Тәкфиршіл ағымдардың идеологиясы мен әрекеттерінің негіздеріне шолу 17
Ислам тарихында мұсылмандар арасында танымал тұлғалардың қабірлеріне зиярат ету мұстахаб іс болып қалыптасқан. Қабірге зиярат етуге бірінші болып тыйым салған адам Ибн Таймие болды. Тәкфиршіл топтар Құран мен рауаяттарды бұрмалап, қабірге зиярат етуді шерк деп, оларды қиратуды уәжіп санайды.
ДАИШ Исламның ұлық пайғамбары мен Құран тағылымдарын қате сараптап, Сирия, Ирак пен Солтүстік Африкада пайғамбар (с.ғ.с.) және хазіреттің сахабалары мен ұрпақтарының ондаған қабірлері мен көптеген тарихи мұраларын қиратуда. «Төрт мазхабтың фикхы» атты кітап бойынша сүнниттердің төрт мазхабы пайғамбардың (с.ғ.с.) қабіріне зиярат етуді мұстахап санайды. Аталмыш кітапта: «Пайғамбардың қабіріне зиярат ету – ең жоғары мұстахап істердің бірі. Бұл туралы көптеген хадистерде айтылған»,- деп жазылды. Тәкфиршіл уаһабшылардың ислам тағылымдарын бұрмалауының келесі мәселесіне тавассул мәселесі жатады. Тавассул лексикалық тұрғыдан бір адамды немесе бір нәрсені араға алу деген мағынаға ие. Тавассулдың мақсаты – Аллаға жақындау үшін араға бір нәрсені салу немесе бір адамның көмегіне жүгіну. Құран мен діни дереккөздеріне сәйкес, тавассул – Жаратушыға жақындау үшін пайдаланылатын құрал. Ваххабизм ағымы мен тәкфиршіл топтар тавассулды және пайғамбар мен пәк имамдарды Аллаға жақындайтын көмек деп санауды харам және шерк дейді. Олардың пікірінше, әулиелер мен пайғамбарларға тавассул ету шариғатта бұрын кездеспеген мәселе. Сондықтан бедғат болып табылады. Мұхаммад бен Абдолуаһаб тавассул туралы: «Періштелер, пайғамбарлар мен әулиелерге тавассул етіп, оларды шапағатшылар деп санайтындар мен солар арқылы Аллаға жақындауды көздейтіндердің қанын төгіп, мал-мүліктерін тартып алуға рұқсат деп айтқан болатын. Сауд Арабиясының бұрынғы мүфтиі шейх Абдолазиз бен Боз тавассулды рұқсат етілмейтін іс деп, оны бедғат әрі шерк санайды. Саудиялық мүфти шейх Абдолазиз бен Абдолла әл-Шейх: «Пайғамбар дүниеден озған соң оның бұл дүниемен қатысы үзіледі, ол біреу үшін дұға жасай алмайды және оның қолынан ешқандай іс келмейді. Сондықтан, тавассул мүмкін емес және шеркке себеп болады» деген.
ДАИШ тәкфиршіл тобы тавассулды қате түсініп, шиіттердің пайғамбар мен илаһи әулиелерге тавассул етуіне байланысты олардың қанын төгуді рұқсат деп санайды. ДАИШ-тың бұрынғы баспасөз хатшысы Мұхаммад әл-Аднани бұл туралы: «Шиіттерді өлтіру керек. Олар Аббас пен Фатимаға тавассул етеді. Олар – мүшіріктер. Олардың үйлеріне кірген кезде олардың бастарын кесіп тастаңдар»,- деді. Тәкфиршіл уаһабшылар Аллаға тек илаһи есімдер жақындатады деп, басқа құралдарға тавассул етуді шерк деп санайды. Негізінде Құран Кәрім мен Исламның ұлық пайғамбарының рауаяттарында тавассул туралы көп айтылған. Құран аяттары бойынша адал адамның деңгейіне тавассул етіп, сол арқылы Аллаға жақындауға талпыныс жасау таухидтің негіздеріне қайшы келмейді. Алла Тағала «Мәиде» сүресінің 35-ші аятында: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, оған жақындауды іздеңдер (бой ұсыну арқылы тырысыңдар.) Және екі дүниеде құтылып мұратқа жетулерің үшін Оның жолында күресіңдер»,- деп айтылған. Басқа мысал ретінде хазірет Яқұбтың ұлдарының әкесіне тавассул еткені туралы айтылған: «Ұлдары: “Әй, әкеміз! Біздің күнәларымыздың жарылқануын тіле! Расында біз қателескен едік” деді. Хазірет Яқұб: “Сендер үшін Раббымнан жарылқау тілеймін. Өйткені, Ол аса жарылқаушы, ерекше мейірімді” деді. («Юсуф» сүресі, 97-98-ші аяттары). Бұл аяттар хазірет Юсуф бауырларынан Алладан кешірім сұрайтын адамды іздеп, Жаратушыға жақын әкелерінен Алладан шапағат етуді және олардың күнәларын кешіруді тілеуді сұрайды. Илаһи пайғамбарлардың бірі болған әкелері хазірет Яқұб мұндай шапағатты теріске шығармаған. Ол «Сендердің талаптарың – шерк. Сондықтан Алланың үйіне өздерің барып, одан кешірім сұраңдар» деп айтпай: «Сендер үшін Раббымнан жарылқау тілеймін»,- деді. Яғни, Құран аяттары бойынша күнәларды кешіру үшін илаһи әулиелерден көмек сұрауға, оларға тавассул етуге болады. Мұның өзі шапағат пен тавасулды растайтын мықты құжат. Пайғамбарлар Алланың алдында жоғары дәрежеге ие болғандықтан Жаратушы мен пендесінің арасын жақындата алады.
«Ниса» сүресінің 64-ші аятында тавассулға қатысты келесі мәселеге назар аудартылды: «Пайғамбар атаулыны Алланың нұсқауымен бой ұсынылуы үшін ғана жібердік. Егер олар өздеріне бір кесір істеген уақытта саған келіп, Алладан жарылқану тілесе, әрі Пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді түрде табар еді». Осы аят бойынша күнәлар кешіріліп, Аллаға жақындататын жолдардың бірі Алла елшісіне тавассул етуде әрі хазіреттің дұғасы қателесушілерді кешіру үшін жасалады. Сондықтан қателесушілер пайғамбардан олардың қателерін кешіруді тілеуді сұрайды. Бұл аят пайғамбарға тавассул ету арқылы күнәлардың кешірілетіндігін растайды. Уаһабшылар пайғамбар қайтыс болғаннан кейін дұға тілей алмайды деп қуаттайды. «Әли-Имран» сүресінің 169-171-ші аяттарында: «Алла жолында өлтіргендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі. Олар Алланың кеңшілігімен өздеріне берген нәрселеріне мәз-мейрам болады да, әзірше өздеріне қосылмай арттарында қалғандарды да: «Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» деп шүйіншілегілері келеді. Тағы олар Алладан болған нығметке, кеңшілікке қуанады. Шынында Алла мүміндердің сауабын жоймайды»,- деп айтылған. Саудиялық мүфтидің пікірі бойынша, «пайғамбар дүниеден озған соң оның бұл дүниемен қатынасы үзіледі, ол біреу үшін дұға жасай алмайды және ешбір істі орындай алмайды». Алайда Құран мұндай пікірді теріске шығарады. Жоғарыда айтылған аяттар бойынша шәһидтер тірі әрі Жаратушының қасында ырзықтарын пайдалануда. Бұл аяттар шәһидтердің тірі адамдардың жағдайларынан хабардар екендігін және тірілердің оларға қосылуын күтіп, оларды жарқын келешектен хабардар ететіндіктерін баяндайды. Олай болса, дәрежесі тарихтағы барлық шәһидтерден жоғары пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеден озған соң адам үшін дұға ете алмауы мүмкін бе және хазіретке тавассул ету шерк әрі харам санала ма?
Ибн Хиджр Маки «Саваеқ» кітабында Исламның ұлық пайғамбарының әулетіне тавассул еткен сүннит басшыларының бірі имам Шафидің: «Пайғамбар әулеті – менің құралым. Олар мені Аллаға жақындатады. Солардың арқасында қиямет күні менің істерімнің хаты оң қолыма тапсырылатындығына үміттенемін»,- деп айтқаны туралы жазды. Әрине, өлім – адамның ісінің соңы емес, басқа әлемдегі өмірдің басталуы. Өлген адамның дұғасын шерк санайтын уаһабшыларға керісінше, пайғамбардың дәрежесі мен орны хазіреттің қайтыс болуымен жойылатын материалдық өмір емес. Алла елшісінің ерекшеліктері мен Жаратушыға жақын болуы хазіреттің тек бұл дүниедегі өмірімен шектелмейді. Алла елшісі дүниеден озғаннан кейін де ерекшеліктерін сақтап қалады. Пайғамбар мен діни тұлғаларға тавассул ету олардың өмірлерімен шектелмейді. Олар қайтыс болған соң да оларға тавассул етуге болады.