Иранға сапар (179)
Ширван жəне Чардавал ауданы – Элам облысының солтүстік-шығысында, Теһраннан 737 шақырым қашықтықта орналасқан аудандарының бірі.
Ширван жəне Чардавал ауданының ауа райы таулы қоңыржай. Бұл аудан Элам облысының тарихи ошақтарының бірі саналады. Оның тарихы Сасанилер заманынан басталады. Ширван көне қаласы Симре өзенінің солтүстігінде орналасқан. Онда Сасанилер заманына тиесілі тас пен алебастрдан салынған ғимараттардың қирандылары сақталып қалған. Сараб Калан қаласының ескерткіштері, тарихи қамал, «Сам» отқа табыну орны, 160 төбе, Халилан мен Мобиндегі ежелгі өркениеттің қалдықтары сияқты ежелгі тарихи ескерткіштер бұл ауданның терең тарихынан хабар береді.
Сирван қаласы – Элам облысының тарихи қалаларының бірі. Ол Ширван жəне Чардавал ауданында Сараб Калан тауының етегінде орналасқан. Бұл қала Загростың Мианкуһ сайында орналасқан ежелгі мекендердің бірі болып табылады. Сасанилер дəуіріне тиесілі Сирван қаласы ислам келгеннен кейінгі алғашқы ғасырларға дейін (5 ғасыр) өркениет орталықтарының бірі саналған. Бұл қаланы салуда тас, қоспа, сарудж бен алебастр сияқты құрылыс материалдары қолданылған. Сирван қаласы өзінің гүлдеп, шарықтап тұрған кезінде Масабзан уалаятының орталығы, Сасанилер дəуіріндегі маңызды абадтандырылған қалалардың бірі болған. Сонымен қатар бұл аймақта көпірлер, жолдар, алаңдар, қамалдар мен көне қоныстардың болуы аталмыш қаланың маңызылығынан хабар береді.
Кязабад төбелері де Ширван жəне Чардавал ауданының құнды ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл үлкенді-кішілі төбелер осы ауданның солтүстік-шығысындағы Халилан ауылында орналасқан. Үлкен төбенің шығыс бөлігінде 3 мың жылдам астам тарихы бар нақышталған құмыралардың сынықтары мен қашалған жəне қашалмаған тастар табылды. Үлкен төбенің солтүстігінде үлкен зират орналасқан. Одан қабірлердің бірнеше түрі және қыш заттар мен құмыралар табылған.
Ширван жəне Чардавал ауданындағы «Сам» қамалы археологиялық алаңы да Элам облысының тарихи ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл кешен бір-бірімен байланысқан, сонымен бір мезгілде алшақ та тəуелсіз бөліктерден тұрады. Аталмыш кешен уақыт тұрғысынан Парттар дəуірінің аяғы мен Сасанилер дəуірінің бас кезінде салынуы ықтимал. Қамалдың архитектуралық құрылысы əскери-қорғаныстық сипатқа ие, өйткені қамал таудың оған жету қиын жерінде орналасқан. Жобалаушы немесе сəулетші мұнаралар, бөлмелер мен кіреберіс дәліздерді жартастардың табиғи жағдайын назарға ала отырып салған. Жалпы алғанда қамалдың құрылысы Сасанилер заманындағы сəулет стиліне жатады. Қамалды салуда тас, алебастр, сарудж, қоспа, балшық сияқты құрылыс материалдары қолданылған. Қамалдың жанында шамамен 500 жылдық көне шынар ағаштары мен тұщы бұлақтар бар. Онда мереке кезінде қолданылатын алқызыл алое ағашының тамырын табуға болады.
Мехран ауданы – Элам облысының Иран мен Ирак шекарасында орналасқан аудандарының бірі. Аудан орталығы – Мехран қаласы. Бұл қала өте құнарлы жерде орналасқан. Резахан билігі кезінде көшпелі тайпаларды отырықшыландыру бұйрығына сəйкес малхатави, сейфи, заруш шекар мен заруш абде тайпаларының халқы осы жерге орналастырылған. Үкімет тарапынан оған Мехран деген атау берілген. Мехран халқының тегі – филилік күрд, тілі – күрд тілі. Бұл ауданда көшпелі тұрмыс салты сақталынған. Малекшахи тайпасы ауданның негізгі қауымына жатады. Халықтың негізгі кəсібі – егін шаруашылығы. Егіншілердің көбінің өсіретін өнімі – бидай.
"Голгол" (Гелгел) ассириялық тас жазбасы Мехран ауданында орналасқан. Бұл тас жазба Ашурбанипал дəуіріне тиесілі. Оның шамамен 3 мың жылдық тарихы бар. Ол Малекшахи Голгол ауылынан жоғарырақ жартастың шығыс қабырғасының бетіне 135×90 см көлемде вертикалды түрдегі тіктөртбұрышты қалыпта жасалған. Жазба тақташасы жерден 270 см биіктікке орналасқан. Жазба тақташасының бетіне бас киім киіп, найза ұстаған ашурилік сарбаздың мүсіні, ал оның жоғары жағында ай мен жұлдыз бейнеленген. Бұл тастың төменгі бөлігінде сына жазуымен бірнеше сөйлем жазылған. Бұл жазуды 1973 жылы Ванденберг аударды.
Тақташадағы мəтінде ассириялықтардың Элам мен Луристанды (касилердің жері) жеңуі жайында жазылған. Жазбаның бір бөлігінің мазмұны мынадай: "Ұлы құдайлар мейірім жасап, мені əкемнің тағына отырғызды. Олар жерді басқаруды маған тапсырды".
Эйван ауданы Эламның солтүстігінде, Теһраннан 761км шақырымда орналасқан. Ондағы ауа райы таулы қоңыржай. Эйван – Элам облысының жаңа құрылған ауданы. Онда егін және мал шаруашылығының әлеуеті зор. Бұл ауданның табиғи сұлулығы да, көне ескерткіштері де өте тартымды. Эйван қаласының халқы колхар тайпасынан шыққан және колхар тілінде сөйлеседі.
Сасанилер дәуірінен қалған салтанатты ескерткіштерді бірі «Сиахгел» аташкаде-отқа табыну орны Эйван қаласынан 25 шақырым жерде суы мол Гянгир өзенінің оңтүстігінде орналасқан. Бұл аташкаде – Элам облысында Исламға дейінгі дәуірге тиесілі аман қалған отқа табыну орындарының бірі. Ол өз түрінде бірегей әрі археологиялық зерттеулер тұрғысынан өте маңызды. Бұл тарихи құрылыста ауданы 5х5, биіктігі шамамен 10 метрді құрайтын шаршы пішіндес терраса бар. Қабырғалардың қалыңдығы – 1 метр. Онда от салатын жер, жоғары жағында түтінді шығаруға арналған саңылаулар бар. Бұл құрылыстың айналасы қоршаумен қоршалған, бірақ бүгінде ол табиғи және адами факторлардың әсерінен қиратылған. Құрылыс тас, сарудж бен алебастрдан салынған.
Осы ескерткіштің айналасында жүргізілген қазба жұмыстары барысында аташкадемен дәуірлес архитектуралық құрылыстардың қалдықтары анықталды. Бұл жерде Аривхан (Аривджан) деген қаланың болу ықтималдығын арттырады.
Аривхан жоғалған қаласы – Элам облысының тарихи қалаларының бірі. Тарихи деректер мен құжаттар, саяхатшылар мен сапарнама жазушылардың мәліметтері бойынша бұл қала Гянгир өзенінің жағалауында болған екен. Осындай ескерткіштер кешені мен басқа да археологиялық айғақтардың болуы бұл аймақта бір тарихи қаланың болғанын көрсетеді.
Сасанилер дәуіріне тиесілі «Фархад пен Шырынның» аркасы Эйван ауданының Чехел Зараи ауылында орналасқан. Бұл құрылыста екі арка мен бір кіреберіс есік бар. Екі арканың қаңқасы үлкен тастардан құралған. Тастар сылақ қоспасыз бірінің үстіне бірі қаланған.
Абданан ауданы – Элам облысы аудандарының бірі. Оның орталығы – Абданан қаласы. Бұл аймақта мұнай, күкірт пен тотияйын кен орындары бар. Судың молдығы мен ормандар мен шалғынды жерлердің болуы егін мен мал шаруашылығы үшін тиімді. Бұл ауданда көптеген тарихи және археологиялық ескерткіштердің болуы оның терең тарихынан хабар береді. «Гур-е Гябран» (отқа табынушылардың қабірі) мен «Крудит» қамалы – осындай ескерткіштердің қатарына жатады. Абданан ауданында көптеген демалыс орындары бар.
Осы ауданда орналасқан «Сиахгав» қос көлі – Иранның ең сирек кездесетін таңғажайып табиғи құбылыстарының бірі. Ол халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылыққа айналу мүмкіндігіне ие. «Сиахгав» өзені Абданан қаласының оңтүстік-шығысынан 45 шақырым жерде «Кабиркуһ» тауындағы жартастардың арасы мен сайдан өткеннен кейін екі көлге айналады. Бірінші көл екіншіден сәл биік орналасқан.
Мөлдір су, қамыс алқабы, түрлі түсті балықтар, күн сәскеден асқанда сәуленің ойнауы және соның нәтижесінде алуан түрлі нұрдың пайда болуы осы таңғажайып құбылысқа бірегей сұлулық сыйлайды. Шеңбер пішіндегі бұл екі көлдің әрқайсысының ауданы 30 шаршы метр, тереңдігі шамамен 3 метр. Олар ені 1 метр, ал ұзындығы 8 метрді құрайтын бір табиғи арық арқылы бір-бірімен жалғасып жатыр.
Көл қыстың аяғы мен көктем мезгілінде Элам облысы мен Абданан ауданы тұрғындарының демалатын орны болғанымен бұл жердің ауа райы көлдің кез-келген мезгілде туристерді өзінің сұлу табиғатын көруге шақыруына жағдай жасады. Осы сирек кездесетін құбылыстың ерекшеліктерінің қатарына әртүрлі химиялық тұздардың, көл суының құрамында күкірттің болуы және көлдің ішінен қайнап шығатын тұщы су көздерінің болуы жатады.