Сәу 09, 2016 17:47 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (1)

Бүгінде «Әлемнің жеті кереметі» туралы естімеген адам жоқ шығар. Бұл атау ежелгі заманның сәулет және мүсін жасау саласындағы ең керемет жеті туындыға қатысты. Б.з.д 2-ғасырда бір финикиялық бұл жеті керемет жайлы бір кітапқа тіркеп жазыпты. Жеті туынды мыналар: Александрия шамшырағы, Мысыр пирамидалары, Родос алыбы, Артемида ғибадатханасы, Зевс мүсіні, Семирамида аспалы бағы және Галикарнас кесенесі.

Қазіргі заманда байланыстар кеңейіп, өнерге, кереметтер мен адам қолынан жасалған туындыларға деген көзқарас өзгерді. Қазір жаңа заман жеті кереметін жасау шаралары басталды. Аталған ежелгі жеті кереметтің ішінде тек Мысыр пирамидалары ғана аман сақталып қалды. Мамандардың пікірінше, жаңа таңдама жасау қажет. ЮНЕСКО-ға қарасты бір ұйым тарапынан өткізілген сауалнамаға 100 млн-нан астам адам қатысып, жаңа таңдамалы туындылар тізімін жасады. Оның ішінде Қытай қабырғасы мен Үндіcтандағы Тәж-махал да бар.

Көне археологиялық деректер жеті кереметтің көптеген тарихи сырларын ашып берді. Бұл ғажайып туындылар сәулетшілер үшін дін, мифология, өнер, құдірет пен ғылымның нышандары болып табылады. Ал біз үшін олар адам күш-қабілетінің дәлелді дерегі болып табылады. Көне замандағы адам өз өнерін көрсету арқылы өркениеттің негізін қалады. 

«Өркениет» сөзінің мағынасы «қала, отырықшылық» дегенді білдіреді және жалпы алғанда әлеуметтік құрылымнан тұрады. Әлеуметтік құрылым мәдени шығармашылықтың пайда болу ықтималдылығын арттырады. 

«Мәдениет» сөзі де, қалыптасқан ұғым бойынша, поэзия, проза, ауыз әдебиеті, этнология және басқа өнер түрлерінен тұрады. Жалпы алғанда, мәдениет бір азаматтық қоғамның негізін құрайды. Ол экономикалық тәсілдер, діни байланыстар, ұлттық және тарихи салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, сондай-ақ қоғамдық мінез-құлық пен жүріс-тұрыстан тұрады. 

«Сәулет» өнері - мәдениеттің бір тармағы болып табылады және адам қажеттіліктерін өтеу үшін пайда болған өнер. Кейбіреулер «Сәулет - жақсы өмір сүру өнері» деген екен. Басқалар оны өнер мен материяның қосындысы деп атайды. Бірақ сәулет жайлы ең қарапайым және ең нақты сипаттама мынау: «Сәулет – белгілі бір замандағы бір қоғамның мәдени келбеті». 

Жақсы сәулет туындысының ерекшелігі де көп. Бұл ерекшеліктер мыналар: шығармашылық сезімнің болуы, климатология, қоғамтану, психология, дінтану, техникалық білім мен математикалық есептерден хабардар болу. 

Баспана ретіндегі сәулет құрылыстарының тарихы адамзат тарихымен бірге тереңге бойлайды. Бірақ бүгінде сәулет өнері философия, экономиканы жоспарлау және дамыту, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары, атап айтсақ, биологиядан ықпал алған құрылыс салу өнері болып табылады. Сәулет қазіргі заманда адамзаттың ең күшті әлеуметтендірілген өнері ретінде адамды қоршаған ортамен тікелей байланыстырады. 

Бұрынғыдай кеңістік, құрылыс және қаланың болуы адамдардың күнделікті өмірінде айтарлықтай рөл атқарады. Қалалар ғылым мен математикалық өнерді пайдаланып жобаланған ғимараттарға толы. Сөйтіп, бізді қоршаған орта пайда болды. 

Сәулет өнері  кеңістікті тудырушы өнер. Атақты өнертанушы Ламонт Мурдың айтуы бойынша, «сәулет - адамның пайдалануы үшін кеңістікті шектеу өнері». 

Ирандағы сәулет өнерінің тарихы оның өз тарихымен замандас. Сәулет өнері – ең ежелгі өнерлердің бірі. Ежелгі Ирандағы сәулет өнерінің дамуы бұл жерде қала салу, бөгет салу және алғашқы инженерлік құрылыстардың пайда болуымен тікелей байланысты. Иранның түкпір-түкпірінде, бұрын Иранның территориясы болып есептелген жерлерде немесе ирандық сәулетшілер өз өнерлерін көрсеткен жерлерде Иран сәулет өнерінің үлгісі болып табылатын жүздеген құрылысты көруге болады. 

Археологтардың жазбаларында Иран сәулет өнерінің тарихы б.з.д. 6 мың жылдықтан басталады. Ирантанушы Артур Поп былай дейді: «Иранның сәулет өнері өзінің ұзақ тарихы бойында үш тұғырға – беріктік, жанға жайлылық және керек-жарақпен қамтамасыз етуге негізделген. Иран сәулетшілері өз құрылыстарында жобаның бірегейлігі мен қарапайымдылықты әсемдікпен үйлестіре білген». 

Поптың мақтауы, шындығында, бірнеше рет тарих растаған сөздердің бірі. Персеполистің салтанат залдары мен бағандары, Бағдадтың жанындағы Тисфунде орналасқан Касра тағы, Иран мен Пәкістанның Бәлуджистан облыстарында орналасқан ежелгі өркениет ескерткіштері, Мервтегі ежелгі ғимараттар, Керманшаһтағы ежелгі тақ, Исфаханның тарихи мешіттері, Үндістандағы Тәж-Махал және осыдан басқа мыңдаған құрылыс – осы ежелгі жер сәулетшілеріне тиесілі қымбат туындылар болып табылады. 

Осы туындыларда қолданылған сәулет өнері көп жағдайда қарапайым болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктерді Иран сәулетшілерінің стилі деп атауға болады. Бұл ерекшеліктер жылдар бойы әртүрлі мәдениеттер тоғысында қалыптасып, Иран сәулет өнерін әлемдік деңгейдегі сәулет өнерінің маңызды мектебіне айналдырды. 

Маңызды бір мәселе – Иран халқы наным-сенімдерінің сәулет құрылыстарында көрініс табуы. Сол себептен қасиетті де саф туындылар жасалды. Ислам келгеннен кейін Иранның сәулет өнерінде жарқын бетбұрыс болды. Ол асыл туындыларды адамзат өнерінің қорына қосты. Иран стилі негізінде исламдық өрнек және жазумен безендірілген мешіттер мен ғимараттар салу – Ислам дінінің Иран сәулет өнеріне тигізген әсері болып табылады. Ғасырлар бойы өнерлі мұсылман сәулетшілер исламдық құндылықтар негізінде кемеліне жеткен ғимараттар салуға тырысты және осы жолда шынымен-ақ сәттілікке жетті. 

Иран сәулет өнерінің ежелгі заманнан осы күнге дейінгі тарихына көз салсақ, Иранның ежелгі өркениетінің жүрегіне жол табуға болады. Біз осы аптадан бастап «Иранның мәдениеті және сәулет өнері» атты бағдарламаны сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Ирандағы сәулет өнерін зерттеуде Исламға дейінгі және кейінгі сәулет стильдеріне тоқталып өтеміз және Иранның қазіргі сәулет өнерін бағдарлама шеңберінде таныстырып өтетін боламыз. Сондай-ақ, сіздерді Иран сәулет өнерінің интраверт, жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану, адам қажеттіліктерін өтеуге негізделу, табиғатқа көңіл бөлу және ғимарат ішінің жарық болуына көңіл бөлу сияқты ерекшеліктерімен таныстырамыз. 

Келесі бағдарламаларда базар, мешіт, медресе, қамал, сарай, монша, көпір, керуенсарай және тұрғын үйлер сияқты әртүрлі сәулет құрылыстарымен таныстырып, олардың өзіндік ерекшеліктерін баян етеміз. 

Иран ғимараттары – ирандық сәулет көркем өнерінің көрінісі. Біз оларды қарастыра отырып, Иран ғимараттарын безендіру үлгісіне де көңіл аударамыз. Сіздерді кафельдеу, алебастрмен әсемдеп сылау, шынымен әшекейлеу және суретпен көмкеру өнерімен таныстырамыз. 

Ирандағы және дүние жүзіндегі Иранның атақты сәулетшілері мен олардың сәулет саласындағы туындыларымен таныстыру – осы бағдарламамыздың тағы бір мақсаты болып табылады.