Иранға сапар (178)
Элам облысы 19086 шаршы шақырым ауданды алып жатыр. Оның жер бедері таулы болып келеді.
Облыс Иранның батысы мен оңтүстік-батысындағы Загрос тау сілемінің бір тармағы Кабиркуһ тауларының арасында орналасқан. Элам облысы солтүстікте Керманшах облысымен, оңтүстікте Хузистан облысы және Ирак елімен, шығыста Луристан облысымен, батысында тағы да Ирак елімен шектесіп жатыр. Эламның таулары Загрос таулы сілемінің тармағы болып саналады. Осы таулы сілемнің батысында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай қыраттар қатарлас созылып жатыр. Элам облысының солтүстік пен солтүстік-шығыстағы аудандары таулы жерде орналасқан. Облыстың батысы мен оңтүстік-батысындағы аймақтарын ойпатты жерлер мен аласа төбелер алып жатыр. Онда Махвар төбесі бар.
Элам облысы климаттық жағдай тұрғысынан Иранның ыстық аймақтарының қатарына жатады, бірақ биіктіктердің болуына байланысты облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен батысындағы температура дәрежесі мен жауын-шашын мөлшерінің айырмашылығы көп. Климат тұрғысынан бұл облыстан суық, ыстық және қоңыржай деген үш аймақты көруге болады. Жылдық жауын-шашын мөлшерінің молдығы бір жағынан, Элам облысының Загрос таулы сілемінің жер бетіндегі суларының тоғысатын жері болуы екінші жағынан көптеген өзендердің пайда болуына себеп болды. Осы суларды пайдалану мақсатымен онда бөгеттер мен көптеген каналдар салынған. Облыстың орталығы – Элам қаласы. Ол көптеген табиғи сұлулықтарға ие болғандықтан «Загрос өлкесінің қалыңдығы» деген атаумен танымал.
Элам өзінің таулы сілемдері және кең алқаптарымен жан-жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрінің өсіп-өнетін жеріне айналған. Олар аймақтың сұлу табиғи панорамасын тудырған. Таулардың етегі емен ағашы орманымен көмкерілген. Бұл аймақта өзендер мен сарқырамалар көп. Олардың әрқайсысы ерекше тартымды әрі рухты көтеретін көрініс сыйлайды. Иранның тың аймақтарының бірі саналатын Элам табиғи туризм саласында айшықты да құнды мүмкіндіктерге ие.
Иранның осы аймағының көне тарихи тамыры бұл аймақта құнды ескерткіштердің болуына себеп болды. Олардың атаулары ежелгі Иранның аңыз-әңгімелерін еске түсіреді. Элам облысының мәдени және әлеуметтік тартымдылықтары – аймақтың келесі сұлулығы. Олар облыстың туристік тартымдылығын одан ары арттырады. Бұл аймақта әдемі жабайы гүлдер өсетін көктем мезгілі мен тулап ағатын өзендер мен әдемі сарқырамалар ағатын жаз мезгілі Элам облысына сапармен баруға ең қолайлы уақыт болып табылады.
Бұл аймақ тарихи деректер бойынша ежелгі Элам елінің бір бөлігі болған. Элам елін б.з.д. шамамен 3000 жылы Ассирияның құдіретті патшасы Ашурбанипал жойған. Вавилондық жазбаларда Элам «Аламту» немесе «Алам» деп аталған. Бұл сөз «таулы жер» немесе «Күн шығатын ел» деген мағынаны білдіреді. Элам құлағаннан біраз өткеннен кейін оның аумағы батыста парттар мен мадтардың ықпалындағы екі аймаққа бөлінді.
Бұл жер Ахеменилер заманында осы әулет патшалығының құрамына кірген. Иранды мұсылман арабтар жаулап алғаннан кейін бұл аймақ Куфа уалаятының құрамында болуы ықтимал. Х.қ.ж.с.б. 4 ғасырдың басынан 6 ғасырдың басына дейін Хасанавие Күрд әулеті Луристан мен Эламды билеген. Х.қ.ж.с.б. 570 жылдан 1006 жылға дейін лур атабектері Луристан мен Пошткуһқа билік жүргізген. Лур атабектерінің ең соңғы билеушісі Шахруди хан шах Аббас I-нің қолынан қаза тапқаннан кейін шах Аббас бұл аймақты билеуді Пошткуһ билеушілерінің алғашқысы Хосейнханға берген. Элам мен Пошткуһта олардың автономды билігі үш ғасырға созылған. Бірақ Пошткуһ билеушілерінің билік жүргізетін орталығы аймақтың тұрмыс салтының әсерінен тұрақты жерде орныға алмады. Көшпелі тайпалардың қыстауы Ирактың Бақшахысы мен Қос өзен арасындағы хосейниеде орналасса, жайлауы Халилан мен Хосейнабадта (қазіргі Эламда) болған. Осы әулеттің ең соңғы билеушісі 1307 жылы биліктен алынып, үкімет билігі х.ш.ж.с.б. 1308 жылы қазіргі Элам Хосейнабад деген ауданда жаңадан құрылды. Х.ш.ж.с.б. 1314 жылдың шахривар айында министрлер кабинетінің шешімімен ежелгі Элам өркениетінің салтанатын еске сақтау мақсатында Хосейнабад ауылының аты Элам деп өзгертіліп, бұл ауыл қала деп танылып, Элам облысының орталығы болып таңдалды.
Элам облысының орталығы Элам қаласы таулар мен нулы ормандардың қоршауында қалып, қоңыржай таулы ауа райына ие. Элам бағзы замандарда «Аривджан» деген атпен танымал болған, бірақ қазір Элам қаласы Элам облысының саяси-әкімшілік орталығы ретінде Иранның батысындағы дамыған қалалардың бірі саналады. Орманды бақтар мен көне ескерткіштердің болуына байланысты облыстың ең әдемі қалаларының бірі ретінде танылған. Эламның ең маңызды тарихи тартымдылықтарының қатарында көптеген қамалдар, көне диірмендер, көпірлер, тас тақташалар мен зиярат орындарын атауға болады. Мұнымен қоса, көптеген сарқырамалар, үңгірлер, тоғандар, жерасты су каналдары, бұлақтар, нулы ормандар сияқты теңдессіз табиғи жерлердің болуы аймақтың тартымдылығын одан ары арттырды.
Эламның экономикасы да таулы аймақтардың көбі сияқты егін және мал шаруашылығына негізделген. Облыстың көп жерінде егін шаруашылығы дәстүрлі тәсілмен жүргізіледі, оның әртүрлі кезеңдері – егу, күту мен ору қарапайым принциптер мен тәсілдерді пайдалану арқылы атқарылады. Облыстың ең маңызды егін шаруашылығы – бидай. Бұл облыста мал шаруашылығын дамытып, кеңейту үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда Элам облысы халқының басты жұмысы мен табысының басым бөлігі егін шаруашылығы арқылы қамтамасыз етіледі. Әралуан ауа райы, таулар мен ормандар, салыстырмалы түрдегі жасыл биіктіктер мен көктем мен жаз кезіндегі жайқалған гүлдер мен өсімдіктердің түр-түрі, ыстық және суық аймақтың жақын орналасуы, осылардың барлығы омарта шаруашылығымен айналысуға қолайлы жағдай тудырды.
Элам облысында өнеркәсіп саласы әр түрлі салалар бойынша қызмет көрсету және ауыл шаруашылығымен салыстырғанда жұмыспен қамтудың өте аз бөлігін құрайды. Элам облысының өнеркәсібі көбінесе үйдегі және шеберханалардағы кәсіппен шектеледі. Бұрынғы кезде облыстың қазба байлықтары шөгінді заттардан тұрған, ал қазір бұл аймақтан мұнай мен газ көздері табылды.
Элам облысы көшпенді тайпалар орналасқан аймақ. Сол себепті мұнда қолөнер кәсібі қарқынды дамыған. Кілем, бедерлі кілем, джаджим, киіз, ағаш бұйымдары облыстың ең маңызды қолөнер бұйымдары саналады.
Элам облысында күрд, парсы, араб, ләк ұлттары бейбіт қатар өмір сүреді. Элам облысы тұрғындары арасында 70 пайыз таралған тіл – күрд тілі. Облыстың барлық аудандарындағы әртүрлі тайпалар мен ұлттар сәл айырмашылықпен осы тілде сөйлеседі. Элам күрдтерінің диалектісі күрд тілі диалектілерінің біріне жатады. Ол оңтүстіктегі күрд диалектісінің бір түрі ретінде колхари, санджаби және ләки түрлерімен қатар тұрады. Бұл диалектіні «фили» деп те атайды. Мұны қолданушылар көбінесе Элам облысында, сондай-ақ Ирактың оңтүстік-шығысындағы Күрдістан аймағында тұрады. Элам облысының диалектіде сөйлейтін екінші тобы – ләкилер. Олардың өзі күрд ұлтынан шыққан. Көбіне облыстың шығысы (Даррешах пен Абданан аудандары) мен оңтүстігінде (Ширван және Чардавал ауданы) шашырай орналасқан. Лурлар да диалектіде сөйлетін азшылық топ ретінде облыстың оңтүстік және шығыс аудандарында шашырай қоныс тепкен. Облыстың шалғай оңтүстігінде, Хузистан облысымен жапсарлар жерде арабтар өмір сүреді. Олар облыстағы сан жағынан аз диалектілі топты құрайды.