Сәу 09, 2016 17:54 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (2)

Б.з.д. Иран мәдениеті және сәулет өнері жайлы алғашқы ең үлкен ескерткіштер Иранның оңтүстік-батысында орналасқан Шуш аймағындағы қазба жұмыстары барысында табылды.

Табылған ескерткіштердің Месопотамия (Қос өзен) аймағындағы ескерткіштермен ұқсастықтары өте көп. Бірақ соңғы онжылдықтарда Иранның әртүрлі аймақтарында атқарылған көптеген қазба жұмыстары нәтижесінде мынадай нәрсе анықталды: Шушта табылған ескерткіштер Иран таулы қыраты мен оның аймағында кең таралған үлкен өркениеттің бір бөлігі болған.

Шуштағы маңызды төрт төбеден Иранның ежелгі сәулет өнерінің қалдықтары табылды. Олар мыналар: негізгі қала, орталық қамал (цитадель), патша сарайы және қарапайым тұрғын үйлер (рабат). 

Бұл аймақтағы археологиялық жұмыстар 1891 жылы басталып, нәтижесінде көптеген археологиялық ескерткіштер табылған. Нахавандтың маңындағы Гиан төбесінде, Кашан маңындағы Сиалк төбесінде, Горган маңындағы Туранг төбесінде, Дамған маңындағы Хесар төбесінде, Рей маңындағы Әли бұлағында және Лурестан аймағында археологиялық ескерткіштер табылды. Бұлардың барлығы ежелгі Ирандағы құнды да көне өркениеттің болғандығынан хабар береді. Бұл аймақтар «Иран таулы қыраты» деп аталатын территорияда орналасқан. 

Қолда бар ескерткіштерге қарағанда, Иранда өрнектелген қыш пен ойма өнерінің мәдени тұтастығы бір мыңжылдық бойы сақталынған. Бірақ б.з.д. 3-мыңжылдықтың басталысымен сыртқы күштердің ықпалымен бұл мәдени тұтастық жойылды. 

Мадтар мен парсылардың тарихи сахнаға келуінен бұрын б.з.д. шамамен бір мыңжылдық бұрын Иран жерінің тарихы эламдықтарға тиесілі болды. Біздің сол дәуірдегі сәулет өнерінен мағлұматымыз тек олардың табыну орындарының, ғибадатханаларының құрылысына байланысты. Кейбір бедерлі суреттерде салынғандай, табыну орындары тік төртбұрышты үлкен құрылыс ретінде ашық дәлізі бар іргетастың үстіне салынған. Бұл ғимаратта ашық жақтаулар болғандығын көрсетеді. Бұл ғимараттың артында ғибадатхананың ішіне кіруге мүмкіндік беретін баспалдақтар болғанға ұқсайды. Бірақ қазір олардан ешқандай нышан қалмады. Бұл суреттерден екі жақтаулы есіктің қаңқасын көруге болады. Оның сол жағында қамыстан жасалған перде ілінген. Бұл перде ғимараттың ішін күн сәулесінен қорғайды. Оң жағында тағы бір есік бар. Ғибадатхананың ең қызық ерекшелігі - оның қабырғаларын бойлай бекітілген үш үлкен шамдал. 

Элам сәулет өнері – Таяу Шығыстағы жартылай далалық климаттың көрінісі. Ағаш аз аймақтарда күнге кептірілген балшықтан жасалған кірпіш ең жақсы құрылыс материалы болып табылады. Бұл сәулет құрылысында бөлмелер әр түрлі көлемде және төбесі биік болып салынған. Үйлердің терезелері кішкентай болған және ішкі аулаға қаратылып салынып, тұрғындардың оқшаулануына мүмкіндік берген. Б.з.д. екінші мыңжылдықта Шушта барлық үйлер, тіпті ақсүйектердің үйлері осы жоба бойынша салынған. Төре үйлерінің бір ерекшелігі – оның ортасында қонақ күту залы болған. Оның есігі ішкі аулаға қаратылған. 

Чуғозамбильдегі Зикурат пирамида пішіндес баспалдақты мұнара - эламдық сәулет өнерінің айқын үлгісі. Ол тек жартылай сақталып қалды. Осы күнге дейін оған ұқсас үлгі табылмады. 

Әртүрлі сурет және жазулармен өрнектелген бедерлі ескерткіштерде бұл құрылыс «Унташгалды еске алу» деп аталған. Бұл ғимарат шахтың орналасқан жері «Арг»-тың жанында салынуы ықтимал. Оның айналасында орналасқан екі ғибадатхана діни және басқа рәсімдер өткізу үшін пайдаланылған. Осы құрылыстағы нақыштарда құрбандық шалу рәсімін баспалдақты екі ғимараттың алдында өткізіп жатқаны бейнеленген. 

Чуғозанбиль – бес қабатты ғимарат. Оның қабаттары бірінің үстіне бірі орналасқан және жоғары көтерілген сайын қабаттардың көлемі кішірейе береді. Бірінші қабаттың ортасы бос төрт бұрышты болып келеді. Оның айналасын ұзындығы мен ені шамамен 100 метрді құрайтын аула қоршап тұр. Бұл ғимараттың ішінде әртүрлі діни рәсімдер өткізілген деп болжауға болады. 

Төрт қатар баспалдақ бір қабатты екінші қабатпен байланыстырады. Бірақ Чуғозанбиль ғимаратының төбесіне шығу үшін бір-ақ баспалдақ қарастырылған. Ғибадатханаға кіре берістегі үлкен қақпа өте жақсы өрнектелген. Сәулет құрылысының бұл түрінде ирандықтар бірінші рет бір тектес сары түсті кірпіштің өңіне рең беру үшін әшекей пайдаланған. Осы ғимараттағы ең көне кафельдің түрі мынау: әшекейлі төрт бұрышты кірпіш. Ол бір дөңес арқылы қабырғаға бекітіледі. Ғибадатхананың алдындағы құрбандық шалатын орын көгілдір және ақ-қара түсті шеңбері бар әшекейлі кірпішпен өрілген. Осы ғибадатханадан қалған кафель бөлшектерінде аңыздардағы аңдардың суреттері салынған. Бұл суреттерді Ахеменидтердің сәулет өнерінен де көруге болады. Ғибадатхананың дәліздері мен баспалдақтарына ай пішіндес арка салу ежелгі ирандық сәулетшілердің ішкі жобаны жасаудағы жетістіктерінің көрінісі болып табылады. Сондай-ақ, осы маңнан әлемдегі ең көне су тазарту орны табылды. Чуғозанбиль ғибадатханасының салынған уақыты – б.з.д шамамен 1265 жыл. Ол «Дуранташ» атты ежелгі қала қирандыларының үстіне салынған. Бұл құрылыстың биіктігі шамамен 52 метр. Уақыт өте келе және шөгу салдарынан оның биіктігінің жартысы ғана қалды. Чуғозанбиль ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра қорында тіркелген. 

Шуш қаласының атырабында және Чуғозанбиль ғибадатханасынан алысырақ жерде археологтар үш сарайдың үйіндісін тауып алды. Олардың бірінде үйдегі қабірлер табылды. Бұл жерлерде адамдар өз үйлері астына жерленіп отырған және барлық бөлмелерде осы қабірлерге баратын баспалдақтар болған. Бұл үйлерде де аркалар қолданылған және қабірлер арнайы өрнекпен безендірілген. Бірақ б.з.д. екінші мыңжылдықтар аяғында Иранға солтүстіктен қоныс аударған тайпалар барлық нәрсені, соның ішінде Иранның сәулет өнерін өзгертті. Әлгі тайпалар нулы орман аймағында өмір сүргендіктен, Иран сәулет өнерінде ағаш пайдаланыла басталды. Содан бері Иранның үй құрылысында ағаш бағандарды пайдалану белең алды. Олардың сәулет өнері бойынша, үйдің ортасында бағандары бар зал болатын. Қонақ бөлмесінен осы залға шығатын жол болған. Иранның солтүстік-батысында орналасқан Хасанлу аймағында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде бұл құрылыс түрі Иранға толықтай дамыған күйде, яғни сұр түсті қыш кірпіштермен бірге енгізілгендігі анықталды. 

Б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғы мен бірінші мыңжылдықтың басы тарихта «түнек ғасырлар» деп аталады. Өйткені бұл дәуірлерде тайпалардың көшіп-қонуы, кішкентай мемлекеттердің өсуі мен үлкен империялардың құлауына толы болды. Бірақ эламдық өнерпаздар өзгерістерге қарамастан, ғасырлар бойы өз билігін жүргізіп тұрды. Бірнеше ғасырдан кейін басқа тайпалар олардың жеріне келді. Осы тайпалардың ең маңыздысы – «сақтар» болатын.