Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (18)
Армысыздар, құрметті тыңдармандар! "Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты" бағдарламасының кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі бағдарламамызда имам Реза (ғ.с)-ның Ислам жүйесіндегі мемлекеттік қызметкерлердің маңызды рөлі туралы көзқарасына тоқталамыз.
Имам Реза (ғ.с) Ислам жүйесіндегі мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да жауапты тұлғаларға айтқан ақыл-өсиеттерінде: "Әрбір адам ең алдымен өзін жетілдіруді ойлап, өзінің бойында қажетті қасиеттерді қалыптастырып, басқалармен жақсы қарым-қатынас орнатып, барша халыққа қызмет етуі тиіс",-деген. Имам Реза (ғ.с) Хорасанда өзінің бүкіл мал-мүлкін Арапа күні мұқтаж және кедей адамдарға таратып берген. Сол кезде оған Фазл ибн Саһл: "Бұл іс шығынмен аяқталады",- деп айтыпты. Сонда хазірет: "Керісінше, бұл іс олжаға тең саналады. Илаһи сый мен жомарттыққа қол жеткізу үшін берген нәрсені зиян немесе өтемақы деп бағалама",- деп жауап берген.
Имам Реза (ғ.с) исламдық жүйе қызметкерлерінің аса маңызды рөлін сипаттап, Мамунға: "Мұхаммед үмбеті мен оларға басшылық етуге қатысты Құдайдың қаһарынан қорық. Себебі, олардың істерін бұзып, бұл істі Құдайдың үкіміне теріс төрелік жасап жатқан адамдарға тапсырдың. Ал өзің осы жерде тұрақтанып, көшкен үйің мен уаһи түскен мекенді тастап кеттің. Сен жоқ болған соң мүхажірлер мен ансарлар қанау мен езгінің астында қалып, ешбір мүміннің анты мен келісімін сақтамайтын болған. Мазлұмдардың өмірі ауырлап кетті. Олардың өмір сүретін қажетті қаражаттары жоқ. Олар тіпті осындай ауыр жағдайлары жайлы шағымданатын адамға зәру болып отыр",- деген.
Бұл хадистің мән-жайы мынадай: бір күні Мамун имамға келіп, ұзақ жазылған бір хат алып келіп, соны хазіретке оқып береді. Ол хатта былай жазылған еді: "Ислам әскерлері Кабулдың кейбір ауылдарын бағындырды". Мамун хатты оқып болғаннан кейін, имам одан: "Аллаһқа серік қосып, шерк жасайтындар мен кәпірлердің жерлерін бағындыру сені қуантып отыр ма?",-деп сұрапты. Мамун болса: "Бұл хабар шаттануға тұрмай ма?",- дегенде имам: "Сен мұсылман жерлерінде әділет орнатып, ондағы кедейшілік пен мақұрымдықтың көзін тамырымен жойып, халықтың қиындықтары мен тауқіметтерін шешуге тырыс. Мемлекеттің жерін кеңейтіп, жаңа елдерді бағындыру емес, жоғарыда айтылған мәселелер мұсылман билеушісін шынымен қуанышқа бөлеп, оның көңілін марқайтады" деген.
Имам Реза (ғ.с) сөздерінде осы шындықты жасырып отырған перделерді көбірек ашып, мұсылман мемлекетттері қызметкерлерінің жауапкершілігі туралы былай деп ашық айтады: "Егер билік тізгінін қолыма алатын болсам, билік кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым және құны төмен ас ішіп, жұмсақ киімнің орнына қатты киімді таңдаймын. Сөйтіп, тыныштықтан кейін ауыр және машақатқа толы өмір сүремін». Бұл құнды сөздер хазірет Әли (ғ.с)-дің мынадай сөздерін растап отыр: "Құдай мені өзінің пенделері үшін имам ретінде таңдағандықтан, кедей менің кедейшілігіме еріп, бай маған қарсы шықпауы үшін менің ішіп-жегенім мен киген киімім ең кедей адамдікі секілді өмір сүруім уәжіп саналады".
Имам Реза (ғ.с) мұсылмандардың жағдайын басқа көзқарас тұрғысынан қарастыру қажеттігін қуаттады. Сол көзқарасқа сәйкес, әрбір мұсылман билеушісі өздері билік етіп отырған мемлекеттің халқына діни бауыр саналады. Сол себепті олар халықпен теңдік және бауырластық негізінде қатынас жасауы керек. Бір рауаятта ол хазірет өз бабаларының сөздеріне сілтеме жасап: "Ұлық пайғамбар (с.ғ.с)-дың пікірінше, басқаларға мал-мүлкін көбірек беріп, әлеуметтік көмек көрсетуге талпынатын және өзінің бауырлары мен мұсылман қауымына жақсылықты көп тілейтін адам – ең игі мұсылман",- деп айтқан екен.