Сәу 09, 2016 18:14 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (3)

Көне тарих пен мәдениет дамыған елдердің сәулет өнері өркениеттің ең маңызды негіздерінің бірі. Бірнеше мыңжылдық тарихы бар Иран жері мыңдаған жылдардан бүгінгі күнге дейін бірегей туындыларға ие.

Ирандықтардың құрылыс пен сәулет өнерінің жаңа тәсілдерін игеруге деген қызығушылығы оның сәулет өнерінде таңғажайып әралуандықтың пайда болуына себеп болды.

Кейбір археологтар Шуш атырабы мен Мусиян төбесінде табылған үлкен тастардың тұғырына назар аудара келіп, мынадай пікір білдірді: "Иранның ежелгі сәулет өнерінде баған негізгі тұғыр болған". Ең ежелгі және ең маңызды бағанды ғимарат Иранның солтүстік-батысында Урумие көлінің оңтүстік жағында орналасқан Хасанлу қамалы болып табылады. Сондай-ақ тау үңгірлері ішіне салынған зиратта да тас бағандар бар. Бұл бағандар төбені ұстап тұру үшін салынған немесе әртүрлі рәсімдерде пайдалану үшін жасалған.Үңгір ішіндегі қашалған тас бағандар сол дәуірдегі адамдардың өлімнен кейінгі әлеміне сенгендігін көрсетеді. 

Мадтар дәуіріндегі сәулет өнері мықты тас бағандардан тұратын үлкен ғимараттар салу дәуірі болған. Б.з.д. 7-ғасырда өмір сүрген мадтар Месопотамия аймағындағы айбынды Ашура мемлекетін жеңіп, тәуелсіз мемлекет құрған. Олардың астанасы – қазіргі Хамадандағы Экбатан қаласы. Мадтар - шамамен 200 жыл билік құрған Иранның алғашқы мемлекеті. Олардың сәулет өнері қарапайым, бірақ өзіндік ерекшеліктері болған. Мұны Иран сәулет өнерінің негізі деп атауға болады. Өйткені мадтардың сәулет өнері ғасырлар бойы Иранмен көршілес елдерге ықпал еткен. 

Тіреуіш бағана, үшкір қабырға, қақпа, қойма және жер асты жасырын жолдары бар қалалар салу Иранда мадтар дәуірінен қалған. Бұл қамал қаланың ішінде болатын және соғыс немесе жау шапкан кезде билеушілер мен сарай маңындағылардың паналайтын жері болған. Әрине ол заманда ресми рәсімдерді өткізу үшін ғибадатханалар мен салтанат залдары да салынды. Бұл ғимараттардың сырты қарапайым, бірақ өте сұсты болған. Бұл ғимараттардың іші шабуыл, қатты жел, тіпті жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп жобаланған. Осындай қамалдар салу Иранда хеджрие қамари жыл санауының 12-ғасырына дейін жалғасын тапты. Мұндай құрылыс түрі бүгінгі күнге дейін сақталып қалды. 

Иран сәулет өнерінде жеті маңызды тәсіл сипатталған, олардың екеуі - парсы және парт тәсілдері Исламға дейінгі Иранға тиесілі. 

Б.з.д. 6-ғасырда Иранда өте үлкен империя пайда болды. Ахеменид шахзадаларының бірі Куруш II алдымен парс, мад және басқа ирандық тайпалардың басын біріктіріп, содан соң ел территориясын кеңейту және оны абаттандыру шараларына кірісті. Куруш өз үкіметінің ұлылығын көрсететін бірегей ғимараттар салғызу үшін Иранның түкпір-түкпірінен сәулетшілер мен өнерпаздарды жинады. Әр түрлі елдерден таңдалынып алынған өнерпаздар парсыны танытатын өнерді өмірге әкелді, бірақ онда өткендердің де барлық көз тартарлық нақышы бар еді. 

Сәулет өнерінің бұл тәсілінде үнемі ең жақсы құрылыс материалы пайдаланылды. Мысалы Персеполистағы Парсе сарайларының төбесін жабу үшін Ливаннан балқарағай ағашы немесе Қандағардан сандал ағашы алғызылды. Осы дәуірдегі құрылыстардың көбі қолдан жасалған платформаның үстіне салынған. Бұл Иран сәулет өнерінің ерекшелігі. 

Персеполис салынғанға дейін әлемде өте көп бағанды залдар мен ғимараттар салынды. Бірақ олардың ешқайсысында екі бағанның арақашықтығы Персеполистағыдай емес. Персеполис бағандарының арасы кейде тіпті 6,5 метрге жетеді. Ол заманда мұндай құрылыс салу тәжірибесі болмаған. 

Сондай-ақ темірмен бекітілген ауыр тастарды пайдалану ирандық сәулетшілерге бағанның биіктігін 22 метрге жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл дәуірде жұрттың көзіне біркелкі болып көрінбес үшін ұқсас ғимараттар салмауға тырысқан. 

Ахеменидтер заманында мұнаралы қабырға қоршап тұрған, ол құрылыстардың әсемдігінің артуына себеп болған. Тас бағандардың үстіне ағаш капитель қою – парсы дәуіріндегі сәулет өнерінің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Түн кезіндегі ғимараттың жарығы төбеге шырақ қою арқылы қамтамасыз етілді. Ғимараттың алдында бірнеше қатар бағаны бар қалқа салынған. Бұл қалқалар кейде ғимараттың екі, не үш жағынан да салынған. 

Ахеменидтер дәуірінен қалған ең көне құрылысы - Иранның орталық бөлігіндегі Персеполистен 48 шақырым жерде орналасқан Пасаргад кешені. Бұл кешен тас бағанды ғибадатхана, "Сүлеймен түрмесі" деген атпен әйгілі тас мұнара, бірнеше кішкене ғимарат және төбесі көлбеу келген кесенеден тұрады. 

Анықтап қараған адамға бұл кешендегі ғимараттар құрылысы жағынан бір-бірінен алшақ болса да, есептелген жоба бойынша салынғандығы байқалып тұрады. Бұл ғимараттардың салыну стилі гректердің сәулет өнеріне ұқсайды. Бұл құрылыстардың едені таспен өрілген, қабырғалардың жоғары жағы шикі кірпішпен төбеге байланыстырылған. 

Әшекей кафель және таспен безендірілген бұл ғимараттар Месопотамия, Элам, Греция және Иран сәулет стильдерінің қосындысынан туындаған. Бірақ Дарий өз билігінің соңғы кезінде бұл ғимараттарды қарапайым деп тауып, соның жанына басқа сарай салуға бұйрық береді. Мық тілінде жазылған жазбалар бойынша, ол жер "Парса" немесе "Парсе" деп аталған. Бұл атау ол кезде сол аймақтың аты еді. Бірақ кейіннен оны "Персеполис" деп атап кеткен. Бұл сарайдың көптеген оқиғаларды бастан өткеріп, біздің заманға жетуінің басты себебі – сарайдың тастан салынуы еді. 

Персеполистің алып жатқан ауданы 13 гектар жер. Ол үшке бөлінеді: негізгі аула, одан жоғары деңгейдегі құрылыстар және одан төмен деңгейдегі құрылыстар. 

Қазір Персеполисте тас қаңқалар ғана қалған. Өйткені бәрі қиратылған. Сақталып қалған бедерлі суреттердің көбі салыстырмалы түрде кішірек көлемде қабырғалардың астына салынған. Бұл суреттер Ахеменидтер сарайының жағдайы мен оның патшаларының өмір сүру стилі жайлы баяндайды. Биіктігі шамамен 20 метр және жоғары жағына аңдардың басы іспеттес капительдер қойылған 72 баған сарайдың төбесін тіреп тұрған. Қанаты бар немесе мүйізі бар арыстандар Персеполис сарайлары қабырғаларының басты суреттері. Сондай-ақ, Дарийдің алдында сапқа тізілген сарбаздар суреттерін Персеполис сарайларының өне бойынан көруге болады. Мұндағы кейбір қабырғалардың қалыңдығы 5,5 метрге жетеді және оларды салуға 45 тонналы тас пайдаланылған. Персеполисте жылу және ауа тазарту жүйесі, жер асты су жеткізу арналары және күрделі канализация жүйесі болған. 

Әрине бұл кешен кеңселік немесе саяси істер жүргізетін орын болмаған. Сырттай қарағанда, Ахеменид патшаларының салтанаты мен мерейін арттырып, шетелдіктердің қызғанышын тудыру үшін салынған. Ахеменидтер заманында жаңа жылдың басталу рәсімі (Наурыз тойы), ресми қонақтарды қабылдау рәсімдері Персеполисте өткізілген. Бұл шараларда патшаға адалдық пен бағыныштылықты білдіру үшін сыйлықтар сыйланған. Сыйлық беру рәсімі туралы суреттер сарайлардың қабырғаларында қашалып салынған. Даладан Ападана сарайына қарай тартылған екі үлкен баспалдақ осы суреттермен безендірілген. Қару-жарақ, арыстан, темір гүлтостақтар, жылқы, нәзік маталар мен киімдер – осының барлығы сыйға тартылған. 

"Жүз баған" атанған 99 бағанды зал Ахеменидтердің қазына сақтайтын сарайы болған. Одан өте көп құнды заттар табылды. Табылған мүсіндер мен құрал-жабдықтар бізге сол замандағы мәдениеттің бір бөлігін көрсетеді. Археологтардың пікірінше, Ахеменидтердің сәулет өнерінде бар реализм әлемдік сәулет өнерінің басқа дәуірлерінде осыншалықты айқын көрінбейді. Өйткені табиғатты қайта көрсетуге талпынысты қашалған тас ғимараттардың өне бойынан көруге болады.Б.з.д. 331 жылы Александр Македонский Персеполисті өртер алдында ондағы құнды заттарды Грецияға тасымалдауға бұйрық береді. Бұл құнды заттардың көбі алтын құймалар болған, ал қалғаны өнер туындылары, зергерлік бұйымдар, тұрмыс заттары, әртүрлі кілемдер мен қару-жарақтар болған. Бірақ бұл ұлы далада тас бағандар мен нәзік те әдемі мүсіндер әлі күнге дейін бар. Олар тарихта ирандық өнердің куәсі болуы үшін от, жел және заманның ағысына төтеп беріп, сақталып қалды.