Қар 16, 2018 00:10 Asia/Almaty
  • Иран базары (49)

Бау-бақша өнімдері: інжір мен кептірілген жемістер Осы аптадағы "Иран базары" бағдарламасында Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының бірі бау-бақша өнімдеріне жататын жеміс – інжір мен кептірілген жемістерге тоқталамыз.

Інжір әлемнің көптеген елдерінде өсірілеін жемістердің қатарына жатады. Бұл өсімдік Жерорта теңізі аймағынан бастау алған деп саналады. Б.з.д. 4 мың жыл бұрын Мысырда інжір егу кең таралған көрінеді. Ескі өсиет кітаптарында інжірдің аты аталған. Інжір –иудейлердің Пасха мерекесінде жейтін тамақтарының бірі. Інжілде інжір жұмақ жемістерінің бірі деп аталған. Соңғы илаһи аспандық кітап Құран Кәрімде інжір деген мағынадағы "Тин" сүресі бар. Құран Кәрімнің 95-ші бұл сүресі "Інжір және зәйтүнмен ант етемін" деген аяттан басталады. Бұл аятқа әртүрлі тәпсірлер жазылған. Кейбір тәпсіршілер Алла Тағала осы екі жемістің пайдасы мен қасиеттерінің көптігіне байланысты ант еткен деп санайды.

Тағамдық тұрғыдан інжірдің құрамында қант көп. Құрғақ інжірдің жартысын қант құрайды. Інжірде басқа жемістерден көбірек минералды заттар бар. Бұл жеміс кальций, магний, калий, фосфор, А, В мен С дәрумендерінің мол көзі саналады. Бойларынан әлсіздік сезінетін адамдар үшін інжір жеу пайдалы. Өйткені, оның қанты кіші ішекте тез сіңеді. Інжір – обырға қарсы, тері ауруларын емдеуде әсерлі жеміс; әлсіз, қаны аз және тәбеті жоқ балалардың денсаулығына көмектеседі. Інжір, сондай-ақ, лигнин сияқты тағамдық талшықтарға толы. Талшықтың бұл түрі ерімейді және іш қатудың алдын алу және жоюда басты рөл атқарады. Інжірдің келесі тағамдық қасиеті ерекше диетада, соның ішінде майы аз диета және салмақты азайтуда қолданылады. Інжірде натрий мен май және холестерин жоқ. Емдік тұрғыдан інжір жеу дененің тершеңдігін арттырып, іш жүргізіп, дененің қызуын басады. Құрғатылған інжірдің қайнатпасы тыныс алу жолдары, өкпе мен бүйректің қабынуы, қызылша, қызамық пен шешек ауруларын емдейді. Құрғатылған інжірдің қою қайнатпасы тұмауды емдеу үшін пайдалы. Інжір ас қорыту жүйесін нығайтып, диспепсияны емдейді. Інжірдің шырыны күйзелістен арылу үшін жақсы дәрі.

Інжір

Інжір – әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Ирандағы маңызды экономикалық өнімдердің бірі. Иран інжірі тағамдық және экономикалық құндылығы тұрғысынан жоғары сапаға ие. Иран інжірін әлемнің әртүрлі еліне, соның ішінде Жапония, Қытай, Гонг-Конг, Вьетнам, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайвань, Үндістан, Ирак, Бельгия, Нидерланды,Ұлыбритания, Әзірбайжан республикасы және Парсы шығанағы маңындағы елдерге экспорттайды. Иран облыстарының 50 мыңнан астам га ауданында інжірдің түр-түрі егіліп, шамамен 80 мың тонна өнім жиналады. Пияз қабығындай сары інжір(Саве), қара інжір (Луристан), көк інжір (Естехбан, Казерун, Джахром және Нейриз аудандары) – Ирандағы інжірдің коммерциялық тұрғыдан ең маңызды әрі сапасы жоғары түрлері.

Иран – әлемде органикалық інжір өндіретін ел

Иранда інжір өндіретін орталықтардың бірі – Луристан. Бұл облыс інжір өндіру бойынша елдегі үздік облыстардың бірі саналады. Бұл облыс  қолайлы климат және суы мол өзендері мен құнарлы жерінің болуына байланысты ауыл шаруашылығы үшін ерекше әлеуетке ие. Тіпті, Луристан облысы халқының басты экономикалық негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Елдің көк інжірінің 33 пайызы осы облыста өндіріледі.  

Луристан облысындағы Полдохтар ауданы бәрінен бұрын  "Қара інжір" деген атпен танымал. Інжірдің басқа түрінен тез өсетіндігіне байланысты базарға ертерек шығатын қара інжірдің Иран мен басқа елдерде тұтынушысы көп. Бұл жемісПолдохтар ауданының ауқымды бөлігінде өсіріледі. Аталмыш аудан елде қара інжір өндіру бойынша рекорд жасаған.

Полдохтардың қара інжірі

Ирандағы інжірдің 90 пайыздан астамы елдің оңтүстігіндегі Фарс облысында өндіріледі. Бұл облыстың інжірі қолайлы жағдайдың болуына байланысты органикалық жолмен өсірілетіндіктен өте жоғары сапаға ие. Бұл облыс өнімінің әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда жоғары болуының себебіне өсіру үдерісінде ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары мен пестицидтерді қолданбауы жатады. Фарс облысының 20-дан астам ауданында інжір өсіріледі. Алайда, ең көп өсірілетін жерлер Естехбан, Дараб, Нейриз пен Джахром аудандарына тиесілі. Осы аудандарда әлемдегі ең үлкен інжір алқабы орналасқан. Айта кету қажет, Иранда інжірдің 85 пайызынан астамы қолдан суарылмайтын тәсілмен өсіріледі. Фарс облысында өздігінен өсетін інжір бақтарының көбі өткелі қиын шатқалдарда орналасқан. Бұл бақтардың кейбіреуінің егілгеніне екі ғасырға жуық уақыт болған. Олар бұрынғылардың талпыныстарының нәтижесінде ұлттық капитал ретінде мұраға қалып отыр.

Фарс облысындағы інжір бақтары

Фарс облысындағы Естехбан ауданы елде інжірді ең көп өндіреді.  Бұл аудан әлемде өздігінен өсетін ең үлкен інжір бағы ретінде жылына 7000 тоннадан астам әртүрлі құрғақ інжір өндіреді. Мамандардың айтуы бойынша, Естехбанның өздігінен өсетін інжір бағының өнімдері сапа, сан, егіс ауданы мен органикалық болуы тұрғысынан әлемде бірінші орын алады.

Естехбан інжірі

Құрғақ інжір – Иранның әлемге танылған құрғақ жемістерінің бірі. Иран –  әлемде құрғақ інжір өндірген алғашқы ел.  БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, Фарс облысының Естехбан ауданы – әлемде інжір өндіретін ең үлкен орталық.

Құрғақ жемістер кишмиш, өрік, сары өрік, шабдалы мен кептірілген өрік, шие, құрма мен інжірдің түрлерінен тұрады. Олар кейбір дәндер, соның ішінде пісте, бадам, фундук және жаңғақпен бірге «аджилді» – кептірілген жемістердің жиынтығын құрайды. Жемісті құрғату оны таза сақтаудың ең ежелгі тәсілі болып табылады.  Бүгінде әлем елдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің, әсіресе құрғақ жемістердің маңыздылығын түсінген. Сол себепті әлемде құрғақ жемістердің алуан түрін өндіру артып келеді. Құрғақ жемістердің тағамдық құндылығының жоғары болуы мен дәрілік-шипалық қасиеттерінің молдығынабайланысты жаһандық нарықтарда оларға ерекше назар аударылады. Иран климаттық алуандығына байланысты әртүрлі құрғақ жемістерге ие.

Құрғақ інжір

Бағзы замандардан бері ирандықтар әлемде құрғақ жемістер нарығының басты белсенділерінің бірі болған. Олар өз өнімдерімен ішкі қажеттілікті қамтамасыз етумен қоса, басқа елдерге де экспорттайды. Иранның құрғақ жемістері саласындағы экспортын пісте, жаңғақ, бадам мен фундук сияқты  түрлі дәндер мен кишмиш, құрғақ інжір, тұт пен шырғанақ сияқты құрғақ жемістер құрайды. Бүгінде елдің ауыл шаруашылығы секторындағы саясатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтарын азайту,  қосымша құн салығын арттыру, ауылдық жерлерді экономикалық және әлеуметтік дамыту мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту назарға алынған. Егіс алқаптары жанынан өңдеу өнеркәсібін ашу бағбандарға өз өнімдерін нарыққа шығаруға және бағаның қатты түсуінің алдын алып, өз өнімдерін маусымнан тыс мезгілде нарықта жоғарырақ бағамен сатуға мүмкіндік береді.

Осы салада Иранда ірі белсенді компаниялар бар. Олар жеміс-жидектер мен тағамдық шөптерді құрғататын, өңдейтін және қаптайтын аппараттар шығарады. Бұл компаниялар жасампаздық пен жаңашылдық танытып, аппараттардың тиімділігін жоғарылатумен қатар, жемістерді құрғатуда химиялық заттардың орнына буды пайдаланып, органикалық өнім өндіреді.Екінші тәсілде Кәрәдждің техникалық-инженерлік зерттеулер институтының мамандары қол жеткізген осмостық және термоядерлік тәсілдердің қосындысы пайдаланылады. Бұл тәсілде химиялық қосындыларды пайдаланбайтындықтан өнімдерді сақтау дәстүрлі және өнеркәсіптік үлгілермен салыстырғанда түс, дәм, тағамдық құндылық және құрамында бар дәрумендер сияқты сапалық ерекшеліктер тұрғысынан айтарлықтай тиімді болып табылады. Осы уақытқа дейін бұл технология алма, банан, киви, апельсин, алмұрт, абрикос пен шабдалы сияқты өнімдерді өндіру үшін қолданылды. Қазіргі таңда жылына 2 млрд-тан астам  долларды құрайтын құрғақ жеміс Ираннан Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Швеция, Норвегия сияқты Еуропа елдері мен Катар, БАӘ, Кувейт сияқты Парсы шығанағы елдеріне, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония сияқты Азия елдері мен Аустралия және Ресейге экспортталады.  

Тегтер