Ұлы тұлғаның алдында 20
Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 82-ші аятынан: «Ал сонда олар Құранды түсінбей ме? Егер Алладан басқаның қасынан болса еді, әрине онда олар көптеген қайшылықтар табар еді» және «Мұхаммад» сүресінің 24-ші аятынан: «Әйтпесе олар Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?»- деп оқимыз.
Құран аяттары туралы ойлану – мүмінге айтылған илаһи ақыл-кеңестер. Кез келген істі орындау үшін ол туралы білу қажет болғандықтан оны білмей тұрып, нәтижеге жету мүмкін емес. Құран Кәрім діни тағылымдарды жақсырақ түсіну үшін аяттар туралы ойлануды насихаттайды. Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Құранның түсініктері туралы ойлануды қуаттап: «Құран туралы ойлану қажет әрі өте маңызды. Құранның тағылымдарын түсінудің деңгейлері бар. Бірінші түсініктер Құран мен оның аудармасын оқудан пайда болады»,- деді. Құранды дұрыс оқу және оның аяттары туралы ойлану Құранды меңгеру кезеңдерін қажет етеді. Өкінішке орай, кейбіреулер бұл кезеңдерді өтпегендіктен, қасиетті кітапты оқуды үйренбейді. Аятолла Хаменеи Құран аяттарын дұрыс оқып, үйренуді бала кезден бастауға кеңес береді. Сонда бала жас кезінен қасиетті кітапқа ғашық болып, оны көркем түрде оқитын болады деп санайды. Ирандық әйгілі философ Молла Садро «Уақие» сүресінің тәпсірінің басында былай деді: «Даналардың көптеген кітаптарын оқып, маңызды екендігіме күмәндандым. Бірақ сауатымды аздап ашқан соң өзімді шынайы білімнен алыс сезіндім. Сондықтан өмірімнің соңына дейін Құран, хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пен хазірет әулетінің рауаяттары туралы ойлануға шешім қабылдадым. Мен осы кезге дейінгі істерімнің пайдасыз болғанын түсіндім. Өйткені өмір бойы нұрдың орнына көлеңкеде тұрғаным белгілі болды. Сөйтіп мені Құран туралы ойланып, тәпсірін жасауды бастауға жігерлендірді. Есіктер ашылып, перделер түріліп, періштелердің маған: «Сендерге сәлем! Қош келдіңдер, жаннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер»,- деген сөздерін естідім. Мен Құранның сырлары туралы жазуға кірісіп, Құранның терең теңіз және оған илаһи мейірімділіксіз кіруге болмайтынын мойындаймын» деді. Илаһи сөздердің мағынасын тек ойлану арқылы ғана түсінуге болады. Құранды түсіну, яғни оның аяттарын оқу, олардың терең мағыналары мен жеткізейін деген хабарларын, сабақтары мен ақыл-кеңестері туралы ойлану. Аятолла Хаменеи: «Құран оқыған кездегі мәселелердің бірі оның аяттарының мағынасы туралы ойланбауға байланысты. Сіздер дана адамның сөзін тыңдаған кезде оларды шын жүрекпен тыңдауларың керек, әйтпесе олардың мақсаттарын түсінбейсіздер. Әрбір кітап, әсіресе дана адамның жазған кітабы ойлануды қажет етеді. Егер толық оқымасаңдар, ешнәрсе түсінбейсіңдер. Құран – ең жоғары дәрежеге ие, жаратылған әлем туралы кітап. Сондықтан адам оның аяттары мен түсініктері туралы көп ойлануы керек. Бұл қасиетті кітаптың тағылымдарын ойланып, оқыған адам пайдалана алады. Иран Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасы бойнша, уаһи аяттар туралы ойлану жолдарының бірі сенімді тәпсірлерді оқу болып табылады. Аятолла Хаменеи Құранның сөздерінің мағынасы мен аяттарының тәпсіріне назар аударудың маңыздылығы туралы: «Араб тілін білмейтіндер үшін Құранның мағынасын түсіну үшін жеке сөздерін аудару және қажет болса аяттардың тәпсірін оқу сүрелерді толық қырағат етуден маңыздырақ. Құранды оқыған кезде аудармасына көңіл бөлу ойланып, түсіну үшін мұрсат тудырады. Құранға жасалған тәпсір бізге илаһи аяттарды көбірек түсінуге көмектеседі»,- деді. Ол сөзінің жалғасында: «Құранды оқыған кезде оны тек басынан соңына дейін қарап шығудан абай болыңдар. Яғни, әр аятты оқыған кезде оны түсінуге талпыныңдар»,- деп қуаттайды. Құран аяттарын ықыласпен оқу оның илаһи мағынасын түсінетін келесі жолдардың бірі саналады. Бұл қасиетті кітап туралы «Ағраф» сүресінің 204-ші аятынан: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер»,- деп оқимыз. Бұл аят Құран оқылған кезде оны тыңдап, үнсіздік сақтаудың қажеттігін және осындай жағдайда ойлану үшін мүмкіндік туатынын көрсетеді. Құран аяттары, әсіресе қасиетті кітаптың ақырет, наным-сенім, ықылас, әлемтану және адамтануға қатысты аяттары туралы ойлану – адамның Алланың жолында кездесетін қиындықтарын шешетін негіздер. Аятолла Хаменеи Құран Кәрімге қатысты келесі мәселе Құранды жаттау деп санайды. Аятолла Құран Кәрімнің қарилері мен хафиздерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Құдайға шүкір, осы кезде Құранды жаттау сендердің, жастардың арасында кең таралған үдеріске айналған. Бұл жақсы іс. Жаттау және қайталау адамның Құран туралы ойлануына себеп болады. Жастар, жастық шақтарың мен Құранның құдыретін бағалаңдар»,- деген. Құран туралы исламдық насихаттардың барлығы, соның ішінде оның нұрлы аяттарын оқу, аяттары туралы ойлану – адамға діни тағылымдарды үйретіп, оны Аллаға қарай жақындатады. Аятолла Хаменеи діни тағылымдарды меңгерудің маңыздылығы туралы: «Құранға ғашық болу және Құран туралы ойлану «Сахифе Саджадие» және басқа да сенімді дұғаларда ерекше рөл атқарады. Діни білімдердің тереңдігі өте маңызды. Кейде адам жамағат намазына, ораза тұтып, имам Хусейн (ғ.с.)-ды аза тұту рәсімдеріне, діни шерулерге қатысады, бірақ бұл білімдердің тереңдігі туралы ойланбайды. Діни тағылымдардың тереңдігі мен исламдық тағылымдарға ғашық болу өте маңызды»,- деген. Имам Әли (ғ.с.): «Құран аяттары туралы ойланып, солардан ғибрат алыңдар. Өйткені олар туралы ойлану ғибраттардан да жоғары»,- деген болатын. Исламдық рауаяттардың бірінде имам Садық (ғ.с.)-ның Құранды оқудан бұрын оны қолына алған соң: «Уа, Алла! Құран оқуымды ғибадат, ол туралы ойлануымды ғибрат деп біл. Мені Құранның уағыздарын қабылдап, Оған бағынбаудан сақтауды сұрайтындардың қатарына қоса гөр. Құран оқыған кезде жүрегім мен көзімді қапыл қалдырма. Мені Құран аяттарын оқып, оны түсінетіндердің қатарына қоса гөр. Расында, өзің мейірімді әрі рақымдысың»,-деп сұрағаны туралы айтылған.