Маусым 04, 2018 10:25 Asia/Almaty

Өткен бағдарламамызда имам Хусейннің (ғ.с) өмірі жайлы баяндадық. Бүгінгі бөлімде осы тақырыпты одан әрі жалғастырамыз!

Хазірет Әли (ғ.с) Куфада ғибадат кезінде мазлұмдықпен жараланып, шәһид болған соң имам Хасанның (ғ.с) имамат басына келген кезеңі басталды. Имам Хусейн (ғ.с) осы қиын-қыстау кезеңде серіктерінің қиянаты, көрегенсіз мұнафықтар мен хауаридждердің ықпалына байланысты ағасы имам Хасан Моджтабаның (ғ.с) Муавиемен бейбітшілік келісіміне қол қойылғанға дейін онымен бетпе-бет келіп, хат алмасқанына куә болды. Имам Хасан (ғ.с) бейбіт келісімнен соң Куфадан Мединеге кетіп, шәһид болғанға дейін сонда 10 жыл өмір сүрді. Имам Моджтабаның (ғ.с) имаматқа басшылық еткен кезеңі аяқталғаннан кейін имамат билігін имам Хусейн (ғ.с) қолына алды.

Имам Хусейн (ғ.с) де Муавиемен тұспа-тұс келген он жылдық кезеңде имам Моджтаба (ғ.с) таңдаған саяси бағдарды ұстанды. Сиффин шайқасындағы тәжірибе мен имам Хасан Моджтабаның (ғ.с) джиһадқа шақыруы қоғамның басым бөлігі Муавиенің саясаттарына алданған кезде соғыстың ислам үмбетінің мүддесін мақсат ететін шешім жолы еместігін көрсетті. Тағы да соғыс оты тұтанып, мыңдаған күнәсіз адамдардың қаны ешбір жетістіксіз босқа төгіліп, қоғам кеңістігінде жікшілдік пен бейберекеттік орын алуы әбден мүмкін еді. Исламның қас дұшпандары ислам мен мұсылмандардың көзін жою үшін осындай кеңістіктің туындауын тосып отырған болатын.

Сонымен қатар, Пайғамбардың (с.ғ.с) ашық түрде: "Хасан мен Хусейннің екеуі де көтеріліске шықса да, шықпаса да имам саналады",- деп айтқан сөздері келесі негізгі мәселені білдіреді: Құдай тарапынан таңдалған имам Құдай берген білімнен бөлек, кез келген заманда Ислам мен ислам әлемінің мүддесін бәрінен жақсы анықтап, замана талабына сай стратегиялық саясат ұстанып, қажет болған кез келген істі жүзеге асырады.

Хасан мен Хусейннің екеуі де көтеріліске шықса да, шықпаса да имам саналады

Имам (ғ.с) бейбіт кез болсын, соғыс болсын, тыныштық пен қарабаласта, көтеріліс пен бейбіт шақта әрдайым бейбіт жолды ұстанды. Басқаша  айтқанда, барша жетекшілер мен имамдардың стратегиясы бір, бірақ әдіс-тәсілдері әртүрлі болған. Осындай көзқарасқа сәйкес, имам Хусейн Муавиенің көзі тірісінде имам Хасан (ғ.с) секілді бейбіт әдістерді пайдаланды. Ол күпірліктер мен қанаушылықтарға сыншылдықпен қарады. Бірақ, негізгі мәселе Муавиенің сырттай мұсылман көрініп, қоғамдық пікірді өзіне қаратып, оларды ақиқат пен жалғанды анықтау күшінен айыруында болды.

Әли (ғ.с) "Нахдж ул-Бәлағедегі" 50-ші құтпада осындай кезеңді сипаттап: "Бүліктер адамдар нәпсіге беріліп, ахкамдар күпірлік бейнесінде көрініс тапқан кезде басталады. Сондай кезде ақиқатты жалғаннан ажырату өте қиынға түседі. Егер жалған ақиқаттан ажыратылып, айқындалса, ақиқаттың беті жабылып, жасырын қалмайды: ақиқат сол шындықтың ізімен сол бағытта әрекет етеді. Ал егер ақиқат жалғанмен қапталмаса, сандырақ айтатын дұшпанның тілі өшеді. Бірақ олар ақиқаттың бір бөлігін жалғанның бір бөлігімен араластырып, ақиқат пен жалғанды анықтау мүмкін емес сәтте шайтан өз достары мен серіктеріне үстемдік орнатады. Тек илаһи рақым мен мейірімге ие адамдар ғана жалғанның жартасынан құлаудан аман қалады".

Діннің рухы мен ішкі болмысынан бөтен, үстірт көзқарас ұстанатын діндарлар үнемі діннің сыртқы бейнесіне мәз болып, сол кезеңде де өздерінің илаһи жетекшілерін тастап, Муавиеге қосылған. Алайда Құдайдың рақымына бөленген қырағы діндарлар тіпті бір сәт те илаһи тура жолдан таймай, терең оймен Умәйя әулетінің жоспарларын бақылап, өмірлері мен шәһидтіктерінің соңғы сәтіне дейін өз діндерінің қағидаларына табанды болған. Муавие сол топтың ішінде жарық жұлдыздай жарқыраған Худжр ибн Ади Киндиден қатты қауіптенетін. Сол себепті оны мен оның бір топ адал серігін мазлұмдықпен шәһид етті. Имам Хусейн (ғ.с) осы ащы әрі ауыр оқиғаға қатысты үнсіз қалмай, наразылық білдірді. Бұл әрекеттен соң тыңшылардың хабары Муавиені хазіретке хат жазуға итермеледі. Бірақ имам Хусейн (ғ.с) бұл хатқа жазған жауабында:

"Кейін қолыма хат жетті. Онда біз жайлы жағымсыз хабарлар жетіп, мұндай әрекетке баруды мен үшін лайықсыз санайтыныңды жеткіздің. Сен тыңшыларыңның халық арасында араздық пен алауыздықтың дәнін сеуіп жатқанын біл. Мен сенімен соғысуға әзірленуді де қаламадым, саған қарсы көтеріліске шығуды да ойламадым. Бірақ, менің үнсіздік танытуымнан сенің жалған билігіңе үнсіздік танытып, көтеріліс пен джиһадтан бас тартқаным үшін риза болып отырмын деп ойлап қалма. Себебі, мен Құдайдан қорқамын: осыған байланысты сені мен сенің адасқан жолдағы күпір жолдастарыңның алдында ақталуымым күнәдан да жаман ақтау болатыннан қорқамын",- деп жазды. Сол кезде имам Хусейн (ғ.с) Худжрдың шәһид болуы оқиғасына сілтеме жасап: "Сен Худжр бин Адиді мойындамайсың ба? Сен оның намазхан тақуа серіктерін қылышпен өлтірмедің бе? Дәл сол бидғаттарды айыптап, жақсы іс жасауға ұмтылып, жаман істен аулақ болған, Құдай жолында кінәлаушылардың жазғыруынан қорықпаған пәк ерлерді осыншама ант беріп, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, келісім жасағаннан кейін құрықтап, Құдайдан қорықпастан оларды өлімге кесуге қалай батылың барды?",- деп жазды.

Худжр ибн Адидің Сириядағы ДАИШ қиратқанға дейінгі кесенесі

Имам Хусейн (ғ.с) Муавиеге жолдаған келесі бір хатында: "Бір хатыңда өз өмірім, дінім мен Мұхаммадтың үмбеті үшін тып-тыныш отырғаным саған қарсы көтерілгеннен артық деп жаздың. Бірақ, егер саған қарсы көтерілетін болсам, Құдайдың алдында абыройым асқақтайтынын білгенің жөн. Ал егер саған қарсы джиһадқа барудан бас тартып, үнсіз қалсам, үлкен бақыт пен берекеден айрылып, мағрифат талап етіп, Құдайдан менің істерімді ретке келтіріп, мені бақытқа қарай жетелеуін сұрайтынымды білемін",- деп жазды. Хаттың соңғы бөлімінде имам Хусейн (ғ.с) Муавиеге былай деп жазды: "Құдайдың кегіне дайындала бер. Құдайдың өзінің әділ сотында сені соттайтынын біл. Бұл соттағы сенің іс-құжатыңда адамзат пен дінге қарсы барлық істерің тіркелген".

Имам Хусейннің (ғ.с) стратегиялық тәсілдері арқылы ұлы бауыры имам Хасанның (ғ.с) жолын жалғастырғанын айттық. Яғни, ол хазіреттің көтеріліс пен қарулы күрестен бас тартқаны секілді имам Хусейн (ғ.с) де өзінің ішкі қалауына қарамастан, Ислам мен бірлікті сақтап, бейкүнә адамдардың қанын төгудің алдын алу үшін Муавиенің қулықтарын бейбіт жолмен шешуден басқа амалы болмады. Себебі, Муавиенің бұл салада таңдаған шешім жолы Перғауынның Алланың таңдаулы елшісі хазірет Мұсаға (ғ.с) қарсы ұстанған саясатын еске салды. Перғауын діннің өзгеріске ұшырауына алаңдап, өзін діндар етіп көрсетті. Алайда, хазірет Мұса (ғ.с) бұған алаңдамады. Сондықтан халықтың көз алдында Перғауын өзгерістің символына айналып, Мұса бүлік пен көтеріліс жасауды көздеп отырған адам ретінде көрінді. Муавие осы қу саясаттарды қайталап, имам Хусейнге (ғ.с) бүлік жасаудан бас тартуды сұрайтындай жағдайға жетті. Себебі, имам Муавиеге жазған хатында: "Сен менің бүлік тудырмауымды сұрап жатырсың ба? Мен сенің халыққа билік етуіңнен асқан бүлікті білмеймін",- деп кесіп айтты.