Керісінше, жоғарыда аталған қасиеттер мен ерекшеліктерден кенде оқытушылардың шәкірттері азырақ болған.

Мысырлық ғұлама ғалым Джалалуддин ас-Суюти "Әл-Итқан фи улум әл-Құран" атты бағалы еңбегінде былай деп жазған: "Абдулла ибн Аббас әл-Харам мешітінде отырғанда халық оның айналасына жиналып, оған Құран тәпсірі мен ислам тағылымдары  жайлы сұрақтар қоятын. Имам Саджад (ғ.с) жұма сайын Медине мешітінде хадистер мен тәпсірлерді баяндап, халыққа уағыз айтып, ахлақ сабақтарын беретін. Хазірет мешітті ғылым және білім беру орталығы ретінде жоғары деңгейде пайдаланған. Имам Бағер (ғ.с.) Медине мешітінде дәріс берген. Пәк имамдардың ішінде ерекше орынға ие имам Садық (ғ.с) әртүрлі салаларда, соның ішінде фикх, тәпсір және мұсылмандарға қажет т.б. салаларда білім берумен айналысқан..

 ************************************ 

Африка құрлығындағы ең көне мешіт Әмір ибн әл-Ас мешіті мен Ахмад ибн Тулун мешіті

Әмір ибн әл-Ас мешіті

Әмір ибн әл-Ас мешіті х.ш.ж.с.б. 21 жылы, сәйкесінше 641 жылы Мысырда салынған. Африка құрлығындағы ең алғашқы мешіт саналғандықтан оны "Тадж әл-Джаваме" деп те атаған. Бұл мешіт Ислам дәуірінде бой көтерген 14-ші мешіт саналады. Мешітте имам әш-Шафии, Лейс бин Сағд, Абу Тахер Салафи және ибн Һишам секілді ұлы тұлғалар мұсылмандарға дәріс беріп, құтпаларын оқып, уағыз айтқан.

Мұсылмандардың екінші халифінің бұйрығы бойынша Амр ибн әл-Ас бастаған әскер Мысырды жаулап алады. Амр ибн әл-Ас Ніл өзенінің солтүстік-батыс жағалауында орналасқан Александрия қаласына шабуыл жасамастан бұрын өзеннің шығыс жағалауында шатыр құрады. Растығы анықталмаған рауаяттарға сәйкес, Александрия қаласын жаулап алардан бұрын Амр ибн әл-Астың шатырының үстіне көгершін жұмыртқалаған екен. Содан кейін Амр ибн әл-Ас көгершіннің ұясын Мысырдың жаңа қаласы әрі астанасының орталығы деп мәлімдейді. Бұл қала «Фустат» деп аталды. Кейін дәл сол көгершіннің ұясы орналасқан жерде Әмір ибн әл-Ас мешіті бой көтерген.

Мешіт төрт бұрышты қарапайым ғимараттан тұрған. Мешіттің ғимараты пальма діңдерінен, қабырғалары тастар мен саз кірпіштен қаланып, шатыры пальма жапырақтарымен жабылған еді. Алайда мешіттің үлкендігі соншалықты, онда Мысырдағы Ислам әскерінің барлығы түгел намаз оқитын болған. Бұл мешіттің өзіне дейін салынған басқа мешіттер секілді бірде-бір мұнарасы болмаған. Бірақ, Муавие билік еткен жылдары мешіттің ғимаратына төрт мұнара салынып, оның аумағы екі есе ұлғайтылды.

Әмір ибн әл-Ас мешіті

Әмір ибн әл-Ас мешіті 853 жылы Византия мемлекетінің шабуылы салдарынан қиратылып, өртенді. Бірақ мұсылмандар оны қайта тұрғызды. Мешітті тағы бір мәрте кеңейтіп, гүлдендіру жұмыстары Айюбилер әулеті кезінде орын алды. Салах ад-Дин Айюби мешітті қайта салдырды. Алайда Крест жорықтары кезінде бұл мешіт 1219-1249 жылдары шіркеуге айналып, кейін мұсылмандардың қаланы қайта жаулап алуына байланысты қайтадан мешіт болды. Крестшілер өздерінің алғашқы жорықтары кезінде осы мешіттегі Құрандарды алып, оларды эбен ағашынан жасалған мінберімен бірге Римге жіберіп, мешітті хазірет Мәриям шіркеуі деп атайды. Бірақ ол Осман әулеті билік еткен кезеңде қайтадан мешітке айналады.  Әмір ибн әл-Ас мешітінің ауласы төртбұрышты пішінде болып, жан-жағынан кіреберіс есіктер орналасқан. Ал мешіт шабестаны Рим империясы мен Византия дәуірінен қалған ғимарат қирандыларының мәрмәрдан жасалған 100 бағаннан тұрды. Бұл мешітте осы уақытқа дейін бірнеше рет қайта жөндеу жұмыстары жасалды.

    ************************************ 

Ахмад ибн Тулун мешіті.

Бұл мешіт Фустат қаласындағы Әмір ибн әл-Ас мешітінен кейінгі Мысырдың ең көне және бүгінгі күнге дейін сақталған мешіті саналады. Мешіттен табылған жазба деректерге сәйкес, мешіт құрылысы х.ж.с.б 265 жылы, сәйкесінше 879 жылы аяқталған.

Ахмад ибн Тулун мешіті

Абу әл-Аббас Ахмад ибн Тулун Ирактың Самарра қаласынан шыққан. Ол Аббаси әулетінен шыққан халиф әл-Мутааз Биллаһтың билігі кезінде Мысырдың билеушісі атанып, кейін сол мемлекетте үлкен орталық мешіт салдыруға бұйрық береді. Ахмад ибн Тулун мешіті Фустат маңындағы әл-Қатаи ауданында "Гебел Яшкур" деген төбенің үстіне тұрғызылады. Кейбір тарихи деректерге сәйкес, Ахмад ибн Тулун мешіттің сәулетшілеріне бүкіл Мысырды өртеп немесе топан су алатын болса, мешіт аман қалатындай, оттың жалынынан қорықпайтын, топан судан қирап қалмайтын берік мешіт салуды сұрайды. Сол себепті сәулетшілер мешіт құрылысы кезінде күйдірілген қызыл кірпішті пайдаланған. Мешіттің шатырын көтеру үшін кірпіштен бағаналар тұрғызып, мұнараларын Самарра мешіті секілді шиыршық түрінде салған. Алайда бүгінде көріп отырған мешіттің мұнаралары х.ш.ж.с.б. 8 ғасырда мешіттің негізгі мұнараларының орнына салынған.

Ахмад ибн Тулун мешітінің мұнаралары

Мешіттің ауласының ортасында алтынмен апталған күмбез бар. Жан-жағынан торлы терезелер орнатылған он бағанның үстіне орналыстырылған ғимарат соғылған. Ғимараттың өзі 16 бағанмен қоршалған. Оның төбесінде күн сағат орнатылып, шатырдың айналасына тик ағашынан жасалған баспалдақ салынған.


Ахмад ибн Тулун мешітінің михрабы мен дәрет алатын бөлмесі

Бірлік пен ынтымақтың  көрінісі саналатын мешіт ғимаратындағы бірдей және үйлескен ою-өрнектер мешітті ерекше безендіріп тұр. Бағанның жоғарғы бөліктері, мен күмбездердің төменгі бөліктері, нұр түсіріп тұрған саңылаулар мен терезелер секілді ғимаратының негізгі бөліктерін безендіруде пайдаланылған жалғыз әдіс – жабыстыру әдісі оны ерекше көркейтіп, гүлдендірген тәрізді. 

Ахмад ибн Тулун мешіті

Ахмад ибн Тулун мешітінің күмбездері өте кең етіп салынған. Сондықтан оның төменгі бөлігінде жабыстыру жасауға қолайлы кеңістік туындаған. Бұл жабыстырулардың тек кішігірім бөлігі ғана жақсы сақталып қалған. Олар – самария стиліндегі ою-өрнекті бір жалпақ орталық жолақ пен оның айналасында орналасқан геометриялық және гүлді өрнектермен безендірілген екі жіңішке жолақтар. 

https://ssl.gstatic.com/ui/v1/icons/mail/images/cleardot.gif