ИИР-ның Қазақстандағы бұрынғы мәдени өкілі Абедини мырзамен сұхбат (2)
ИИР-ның Қазақстандағы бұрынғы мәдени өкілі Абедини мырзамен сұхбаттың жалғасы
- Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени ортақтастықтарды қалай сипаттайсыз?
- ИИР – Орта Азия елдерімен ең көп жақындыққа ие ел. Тарих, тіл мен әдебиет және география тұрғысынан көптеген мәдени ортақтастықтары бар. Иран Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы шектесіп жатыр. Екі елдің ортақ тұстары өте көп: бірінші ортақтастығы – мұсылман болуы. Әлемдегі 200 мемлекеттің 50-ден астамы – мұсылман елдері. Соның қатарында Қазақстан мен Иран да бар. Біздің заманымыздың 7 ғасырынан бастап ислам Қазақстанға таралды. 14 ғасыр бойы ислам сақталып келеді, бұл аз емес. Осы аралықта Қазақстан мен Иранда көптеген танымал діни тұлғалар мен ғұламалар пайда болды. Олар ғылым, әдебиет пен дін аспанында жарық жұлдыздардай жарқырап, халық олардың еңбектерін пайдаланды. Маңызы бірінші ортақтастықтан кем емес екінші ортақтастық – Наурыз мерекесі. Қазақстанда болған кезімде халықтың Наурызды бір ай бойы тойлайтынын көрдім. Иранда 13 күн бойы тойланып, он үшінші күні "Сиздәһ бер дәр" – Табиғат аясына шығу рәсімімен аяқталса, Қазақстан мен басқа елдерде мектептер, мекемелер мен орталық алаңдарда 1 айы бойы тойланады. Наурыз – мәдени құбылыс. Мұндай құбылысты бір елдің аясымен шектеуге болмайды. Бұл мүмкін емес. Наурыз тек Орта Азияда ғана тойланбайды. Бүгінде әлемдік сипатқа ие болып отыр. Наурыз – әлемдік мереке. Қуанышымызға орай, Иран бұл мерекені дүниежүзілік деңгейде ЮНЕСКО-да тіркеді. Осы тұрғыдан екі елдің маңызды ортақ тұстарының бірі саналады. Мұны жақсы мүмкіндік санау керек. Үшіншісі – ортақ танымал тұлғалар. Абай – 150 жыл бұрын қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған. Ол Хафиз, Сағди, Фирдоуси мен ирандық басқа да ақындардан медет сұраған, парсы тілін білген. Бұл тұлғадан басқа қожа Ахмет Яссауиді атауға болады. Абай әдебиет саласында, Яссауи дін мен сопылық саласында танымал болған. Бұл тұлғалар өте маңызды рөл атқарғандықтан біздің мәдени ортақтықтардың қатарына жатады. Әбу Насыр Фараби философия саласында көрнекті рөл атқарған. Осы тұлғалардың әрқайсысының орны мен рөлі айрықша.
Өзбекстанда болған кезімде бір зерттеу жүргіздік. Өзбекстандағы Польша мәдени орталығының жұмыстарын қарастыра бастадық. Өзбекстан мен Польша арасында мен жаңа айтқан салалар бойынша ешқандай ортақтастық болмай шықты. Көршілестік, тарих пен дін салаларында өзара байланыс жоқ. Польшаны Өзбекстанмен байланыстырып, орталықтың жұмыс істеуіне негіз болған жалғыз нәрсе – бірнеше польшалық сарбаздың қабірлері. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Өзбекстанда өлтірілген бірнеше польшалық сарбаздың қабірі Польша мәдени орталығының Өзбекстанда жұмыс істеуіне себеп болған. Мұның айырмашылығы зор. Оларда ешқандай мәдени жақындық пен ортақтық жоқ. Ал Иран мен Қазақстанда өте көп. Мен олардың тек маңыздыларын ғана атап өттім. Екі халықтың әдет-ғұрыптары бір-біріне қаншалықты жақын десеңізші. Мысалы, қазақтардың қонақжайлығы. Біз, ирандықтар өзімізді қонақжай санайтын едік. Бірақ Қазақстанда болған кезде қазақтардың бізден асып түсетінін көрдім. Таразда Мекемтас Мырзахметов ағаның үйінде қонақта болғанда қазақтың қонақжайлылығына тәнті болдым. Демек, Иран мен Қазақстан арасындағы төртінші мәдени ортақтастық екі халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарында. Соның ішінде қонақ күту рәсімдері мен әртүрлі мерекелерді өткізу салтын атаған жөн. Осының барлығы біздің мәдени ортақтығымыз болып табылады.
- Енді парсы тілі мен оның Қазақстандағы орны жайлы пікіріңізді айтып беріңізші.
- Парсы тілі Қазақстан республикасында екінші тіл ретінде кейбір мектептерде оқытылып жатыр. Мен қызмет атқарған кезде 13-14 мектепте, соның ішінде «Көкіл» мектебі мен бірнеше университетте парсы тілі оқытылатын. Кейбір университеттерде парсы тілі бөлмесі ашылған. Парсы тілі аптасына бірнеше рет оқытылатын. Өзіңіз білетіндей, қазақ пен парсы тілдерінде 2000-ға жуық ортақ сөз бар. Ортақ мақал-мәтелдер де бар. Фирдоусидің «Шахнамасында» Қазақстан жерінде орын алған оқиғалар мен өмір сүрген халықтар жайлы жазылған. Қазақтардың көне тарихын зерттеуде бұл еңбек құнды дереккөздерінің бірі болып табылады. Мысалы, парсы поэзиясында Тараз қаласы жайлы өлең бар. Рудаки өз өлеңінде Тараз қаласын атап өткен:
روی به محراب نهادن چه سود
دل به بخارا و بتان تراز
ایزد ما زمزمه عاشقی از تو پذیرد
نپذیرد نماز
Жүрегің Бұқара мен Тараздың сұлуларын қаласа,
Михрабқа бас ұрғаннан не пайда?
Біздің Құдайымыз сенен ғашықтық әуенін қабылдайды,
Намазды қабылдамайды.
Мұнда Рудаки Тараз жайлы айтып өткен. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінде ирантану кафедрасы бар. Парсы тілі екі тәсіл арқылы: кафедра немесе парсы тілі бөлмелері арқылы оқытылады. Қазақстанда көбіне парсы тілі бөлмелері бар. Ал ирантану кафедрасы тек әл-Фараби атындағы университетте ғана бар. Бұл университетке Ираннан екі жылдық мерзімге ұстаз жіберіледі. Егер барлық елдерде парсы тілі кафедрасы арқылы оқытып, ұстаз жіберіп отыратын болсақ, жақсырақ нәтижеге қол жеткізер едік.
Соңғы бірнеше жылда парсы тілі бөлімінің студенттері арасында парсы тілінен олимпиада өткізіледі. Парсы тілін ұстарту курстары да өткізіледі. 4-5 студент Иранға келіп оқиды. Мұнда көбірек қабылдауға мүмкіндік жоқ. Жалпы алғанда бұл салада да жақсы іс атқарылды деп айта аламыз. Қазақстан мен басқа елдер тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары сізбен парсы тілінде сөйлесе алатын адам саусақпен санарлық еді. Қазір бұл елдер тәуелсіздік алғаннан 27 жыл өткен соң парсы тілімен таныс 100-200, тіпті 500 адамды табуға болады. Бұл парсы тілінің үйретілгенін көрсетеді. Бірақ, мұғалім ретіндегі менің ойымша, бұдан көбірек әрі жақсырақ жұмыс істеуге болады. Бұл олқылықтың өзіндік себебі де бар. Уақыт алмас үшін оған бұл жерде тоқталғым келмейді.
- Рахмет. Сіз Қазақстанда қызмет еткен жылдары Алматыда өмір сүрдіңіз. Алматының қандай көрнекті жерлерін араладыңыз?
- Әрине. Алайда бізде мұрсат аз болды. Айтып өткенімдей, сенбі күндері түске дейін Абылай хан және журналистика университеттерінде сабақ бердім. Тек жексенбі күндері ғана демалып, қыдыратынбыз. Ондай мүмкіндіктің өзі өзі ұдайы емес, кей кездері ғана болатын. Жақсы көретін жерлеріміздің бірі Медеу мұз айдыны болды. Ол Алматының оңтүстігінде орналасқан. Ал Теһранда керісінше тау солтүстікте орналасқан. Сол биіктіктен Алматыны толық көруге болады. Айнала жап-жасыл, ауасы таза. Медеуге бара жатқан жолдағы алма бақтары шынымен-ақ көз тартатын. Сол көріністер менің есімде сақталып қалды. Телекоммуникациялық мұнара орналасқан Көктөбеге де біз машинамен ирелең жол арқылы баратынбыз. Бір рет жұбайыммен бірге аспалы жолды да пайдаландық. Тағы бір барған жеріміз 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы болды. Өте әдемі саябақ. Біздің Теһрандағы «Лале» саябағына ұқсайды. Барған жерлеріміз – осы. Бір-екі рет әріптестермен бірге қаланың сыртына шықтық. Бір «Сиздәһ бер дәр» күнін де қала сыртында өткіздік. Жалпы Қазақстаннан жақсы естеліктермен қайттым. Егер дәл қазір «Алматы, Тараз немесе Астанада сабақ беруге дайынсың ба?» деп сұраса, қуанышпен келісер едім. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеммен алмасуға әзірмін.
- Қазақстандағы діннің жағдайын қалай бағалайсыз?
- Қазақстанда діни бостандық бар. 15 ел бұрынғы Кеңес одағынан тәуелсіздік алған кезде бұл елдердің үкіметтері халыққа бірқатар діни бостандық берді. Бірақ, солардың арасында жасанды діндер де пайда болды. Бұларда илаһи сипат жоқ, құндылықтан кенде, жастарға пайдасы боларлық дәнеңесі болмады. Біз бұларды «жолдан тайдыратын діндер» деп атаймыз. Мұндай діндер барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда да байқалды. Яғни, кейбіреулер берілген бостандықты теріс пайдаланды. Қырғызстанда да, Қазақстанда да баптистер мен «Яхия куәгерлері» тобы жастарды өздеріне тартты. Бұл жастарға төнген қатерлердің бірі болды. Мысалы, мен Қырғызстанда осындай діни топтардың белсенділіктеріне тыйым салынғанын көрдім. Діни істер комиссиясында мұндай діни құрылымдар тіркелуі тиіс болды. Мұндай бақылау аз да болса дінді теріс пайдалануға тосқауыл қояды. Егер салыстырар болсақ, Өзбекстан, яғни Самарқанд пен Бұхара Иранға жақын, ал Қазақстан географиялық тұрғыдан исламдық орталықтардан алысырақ. Өзбекстан мен Қазақстандағы діннің жағдайы жайлы сөз қозғаған кезде Қазақстанның біріншіден жергілікті тұрғындар санының орыстардан аз болған жалғыз ел екенін естен шығармауымыз керек. Кеңес заманында Қазақстанда 40-43 пайыз қазақ болған, қалғанын басқа ұлт өкілдері құраған. Қазақстан ғана осындай болған. Басқа елдерде жергілікті халық басқа ұлт өкілдерінен басым болды. Мысалы, Тәжікстанда халықтың 70 пайызын тәжіктер, 30 пайызын орыстар құраған. Бұл статистиканы не үшін келтірдім? Қазақ халқының діндарлығы мен дінді сақтауының исламдық орталықтарға, мысалы Иранға жақын орналасқан Өзбекстан халқымен салыстырғанда құндылығы шынымен жоғары. Қазақстанда жақсы істер атқарылып жатыр. Мешіттер жөндеуден өткізіліп, олардың саны артуда. Сол кезде Халифе Алтаймен кездестім. Қазақстанның көрнекті діни тұлғаларының бірі болған ол кісі Құранды қазақ тіліне аударған. Мен болған кезде Қазақстандағы діни үлемдердің исламтану саласындағы білімі Ирандағы діни үлемдердің білімінен төмен болды. Қазір жағдай өзгерген болуы мүмкін. Оларға оқу курстары ашылатын болып жоспарланған. Мұның жүзеге асқан-аспағанын білмеймін. Қазақстан үкіметі, Діни басқарма, Дін істері жөніндегі комиссия мен Дін істері жөніндегі министрлік елдегі дін мәселесіне ерекше маңыздылық беріп отыр. Сұхбатымның басында айтқандай, Қазақстан Президентінің бастамасымен үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуі, оған әлемнің түкпір-түкпірінен дін өкілдердің қатысуы – Қазақстандағы дін мәселесіне деген оң көзқарастың бір көрінісі. Бұл елде дін саясат пен экономика, өнер мен мәдениеттің жанында өз ғұмырын жалғастырып келеді.
- Қазақ пен парсы тілдеріне ортақ сөздер мен мақал-мәтелдер жайлы бірер сөз айтып өтсеңіз.
- Екі елдің тілінде ортақ сөз көп. 2000 сөз парсы және қазақ тілдерінде бірдей айтылып, бірдей мағынада қолданылады. Мысалы, бұлбұл, кітапхана, тұқым, мемлекет, базар, нан, намаз, көмек, дәріхана, қайрат, кесе және тағы басқалар. Ортақ мақал-мәтелдер де бар. Мысалы, «Бір кісі мың кісіге олжа салар», яғни «یک مرد جنگی و صد هزار» . Тағы бір парсыша мақалдың «دروازه را می توان بست، اما دهان مردم را نمی شود بست» «Ел аузына елек қойып болмас» деген баламасы бар. Мұндай мысалдар көп. Қазақстан туралы кітабымда солардың біразына тоқталып өттім. Кітаптың аясында бәрін келтіру мүмкін болмады.
- Сұхбатымыздың соңында Қазақстан халқына тілек-жолдауыңызды айта кетсеңіз.
- Қазақстан халқының саны мен болған кезден артты. Қазір 18 млн-нан асып отыр. Мен болған кезде 15-16 млн адам еді. Бұл халық біздің халқымыз сияқты өз елі, мәдениеті мен қоғамын дамыту үшін талпыныс жасап жатыр. Шынымен-ақ, еңбектері құнды. Мен бұған өте қуаныштымын. Иран халқы үшін барлық мұсылмандардың қандай тіл, ұлт, тайпа мен қауымнан болса да, абырой-айбынмен өмір сүргені маңызды. Барлық мұсылмандардың экономика тұрғысынан құдіретті болып, саяси тұрғыдан толық тәуелсіз болғанын қалаймыз. Қазақстан халқы өзі елі үшін шешім қабылдасын, өз тағдырын өздері анықтасын. Бөгделердің олар үшін шешім қабылдауына жол бермесін. Тағы бір айтып өтетін жайт, Қазақстан мен Иран халықтары – шынайы дос халық. Мұны мынадан көруге болады: бұрын да, қазір де, әсіресе осы 25 жылда Қазақстанға барған, Иранға келген делегациялар сапардан қайтқаннан кейін сол ел жайлы жақсы айтып, риза болды. Оның үлгісі – мына менің өзім. Мен Қазақстанда 2000-2001 жылдары болдым. 16-17 жылдан кейін сіз менің үйіме келіп, менен Қазақстан мен оның халқы мен үкіметі жайлы сұрап отырсыз. Қазақстан туралы мен өте жақсы пікірге иемін. Қазақстаннан Иранға келген адамдар да осы күнге дейін жасалған теріс жарнаманың, яғни «Иранда әйелдер үйде отырады», «ел артта қалған» деген уәждердің жалған екендігіне көздері жетіп, елдеріне қайтқан соң біздің әріптесімізге айналып, Иранды жарнамалайды. Сондықтан осы барыс-келіс жалғаса берсін. Бұрынғыдан да жақсы өмір сүрейік. Қазақстан халқына, саяси-экономикалық, мәдени, әскери салалардағы қайраткерлерінің барлығына денсаулық пен ақ жол тілеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет!