Ақп 04, 2018 11:37 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (21)

Өткен бірнеше бөлім барысында Хунайн шайқасы мен Пайғамбардың (с.ғ.с) пәк жанын қорғауда хазірет Әлидің (ғ.с) атқарған ерекше рөліне тоқталдық. Бүгінгі бөлімде хазірет Әлидің (ғ.с) өміріндегі құлдыраулар мен шарықтау сәттерін қарастыруды одан әрі жалғастырамыз.

Табук – пайғамбардың (с.ғ.с) ислам дінін тарату үшін барған ең алыс жер. Табукке аттанар қарсаңында мұнафықтардың жасаған астыртын әрекеттері мен орын алған оқиғалар олардың ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) жаңадан негізін қалаған үкіметке соққы беру үшін қолайлы сәтті күтіп, пайғамбар (с.ғ.с) Табукке кеткен кезде хазіреттің Мәдине қаласында болмауын өз жоспарларын жүзеге асыру үшін ең қолайлы сәт деп есептегенін көрсетті. Бірақ, олар Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі Мәдинеде жоқ кезде орнына Әлиді (ғ.с) қалдыруды шешкенінен хабарсыз болды. Сол себепті Пайғамбар (с.ғ.с) Әлиге (ғ.с): "Мәдинеде не сен, не мен қалуым керек. Бұдан басқа шара жоқ",- дейді.

Табук

Әлидің (ғ.с) Мәдинеде қалуымен мұнафықтардың жоспарының күлі көкке ұшты. Алайда олар "Пайғамбар (с.ғ.с) Әлидің Табук шайқасына қатысуын қалағанына қарамастан, ол хазіреттің қалауына бағынбай, соғыс майданына аттанудан бас тартты" деген қауесет таратты. Әли (ғ.с) кідірместен пайғамбарға (с.ғ.с) жол тартып, оған мұнафықтардың таратқан қауесеті жайлы баяндады. Алланың елшісі (с.ғ.с) "Манзалат хадисі" деген атаумен белгілі Әлидің дәрежесі жайлы хадисті баяндап: "Харунның Мұса (ғ.с) үшін ізбасары әрі бауыры болғаны секілді сен менің ізбасарым болғың келе ме? Тек бір айырмашылық, мен – соңғы пайғамбармын",- дейді.

Осылайша, мұнафықтардың бұл қастығы да бейтараптандырылып, Әлидің (ғ.с) жарқын да ізгі қасиеттерінің бірі Ислам тарихының бетінде мәңгілікке жазылды.

Пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеден Мәдинеге көшкенінен 9 жылдан астам уақыт өтіп, сол кезеңде таухид пен бір Аллаға табынуға шақыру мен шерктен бас тарту жайындағы Исламның қуатты үні Араб түбегіндегі мүшіріктердің құлағына да жетеді. Бірақ, соқыр сенімге ие жәһілдер тобы сонда да шерк пен пұтқа табынушылықты табандылықпен қорғайды. Сол себепті мүшіріктерге ұнамаса да, Пайғамбардың (с.ғ.с) шерк пен пұтқа табынушылықты толығымен жоятын кез келіп жеткен еді. Мұнымен қатар, Исламның ең ірі бүкілдүниежүзілік конгресі саналатын қажылық орындалып, таухид пен бір Құдайға сыйынудың көрініс табуы қажет болды. Сонымен қатар, жәһілдік кезеңіндегі ырымшылдықтан аулақ оның салтанатты рәсімін мұсылмандарға үйрету керек еді. Сондықтан, Пайғамбардың (с.ғ.с) таухид қажылығын орындау кезінде қатысу қажеттігі қатты сезілді. Бірақ, ол үшін Алланың үйін Құрайыш тайпасы басшылары мен ақсүйектерінің құл иелену, билік жүргізу, өз орнын бекіту және олардың адамгершілікке жатпайтын шеркке толы мүдделерін сақтау үшін қолданған құралы болған пұттардан тазарту керек болды. Сол себепті, Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) Абу Бәкрді (ғ.с) бір топ адаммен Меккеге аттандырып, оларға мүшіріктерден безуге үндейтін «Тәубә» сүресінің алғашқы аяттарын жеткізуге жіберуге шешім қабылдайды. Алайда, олар Мәдинеден әлі қатты алыстамаған кезде пайғамбарға (с.ғ.с) Жебірейіл періште түсіп, илаһи жолдауды жеткізіп: "Мүшіріктерден езу үндеуін не өзің, немесе әулетіңнің бір мүшесі жеткізуі тиіс",- дейді. Пайғамбар (с.ғ.с) Әлиді (ғ.с) шақыртып, оны өзінің тұлпарына мініп, Меккеге жол тартып, Құдай мен пайғамбардың (с.ғ.с) мүшріктерден  безу жайлы аяттарын оларға жеткізіп, оқуды сұрайды.

Әли (ғ.с) бар күшімен және жарқын даусымен илаһи аяттарға негізделген төрт тармақтан тұрған төмендегі қарарды оқиды:

  1. пұтқа табынушылардың енді Алланың үйіне кіруге қақылары жоқ;
  2. Қағбаның құрметі сақталуы тиіс, сондықтан жәһілдік дәуіріндегі салт-дәстүр бойынша ешкімнің киімсіз Қағбаны тәуап етуге құқығы жоқ;
  3. бұдан былай ешбір пұтқа табынушы қажылықтың таухидтік рәсімдеріне қатыспайды;
  4. барлық келісімдер мен уағдалар сақталынады; мүшірік, күпір басшыларға пұтқа табынушылықтан бас тартып, Ислам үкіметіне қатысты өз ұстанымдарын анықтау үшін төрт ай мерзім беріледі.

Ұзақ уақыт өтпестен, мүшріктер топ-тобымен біртіндеп бір Құдайға сыйынушылардың қатарына қосылады. Меккеден Мәдинеге көшкеннен кейінгі "хиджра" жыл санағы бойынша оныншы жылы пұтқа табынушылық толығымен аяқталып, таухидтің туы жоғары көтерілді. Осылайша, Исламның ғажайып тарихындағы тағы бір мақтан тұтарлық іс Әлидің (ғ.с) атына тіркеліп, бұл хазіреттің істерінің кітабына тағы бір алтын парақ қосылды.

Ислам дінін тарату барысында исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) әлем мемлекеттерінің басшылары мен діни орталықтардың басқарушыларына жеке-жеке хат жолдайды. Соның ішінде хазірет Хиджаз бен Йемен шекарасында орналасқан Наджран эпископына да хат жазып, христиандарды Исламды қабылдауға шақырады. Ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) өкілдері пайғамбардың (с.ғ.с) хатын Наджран эпископына жеткізеді. Ол хатты мұқият оқып шығып, шешім қабылдау үшін христиандық ұлы тұлғалардан тұратын кеңес құрады. Олар Пайғамбармен (с.ғ.с) жақын кездесіп, оның пайғамбарлығы жайлы дәлелдерді зерттеу үшін алпыс адамды таңдап, Мәдинеге аттандыру керек деген қорытындыға келеді. Алайда, алпыс адамнан тұррған христиандар тобы пайғамбармен (с.ғ.с) логикаға негізделген талқылау мен пікірталас жүргізудің орнына дау-жанжал шығарып, ислам дінін қабылдаудан бас тартады. Сол кезде пайғамбарға (с.ғ.с) "Мобаһеле" аяты түсіріліп, Пайғамбарға (с.ғ.с) бұл топқа қарсы келіп, ақиқатты мойындамайтын адамдармен кездесуге өздерінің жақын туыстарын ертіп келіп, қолдарын аспанға жоғары көтеріп, жалған уәж айтушы қарсы топқа қарғыс айтуды тапсырады. Олар пайғамбардың (с.ғ.с) ұсынысын қабылдап, «мобаһеле», яғни қарғыс айтуға дайындалуға келіседі.

Пайғамбар (с.ғ.с) мобаһеле рәсімі өткізілетін мекенге ерекше түрде келеді. Ол хазірет Хосейнді (ғ.с) құшағына алып, Хасанның (ғ.с) қолынан жетектеп, хазірет Фатима (ғ.с) мен хазірет Әли (ғ.с) пайғамбардың соңынан еріп келеді. Наджран христиандары өкілдерінің басшылары пайғамбармен бетпе-бет келместен бұрын бір-біріне: "Егер Мұхаммад материалдық және сырттай сән-салтанатымен мақтанып келсе, оның пайғамбарлығы мен заңдылығына байланысты күмән келтіріңдер. Ал егер әсемдік пен даңқтан аулақ болып, қарапайым келетін болса, оның пайғамбар екендігі күмәнсіз",- дейді. Христиандардың өкілдері өз араларында осы мәселені талқылап жатқан кезде кенет төрт жақынымен келе жатқан пайғамбардың (с.ғ.с) нұрлы жүзі көрінеді. Наджран христиандар тобының басшылары бір-біріне таңырқап қараған күйінде пайғамбардың (с.ғ.с) «мобаһелеге» қызы мен оның пәк перзенттерін және пайғамбарға деген махаббаты жұрттың аузынан түспейтін Әлимен (ғ.с) бірге келгенін көргенде қатты таңырқайды. Наджран эпископы: "Мен егер дұға ететін болса, біздің бәріміз жоқ болатындай пәк адамдардың жүздерін көріп тұрмын. Мобаһеледен бас тартқанымыз жөн болар",- дейді. Осылайша христиандар өз шешімін айтып, Алланың елшісі (с.ғ.с) олардың ұсынысын қабылдайды.

Мобаһеле мен осы оқиға туралы түскен аят шиіттер әлемі үшін мақтаныш пен ізгілікті дәлелдейтін ең үлкен құжат саналады. Себебі, аяттағы сөздер мен тіркестер Пайғамбардың серіктерінің ізгілік тұрғысынан қандай дәрежеде болғанын көрсетіп отыр. Бұл аятта Хасан мен Хосейн Пайғамбардың ұрпағы, Фатима хазірет әулетіне лайық жалғыз әйел ретінде айтылуымен қатар, Әли (ғ.с) "انفسنا", яғни "Пайғамбардың жаны" деп сипатталған. Сондықтан, Алла Тағала оны "Пайғамбардың жаны мен рухы" дәрежесіне көтеріп атайтындай адамның руханилық пен ізгілік тұрғысынан өте жоғары дәрежеге көтерілгенінен артық қандай ізгілік бар?

Исламның күннен-күнге артып келе жатқан ықпалы мен етек жаюы пайғамбарға (с.ғ.с) Ислам билігінің шеңберін кеңейтуге мүмкіндік жасап, хазірет Исламның таухидтік революциясын басқа елдерге таратты. Пайғамбар бұл мақсатта Муаз ибн Жәбәл атты сахабаларының бірін Йемен халқына таухидтің азаттық үні мен Исламның негізгі қағидаларын түсіндіріп, жеткізу үшін жібереді. Муаздың талпыныстарына қарамастан, Йемен халқы Исламды қабылдамай,  Муаз Мединеге оралады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с) сол жерде ислам дінін насихаттау үшін Халед ибн Уәлидті жібереді. Ол да Йемен халқының санасын Ислам дінін қабылдау үшін әзірлей алмағандықтан, алты айдан соң Мәдинеге қайтып келеді. Әлиге (ғ.с) жүктелген барлық тапсырмаларды орындаудағы хазіреттің ерекше жарқын өткенімен таныс болған Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) ақырында Әлиді Йеменге аттандырып, дұға тілегеннен кейін: "Халықты ақыл мен жақсы мінез-құлық күшінің көмегімен ақиқат жолына жетелеуге талпыныс жаса",- деді.

Әли (ғ.с) Йеменмен шекаралас жерге жеткенде Ислам сарбаздарын сап түзеттіріп, барлығы таң намазын орындайды. Содан кейін Йемендегі ең ірі тайпалардың бірі саналатын Хәмдан тайпасының барлық адамдарын таухидке шақыруға кепіл саналатын Пайғамбардың хатын тыңдау үшін біртіндеп атап, шақырады. Хазірет «Хәмд» сүресін оқып, Жаратушыға мадақ айтқан соң сөзін бастайды. Хазіреттің Исламның сенімдік негіздерін түсіндірудегі шешендігі мен ақылға қонымды сөздері Йемен халқына қатты әсер етіп, барлығы бір күннің ішінде Ислам дінін қабылдайды. Әли (ғ.с) Пайғамбарға (с.ғ.с) хат жолдап, барлық жайтты түсіндіріп жеткізеді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с) қатты қуанып, сәждеге тұрып, Аллаға шүкіршілік етеді.

Хазірет Әлидің (ғ.с) осы елеулі әрі табысты іс-сапарының маңызын Йемен халқының толығымен ерікті түрде Исламды өздерінің ресми діні ретінде қабылдап, мұсылман болғанымен сипаттау жеткілікті болар.