Иран базары (54)
Әлемде омарта шаруашылығымен айналысатын 81 млн-ға жуық фермадан 1,5 млн тоннадан астам бал жиналады. Иран әлемде омарта шаруашылығымен айналысып, сапалы бал өндіретін компаниялар саны тұрғысынан 10 белсенді елдің қатарына кіреді.
Бал аралары – Құдай жаратқан тіршілік иелерінің ішіндегі ең пайдалысы, ең өнімдісі әрі ең таңғажайыбы. Бұл кішкентай жәндік әлемде биологиялық алуандыққа әсер ететін факторлардың бірі саналады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша бал арасы болмағанда тіршілікке қатер төніп, Жер планетасында өмір сүру қатты қиындап кетер еді. Өйткені, бал арасы өсімдіктердің тозаңдануында маңызды рөл атқарады. Өсімдіктер мен ағаштардың тозаңдануы әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады. Жәндіктер, әсіресе бал араның көмегімен тозаңдандыру – өсімдіктердің тозаңдануының ең маңызды түрі. Мысалы, алма мен алмұрт сияқты жеміс ағаштарының тозаңдануының 90 пайызы бал араның көмегімен атқарылады. Ал бадам ағашының тозаңдануын тек бал арасы атқарады.
Бал арасы тозаңдандыруының құны осы жәндік өндірген бал мен желімнен әлдеқайда бағалы. Сол себепті кейбір елдерде ара ұяларының иелеріне оларды бақтар мен алқаптарға орналастырғаны үшін көп ақша төленеді. Халықаралық омарташылар қоғамдастықтары федерациясының (Apimondia – International Federation of Beekeepers Associations) басшысы, профессор Филипп Маккибтің айтуы бойынша, "Бал арасын өндіріс циклінен алып тастау қоршаған ортаға қатер төндірумен бірдей. Биологиялық алуандық пен адамзаттың амандығы үшін ара қажет".
Әлемде араның 20-дан астам түрі бар. Бал арасы – солардың бір түрі. Олар қоғамдасып өмір сүреді. Бал аралары гүлдердің шырынын өздерінің тіршілік ететін жеріне, яғни ұяларына жинау арқылы бал өндіреді. Бал – ауруды емдеу үшін дәрі әрі жейтін дәм. Балдың түсі араның қандай гүлге қонып, шырын жинағанына байланысты әртүрлі, кейде мөлдір, кейде қою болады. Балдың түсі шырынның алынған негізгі көзіне байланысты ашық ақ түстен (қараған балы) қошқыл қараға жақын жасыл (шырша балы) түске дейін өзгеріп, түрлі түсті болады. Мысалы, үйеңкінің балы сары, жемістердің балы қоңыр, жебіршөп балы қызыл ақық түсті болып келеді. Қошқыл түсті балдар минералды заттар тұрғысынан көбінесе ашық түсті балдардан байырақ.
Балдың тағамдық құндылығы өте жоғары болғандықтан қуаттылығы құнды дәм саналады. Балдың жоғары сапасын бұл кішкентай жәндіктің таңдаған өсімдіктерімен байланыстыру керек. Бал аралары түйсіктеріне сүйеніп, пайдалы гүлдерді пайдасыздардан ажырата алады. Олар кез келген гүлге қона бермейді. Олар шырын жинау үшін өздерінің анықтау және бу сезу қабілеттерінің көмегімен ең жақсы гүлдер мен өсімдіктерді таңдайды. Бал пайдалы дәм болуымен қатар науқастардың жағдайын жақсарту үшін қажет дәрі мен биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) ретінде де қолданылады. Бал фосфор, кальций, темір, калий, йод, магний, қорғасын, мыс, күкірт, никель, мырыш пен натрий сияқты минералды заттардан тұрады. Олардың мөлшері түрлі балдарда әрқилы. 1 кг балда 3 мыңнан астам килокалорий бар. Балда ферменттер, протеин, аминоқышқылдар, органикалық қышқылдар, соның ішінде құмырсқа қышқылы және жұпар иістер бар. Құмырсқа қышқылы – табиғи дезинфекциялағыш. Ол балдың бұзылуының алдын алады және ревматизмге қарсы. Балды жараны, әсіресе ауыз бен тамақ жарақаттарын дезинфекциялаушы зат ретінде қолдануға болады.
Әлемде 81 млн-ға жуық ара ұясынан 1,5 млн-нан астам тонна бал жиналады. Иран әлемде омарта шаруашылығымен айналысып, сапалы бал өндіретін компаниялар саны тұрғысынан 10 белсенді елдің қатарына кіреді. 2013 жылдың статистикалық мәліметіне сәйкес, Иран ара ұясының саны тұрғысынан әлем бойынша төртінші, бал өндіру көлемі тұрғысынан сегізінші орында тұр. Иранның әртүрлі климатына байланысты шамамен 130 млн шаршы гектар ауданды құрайтын орман мен бақ омарта шаруашылығын дамыту үшін қолайлы болып табылады. Иран төрт мезгілді клитматқа ие болғандықтан жыл бойы елде омарта шаруашылығымен айналысатын мүмкіндік бар.
Тарихи тұрғыдан Иранда омарта шаруашылығы б.з.д. ғасырлардан басталады. Ол заманда омарта шаруашылығы қосалқы іс және сауық түрі саналған. 20 ғасырда Иранның омарта шаруашылығы өзгеріске ұшырады. Бұл кезде біртіндеп жаңа ұялар ағаштың діңі, құмыра, себет және шелек пішіндес жергілікті ұялардың орнын алмастырып, жаңа тәсілдер ескі тәсілдердің орындарына қолданыла бастады. Шамамен 40 жыл бұрын Иранға модификацияланған ұрғашы аралар әкелініп, оларды өсірумен айналысатын мамандар дайындалған соң мемлекеттік және жеке секторларда ұрғашы аралар өсіріле бастады. Бүгінде Иранда жылына 100 мыңнан астам ұрғашы ара өсіріліп, илеуге жіберіледі.
Омарта шаруашылығы Иранның әртүрлі облыстарында, соның ішінде Батыс және Шығыс Әзірбайжан, Ардебил, Күрдістан, Луристан, Гүлстан, Мазандеран мен Исфахан облыстарында таралған. Иранның солтүстік-батыс аймақтарынан, соның ішінде Батыс және Шығыс Әзірбайжан мен Ардебилден алынған бал ерекше сапаға ие. Әлемдегі ең әйгілі брендтердің бірі – Арбедил облысындағы "Сабалан" бал бренді. Арбедил облысы – Иранда бал өндіру полюстерінің бірі. Бұл облыста кейбір омарташылар қоңыржай климатқа ие Мешкиншахр ауданы мен Сабалан биік тауларының етектерінде өсетін өсімдіктің алуандығына байланысты әрбір ара ұясынан орташа есеппен 40 кг-нан астам бал алатын болды. Ара ұяларының иелері зиянкес жәндіктермен күресу үшін табиғи өсімдіктерден алынған және органикалық жолмен өндірілген заттарды қолданады. Бұл облыстағы Халхал ауданы Иранда жергілікті және дәстүрлі ұяларда бал өндіру тұрғысынан басты орынға ие.
Иранда бал өндіретін маңызды полюстердің бірі – Батыс Әзірбайжан облысы. Онда жылына 20 мың тоннадан астам бал өндіріледі. Батыс Әзірбайжан облысы 1,5 млн-нан артық ара ұясы және 6 мың жұмысшымен кең шалғынды жерде мықты нысандар, шеберханалар, заманауи буып-түю зауыттарының арқасында бал мен басқа өнімдерді, соның ішінде желім, гүл тозаңын, аналық сүт, тіпті араның уын өндіруде жоғары әлеуетке ие.
Ара ұясы балдан басқа ара уы, балауыз, ара желімі, аналық сүт және гүл тозаңы сияқты алуан түрлі өнім береді. Олар экономикалық құндылық пен емдік қасиет тұрғыларынан балдан жоғары. Балдың уы иммундық жүйе ауруларын емдеуде қолданылады. Ара желімі немесе Bee glue – табиғи антибиотик. Бұл зат – бал арасының ең пайдалы өнімдерінің бірі. Ол бал балауызы мен шайырының әртүрлі көлемінен тұрады. Аналық сүт – балаңқұрт тіршілігінің алғашқы үш күні жейтін қорегі. Бұл тағамдық зат жоғары құндылыққа ие. Ол Альцгеймер, қан қысымы, артрит пен обаның алдын алуға әсер етеді. Аналық сүт өте құнды, қуатты әрі ең бай нәрлі биологиялық зат деп танылған.
Иранда бал тұтыну көлемі әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда жоғары. Әлемде жылдық бал тұтыну көлемі орташа есеппен 250-300 граммды құрайды. Иранда бұл өнімнің жан басына шаққандағы тұтыну көлемі шамамен 1 кг, яғни әлемдік орташа көлемнен 3 есе артық. Иран үшін аймақ елдері бал ұсынуға жақсы нарық болғанымен, ел ішінде тұтыну деңгейінің жоғары, бағасының қолайлығына байланысты ирандық омарташылар арасында бұл өнімді экспорттауға аса құлшыныс жоқ. Осы тұрғыдан Иранда өндірілген балдың аз бөлігі, соның ішінде Батыс Әзірбайжан балы көршілес елдерге, Шығыс Азия мен Еуропаға экспортталады. Түркия Иранның балын импорттайтын елдердің қатарына жатады. Бұл ел Ираннан импортталған балды өзінің бренді ретінде Парсы шығанағы, Кавказ бен Еуропа елдеріне қайта экспорттайды.