Илаһи жетекшілер 66
Имам Хасан Аскари (ғ.с.) өзінің бірінші қадамында хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) пәк Исламы мен осы діннің серпінді әрі маңызды құндылықтарымен таныстырды.
Имам Хасан Аскари (ғ.с.) Аббаси әулетінің қатігез басшыларының қысымдарымен бетпе-бет келіп өмір сүрді. Қысымдардың себептерінің бірі олардың хазіреттің Перғауынның билігіне соққы берген хазірет Мұса секілді перзентінің дүниеге келіп, адамзатты билеп-төстеушілік пен тұтқыннан азат етіп, бір Аллаға құлшылық етушілік пен әділет орнатып, илаһи көмекпен шындықтың жеңіске жететінін естуі болды. Сол себепті Аббаси билігінің қылмыскер басшысы Перғауын сияқты өз нөкерлеріне хазіреттің саяси, діни және мәдени жұмыстарымен бірге отбасылық қарым-қатынастарын да бақылауға алып, имам Хасан Аскаридің әйелінің жүкті болып, баласын туғанын байқаса, сәбиді дереу өлтіруді бұйырды. Олар Алланың қалауымен сұм жобаларының іске асырылмайтынын білмеді. Құран Кәрімнің "Әл-Имран" сүресінің 54-ші аятында: "Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла – тәсілшілердің жақсысы",- деп айтылғандай, аббасилердің нөкерлері қанша талпынғанмен нәтижеге жетпеді. Перғауынның жандайшаптарының жан-жақты бақылауына қарамастан соңғы илаһи жетекші хазірет Мәһди (ғ.с.) тіпті хазіреттің жақындары сенбеген жағдайда дүниеге келіп, имамат пен набоваттың пәк әулетін қуаныш пен үмітке бөледі.
Имам Хасан Аскари (ғ.с.) өзінің бірінші қадамында хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) пәк Исламы мен осы діннің серпінді әрі маңызды құндылықтарымен таныстыруды бастады.
Келесі маңызды қадамында күдік-күмәндарды жойып, дүниенің соңына түскен қарсыластар мен ғұламалардың сұрақтарына жауап беру арқылы Исламның қисынды әрі жарқын жүзін көрсетті. Барлық қоқан-лоқыларға қарамастан бағдарлама жоспарлап, саяси жұмыстармен айналысу имамның жасаған келесі қадамы болып, дін мен саясаттың бір-бірінен ажырамайтынын көрсетті. Халықтың арасында келешекке деген үміт рухын орнатып, қоғамдық ой-пікірді хазірет Мәһдидің (ғ.с.) жасырын кезеңіне дайындау имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) ерекше әрекеттерінің қатарында болды. Имам Хасан Аскари (ғ.с.) халықты еш уақытта илаһи уәдеге күмәнданбауға, үміт үзбеуге шақырды. Алла Тағала "Қасас" сүресінің 5-ші аятында: "Ол жердегі езілгендерге қамқорлық істеуді, оларды бастық жасап, өздерін мұрагер қылуды қалаймыз",- деді.
Теориялық және практикалық бағыттарды анықтау имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) келесі маңызды әрекеттерінің бірі болды. Хазірет Әли бен Хосейн бен Бабуие Қоми деген жақын сахабаларының біріне жазған хатында: "Саған илаһи тақуалықты сақтап, зекет төлеуді насихаттаймын, өйткені зекет төлемейтін адамның намазы қабыл болмайды",- деп ескерткен. Имамның ақыл-кеңесі намаз бен зекеттің бірлігін көрсететін Құран мәдениетінен тамырланды. Құран Кәрім намаз туралы айтқан кезде зекет туралы да айтады. Хазірет те намаздың зекетсіз қабылданбайтынын қуаттады. Басқаша айтқанда, намаз – Жаратушымен қарым-қатынас орнатудың белгісі болса, зекет – жаратылғандармен қарым-қатынас орнатудың белгісі. Шынайы намазхан бір қолын Жаратушыға қарай жайса, екінші қолын жаратылыстарға қарай созады. Бұл – барлық пайғамбарлардың, Алла елшісі мен Исламның адал жетекшілерінің әдісі.
Егер қоғамда ахлақтық құндылықтар мен адамгершілік үстемдік ететін болса, қоғамдық қарым-қатынастар нығайып, кекшілдік жойылып, достық арта түседі. Мұндай қатынас орнатылу үшін имам Хасан Аскари (ғ.с.) айтқандай, «діни қырағылық пен Құран тағылымдарына табандылық таныту қажет». Ислам дүниесіндегі бұрмаланушылықтардың көбі діни қырағылықтың болмауынан, илаһи ақыл-кеңестер мен Құранның нұсқауларына бағынбаудан туды. Егер мұсылмандар дінді терең танып, Құранның нұсқаулары мен негіздеріне құлақ салғанда, бүгін қайшылық, соғыстар мен қантөгіс болмай, ислам әлемінің бірлігіне, құдыреті мен салтанатына куә болар едік.
Имам Хасан Аскари (ғ.с.) қоғамдық міндет пен жауапкершілікке тоқталып, адамдарды адамгершілік, жақсылық пен құндылықтарға табанды болып, жамандықтардан бас тартуға шақырды. Хазірет Құранның «Ниса» сүресінің: «Олардың өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ, кім бір садақаны немесе бір игілікті немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе, ол қайырлы. Және біреу, осыны Алланың ризалығын іздеп істесе, сонда оған жедел ірі сауап береміз»,- деген 114 аятын оқып: «Мен сіздерден жаман істерден бас тартып, олардан алыстауды сұраймын»,- деді.
Өмірдің шарықтаулары мен құлдырауларында адамды пәктікке жігерлендіріп, жамандықтардан алыстататын маңызды факторлардың бірі намаз оқу саналады. Күнделікті уәжіп намаздарды оқумен қатар, түнгі намаз оқу да – көп қуатталып, көп насихатталған мұстахаб істердің бірі. Исламның ұлық пайғамбары үшін уәжіп саналған түн намазы – исламның сындарлы бағдарламаларының бірі. Түнгі намаз адамға өзін тәрбиелеп, Жаратушысымен сырласуды үйретеді. Түнгі намаз – демалып жатқан жұмсақ төсегінен тұрып, Жаратушысымен сырласудан ләззат алатын мүмін адамдардың ғибадаттарының бірі. Имам Хасан Аскари (ғ.с.) бұл туралы: «Сіздерге түнгі намаз оқуды насихаттаймын. Өйткені, Алла елшісі имам Әлиге (ғ.с.) үш рет «Түнгі намазды оқы, түнгі намазға немқұрайдылық танытатын адам бізден емес» деген болатын. Сондықтан сіздер де менің ақыл-кеңесімді тыңдап, соған сай амал етіңіздер. Менің сізге айтқаным – барлық мұсылманға айтқаным»,- деді.
Үгіт-насихаттың ең әсерлі әдісі – ислам мәдениетін таратып, Құранның сындарлы ақыл-кеңесіне сай амал ету. Тек ұрандармен шектелмей, амалдарымыз арқылы табандылығымызды білдіруіміз керек. Имам Хасан Аскари (ғ.с.) бұл салада көп кеңес берген болатын. Хазірет жақтастарына: "Сіздерді тақуа болып, Алла жолында талпынуға шақырамын. Шындықты айтып, аманатқа берік болып, оны жақсы немесе жаман иесіне қайтарыңдар. Намаз кезінде сәжделерінді ұзақ жасап, көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Бұл – Алла елшісінің әдісі. Сондай-ақ, туыстарың мен жақындарыңа махаббат білдіріп, олардың жаназасына қатысыңдар. Олардың біреуі науқастанған кезде халін сұрауға барыңдар. Діндеріңізге табанды, ахлақ пен амалдарыңызға адал болыңыздар. Сол кезде мен риза боламын. Аллаға иман келтіріп, біздің абыройымызды төкпеңіздер, бізді ұятқа қалдырмаңыздар. Жүректеріңізді бізге қарай бұрып, бізден жамандықтарды алыстатыңыздар. Біз туралы Алланың Кітабында айтылған. Біз Пайғамбарға жақынбыз. Алла бізді жамандықтардан пәк жаратып, бізден басқа ешкімге пәктікті сыйламады. Өлім мен Алланы ұмытпаңыздар. Құранды көп оқып, Пайғамбарға сәлем мен салауат жолдаңыздар. Салауаттың көптеген сауабы бар»,- деген болатын.