Илаһи жетекшілер (59)
Құрметті оқырмандар, топтамамыздың бүгінгі бөлімінде сіздерді имам Джавадтың (ғ.с) өмірімен таныстырамыз.
Құрметті оқырмандар, өткен бағдарламада сегізінші имамның (ғ.с) өмірлік жолын талдап, ол хазіреттің заманындағы әртүрлі оқиғаларды қарастырған болатынбыз. Бүгін имамат пен велаяттың тоғызыншы жарық жұлдызы имам Джавад (ғ.с) жайлы сөз қозғаймыз. Жетінші имам (ғ.с) мазлұмдықпен шәһид болғаннан кейін "вақефие" деген топ хазіреттің кезінен қалған қомақты ақшаны өз уысына түсіру үшін имам Резаның (ғ.с) қоғамға жетекші екенін теріске шығарып, өздерінің қате ойларымен имамдар тізбегін тоқтатуды көздеді. Бұл топ бұрмаланған көзқарастарымен сегізінші имамның (ғ.с) жасы қырықтан асұанымен әлі перзент сүймегенін көріп, тағы теріс кеңістік құру арқылы қоғамдық пікірді өзіне қаратуды көздеді. Бұл қоғамның көпшілігін құраған шиіттер үшін алаңдатарлық мәселе болды. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с) мен имамдардан жеткен ақпаратқа сәйкес, имамат одан әрі жалғасуы үшін Құдайдың сегізінші имамға ұл сыйлайтыны анық болды. Тіпті, кейде хазіретке келіп, Құдайдан ұл сыйлауы үшін дұға тілеуді сұраған. Хазірет оларды жұбатып: "Құдайдың маған мұрагерім әрі менен кейінгі имам болатын ұлды сыйлайтыны шәксіз",- дейтін (Биһар әл-Анвар, 50 том, 15-бет).
Х.қ.ж.с.б. 195 жылы ережеп айының оныншы жұлдызында илаһи ерікпен имамның үйінде Мұхаммад есімді ұл бала дүниеге келді. Бұл перзенттің дүниеге келуі шиіттердің қоғамын шаттыққа бөлеп, олардың иманы мен сенімдерін нығайта түсті. Себебі, кейбіреулер үшін хазіреттің өмірге кеш келуіне қатысты күмән толығымен сейілген болатын. Имам Резаның (ғ.с) әпкесі Хакиме былай деген: "Хазірет Джавад (ғ.с) дүниеге кезде бауырым менен жұбайының жанында болуымды сұрады. Дүниеге келгеніне үш күн болғанда хазірет Джавад (ғ.с) көзін ашып, айналасына көз жүгіртіп: "Мен жалғыз Құдайдан басқа Құдайдың жоғы мен Мұхаммадтың (с.ғ.с) оның елшісі екеніне куәлік етемін",- деді. Мен қатты таңырқап, жылдам бауырыма барып, оқиғаны хазіретке баяндап бердім. Сонда имам Реза (ғ.с): "Уа, Хакиме! Бұдан кейін қазірге дейін көргеніңнен артық таң қалатын боласың. Шиіттер үшін бұл сәбиден артық берекелі әрі құтты бала дүниеге келмеген",- деді (әл-Манақиб, 4 том, 394-бет).
Кейбір ойшылдар сегізінші имамның (ғ.с) сипаттауына мынадай талдау жасаған: сәбидің қадамының құтты болуының себебі оның қарсыластар арқылы туындаған күмәндарды сейілтуіне байланысты. «Зейдие», «Исмаилие» және «Вақефие» атты ағымдар пайда болған бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда имамдардың әулетін жетінші имаммен (ғ.с) аяқталғанын көрсетуге талпыныс жасаған Аһле бейт (ғ.с) дұшпандарының қалауына қайшы жаңа ағым қалыптаспай, илаһи қалаумен имамат кезеңдері бірінен соң бірі хазірет Мәһдиге (ғ.с) дейін жалғасын тапты. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай деп айтылған: "Олар Алланың нұрын өшіруді қалайды. Кәпірлер жек көрсе де Алла нұрын тамамдайды" (Сафф сүресі, 8-аят).
Имам Джавадтан (ғ.с) мынадай сөз қалған: "Менен кейінгі имам – Әлидің перзенті. Оның айтқан бұйрығы – менің бұйрығым, оның сөзі – менің сөзім. Оның жолын қуу маған бағынғанмен бірдей". Сол кезде имам Хасан Аскари жайлы (ғ.с) да дәл сол сөздерді қайталап айтты. Ол хазіреттен: "Уа, пайғамбардың ұрпағы! Хасаннан кейін кім имам болады?",- деп сұрағанда хазірет қатты жылап: "Хасаннан кейін оның перзенті Мәһди (ғ.с) – біздің орынды басатын «жасырын имам»",-дейді. Сонда: "Неліктен оны «жасырынған имам» деп атайды?",- деп сұрағанда, имам: "Себебі, ол халық оны ұмытып, теріс жолға түскен кезде келеді",- дейді. "Неліктен оны «көптен күткен», яғни «халық оны асыға күтетін имам» деп атайды?",- деп сұрағанда: "Себебі, хазіреттің ғайыптық кезеңі ұзаққа созылып, шынайы құрметтеушілер келуін асыға күтумен болып, күмәнданушылар хазіреттің барын теріске шығарып, мазақтайтын болады",- дейді. Сосын хазірет маңызды мәселені көтеріп: "Соңғы имамның ғайып болып, қайта келетін шағын анықтайтындар өтірік айтады. Оның илаһи ерікке қарсы келуін асыға күтетіндер өмірден өтеді. Алайда, Құдайдың әміріне бойсұнғандар аман қалады",- дейді (Кифаят әл-Асар).
Осындай барлық дәлелге қарамастан имам Реза (ғ.с) шәһид болғаннан кейін тоғызыншы имам сегіз жасында имаматқа жетекшілік ету тізгінін қолына алғанда қарсы топтар дәл осы мәселені сылтауратып: "Не білімі, не жеткілікті тәжірибесі жоқ кішкентай бала үмбетке жетекшілік ету деген ауыр әрі қатерлі жауапкершілікті қалай мойнына алады?",- деген кеңістік құру арқылы психологиялық соғыс бастады.
Осындай мәселелерді көтеріп, қоғамда күмән тудырған бұл топ не Құранмен таныс болмаған, немесе таныс бола тұра өздерін надан әрі хабарсыз етіп көрсетіп, ақиқатты жасырмақ болған. Себебі, Құран Кәрімде хазірет Исаның (ғ.с) пайғамбарлығы жайлы жазылған: «Ол бесікте жатқанда адамдар хазірет Мәриямды айыптаған кезде ұлы бану өзінің пәктігін қорғау үшін: "Ақиқатты баламның аузынан естіңдер",- деп айтқан. Кенет сәбиге тіл бітіп: "Рас, мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, мені пайғамбар қылды” деді. Сондай-ақ, мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды",- дейді (Мәриәм сүресі, 30-31 аяттар).
Дәлел ретінде келтіруге болатын келесі мысалға хазірет Яһияның дүниеге келуін атауға болады. Құдай хазірет Зәкерияға ұлы дүниеге келмей тұрып сүйінші хабар беріп, тіпті, оның есімін атаған: "Әй, Зәкерия! Расында сені бір ұл арқылы қуантамыз. Аты – Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік",-дейді (Мәриәм сүресі, 7-аят). Сонымен қатар Ұлы Алла Тағала: "Әй, Яхия! Кітапты мықты ұста” деп, сәбилігінде-ақ даналық берген едік",-деді (Мәриәм сүресі, 12-аят).
Бұл аяттардан пайғамбар мен имам болудың тек Алланың тағайындауымен жүзеге асырылатынын, бірде бір адамның, топ немесе үмбеттің бұл салада таңдау құқығы жоқ деген қорытынды жасауға болады. Алайда, Сақифе жиынын өткізгендер осы илаһи негізді елемей, Исламның Ұлық пайғамбарының Құдайдың бұйрығымен хазірет Әлиді (ғ.с) имам ретінде тағайындаған тарихи Ғадир күніне көзжұмбайлық таныту арқылы Алланың тағайындаған бағытын өзгертіп, басқа әдіске бет бұрды. Алланың тағайындауына адалдық танытқандар –бірінен кейін бірі ретпен ислам үмбетінің имамы әрі жетекшісі міндетін атқарып, адамдарды Алланың тура жолына жетелеуден басқа ешнәрсені мақсат етпеген, халифтер сияқты емес, бар уайым-қайғылары Исламды сақтап, Құран мен пайғамбар сүнетін іс жүзінде жүзеге асыру болған пайғамбардың пәк әулеті мен илаһи таңдаулы тұлғалар.
Тек имам Джавадтың (ғ.с) ғана бала кезінде илаһи ерікпен имамат басына келген жалғыз имам еместігін айтып кеткен жөн. Оның ұлы имам Һади де сегіз жасында осы міндетке тағайындалған болатын. Соңғы илаһи имам хазірет Маһди (ғ.с) де өзінің ардақты әкесі имам Хасан Аскари (ғ.с) шәһид болғаннан кейін бес жасында имаматтың ең жоғары орнына тағайындалған болатын. Шиіттердің сенімі бойынша, имаматқа басшылық пен Алла елшісінің мұрагерін, яғни халифті Жаратушы тағайындайды. Ол тұлға білімді, дана, адамзат баласының барлық қажеттілігінен хабардар, толығымен таухидтік сенімнен бастау алатын негізгі әрі принциптік сенімге ие адам болуы тиіс. Сонымен қатар Құранда бұл жайды былай деп жазылған: "Алла елшілікті қалай басқаратынын біледі" (Әнғам сүресі, 124-аят).
Егер Алланың таңдаулы пенделері, яғни имамдар жағдайға қарамастан пайғамбардың қазасынан кейін және пайғамбарлардың кезеңі аяқталып, имамдардың кезең басталғанда Құдайдың болжамымен адамзат баласының қоғамына жетекшілік етуді өз мойындарына алып, Құран мен пайғамбар сүнеттінің өмірлік тағылымдарын қайта жандандырып, езгі мен қанаудың көріністерімен күресіп, әділет орнатып, ақиқатты қорғап, жалғанды теріске шығаруға күш салғанда бүкіл әлемде ширк пен күпірлік, екіжүзділік пен жемқорлық, тәртіпсіздік, кемсітушілік, әділетсіздік, соғыс пен қантөгістен із қалмас па еді? Адамзат баласының басына түскен бақытсыздықтар мен ащы оқиғалар, жеке адамдар мен әлеумет арасындағы алауыздықтар, соғыстар мен заңбұзушылықтар адамзат баласы пайғамбарлар мен илаһи таңдаулы тұлғаларға қарсы сап түзеп, оларды теріске шығарған кезден басталды. Бұл адамдар имамдардың таухидтік армандарын жүзеге асыруға кедергі жасап, олардың өмірлеріне қастандық жасап, ақыры кейбіреуін шәһид етіп, шын мәнінде илаһи әмірге қарсы табандылық танытты. Ал билік басында отырған адамдар Құдайдың таңдаулы тұлғаларымен салыстырғанда тек өздерінің жеке бастары және сыбайластарының мүдделерін сақтап, биліктерін күшейтуден басқа ешнәрсені көздемеді.
Құрметті оқырмандар, осымен бүгінгі бөлімді аяқтаймыз. Келесі кездескенше сау болыңыздар!