Сәу 16, 2018 20:53 Asia/Almaty

«Ахзаб» сүресінің 18-21 аяттары:

«Ахзаб» сүресінің 18-19 аяттары:

«قَدْ یَعْلَمُ اللَّـهُ الْمُعَوِّقِینَ مِنکُمْ وَالْقَائِلِینَ لِإِخْوَانِهِمْ هَلُمَّ إِلَیْنَا  وَلَا یَأْتُونَ الْبَأْسَ إِلَّا قَلِیلًا»، «أَشِحَّةً عَلَیْکُمْ  فَإِذَا جَاءَ الْخَوْفُ رَأَیْتَهُمْ یَنظُرُونَ إِلَیْکَ تَدُورُ أَعْیُنُهُمْ کَالَّذِی یُغْشَى عَلَیْهِ مِنَ الْمَوْتِ  فَإِذَا ذَهَبَ الْخَوْفُ سَلَقُوکُم بِأَلْسِنَةٍ حِدَادٍ أَشِحَّةً عَلَى الْخَیْرِ  أُولَـئِکَ لَمْ یُؤْمِنُوا فَأَحْبَطَ اللَّـهُ أَعْمَالَهُمْ  وَکَانَ ذَلِکَ عَلَى اللَّـهِ یَسِیرًا»

Әрине, Алла сендерден (соғысқа шығуға) кедергі болғандарды да, туыстарына: “Бізге келіңдер” деушілерді де біледі. Олардың өте азы ғана соғысқа қатысады. (18)

Сендерге (келсе де) тым сараң. Ал қашан бір қауіп төнсе, олардың саған өздерін өлім есірігі басып бара жатқандай көздері төңкеріліп қарағанын көресің. Сонда қауіп-қатер кетсе, қылған қайырларына іштері ашып, сендерге өткір тіл тигізеді. Міне, осылар иман келтірмегендер. Сондықтан Алла олардың амалдарын жойды. Бұл Аллаға оңай. (19)

Алдыңғы бағдарламада Медине мұнафықтарының «Ахзаб» соғысында мұсылмандардың рухтарын әлсіретудегі рөліне тоқталдық. Осы аяттар соның жалғасында былай дейді: «Мұнафықтардың бір тобы халықты дұшпанмен күресуден тосуға талпыныс жасап, оларға: «Біз соғыстан бас тартқандай, сендер де бас тартып, біздің қатарымызға қосылыңдар» дейді.

Олар джиһад майданында жандарын ғана емес, тіпті жауынгерлер мен отбасыларына материалды тұрғыдан көмектесу үшін де сараңдық танытады.

Олардың Құдайға имандары әлсіз. Қатер кезінде қорқыныштан қалтырайтындықтары сондай, дұшпан оларды өлтірмей жатып-ақ, жандарын беруге әзірдей көрінеді.

Бірақ, егер мұсылмандар жеңіске жететін болса, өздерін сол жеңіске ортақ санап, соғыс олжасын жинауда ашкөздік танытады. Үлесі бар адамдардай тілдерін безеп, олжадан үлес талап етеді.

Құран баяндаған пайғамбар заманындағы мұнафықтардың ерекшеліктері тек сол уақытпен шектелмейді. 

Қатер кезінде қашатын, тыныштық пен бақуаттылықта мал мен байлыққа, билікке қол жеткізуді көздеп, өздерін басқалардан артық санайтын мұндай адамдар кез келген уақыт пен кез келген жерде мұсылмандардың арасында кездеседі. 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Дұшпанмен қарсыласуда майдан алаңынан тек өзі ғана қашуымен қатар, үмітсіздік тудыратын сөздерімен басқалардың да майдан алаңына баруына тосқауыл болатын имандары әлсіз адамдардан абай болған жөн.  

2. Мұнафықтар қиындық пен қатер кезінде жауынгерлерге көмектесіп, соғыс алаңына барудан аянады. Қатер сейілген соң мал-мүлік пен олжа жинауда олар ашкөз келеді. Бұлар – мұнафықтардың белгілері.

3. Қиындық пен соғыс кезінде дұшпанның алдында әлсіздік танытып, қорқу, діндестерімен қатаң болып, тыныштық кезінде олардан талап ету – мұнафықтардың келесі ерекшеліктері.

«Ахзаб» сүресінің 20 аяты:

«یَحْسَبُونَ الْأَحْزَابَ لَمْ یَذْهَبُوا وَإِن یَأْتِ الْأَحْزَابُ یَوَدُّوا لَوْ أَنَّهُم بَادُونَ فِی الْأَعْرَابِ یَسْأَلُونَ عَنْ أَنبَائِکُمْ وَلَوْ کَانُوا فِیکُم مَّا قَاتَلُوا إِلَّا قَلِیلًا»

Олар руларды (жауларды) кетпеді деп ойлады. Егер ол рулар келсе, өздері сахарадағы бәдәуилердің ішінде болып, сендердің хабарларыңды сұрап тұруды көксейді. Егер олар іштеріңде болса да өте аз соғысады. (20)

Бұл аят мұнафықтардың қорқынышы мен әлсіздігінің шыңын көрсетіп: «Дұшпанның қолы тарқап, Медине қаласына ешқандай қатер төніп тұрмағанымен, мұнафықтар оларды әлі Мединенің айналасында деп ойлады. Сондықтан, қауіпсініп, кез келген ат пен түйенің аяғының дыбысын естігенде дұшпан күштері олар жаққа келе жатыр деп ойлады.

Қорқыныштың олардың бойларын жеңгені соншалықты, шөл кезіп, бәдуиндердің арасында өмір сүргілері келді. Сөйткенде, қатерден аман қаламыз, қаланың хабарын жолаушылардан сұрап-біліп, толық қауіпсіздік орнаған кезде қайтамыз деп ойлады» деп, аяттардың жалғасы мүміндерге: «Егер олар қалада қалған жағдайда да олардың көбісі сендерге көмекке келмейді. Шайқаста дұшпанмен соғыспайды. Ондай болса, олардың кетуіне алаңдамаңдар, қалғандарына да қуанбаңдар» дейді. 

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Мұнафықтар мен имандары әлсіз адамдар әрдайым дұшпанды өздерінен күштірек санайды. Олар кез келген шайқастың нәтижесі дұшпанның жеңісі мен мұсылмандардың жеңілісімен аяқталады деп ойлап, соның негізінде бағдарлама жасайды.
  2. Дұшпанның алдында қорқу олардан қашуға себеп болады. Ақыл мен шариғат адамның дұшпанның алдында табандылық танытып, әлсіздікке бой ұрмауына бұйырады.

«Ахзаб» сүресінің 21 аяты:

«لَّقَدْ کَانَ لَکُمْ فِی رَسُولِ اللَّـهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن کَانَ یَرْجُو اللَّـهَ وَالْیَوْمَ الْآخِرَ وَذَکَرَ اللَّـهَ کَثِیرًا»

Расында сендер үшін Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар. (21)

Мұнафықтар мен имандары әлсіз адамдардың ерекшеліктерін баяндаған аяттардың жалғасында осы аят: «Бірақ, иман адамдары мұнафықтардың сөздері мен әрекеттеріне мән беріп, міндеттерін орындаудан бас тартудың орнына пайғамбардың сөзі мен сүннетіне көңіл аударуы керек. Олар хазірет сияқты дұшпанның алдында табандылық танытып, Медине қаласы мен мұсылмандарды қорғауда аянып қалмауы керек» дейді.

Тарихи деректерге сәйкес, исламның ардақты пайғамбары Медине қаласын қорғау үшін қаланың айналасынан, дұшпанның ену қаупі болған барлық жерден ор қазуға бұйырған. Хазіреттің өзі де басқа мұсылмандар сияқты қолына күрек пен кетпен алып, ор қазған. Сол талпыныспен бір мезгілде пайғамбар мұсылмандардың жүректерінде Құдайды еске алуды жандандырып, оларға Құдай тарапынан жеңіс уәдесін берген.

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Ислам пайғамбары соғыс пен джиһад кезінде үстіне соғыс киімін киіп, соғыстың қолбасшылығы міндетін атқарды. Оның діні биліктен бөлек болған жоқ. Хазірет һәм адамдардың осы дүниедегі бақыты мен қауіпсіздігін, һәм олардың ақыреттік бақытын ойлады.
  2. Ислам пайғамбары басқа адамдар сияқты қарапайым тіршілік етті. Сол себепті барлық мүміндер үшін үлгі бола алады. Ол жердің тұрғыны болды. Жер тұрғындары үшін өмірлік үлгі болды. Соғыс алаңында да ғайып ғылымы бойынша әрекет еткен жоқ. Хазірет соғыстың принциптері мен заңдарын сақтады.

Егер әлем мұсылмандары исламның ардақты пайғамбарын өздеріне үлгі еткенде бүгін дұшпандардың алдында осыншама қор әрі әлсіз болмаған еді. Ешқашан дұшпанның оларға үстемдік етуіне рұқсат бермеген болар еді.