Илаһи жетекшілер (14)
"Илаһи жетекшілер" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімінде хазірет Фатима (ғ.с)-ның өміріндегі келесі бір шарықтау кезеңіне тоқталамыз.
Өткен бағдарламада хазірет Заһраның (ғ.с) балалық шағы жайлы баяндаған болатынбыз. Сондай-ақ, құрайыш тайпасы басшылары шектен тыс қысым көрсетіп, қоқан-лоққы жасағандықтан, Пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеден Мәдинеге көшуге шешім қабылдағаны туралы айттық. Сол мақсатта Пайғамбар (с.ғ.с) түн ішінде Меккеден кетіп, Али (ғ.с) хазіреттің жанын сақтап қалу мақсатында пайғамбардың төсегіне жатады. Мүшіріктер Пайғамбарды (с.ғ.с) өлтіру үшін ол хазіреттің үйіне баса- көктеп кіргенде, Али (ғ.с)-ды көріп, олардың қастандық әрекеттерінің күлі көкке ұшырайды. Пайғамбар (с.ғ.с) кетердің алдында мүміндердің әміршісіне өзімен бірге Мәдинеге Һашим әулетінің әйелдерін, соның ішінде Фатима-Заһраны (ғ.с) алып келуді тапсырған болатын. Али (ғ.с) Пайғамбардың (с.ғ.с) бұйрығын орындап, Мәдинеге жол тартады. Меккеден Мәдинеге барар жолда Құба деген мекенде өздерін тосып отырған Пайғамбарға (с.ғ.с) қосылады.
Хазірет Заһраның (ғ.с) Мәдинеге келуімен ол хазіреттің өміріндегі маңызды кезең басталды. Хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с) өміріндегі маңызды оқиға хазірет Алимен (ғ.с) аспанда қиылған некесі саналады. «Бәдр» шайқасындағы жеңіспен сәйкес келген және Меккеден Мәдинеге көшіп келгеннен кейінгі екінші жылы Мәдине қаласы шаттық пен қуанышқа толып, мұсылман қоғамының орны нақты бекітілді. Сол кезде сол кезеңдегі кейбір атақты адамдар ахлақтық және адамгершілік игі қасиеттерге ие хазірет Заһраға (ғ.с) құда түсу үшін Пайғамбарға (с.ғ.с) келеді. Алайда, хазірет олардың ұсыныстарын қабылдамайды. Олар бұл әрекетке ренжімеген. Себебі, олар Пайғамбардың (с.ғ.с) Фатиманы (ғ.с) Алиге тұрмысқа беруді қалайтынын сезеді. Сондықтан Али (ғ.с)-ды Пайғамбардың (с.ғ.с) қызына құда түсіп баруға ынталандырған.
Али (ғ.с) бір жағынан экономикалық тұрғыдан қолының қысқалығы үшін, басқа жағынан ұялғандықтан, жол айырықта қалып, шешім қабылдау үшін көбірек ойлануды қажет етеді. Бірақ үлкен кісілердің қысымдары және талабымен Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына барып: "Уа, Алланың елшісі! Әкем мен анам құрбаныңыз болсын! Мен сіздің үйіңізде өсіп, сіздің ілтипатыңыз мен қамқорлығыңызға ие болдым. Сіз менің әкем мен анамнан артық мені тәрбилеуге талпыныс жасадыңыз. Мен сіздің арқаңызда ер жеттім. Алланың атымен ант етемін, дүниедегі қорым мен ақыретім сіз боласыз. Қазір менің өзіме өмірлік жар таңдап, отбасы құрып, өмірлік серік болып, қиындықтарым мен ауыртпалықтарымды азайтатын кезім келді. Егер дұрыс деп шешсеңіз, қызыңыз Фатимамен (ғ.с) некеге тұруға рұқсат беріңіз. Сіз рұқсатыңызды берсеңіз, маған үлкен бақытты нәсіп еткен боласыз",- деген.
Пайғамбар (с.ғ.с) Алидің (ғ.с) сөзін тыңдап: "Саған қуанышты хабарды жеткізіп, сырымды ашқанымды қалайсың ба?",- деп сұрайғанда Али (ғ.с): "Иә, Алланың елшісі",- деп жауап береді. Пайғамбар (с.ғ.с) оған: "Сен маған келместен бұрын, Жебірейіл түсіп былай деді: «Уа, Мұхаммед! Құдай басқа мақұлықтарының ішінен сені таңдап, саған пайғамбарлық міндетті жүктеді. Алиді (ғ.с) таңдап, сенің бауырың әрі уәзірің етті. Илаһи әмірмен оны қызың Фатимамен (ғ.с) некелестір. Олардың үйлену тойы періштелер әлемінде, періштелердің қатысуымен өтеді. Құдай оларға пәк, игі әрі таза перзенттер сыйлайды» деді. Али! Жебірейіл енді ғана ғайып болғанда, сен біздің үйдің есігін қақтың",- деген екен.
Содан кейін Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларының бірі Біләлға мохаджирлер мен ансарларға мешітте жиналуға хабар беруді бұйырады. Барлығы мешітке жиналғанда Пайғамбар мінберге көтеріліп, Құдайға шүкіршілік етіп, оған мадақ айтқаннан кейін: "Уа, халайық! Маған Жебірейіл түсіп, Али мен Фатиманың неке қию рәсімін өткізу туралы Құдайдың әмірін жеткізді",- дейді. Содан кейін, Алиге неке құтпасын оқуға дәстүр береді. Неке құтпасы оқылғаннан кейін мешітке жиналғандардың барлығы қолдарын жайып: "Бұл некені Құдай сендерге мүбарак етсін. Араларыңда достық пен махаббат қана болсын",- деп дұға тілейді. Бұл рәсімнен кейін Пайғамбар (с.ғ.с) үйіне оралып, әйелдерге Фатиманың ұзату тойын ұйымдастыруды бұйырады. Пайғамбар (с.ғ.с) Алиді (ғ.с) шақырып, өзінің оң жағына, Фатиманы (ғ.с) сол жағына отырғызады. Содан кейін екеуінің де маңдайларынан сүйіп, қолын аспанға жайып: "Құдай! Бұл некені мүбарак етіп, олардан пәк ұрпақ таратуыңды тілеймін",- деп дұға еткен.
Осылайша Заһра (ғ.с) мен Алидің (ғ.с) отбасылық өмірі басталды. Пайғамбар (с.ғ.с) бірнеше күн бойы хазірет қызы Фатиманы (ғ.с) көргісі келіп тұратын. Себебі, хазірет Хадиджа (ғ.с) дүниеден өткеннен кейін қызына қатты бауыр басып, оны көру үшін жиі барып тұрған. Сондай күндердің бірі қызынан: "Өмірлік серігің қандай адам екен?",- деп сұрағанда Фатима (ғ.с): "Әке, Құдай маған ең ізгі азаматты нәсіп етті. Бірақ құрайыштың әйелдері маған келгенде құттықтаудың орнына: "Сені бай, дәулетті кісілер айттырып келгеніне қарамастан әкең сені жарлы адамға күйеуге берді",- дейді. Пайғамбар (с.ғ.с) Заһраны (ғ.с) жұбатып: "Алланың атымен ант етемін, сенің әкең мен жолдасың кедей емес. Маған жердің байлықтарын ұсынды. Бірақ, мен дүниелік байлықтар мен ризықтың орнына ақыреттің нығыметтерін артық көрдім. Қымбаттым, мен саған жолдас ретінде бәрінен бұрын Исламға бет бұрып, білімі мен ақылы барлық ерлерден артық адамды таңдадым",- дейді. Содан кейін Алиді (ғ.с) шақырып, оған: "Жарыңды сүйіспеншілік пен мейірімділікке бөле. Ол – менің бауыр етім. Кімде-кім оны азапқа салатын болса, мені азаптағанмен тең. Кімде-кім оны бақытқа кенелтсе, мені де бақытты еткені",- деп айтқан.
Негізгі мүшелері, яғни ерлі-зайыпты кез-келген қателік пен күнәдән таза және жоғары ахлақтық және адамгершілік игі қасиеттерге ие болған жалғыз үй Али мен Фатиманың үйі болған. Али кәміл адамның үлгісі, ал Заһра кәміл мұсылман банудың көрінісі саналады. Али (ғ.с.) бала кезінен Пайғамбардың (с.ғ.с) қасында болып, хазіреттің тікелей тәрбиесінде болған. Ол ең игі әрі ең жоғары ахлақ пен илаһи және адами кеміл қасиеттерге ие болған. Хазірет Заһра да өз әкесінің қолында тәрбиеленген. Олар бала кезден Құранның аспандық әуенінен сусындап өскен. Али мен Заһраның бақытты өмірі келесі аяттың айқын көрінісі болып табылады: "Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар. (Рұм сүресі, 21-аят).
Хазірет Заһра (ғ.с) мен хазірет Алидің (ғ.с) отбасылық өмірінің елеулі ерекшіліктерінің бірі олардың қарапайым өмір сүруі саналады. Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с) Фатиманың үйіне кіргенде қызының үстіне жұпыны киім киіп, өз қолымен диірменнің тасын айналдырып отырып, баласын етегіне алып емізіп жатқанын көреді. Мұндай жағдай Пайғамбарға (с.ғ.с) қатты әсер етіп: "Қымбатты қызым, ақыреттің нығметтерінің тәтті дәмін тату үшін бұл дүниенің ауыртпалықтары мен қиындықтарына төтеп бер",- дегенде хазірет Фатима: "Алланың елшісі (с.ғ.с), Құдайға берген нығметтері үшін шүкіршілік етемін",- деп жауап беріпті.
Фатима-Заһра Ислам тарихындағы ең ауыр кезеңдерінде өмірін бастады. Жыл сайын мүшіріктер, яһудилер және тағы да басқа исламның дұшпандарымен бірнеше соғыс орын алып, хазірет Али (ғ.с) солардың барлығына болмаса да басым бөлігіне қатысып, шаршап, жараланып үйіне оралатын. Фатима (ғ.с) бар сүйіспеншілігімен Алидің (ғ.с) жараларын емдеген. Ол өз жолдасына сүйсініп, оны ынталандырып, оның теңдессіз жанпидалық әрекеттері мен ерліктерін мадақтап отырған. Хазіреттің шын жүректен шыққан мейірімі жарының көңілін тыныштандырған. Али (ғ.с) бұл жайында: "Үйге келіп, Заһраға (ғ.с) қарағанда барлық қайғы-мұң ұмыт болатын",- дейтін.
Хазірет Али (ғ.с) ер кісінің әйелдің мейірімін қажет ететіні секілді әйелдің де ауыр еңбегі үшін махаббат пен алғыс білдіруді қажет ететінін жақсы түсінген. Сол себепті Али (ғ.с) Заһраның (ғ.с) өмір сүру үшін жасаған талпыныстарына алғыс білдіру үшін кейбір жағдайларда қолы тигенде Фатима-Заһраға көмектесуге асығып, үй тұрмысындағы жұмыстардың бір бөлігін өз мойнына алған. Осындай мейірім мен жылылыққа толы отбасында Меккеден Мәдинеге көшкеннен кейінгі үшінші жылы олардың тұңғыш перзенті, яғни имам Хасан дүние есігін ашып, Фатима мен Алидің отбасын нұрландырды. Бірақ, өкінішке орай, дәл сол жылы «Уһуд» шайқасы болып, Пайғамбардың (с.ғ.с) ержүрек ағасы әрі сахабасы болған Хамза ибн Әбдүлмүтәліп басқарған адал серіктерінің 70-тен астамы шәһид болады. Заһра (ғ.с) бір топ әйелмен «Уһуд» шайқасы болып жатқан ұрыс алаңына барып, жарақат алғандарды емдеуге көмектескен. Қатты жараланған Пайғамбарды (с.ғ.с) емдеп, хазіреттің жарақаттарын жуып, таңған.