Қаң 01, 2019 15:34 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (57)

Армысыздар, құрметті оқырмандар, бағдарламамыздың кезекті бөлімінде имам Резаның (ғ.с) өміріндегі соңғы оқиғаларды баяндаймыз.

Қымбатты оқырмандар, сіздерге Құдайдан саулық, сәттілік пен табыс тілеп, илаһи рақымның арқасында пайғамбар әулеті – Аһле бейттің (ғ.с) өмір салтынан шабыттанып әрі үлгі алып, басқаларға исламдық өмір салтын таныстыра алатынымызға үміттенеміз. Бүгінгі бөлім де имам Резаның (ғ.с) өмірлік салтына арналады. Өткен бағдарламада имам Мамунның халифатқа билік ету туралы ұсынысынан бас тартқаннан кейін қулық пен айлакерлік саясатын өз ата-бабаларынан, әсіресе Һаруннан үйренген Мамунның қоқан-лоққы жасау арқылы сегізінші имамды (ғ.с) мұрагері болуды қабылдатқысы келгенін баяндадық. Хазірет Мамунның ұсынысын қабылдаудан басқа амалы болмағанын сезгендіктен, ешбір мемлекеттік істерге араласпайтын жағдайда ғана қабылдайтынын айтқан. Осылайша хазірет мұрагерлікті қабылдаудың мәжбүрлі түрде болғанын көрсетіп, сондай-ақ, Мамунның халифатқа озбырлықпен билік етуінің заңдылығына күмән келтірді. Сонымен қатар, Мамунды сарайдағы оның құзырын теріс пайдалану мүмкіндігінен айырды.

«Ол хазірет өлімнен қорқып, Мамунның мұрагері болу ұсынысын қабылдады ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл күмәнді сейілту үшін былай деп айтқан жөн: біріншіден, хазірет Мамунның қоқан-лоққысына байланысты Мединеден Мервке жол тартып, отбасы мүшелерінің ешбіреуін өзімен алып кетпеген күні өзінің жер аударудан қайтып оралмайтынын, сапарының соңында өліммен аяқталатынын жақсы білді; екіншіден, ислам мәдениетінде шәһид болу ерекше маңызға ие. Ақиқатты жақтаушылардың барлығы шәһид болуды армандайды. Сондықтан барлық ата-бабасы исламды қорғау жолы мен озбыр халифтермен шайқаста шәһид болған имамның өлімнен қорқуы мүмкін емес. Хазірет Алла елшісінің (с.ғ.с): "ما منا إلا مسمومٌ أو مقتول", яғни, "Біз не шәһид болып немесе уланып дүниеден озамыз" деген сөзін естен шығармаған. Сол себепті Алла жолында өлім мен шәһид болуды өзі үшін мақтаныш әрі илаһи сый деп есептеген әулет пен мектептің түлегі сегізінші имамның бұл істі мақтаныш санағаны шәкісіз; үшіншіден, шындап жеміс беріп, ақиқатты дәлелдеп, жалғанды теріске шығарып, әділет орнатып, зұлымдықты жоятын кезде шәһид болу керек.

 

Егер сегізінші имам Мервке жетер алдында шәһид болуға дейін табандылық танытуды қалағанда, Мамун қоқан-лоққысын жүзеге асырып, хазіретті өлтірер еді. Мұндай жағдайда имам (ғ.с) өзінің жоғары мақсаттарына қол жеткізбестен бұрын шәһид болып, барлық мүмкіндіктен айрылатын еді. Сондықтан имамның барлығын жоспарлап, мақсатты түрде әрекет етуі ең ізгі әрі ақылға қонымды іс болды. Алайда, ол кезде бір жағынан хазіреттің беделін түсіруден басқа ешнәрсені көздемеген Мамун тарапынан, басқа жағынан Әли ибн Хамза Батаини, Зияд ибн Маруан Қанди және Осман инб Иса Рауаси атты жетінші имамның (ғ.с) Мысырдағы үш жақын серігі тарапынан қауіп төнген еді. Ислам империясының кең-байтақ территориясындағы шиіттердің заңды ақша қаражаттары осы үш адамның қолында болған. Олар имам Казем (ғ.с) шәһид болғаннан кейін нәпсі, байлық пен биліктің буына мас болып, қолдарындағы барлық ақшаны өздеріне тиесілі етіп, жетінші имам (ғ.с) түрмеде болып, өзінен кейінгі мұрагерін тағайындамағандықтан, имам Резаның (ғ.с) имаматқа билік ету құқығын толығымен теріске шығарған. Олар "Вақефие" атты ағымның негізін қалап, қоғамның санасында ол хазіреттің үмбеттің "Мәһдиі" болғаны, бір күні қайта оралатыны туралы пікір қалыптастырған. Сол себепті сегізінші имам (ғ.с) қоғамға билік етудің жауапкершілігін өз мойнына алып, хазірет Мәһди (ғ.с) оралғанға дейін жетекшілік жолын жалғастыру үшін бір жағынан Аббаси әулетінің, әсіресе Мамунның болмысын әшкерелеп, басқа жағынан күмәнді сейілтіп, ағартушылық, пікірталас пен сұраққа жауап беру арқылы өзінің илаһи жетекшілікке тағайындалғанын дәлелдеуі тиіс болған.

Егер сегізінші имам осы мәселелерге көңіл бөлместен шәһид болуға бел буғанда, Мамунның мұрагері болу туралы ұсынысын өзінің күрескерлік тактикасы ретінде қабылдамағанда, қоғамға жетекшілік ету тізбегі "Вақефие" ағымын ұстанушылардың қастандық әрекеттері салдарынан жетінші имаммен (ғ.с) аяқталар еді. Сегізінші имамның стратегиялық саясаты әрі Мамунның қастандық әрекеттерін залалсыздандырды, әрі "Вақефие" тобының әрекетін сәтсіздікке ұшыратып, ол хазіреттің берік илаһи ерікке негізделген имамат басындағы орнын нығайтып, жетекшілердің өмірлік бағытын жалғастырды.

Мамунның х.ж.с.б. 202 жылы құрған барлық қастандық әрекеттері мен жоспарлары сәтсіздікке ұшырағаннан кейін ол сегізінші имамға Құрбан айт намазына жетекшілік етуді ұсынды. Оның көздеген мақсатынан хабардар болған хазірет бұрынғыдай оның ұсынысына қарсылық білдіріп, Мамун тағы табандылық танытып, Құрбан айт намазына хазіреттің имамат еткуі өте жақсы болатынын айтады. Сегізінші имам Мамун бұл жағдайды өз мүддесіне сай пайдаланбауы үшін: "Мен Құрбан айт намазына Алла елшісі (с.ғ.с) Құрбан айт намазын орындағаны секілді жектешілік етемін",- дейді. Мамун имам Резаның (ғ.с) шартымен келіседі. Мамун хазіреттің басқаруымен ұйымдастырылатын намаз саяси және әскери басшылардың қатысуымен салтанатты түрде өтіп, намазға қатысқан қарапайым халық Мамунның билігіне оң көзқарас танытып, бұл шара өзі үшін пайдалы болады деп ойлайды.

Осындай оймен Мамун ресми киім киген саяси қайраткерлермен бірге арнайы тұлпары мен бір топ салт аттыны сегізінші имамға жібереді. Мамунның күткеніне керісінше, имам Реза үстіне қарапайым ақ түсті жейде киіп, басына ақ сәлде тағып, жалаң аяқ күйде сарай қызметкерлерінің алдына шығып, намаз оқитын мекенге қарай жол тартады. Хазіреттің айналасындағы адамдар да имамға еліктеп, дәл солай қарапайым киініп, имамның артынан ереді. Сол сәтте хазірет басын аспанға көтеріп: "Аллаһу Акбар", яғни "Аллаһ ұлық",- деп дауыстап айтады. Сол жерде болған барлық адам бір дауыстан "Аллаһу Акбар" деп қайталайды. Бар сән-салтанатымен дайындалып келген саяси қайраткерлер мен салт аттылар сегізінші имамның (ғ.с) айт намазына өте қарапайым келгенін көргенде амалсыздан аттарынан түсіп, аяқ киімдерін шешеді. Сол сәтте жиналған жамағаттың Алланы ұлықтаған тәкбірі аспанға дейін жетеді. Біртіндеп жолдан басқа да адамдар қосылып, жамағаттың саны арта берді. Тыңшылар Мамунға бұл керуеннің жалғасында намаз бен құтпалардың соңы тізгіндеуі қиынға түсетін көтеріліске ұласуы мүмкін деп ескерту жасайды.

Бұл хабарды естіген Мамун қауіптеніп, имам Резаға (ғ.с) хат жолдап: "Егер сіздің әрекетіңіз дәл осылай жалғасатын болса, өзіңіздің шамадан тыс қынжылып, шаршап-шалдығуыңызға соқтырады. Сондықтан шамадан тыс әуре болмаңыз. Айт намазын басқа адам басқарсын" деп жазды. Имам Мамунның қоғамдық пікірді алдау үшін Құрбан айт намазын орындау туралы бұйрық шығарғанын біліп, оны жүзеге асыруға ықыласы болмағанымен, Мамунның табандылығынан оны қабылдауға мәжбүр болған. Мамунның жолдауы имамға жеткенде, хазірет өзінің құзыры ойы мен рухына үлкен әсер еткен халықтың ортасында тұрған күйде жол ортадан қайтып кетеді. Хазіреттің қайтып кетуі Мамунның пәс әрі сұм болмысын баршаға әшкере етіп, барша Мамунның исламдық құндылықтарды бағаламайтынын, өз мүдделерін жүзеге асыру үшін ғана дінді ұлықтап жүргенін түсінеді. Осы оқиғадан соң Мамунға қарсылық жайлы сыбыс барлық жерге тарап, наразылық толқыны көтеріліп, шарықтау шегіне жеткенде, имам Әлидің (ғ.с) заманындағы хауаридждер секілді бір топ Мамун, Фазл ибн Саһл және имам Резаның (ғ.с) өміріне қастандық жасауға бел буады. Бұл жайтты естіген Мамун өлімнен аман қалып, Мамунның озбыр билігіне қауіп төндірген имам Резаның (ғ.с) көзін құртуға шешім қабылдайды. Соңынан із қалдырмай, бәрін табиғи жайт ретінде көрсету үшін Мамун бір рәсім ұйымдастырып, хазіреттің алдына уланған жеміс қойып, осылайша хазірет имам Резаның (ғ.с) өмірі х.ж.с.б. 203 жылы сафар айының жиырма тоғызында мазлұмдықпен шәһид болу арқылы тоқтайды. Мамун ұлы имамның денесін Машһадта әкесі Һарун ар-Рашидтің қабірінің қасына жерлеуге бұйрық береді.

Қымбатты оқырмандар, келесі бағдарламамызда хазіреттің сенім, әлеуметтік, саяси және ахлақтық ұстанымдарындағы басқаі жайттарды талдаймыз. Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар!