Нау 18, 2018 16:55 Asia/Almaty
  • Иран базары (29)

19 ғасырдың екінші жартысында пластмасса ойлап табылып, өндіріле бастағаннан кейін адамзат баласының өмірі таңғажайып өзгерістерге ұшырады. Бұл өнеркәсіп Иранда өте қолайлы жағдайға ие.

Адам баласының жаңалықтар тарихындағы полимерлерді өндіру – адам ойлап тапқан ең ғажайып жаңалықтардың бірі. Полимерлер – жасампаз ойдың нәтижесі әрі адамның ежелгі арманы. Тарих бойында көптеген адамдар химиялық реакциялардың көмегімен полимерлердің құрамын тазарту арқылы қолайлы қасиеттерге ие әртүрлі өнім өндіруге күш салды. Адамның полимерлер жасауды үйренуі осы ежелгі арманның орындалуымен бірдей.

Полимер

Полимерлер – пластикалық материалдарды қалыптастыратын негіз. Адамдар синтездік полимерлер жасай алғанға дейін табиғат целлюлоза, протеин, каучук, шайыр мен қарамай сияқты полимерлер жасаған болатын. Адамдар ұзақ уақыт бойы табиғи полимерлерді пайдаланып, тұрмысқа қажетті заттар мен қару-жарақтар жасаған. Алайда 19 ғасырдың екінші жартысында пластмасса ойлап табылып, өндіріле бастағаннан кейін адамзат баласының өмірі таңғажайып өзгерістерге ұшырады. Пластикалық материалдардың құрамы табиғатта бар көміртек, сутек, оттек, азот, хлор мен күкірт сияқты химиялық элементтерден тұрады. Бұл элементтер мұнай мен газ сияқты терең қабаттардағы шөгінділерден құралған отындар, ауа, су, тіпті тірі өсімдіктерден алынады. Химиялық элементтерді құрамдастыруда қайталау ретін өзгерту және орнын ауыстыру әралуан қасиеттерге ие әртүрлі пластикалық материалдардың туындауы мен өндірілуіне себеп болды. Бұл өнім қатты, жұмсақ, мөлдір немесе бұлдыр, ағаш, былғары немесе жібек сияқты бола алады. Пластикалық материалдардың қолдану аясы өте кең. Ұялы телефондар, қауіпсіздік бас киімдері, дәрі тамызғыш қапшықтар, бір рет пайдаланылатын ыдыстар, көптеген электр құралдарының сыртқы беттері және бәрінен маңыздысы, заттарды тасуға арналған пластикалық целлофандар жасауда пластмассаның әртүрлі түрі қолданылады. Пластикалық материалдардың ең жоғары  көлемі (30 пайызы) қаптама жасау өнеркәсібіне тиесілі. Осындай әралуандық пластикалық материалдардың адам өмірінде ауқымды рөл атқаруына себеп болды. Әлемде тұтынылатын мұнайдың 4 пайызға жуығы пластмасса өндіруге жұмсалады.

Резеңке мен пластмасса өнеркәсібі

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде байқалатын пластикалық материалдардың ешқайсы 150 жыл бұрын болмаған. Пластмасса өнеркәсібінің тарихы 1868 жылдан басталады. Азот қышқылы, камфора мен зығырдан тұратын пироксилиннің құрамынан целлулоид атты жаңа өнім мен толығымен бөлек материал алынды. Целлулоид дамытылған соң пластмасса өнеркәсібі қалыптасты. Целлулоидтың ең маңызды қолданыс аясы қозғалмалы суреттер таспасын тудыруға арналған алғашқы фотосурет таспасын жасауы болды. 50 жылдан аз уақыттың ішінде (1909 жылы) «фенолик» деп аталатын заттың табылуымен пластмасса өнеркәсібінде екінші серпіліс болды. «Бакелит» деп аталатын фенолформальдегид электр бөлшектерін жасауда көп қолданылады. Пластикалық материалдар өндіру өнеркәсібіндегі үшінші негізгі серпіліс пен ұлы өзгеріс 1920 жылдары ацетилцеллюлозаның келуімен басталды. Бұл полимер құрылым тұрғысынан нитроцеллюлозаға ұқсас, бірақ мұны өндіру және қолдану қауіпсіздік шараларын көбірек қажет етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нейлон мен полиэтилен сияқты материалдар нарыққа енді. 1970 жылдары өткізгіш полимерлер нарыққа шықты. Бұл өнім компьютер өнеркәсібінде, соның ішінде аналық  тақша жасауда өте көп қолданылады.

Пластмасса өнеркәсібін әлемдегі мұнай-химия, полимер мен химия өнеркәсібінің ең негізгі қосалқы саласы деп айтуға болады. Онда әртүрлі материалдар өндіріледі.

Пластикалық материалдардың бірегей ерекшеліктері оның әлемде ең көп қолданылатын материалға айналуына себеп болды. Пластикалық материалдардың металға қарағанда жеңіл болуы оларды әртүрлі жерлерде және әрқилы жағдайларда қолдануға мүмкіндік берді. Пластикалық материалдардың электр тоғын өткізбеуі оның электр және электроника өнеркәсібінде сымдар, кабельдер, электр құралдардың беті мен әртүрлі кілт, патрон мен розетка жасауда көп қолданылуына себеп болды. Пластикалық материалдар медицина саласында кең түрде қолданылады. Микробтар пластикалық материалдардың бетінде көбейе алмайтындықтан, бұл өнім хирургиялық, медициналық, стамотологиялық және фармацевтикалық құралдар жасауда қолданылады. Бояу қабылдай алу қабілеті, ыстыққа төзімділігі, әртүрлі атмосфералық жағдайлар мен химиялық заттардың әсеріне түспеуі жәнехимия, тамақ және медицина саласында қолданыла алу мүмкіндігі пластикалық материалдардың ерекшеліктерінің қатарында саналады. Осы артықшылықтармен қоса, шикізат бағасының төмендігі мен пластмассаны жасаудың жылдамдығын оны қолданудың кең таралғанына себеп болғанын айта кету керек.

Иран елде мұнай мен көптеген мұнай-химия өнімдерін жасау өнеркәсібінің болуына байланысты әлемде пластикалық материалдар өндіруші ірі елдердің бірі болып табылады. Пластмасса – мұнай-химия өнімдерінің бірі және солардың арасында ең көп өндірілетін материал. Мұнай-химия өнеркәсібі мұнай мен газ қоры бар елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы маңызды өнеркәсіп салаларының бірі болып табылады. Иранда мұнай мен газдың бай қорының болуына байланысты мұнай-химия өнеркәсібін дамытуғаинвестиция салынады. Мұнай-химия саласының бір бөлігі – газ. Иран бұл салада бәсекелестікке қабілетті артықшылыққа ие. Иранның табиғи газында этан деңгейінің көп болуы, ішкі нарықтың  үлкен болуы, елдегі мұнай-химия саласының әралуандығы Ирандағы осы саланың  бәсекелестікке қабілетті  артықшылықтарының бірі саналады. Бұл елдің мұнай-химия өнеркәсібінің жоғары потенциалға ие болуына байланысты инвестиция жөніндегі кеңесші Алестер Генмен сияқты кейбір адамдардың пікірі бойынша, Иранда инвестиция салуға теңдессіз мүмкіндіктер бар. Бұл елде өндірістің инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ұзақ мерзімде көптеген мұнай-химия өнімдерін экспорттайтын елдердің  біріне айналары сөзсіз.

Иранның пластмасса өнеркәсібі өнімдерінің халықаралық көрмелерге қатысуы

2014 жылы Иранның Таяу Шығыста мұнай-химия өнімдерін өндірудегі үлесі 25 пайыз болды. Иранда жылына 5 млн тонна полимер өндіріледі. Оның 1 млн-нан астамын коммерциялық пластмассалар құрайды. Бүгінде елдің 50-ден астам мұнай-химия компаниясы мен кешенінде әртүрлі салада, атап айтқанда тұрмыс заттары, текстиль, машина жасау өнеркәсіптерінде алуан түрлі өнімдер шығарылады. Осы салада жұмыс істейтін белсенділер қосалқы өнеркәсіпке толықтырушы сала ретінде көбірек инвестиция салып, жаңа білім мен технологияларды қолдану арқылы қосымша құн салығы жоғары өнімдер өндіріп, тұтыну нарығына шығаруға күш салып жатыр.

Пластмасса өнеркәсібімен қатар Ирандағы меламин өнеркәсібі жайлы да айту керек. Бұл бойынша Иран әлемдегі үздік 3 елдің бірі. Өткен жылдары Ирандағы меламин өнеркәсібінің белсенділері ыдыстардың қалыбы мен өндіріс бөлімдеріндегі сапаны бақылау зертханаларындағы жабдықтардың пішініне жаңалық енгізу арқылы Парсы шығанағы, Шығыс Еуропа, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Америка елдерінің нарықтарына алуан түрлі өнімдер экспорттады.

Иран – меланин өндіру бойынша әлемдегі үздік 3 елдің бірі

Әлемде пластикалық материалдардың болуы адам өмірін жеңілдеткені сөзсіз, алайда коммерциялық полимерлер, әсіресе пластикалық материалдарды өндіруді жөнсіз арттырып, олардың тез ыдырауға бейім болмауы экологияны бұзып, Жер планетасындағы тіршілікке қауіп төндіреді. Пластикалық заттарды қайта өңдеу бұл өнімдердің экологияға кері әсерін азайтуға бағытталған әсерлі тәсілдердің қатарына жатады. Бұл өнеркәсіп пластикалық заттардың қосымша құнының артып, көбірек қолданылуына себеп болады. Қайта өңдеу өнеркәсібі Иранда жас сала болып табылады. Бұған қарамастан ирандық зерттеушілер бұл салада әлемдік деңгейде жетістіктерге жетті. Соның ішінде  PET бөтелкелерін қайта өңдеу тәсілін ойлап табуды айтуға болады. Бұдан бұрын PET бөтелкелерін қайта өңдеудің физикалық тәсілінде тек бір рет оны қайта өңдеуге мүмкіндік болды. Алайда жас ирандық зерттеушілер тарапынан ұсынылған тәсілде бөтелкелер барлық бөліктері мен ықтималды қоспалар, соның ішінде заттаңба мен қақпағымен қоса реактордың ішіне салынып,  химиялық еріткіштің арқасында ерітіледі. Бірнеше кезеңнен кейін қысымның астында фильтрден өткізіліп, PET-тің негізгі материалы алынады.

Бұл тәсілде қоспа қайта қолдану қабілетіне ие. Ешбір зат осы айналымда қолданусыз қалмайды. Бұл жайт 2015 жылы Италияда өткен Start Cube сайысындағы қазылар алқасы тарапынан өте маңызды деп табылып, осы сайысқа қатысқан ирандық команданың бірінші орын алуына себеп болды. Алынған зат 99,5 пайыз тазалықпен жоғары экономикалық құндылыққа ие. Шын мәнінде ол PET бөтелкелерін жасауға қажет шикізат болып табылады. Бұл затты PET өнеркәсібімен қоса, текстиль мен бояу өнеркәсіптерінде қолдануға болады. Пластикалық материалдардың бүлдіргі әсерімен күресудің тағы бір жолы – жылдам ыдырау қабілетіне ие өсімдік негіздегі материалдардан жасалған қапшықтарды қолдану. Иранда іргелі ғылымға негізделген  кейбір компаниялар осы салаға инвестиция салу арқылы бір рет қолданылатын ыдыстарды қайта өңдеу аппаратын жобалау және жасауда сәттілікке қол жеткізді. Сонымен қатар бұл компаниялар күріш сабаны мен қант құрағы сияқты өсімдіктер негізіндегі материалдарды пайдаланып, бір рет қолданылатын ыдыстар жасады. Иран әлемде крахмал материалдан бір рет қолданылатын ыдыстар жасайтын 5 елдің бірі болып табылады.     

Тегтер