Илаһи жетекшілер (18)
Бағдарламамыздың өткен бөлімінде мүміндердің әміршісі хазірет Әлидің (ғ.с) өмірі жайлы баяндап, хазіреттің тұлға ретіндегі жоғары сипаттарына қысқаша тоқталдық. Сондай-ақ, хазіреті Әлидің (ғ.с) Қағбаның ішінде тылсым кеңістікте дүниеге келуін, исламды қабылдаған алғашқылардың бірі болғанын баяндадық. Бүгінгі бөлімде осы тақырыпты жалғастырып, хазіреттің өмірінің басқа да ерекше тұстарын қарастырамыз.
Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) Құрайыш тайпасының билігі мен жәһілдік кезеңіндегі бұзылған мәдениет, экономикалық және мәдени кедейшілік, ахлақтық және әлеуметтік құлдырау мен пұтқа табынушылыққа байланысты Ислам дінін насихаттауда қиын жағдайларға тап болды. Сол себепті, пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін Құдай оған үш жыл бойы жасырын түрде өз жақындарын Исламға шақыруға әмір берді. Осы мәселеге қатысты уәһи түсіруші періштелер тарапынан оған: "Жақын ағайындарыңа ескерт!",- деген аят түсірілді (Шұғыра сүресі, 214 аят). Бұл аят түскеннен кейін пайғамбар (с.ғ.с) Әлиге (ғ.с): "Құдай маған өз жақындарымды Оған табынуға шақыруды бұйырды. Қойды құрбандыққа шалып, аздап сүт пен нан әзірлеңдер",- деді. Әли (ғ.с) Пайғамбардың (с.ғ.с) дәстүрімен қырыққа жуық адамды шақырып, олардың барлығы пайғамбардың (с.ғ.с) қонағы болып, лайықты түрде күтілді. Пайғамбар (с.ғ.с) енді сөз бастайын дегенде Абу Лаһаб: "Ол сендерді дуалап алады, сендерді ата-бабаларыңның әдет-ғұрпынан алыстатқысы келеді",- деді. Осындай сөздермен қонақасы бұзылып, Пайғамбар (с.ғ.с) сол күні жиналған халыққа шақырғандағы мақсатын жеткізе алмады. Содан кейін туыстарын тағы шақырып, олар тағы да Пайғамбардың (с.ғ.с) алдында бас қосты.
Пайғамбар (с.ғ.с) оларға: "Әбдумүтәліптің перзенттері! Бәлкім, арабтардың ішінде өз халқына мен ұсынған сыйдан жақсырақ сый жасаған адам жоқ шығар. Егер менің шақыруымды қабыл алсаңдар, сендерге дүние мен ақыреттің жақсылығына кепілдік етемін. Сендердің араларыңда қайсыың менің бауырым, ізбасарым әрі халифым болатындай осы илаһи істе маған серік боласыңдар?",- деп сұрайды. Ешқайсысы үн қатпайды. Осындай маңызды әрі тағдырды шешетін сәтте жасы 13-те болған Әли (ғ.с) үнсіздікті бұзып: "Уа, Алланың елшісі! Мен сіздің өтінішіңізді қабылдаймын" дейді. Пайғамбар (с.ғ.с) өз өтінішін үш мәрте қайталайды. Әр бір жолы тек Әли (ғ.с) ғана өтінішіне жауап береді. Содан кейін хазірет Мұхаммад (с.ғ.с) өз туыстарына: "Әли – сендердің араларыңдағы менің ізбасарым әрі халифым. Оның сөзіне құлақ асып, айтқанын орындаңдар",- дейді. Осы сөзбен жиын аяқталып, қонаққа келгендер мысқылдап күліп, Әбу Талибке: "Мұхаммад ұлыңның соңынан еруге, саған оның айтқанын орындауға бұйырды. Ол Әлиді сенен жоғары қойды",- десті.
Сол тарихи күні Әли (ғ.с) Алла елшісінің ізбасары ретінде тағайындалып, оған маңызды басымдылық берілді. Шын мәнінде, Пайғамбар (с.ғ.с) асқан көрегенділік және есептелген жоспар бойынша қоғамдық пікірді дайындап, ислам үмбетінің келешегі үшін қиындық тудырмау мақсатында Құдайдың әмірімен пайғамбарлық бағытты жалғастыруға Әлидің (ғ.с) имамат басына келуі үшін қажет жағдай жасауды мақсат еткен болатын. Бір жағынан, Әли (ғ.с) бала кезінен пайғамбардың (с.ғ.с) жанында тәрбиеленгендіктен, ол хазіретке сүйіспеншілік танытатын. Екінші жағынан, әкесі Абу Талибтің пайғамбарды қалай қорғап жүргенін, дұшпанның оған зиян келтіруіне алаңдайтындығына куә болып жүрген Әли өз әкесімен бір бағытта қадам басып, пайғамбардың жанынан бір қадам алыстамай, ол хазіретті қорғап жүретін.
Пайғамбар (с.ғ.с) пайғамбарлық міндетке таңдалғаннан үш жылдан кейін Алланың елшісі (с.ғ.с) илаһи бұйрықпен өзінің пайғамбарлық міндетін баршаға паш етіп, халықты Ислам дінін қабылдауға, таухидке шақырды. Сол сәттен бастап, құрайыш тайпасы мен мүшірік әрі кәпір басшылардың пайғамбарға көрсеткен қысымы мен қоқан-лоққылары күшейе түседі. Хазірет Әли (ғ.с) барлық қиын-қыстау сәттерде пайғамбардың (с.ғ.с) жанында болды. Пайғамбар (с.ғ.с) уәһи арқылы қатыгез дұшпандары кеңесіп, оны өлтіруге шешім қабылдағаннан хабардар болады. Сол себепті илаһи әмірмен ол дұшпанның арам пиғылды жоспарын залалсыздандырып, өзінің пайғамбарлық міндетін жалғастырып, Ислам дінін таратуды жүзеге асыру үшін түнделетіп Мәдинеге көшіп кетеді.
Пайғамбар (с.ғ.с) кетер алдында Әлидің (ғ.с) мойнына батылдықты қажет ететін өте қауіпті әрі маңызды міндетті жүктейді. Пайғамбар (с.ғ.с) оған үйінде қалып, төсегінде жатуды сұрайды. Өзінің жанпидалығын іс жүзінде дәлелдейтін сәтті күтіп жүрген Әли (ғ.с) пайғамбардың бұйрығын бұлжытпай орындайды. Дұшпандардың пайғамбардың үйіне шабуыл жасайтынын жақсы білген Әли (ғ.с) таң атқанша пайғамбардың төсегінде жатады. Сол кезде пайғамбардың дұшпандары оның үйіне баса-көктеп кіріп, жатқан төсегіне қарай бас салмақ болғанда кенеттен Әли (ғ.с) орынан тұрып, қолына өткір семсерін ұстап, бәрінен бұрын төсекке жақын келген Халедке қарай беттеп, күтпеген жерден оның семсерін тартып алады. Таңырқаған кекшілдердің тобы: "Біздің сенімен ісіміз жоқ. Досың Мұхаммад қайда?",- деп сұрайды. Әли (ғ.с) оларға: "Менің хабарым жоқ",- деп жауап қайтарады. Сол кезде олар өздерінің пайғамбарға (с.ғ.с) қарсы құрған қастандық әрекеттерінің сәтсіздікке ұшырағанын түсінеді. Осылайша олар сәтсіздікке ұшыраған күйде үйден шығып кетеді. Ұлы Алла Тағала Пайғамбар (с.ғ.с) аман қалуы үшін өз басын қатерге тігуге әзір болған Әлидің (ғ.с) ерлігін сипаттау үшін келесі аятты түсіреді: "Адамдардан Алланың ризалығын іздеп, жанын сататындар да бар. Алла (Т.) құлдарына тым жұмсақ" (Бақара сүресі, 207 аят).
Тарихта "ләйләт ул-мәбит" деген атпен қалған бұл батыл әрекеттің ізгілігі мен маңызы ислам әлемінің көптеген ойшылдарының хазірет Әлиді (ғ.с) дәріптеуіне, Әлидің (ғ.с) бұл жанпидалығын оның ең ізгі қасиеттерінің бірі деп есептеуіне себеп болды. Осы оқиға жайлы сөз қозғалған кезде жоғарыда аталған аяттың сол хазіретке қатысты түскеніне кәміл сенеді. Әлидің (ғ.с) өзі бұл жанпидалық әрекеттің бұрмаланып, оның басқаларға таңылуының алдын алу үшін: "Өз басымды қатерге тігіп, жер бетінде қадам басып жүрген ең жақсы адамды, Алланың үйі мен Ысмайылдың тасын тәуап жасаған ең ізгі ерді қатерден сақтап қалдым. Оның шарапатты есімі – Мұхаммад (с.ғ.с). Кәпірлер оны өлтіру үшін жоспар құрған кезде мен осы қауіпті амалға бел будым. Сол сәтте Ұлы Алла Тағала оны олардың арамдығы мен жауыздығынан сақтап, мен сол кісінің төсегінде таңды атырып, дұшпанды тосып, өлімге бел буып, тұтқындыққа әзір болдым" деген.
Осы оқиға жайында сүнитік және шиіт мазхабтары данышпандарының басым бөлігі келтіретін әйгілі хадис бар. Сол тарихи түні Құдай Жебірейіл (ғ.с) және Микәйіл (ғ.с) періштелеріне: "Мен сендерді бір-біріңнің бауырың етіп жараттым. Сендердің біріңнің өміріңді екіншіңнің өміріне қарағанда ұзағырақ еттім. Қайсың өмірің ұзарып, қайсың өлімді тезірек құшып, өз өміріңді екіншің үшін пида етесің?",- деп сұрайды. Олардың ешқайсысы тезірек өлуді қабылдамайды. Сонда Алла екеуіне: "Жерге түсіп, Әлидің (ғ.с) өз жанын Пайғамбар (с.ғ.с) үшін қиюға бел буғанын көріңдер",- дейді. Қос періште жерге түсіп, Әли (ғ.с) жатқан жерге келіп, оны дұшпандардың қастандығынан аман сақтап қалған. Микәйіл періште (ғ.с) оның аяқ жағында, Жебірейіл (ғ.с) періште бас жағына келіп, Әлиге (ғ.с): "Жарайсың, Абу Талибтің баласы! Сенен асқан адам жоқ! Құдай періштелерінің алдында сені мақтан тұтады",- дейді.
Кейбіреулердің ойында "Пайғамбар (с.ғ.с) Әлиді (ғ.с) неліктен өзімен бірге алып кетпей, ол хазірет Меккеде қалды" деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сауалға жауап ретінде былай деген жөн: Пайғамбар (с.ғ.с) Меккенің надан әрі кекшіл мүшріктерінің өзін өлтіруді көздеп жүргенін білді. Ол хазірет дұшпандарының жоспарын залалсыздандыру үшін парасаттылық және даналықпен амал етуі тиіс болды. Өз жоспарын іске асырып, дұшпанды сәтсіздікке ұшырату үшін артынан ешбір із қалдырмауы тиіс еді. Дәл сол себепті пайғамбардың (с.ғ.с) көшіп кеткенін сезбеуі үшін түн ішінде Меккеге жол тартады. Оның үстіне Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) мұсылмандарға, әсіресе сахабаларына өз басын қатерге тігіп, кез келген сәтте, қиындықтар мен қуанышты сәттерде пайғамбардың жанынан табылатын жалғыз адамның мүміндердің әміршісі Әли екенін іс жүзінде дәлелдегісі келді. Сондай-ақ, бұл хадисте пайғамбардың иелеріне қайтарылуы тиіс бірқатар қарызы мен аманаттары болғаны айтылған. Ұлық пайғамбар (с.ғ.с) бәрінен бұрын Әлиге (ғ.с) берік сенетінін көрсету үшін оны Меккеде қалып, осы міндетті орындауы үшін таңдайды.
Сондықтан Әлидің (ғ.с) Меккеде қалып, Ислам пайғамбарының (с.ғ.с) төсегінде ұйықтауы және пайғамбардың жоспары мен Меккеден Мәдинеге көшуінде негізгі рөл атқарғаны өте парасатты әрі алдын ала жоспарланған әрекет болғаны айдан анық. Меккеден Мәдинеге көшу Ислам тарихында тағдырды шешуші өзгеріске себеп болып, Әлидің (ғ.с) ұсынысымен екінші халифенің билігі кезінде Ислам әлемінің тарихы басталған кез ретінде бекітілді.