Иранға сапар (180)
Теһран облысының орталығы – Иранның астанасы Теһран қаласы. Оның аумағы – 12981 шаршы шақырым. Тұрғындарының саны 12 млн адамнан асады.
Теһран облысы Иранның орталық солтүстік бөлігінде Альборз (Эльбурс) таулы сілемінің күнгей бөлігі мен батыстағы Кавир шөлінде орналасқан. Бұл облыс солтүстікте Мазандеран облысымен, оңтүстікте Құм облысымен, оңтүстік-батыста Орталық облыспен, батыста Альборз облысымен, ал шығыста Семнан облысымен шектесіп жатыр. Теһран облысының жер бедері Теһранның солтүстігіндегі Альборз таулары, орталық бөлігі және Альборз тауының оңтүстік етегі, Теһран облысының ойпаттары болып үшке бөлінеді.
Географиялық жағдайы мен ауа райы тұрғысынан Теһран облысы Альборз тауы арқылы Иранның солтүстік облыстарынан бөлініп жатыр. Облыстың солтүстігіндегі Альборз тауының биік бөлігі 1500 метрге жетеді. Тау облыстың солтүстік-батысында созылып жатыр. Альборз тауы шығысқа қарай биіктей түседі. Оның «Дамаванд» шыңының биіктігі 5678 метрге жетеді.
Облыстың солтүстік-шығысында Савадкух пен Фирузкух таулары, шығысында Шахмирзад биіктіктері орналасқан. Теһран облысындағы Орталық Альборз таулы сілемінің оңтүстік жағы Лавасанат, Қарадағ және Шамиранат тауларынан тұрады. Ондағы «Тучал» шыңының биіктігі – 3933 метр. Альборзтың оңтүстігіндегі таулары мен орталық бөлігіндегі жерлер көлбей орналасып, құнарлы жерге ие болғандықтан егін шаруашылығы үшін қолайлы. Теһран облысының ойпаттары да солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа қарай көлбей созылып жатыр. Бұл ойпаттар қолайлы климаттық жағдайға байланысты адамның әртүрлі белсенділіктері үшін, соның ішінде егін егуі мен зауыттар салуына жағдай жасап, бұл маңда көптеген қалалардың пайда болуына себеп болды. Теһран, Шахрияр, Исламшахр, Рей, Пакдәшт, Дамаванд, Шамиран, Варамин мен Фирузкух Теһран облысының ең маңызды қалалары болып саналады.
Теһран облысының әртүрлі аудандарында географиялық жағдайға байланысты әртүрлі ауа райы қалыптасқанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Үш географиялық фактор – облыстың оңтүстігіндегі шөл, солтүстігіндегі Альборз таулы сілемінің орналасуы мен жаңбыр тудыратын ылғалы желдердің болуы Теһран облысының ауа райының қалыптасуында негізгі әрі шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ, биіктіктер де Теһран облысының ауа райының қалыптасуына әсер етеді. Сол себепті солтүстіктен оңтүстікке қарай биіктік азайған сайын температура жоғарылап, жауын-шашын мөлшері азаяды. Сондықтан қыста Теһран облысының солтүстік аудандарындағы Альборз тауларының ұшар басы, етегі мен сайларын қар басып қалатындықтан қысқы спорт түрлері, соның ішінде шаңғы тебуге қолайлы жағдай жасалады. Облыстың кейбір аудандарында қыс аса суық емес, сондықтан табиғат аясына шығып, қыс маусымына тән емес спорт түрлерімен айналысуға болады.
Теһран облысының таулы жерінде де, ойпатында да жартылай шөлді жерлердің өсімдіктері өседі. Жауын-шашынның аз болуы мен ауаның құрғақтығы әсіресе биік жерлерде шөлді және жартылай шөлді жерлерде өсуге бейім тікенектер мен бұталардың өсуіне себеп болды. Облыстың солтүстік аудандарында жылдық жауын-шашын мөлшерінің 300 метрден асуы, жеткілікті жылылық, қолайлы жер және топографиялық ерекшеліктер көшпенділер мен жергілікті малшылар үшін көктем мен жаз кезінде тау бөктері мен далаларда жайылымға жарамды өсімдік жамылғысын қалыптастырады. Осы аудандарда көп таралған өсімдіктердің түрлеріне пісте ағашының бір түрі, жыңғыл, сарбасқұрай, қызылмия, таспашөп, қына, бөрікгүл жатады.
Теһран облысының аллювийлік ойпаттары облыстың батысынан басталып, Варамин алқабына дейін созылып жатыр. Осы ойпаттың бір бөлігі Теһран облысының оңтүстігінде орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 790 метр биіктікте орналасқандықтан облыстың ең төменгі бөлігі болып саналады. Бұл ойпаттар солтүстікте Альборз тауының оңтүстік етегі мен оңтүстікте сортаңды жерлерге, орталық шөлдің шетіне немесе тұзды өзендерге ұласып кетеді. Бұл аймақтың өсімдік жамылғысы тікенекті өсімдіктердің түріне жатады.
Теһран облысында, сондай-ақ, әртүрлі табиғи және қолдан егілген ормандар бар. Ормандар облыстың әртүрлі жерлерінде шашырай орналасқан. Альборз тауының оңтүстік етегі мен Теһранның биіктіктерінен бадам, пісте, інжір, бөріқарақат ағаштарын көруге болады.
Соңғы жылдары Теһран облысында жаңа орманды парктер пайда болды. Олар қолдан егілген ормандар деген атпен танымал. Теһран облысының батыс жағындағы «Читгяр» паркі, солтүстік-шығысындағы Лавизан орманды паркі солардың ең үлкені болып саналады. Облыста Суханак, Вардавард, Сорх-е Хесар және Туска сияқты бірнеше орманды парктер бар. Бұл парктерде әдетте шырша, қараған мен шаған ағаштары егілген.
Теһран облысында көптеген өзендер мен бұлақтар бар. Теһран облысындағы өзендердің көбі Альборз тауынан бастау алады. Олардың суы осы аймақта жиналатын қар мен жаңбыр арқылы қамтамасыз етіледі.
Осы өзендердің жағалауы да халықтың демалыс уақытын өткізуі үшін қолайлы жер болып табылатындықтан жылдың барлық мезгілінде ауа райы мен географиялық жағдайына қарай пайдаланылады. Облыстың ең маңызды өзендерінің қатарында Кәрәдж, Джаджруд, Рудлар, Хеблеруд, Рудшур немесе Абхарруд пен Талеған өзендерін атауға болады.
Теһран облысы Иран экономикасының негізгі полюстерінің бірі екендігін біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл облыста басты экономикалық орталықтардың шоғырлануы, оның саяси-әкімшілік орталық мәртебесіне ие болуы негізгі өнеркәсіп және қызмет түрлерінің басым бөлігінің осы облыстың аумағында орналасуына себеп болды. Ауыл шаруашылығы да бұл облыстың экономикалық құрылымында айтарлықтай орынға ие. Бірақ басқа салалармен салыстырғанда оның үлесі өте аз.
Табиғаты және егін шаруашылығына қолайлылығы тұрғысынан Теһран облысын қоңыржай таулы аудандар және Альборз тауының оңтүстік етегі мен далалы аудандар деп екіге аймаққа бөлуге болады. Облыстың солтүстігіндегі қоңыржай таулы аудандарда, мысалы, Фирузкух, Дамаванд, Лавасанат, Рудбар Қасран, Талеған және тағы басқа аудандарда тұратын адамдар жер бедерінің ойлы-қырлығы мен қолайсыз ауа райына байланысты көбінесе бау-бақша егіп, мал өсірумен айналысады. Бұл аудандардағы бау-бақша өнімдерінің ішінде алма, алша, шие, өрік, шабдалы ең маңызды саналады. Альборз тауының оңтүстік етегі мен далалы жерлерде, яғни Варамин, Рей, Шахрияр, Робаткарим мен басқа елді мекендерде тұратындар табиғи жағдайдың қолайлығына байланысты егін шаруашылығымен айналысады. Бұл аудандардың өнімдері ретінде бидай, арпа, жоңышқа, жүгері, қызанақ, қияр, тағамдық шөптер, картоп, жемдік шөптер, жүзім, қант қызылшасы мен мақтаны атауға болады.
Теһран облысы – Иранның басты өнеркәсіп орталықтарының бірі. Елдегі кәсіпорындардың 40 пайызға жуығы осы облыста орналасқан. Мұнда тамақ, текстиль және былғары, тау-кен, металл және металл емес, целлюлоза, химия, дәрі жасау, электр және электроника өнеркәсіптері мен металл және металл емес кен орындары орналасқан. Теһран облысы экономикасының келесі тұғыры – қосалқы машина жасау өнеркәсібі. Олардың көбі тұтыну мақсатындағы тауарларды құрастырып, өндіреді. Бұл кәсіпорындар Теһранға кіреберіс жерде, әсіресе Теһран-Карадж, Теһран-Дамаванд, Теһран-Саве, Теһран-Құм жолдарының бойында орналасқан.
Облыстың әртүрлі аудандарында қолөнер кәсібінің алуан түрі дамыған. Мыс пен қола заттардың бетіне ойып өрнек салу (қаламзани), металл жону, себет жасау, инкрустация (хатамкари), шыны бұйымдарын жасау, шыны бетіне ойып өрнек салу, тықыр кілем тоқу (зилу), тері бетіне сурет салу, қалы кілем тоқу, батик басып шығару, қыш бұйымдарын жасау, ши тоқу, лактау (политура жасау), джаджим мен тықыр кілем тоқу, – осының барлығы Теһран облысының қолөнер түрлеріне жатады.
Теһранда тұратын адамдардың ұлттары жайлы тарихи еңбектерде, соның ішінде «Мардух тарихында» былай деп жазылған: «Б.з.д. 3 мың жыл шамасында арийлердің 7 тайпасының бірі болған Мад тайпалары Сібірден Иранға келді. Олар Мерв пен Шахрудтан өткен соң Рей мен Вараминде тұрақтап қалған. Оларды «партасани»деп атаған. Сондықтан бұл аймақтың алғашқы тұрғындарын «арийлер» құраған. Алайда бүгінде Теһран облысы Иранның мигрант қабылдайтын ең үлкен облысы саналатындықтан онда Иранның түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлттар өмір сүреді. Облыс тұрғындарының басты тілі парсы тілі болғанымен әзірбайжандық түрік тілі, күрд, гиляки, лури, мазандерани сияқты басқа тілдер мен диалектілер де қолданылады.
Бағдарламаның бірінші бөлімінде Теһран облысының саяси-әкімшілік орталық мәртебесіне ие болуы өнеркәсіп және қызмет түрлерінің басым бөлігінің осы облыстың аумағында орналасуына себеп болғанын айттық. Қазір әлемнің ең үлкен әрі тұрғыны көп қалаларының қатарына жататын Теһранның тарихы шарықтаулар мен құлдырауларға толы. Теһран облысы және Теһран қаласының тарихымен таныстыруды келесі бағдарламаға қалдырамыз.